Гендерлік саясат – қоғам дамуының кепілі

0
307

Мемлекетімізде гендерлік саясат мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әйелдер арасында шағын және орта кәсіпті дамыту, әйелдердің жағдайын жақсарту, зорлық-зомбылықтан қорғауға арналған шаралар, бұл мәселенің шешімін табуға бағытталған бірқатар нақты жұмыстар атқарылды.

Еліміз егемендік алғалы мемлекеттік басқару саласында талай аруларымыз дара тұлға ретінде айрықша көрінді. Бұл әйел мәртебесін көтеруді тұңғыш жүзеге асыра білген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегінің арқасы.

Қазіргі кезде еліміздің даму стратегиясының аясында ұлттық гендерлік саясат мәселелері көп қозғалып жұр. Ең алғаш гендер теориясы осыдан отыз жылдан астам бұрын әлеуметтік ғылымдарда пайда болған.

Гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердiң мiнез-құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтiк өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтiк және мәдени нормалары мен рөлдерiнiң жиынтығы. «Gender» сөзi ағылшын тiлiнен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегендi бiлдiредi. Ал, гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.

«Саясат пердесін жамылғанымен саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зерек келеді» деп жазушы, қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов айтқандай, ел экономикасын өркендетуде әйелдер қауымының қосар үлесі зор.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары гендерлік саясатты дамытуда үлкен жұмыстар атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды. Осы комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті. Съезде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ер мен елге қиын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білгендігін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы әйелдердің өмірлік маңызды салаларда жұмыс істейтіндіктеріне назар аударды. Тәуелсіздік жылдарында ондаған әйелдер министр және мемлекеттік органдардың басшылары болып тағайындалды. Жүздеген әйелдер Парламент пен мәслихат депутаттары болып сайланды.

Әрине, әйел, ең бастысы – ана. Бірақ соған қарамастан нәзік жанды әйел қоғам көшін алға сүйреуге белсенділік танытуда. Бұған соңғы он шақты жылдан бері гендерлік саясатты жолға қою мәселесі де себепші болды. Қоғамның қазіргі даму үрдісі осыған жетелейді, осыған үндейді.

Қазақ халқында әйелдерді ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған ханымдардың есімі ел тарихында ерекше дараланады. Тұмар, Қызай ана, Домалақ ана, Айғаным, Бопай, Ұмай аналарымыздан бастау алатын даңқты әйелдер қауымының жалғасы әр дәуір сайын артпаса, кеміген емес. Ұлы Отан соғысында Алия, Мәншік, желтоқсанның жалынды жастары Ләззат, Сабиралар елі үшін жаны құрбан болған нәзік жандылар. Ақын Олжас Сүлейменов: «Түркілік қоғамда әйелдерге кең құқықтар берілген, олар мемлекеттік істерге белсене араласқан. Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген» деп айтуының өзі бүгінгі гендерлік теңдік саясатымен үндесіп жатқандай.

Бүгінде елімізде әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын және экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әр түрлі салаларында болсын, ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктілігін, қабілет-дарынын, іскерліктерін көрсетіп келеді. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне азаматтармен қатар сүбелі үлестерін қосып жүр. Отан – отбасынан басталады деген ұғымға сәйкес, әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені, отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді. Көптеген қыз-келіншектер мемлекеттік басқару жүйесін, мәдениет, денсаулық саласын, білім мен ғылымды, медицинаны дамытуға атсалысып жүргенін атап өтуге тиіспіз. Сонымен қатар, олар бұл күнде әр аймақта ірілі-ұсақты үкіметтік емес ұйымдарын құрып, бірқатар әлеуметтік жобалар бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының кеңсе меңгерушісі   Айнұр Әбілқасымқызы

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here