НҰСҚАУ мен ШЫЛЫҚ

0
134

Саяси жүйе, саяси үдерістердің жақсылы, жаманды нәтижесі қай кезде де қоғам өмірінде көрініс тауып жатады. Бұрынғылардан қалған «Заман өзгерсе адам да өзгереді» деген сөздің мәнісі де осы болса керек. Бейімбет Майлин шығармаларындағы боямасыз көріністер осының бір айғағындай.

«Нұсқау» деп отырғанымыз үкіметтің кеңестер сайлауы жө­нін­дегі нұсқау. «Шылық» деге­німіз — кәдімгі өзіміздің «қазақшы­лықтың» шылығы. Осы екеуі кездесе қалып белдесе кеткенде, «шылық» белсендірек шығып, нұсқау бұйығылық көрсеткен жері — Қызылорда ауданы, 12 ауыл болып отыр.

— Кеңес тұсында, «шылыққа» белсенділік былай тұрсын, нұсқау маңынан жүруге орын жоқ қой дерсіз…

— Осы заманда «шылықты» қоңырсытып жүрген «сау жой» мектебін көрмеген адам болар­сыз…

— 12-ауылда «шылықтың» шолжаң қағуы — бұл ауылдың әл­деқайда қиыр шетте жатқанды­ғынан болар! — дерсіз…

— Бұл ауыл — адам асулы, ала­таудың қырын қыстайтын болар. Тұлпардың тұяғы, құстың қанаты күйерлік Бетпақтың шөлін жай­лайтын болар, дерсіз…

— Жоқ, бірі де емес! 12-ауыл заң, закон, нұсқаулардың қайнап шығып жатқан жері — Қазақстан астанасы Қызылордадан неше метр жерде екенін содан біліңіз; егер Энгельс көшесінің шетіне шығып:

— Әй десең: Қырық кепедегі 12-ауылдың кеңес ағасы жұлып алғандай:

— Ау! -дер еді.

Егер Карл Маркс көшесіндегі аудандық «Ізберком» кеңесі алдындағы кесек қардан ақпатаяқ соқсақ, зулаған бойымен барып 12-ауылдың «центріне» түсер еді…

Міне, осындай жерде шылық­қа жол беріп отырған жоғарғы себептер емес, 2-3 қана адам, яғни 12-ауыл мектебінің мұғалімі, ауылдық сайлауком ағасы, партия мүшесі Оразбайұлы, сол ауылдағы 8-партия ұясының хатшысы, сайлау өткізетін өкіл — Кемпірбай­ұлы, сол ауылдың ескі ағасы -Тәжен Тасырұлдары болып отыр.

Тарихына орын берсек кәзет­тің бір нөмірі ай, жетер ме екен?! Январьдың 12-нен бастайық. Бұл күнге ауылдық өкілдің жиылысы шақырылады. Тасырұлы аудан­дағы бір инабатты жолдастан: «Мынаның бүгін қолы тимейді екен, кемді күнде мұрсатана берсең кайтеді?» — деген «записка» апарады Кемпірбайұлына. 12-і күні өкілдер келеді. Сайлау ертеңге қалады!

Делегаттар үйді-үйіне тараса­ды. Бір «шылық» деңіз. Енді 13-і күні сайлаймыз деп отырғанда, Оразбайұлы тағы Кемпірбайұлы­на «записке» әкеледі.

— Сайлау 14-не қалдырылсын, — дейді. Бұған себеп: комиссия ағасы Оразбайұлының: «Ауылы­мыз­да жік бар, Кемпірбайұлы басқара алмайды. Ауданнан тағы кісі шықса екен, — деген тілегі болады.

— 13-іне жіберуге мұршамыз жоқ, бізден адам керек болса, 14-іне жіберейік… деген аудан сөзі болады. Мұны естіп Кемпірбай­ұлы ауданға жүгіреді.

— Өкілдерді кеше бір тараттық. Бүгін екі таратуға бет жоқ. Бөгемесеңдер екен! -дейді.

— Олай болса жарайды, — дейді аудан. Міне, бұларды жиып тұрып екі «шылық» деңіз.

Субхан итеріп сәті түсіп 13-і күні бесін кезінде, деле­геттар жиылады. Үстел, комис­сия кәдімгі пленум. Үстел басында Оразбайұлы, Кемпірбайұлы жолдастар. Жал­ғыз-ақ баяндамашы жетпей тұр…

— Уа, Тәжен сен баяндама жаса!

— Не деп, жарқыным!?

— Сорлы-ау, не дерің не? Екі жыл­дық жұмысыңнан есеп беріп қара!

— Ау, жарандар!   «Есептескен дос болмайды» демеп пе еді атамыз қазақ?! Осы есеп-месепті қойсақ қайтеді…

— Уа, Тәке-ау деңіз! Оның дұрыс емес. Сенің мұның сел­қостық, тоғышарлық, енжарлық, төрелік… Қызметке есеп үстінен қарамағандық!.. Сені сотқа беру керек. Ау, әлеумет, Тәжеңді сотқа берелік, — дейді Кемпірбайұлы. Тәженнің көзі тас төбесіңде.

— Баяңдайын… — деп үстелге жүгіреді.

— Сөз Тәжендікі!

— Екі жылдан бері ауылнай болдым. Биыл не боларын қай­дам… Салық жидым, компеске болды. Дастабрна бердім, пешет бастым… сайлаукөмге мүше бол­дым да, өзгенің қолын сырттан қойдым, «саудагер» деп қазторг­тың агентінің еркін жойдым… Миколайдан шен-шекпен киген ауылнай деп 25 жыл ауыл кеңе­сінің ағасы болған еркінен жұрдай қылдым. Бірақ, бұларымды орын­сыз деп мына Оразбайұлы жоққа шығарды. Өтірік еді десе, қане өзі айтсын!.. Уһ, қайсы бірін айтайын тамағым құрғақсып барады… — деп отыра кетеді Тәжен. Жарым жұрттың алақандары шарт-шұрт. Шартылдақтың төрағасы Ораз­байұлы. Жарым жұрт:

— Түк істемепсің! -деп шула­сады. Шудың төрағасы Кемпір­байұлы.

Міне, бұларды қосқанда төрт жарым «шылық» деңіз. Бір мезет үстел басындағы «екі ағаның» ұйтқысы бұзылады, арасына от түседі, «шайтан» қабаттасады. Екеуі шартпа-шұрт айқасып кетеді.

— Осы Кемпірбайдың баласы, сенен-ақ өлетін болдым… Істей­тініңнің бәрі қастық. Қолыңнан келсе, қане, біржола құртшы!

— Қой, таварищ, соқтықпа, мен сайлаудың уәкілімін, аудан жібе­ріп отыр. Үстінен қараймын.

— Жоқ жолдас, кейде астынан да қарайсың. Мен де осы ауылдың сайлаукомының төрағасымын деп жүрмін.

Біреулер күліседі… «қоян жү­ректер» қорқысады, «ержүректер» тоқтау, сабыр айтады.

Екі төренің керкілдесіп кете­тіні — арғыдан арасында кикілжің болады. Сол кикілжің толғағы жетіп, «шыр» етіп осы сайлау үсте­лі басында туа қалады. Мәселен: Кемпірбайұлы биыл 12 ауылдың ересектерін оқытады. Оразбай­ұлы:

— Мен мұғалім едім, сен бол­мағанда ересектерді оқытудың тиын-тебені де менің қалтама түсе­­тін еді, — дейді. — Бір, сен пар­тия жиылысына Ералы Тасырұлы мас болып келді деп, бақылау комиссиесіне түсіріп отырсың, — дейді. — Екі.

— Осы сарынды тағы-тағы­ларға сайлау жөніндегі әңгімелер араласып келгенде ауру асқынып, жара жарылып, біздің «шылық» санын бесеу-алтауға жеткізіп отыр.

Қызу басылады, қан салқын­дайды. Азамат болып, ел болып сай­лау әңгімелерін қайта қолға алады.

Сонымен, кеңес мүшелерін сайлауға кірісеміз. Нарымбеттің Өтегенін дауысқа саламын, сай­лаймын дегендерің қол көте­ріңдер!

— Бір… жеті… он се… жиырма екі. Жарайды. Қарсыларың! -Екеу, үшеу… ал енді, бейтарап­тарың?!

— Төрт, бес… сонымен көп­шілік. Жолдастар, өкіл қалаған бір адамын ең басына қоюға пыра­балы. Сондықтан, Өтегенді қақ басына қоямын, — дейді Кемпір­байұлы. (Правосы қандай, қақ басы қайсы?.. Бізге жұмбақ).

— Енді Қамырбайұлы. Сайлай­тындарың қол көтер!

— Біреу… бесеу… жеті жарым.., он сегіз! Қарсыларың!

— Сегіз! Бейтараптарың — екеу!

— Уа, маған сөз беріңдер! — дейді, мына жақтан Ордабай қызы Назгүл.

Белсенді әйелдің бетінен сақтасын деңіз!

Әйел заты бір белсеніп кетсе, қосшыға мүше болады екен. Әйел бір белсеніп кетсе, ауылдағы партия ұйымына кандидат болады екен. Әйел заты тағы бір белсеніп кетсе, — ауылдық кеңеске өкіл боп сайланады екен. Жиылыста таң­дайы тақылдап, суырыла сөйлейді екен. Әйел белсенсе, еркегіңізді мың емес миллион емес, «33-тің ғана санына жаңылдырады екен. «Қатын ашуланса — қазан қайна­тады» әдірә қалған екен!

Кеңес тұсында әлгідей болып белсенген әйелдердің бірі — Қырық кепе ауылындағы Назгүл деген қатын екен.

— Ал, берілді сөз!

— Берілсе, ау, жолдас Кемпір­баев-ау, Қамырбаевке жақтап 18 дауыс болса, қарсы 8 болса, бей­тарап 2 болса, барлығы 28 болады. Біз осында 33 өкілміз. Бесеуін кім­ге жұтқыздың?! Мұны «жаңылып істеп тұрсын ба, әлде жорта істеп тұрмысың»? Сенің былықбайың көбейіп барады ғой!.

— Ты…ш-ш! Қырық кепенің жаман қатыны жетер, осы сен-ақ соңымыздан қалмадың-ау! — дейді Кемпірбайып, «соңынан қалма­дының» мәнісін Назгүл былай бейнелеп жүрсе керек.

Кемпірбайыптың соңынан қалмай мен не қылды дейсің? Жал­ғыз-ақ анау күні Кемпір­байып «бойжеткен бала» Ұлда­найды өкіл ғып шығарамын деген­де «жиылыстың қарасын да көр­мей, үйінде отырған адамды сен қалай сайлайсың?» — деп өткізбей тастауға мен себеп болып едім…

Мен сіздерден ғафу өтінем, «шылықтың» нешеу болғанын өздеріңіз санамасаңыздар, мен жаңылдым.

* * *

Сайлауды өткізіп келіп, Кем­пір­байұлы аудандық комесиеге баяндама жасайды.

12-ауылдағы сайлау жұмыста­рының бастан «шылықпен» өткі­зіл­гендігі, нұсқау қолданылмаған­дығы көрінеді. Аудан қаулы щығарады:

— Сайлау, «шылық»! Нұсқауды іске шығарамыз! — деп аудан атқа мінісіпті. Уәкілдер жөнеліп те кетіпті. Сайлау қайта жүріп жа­тыр. Қалған жұрт жемісті жұмыс күтіп отыр.

Сайлау болмаған жерлер! Мынау «шылықтар» өлмесе өзімен кетсін, сіздердің сайлауларыңыз нұсқаумен өтсін!

2 февраль, 1929жыл,

«Еңбекші қазақ»

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here