ЖЫЛАҒАНДЫ ЖҰБАТЫП, ЖАБЫРҚАҒАНҒА ПАНА БОЛҒАН — «ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ»

0
177

Жабырқағанның жанынан табылу, шарасызға көмек қолын созу, қайырымдылық жасау халқымыздың қанына біткен асыл қасиеттің бірі. Адамдардың бір-біріне қайырымдылығы, немесе жекелеген кәсіпкердің кейбір жандарға қол ұшын созуы көңілге  жылу сыйлайды. Неге десеңіз ондай жағымды жаңалықтың, игі істің  шарапаты мол. Қоғамда біреудің басына іс түсе қалса, жұмылып,  қолындағы барымен бөліскісі келіп, көмек қолын созып жататын  жүректері мейірімге толы жандарды көргенде, қуанып-ақ қаласың.  Әсіресе, бұл қасиетіміз бен қамқор пейіліміз бүгінде  тұрақты дәстүрге айналып келе жатқан «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы кезінде көбірек байқалып жатады. Көктем мерекесі қарсаңында аймақ басшысының қолдауымен дәстүрлі түрде өтетін «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын тапты.  Сыр елі азаматтарының ауызбіршілігі мен ынтымағын, мейірімі мен дархан көңілін көрсететін игі бастамаға қала кәсіпкерлері, іскер азаматтар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ерікті азаматтар түгел атсалысты. Акция барысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 9 қаңтар күні Ақсуат ауылдық округіне қарасты Наурыз саяжайында үш бірдей бүлдіршінінен қапияда көз жазып қалған жерлесіміз Жәмилә Сәдуоваға Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаладан 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Қаламызда жиі ұйымдастырылатын «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы халқымызды бірлікке, адамгершілікке, ынтымаққа шақыратын игі дәстүрге айналды. Адамдарға осындай жылулық пен мейірім сыйлайтын қайырымдылық шарасында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев аталы жолдың ізімен жақсылықтың, қайырымдылықтың үлгісін көрсетті. Аталмыш акцияға бірінші болып қолдау көрсеткен аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевқа сөз берілді:

— Дәстүрге айналған «Жүрек жылуы» Сыр елі азаматтарының ауызбіршілігі мен ынтымағын көрсететін игі іс. Біз тек осы шара көлемінде ғана жұмыс жасап келе жатқан жоқпыз. 2013 жылдан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының әсіресе ауылдық жерлерден шыққан балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалды. Бүгінде 900-ге жуық талапты жас еліміздің белді жоғары оқу орындарында білім алуда. Сонымен қатар апатты жағдайдағы үйлер мен жатақханада тұрып келген отбасыларды жаңадан салынған үйлерге қоныстандыру үрдісімізге ұласты.  13 ақпанда өткен халық алдындағы есепті кездесуімде де көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесіне айрықша тоқталып өткенімді білесіздер.  Бұл соңғы уақытта жұртшылықтың  ең көп талқылап жатқан тақырыптарының бірі.  Сол үшін біз арнайы 6-шы және 9-шы ақпанда облыс әкімі орынбасарлары, қала әкімі, облыстық, қалалық мекемелер басшыларының қатысуымен азаматтарды қоғамдық қабылдау өткіздік.  Нәтижесінде көп балалы аналар мен жалғызбасты аналар тарапынан  қойылған сауалдар жинақталып, түскен сауалдардың барлығына талдау жасалуда. Бұндай өзекті мәселе біздің облыста ғана емес, бүкіл ел бойынша бар. Біздің өңірдің өзінде 36 мыңдай көпбалалы ана болса, оның ішінде 18500 ана кәмелет жасына жетпеген баланы тәрбиелеп отыр. Әлеуметтік жағдайы ауыр отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы аймақтық бағдарлама әзірленуде. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай  басқа да әлеуметтік қолдау шаралары пысықталуда. Қайырымды болу рухани дүниемізді жақсартып қана қоймай, әлемді де жақсы жағына өзгерте алады десек, «Жүрек жылуы» қайырымдылық шарасын өткізу осыған дәлел.  Өздеріңіз білесіздер, осыдан 1 ай бұрын үш бірдей бүлдіршінімізден қапияда көз жазып қалдық. Бұл қайғылы жағдай тек бір отбасын ғана емес, тұтас елдің қабырғасын қайыстырды. Бірақ Алланың ісіне амал бар ма. Халқымызда «Қайғыны бөліссең азаяды…» деген сөз бар. Айналайын, Жәмилә қайғыңнын орны толмаса да, өмір сүруіңіз керек. Жақсылыққа үміттену керек, — дей келе облыс әкімі Жәмилә Сәдуоваға пәтер кілтін табыстады.

«Ақмешіт-Сырдария» мешіті ауласына қайырымдылық жәшігі қойылды. Сырбойлықтар мешіт алдындағы жәшікке мүмкіндігінше қаржы салды. Жиналған қаржы әлеуметтік аз қамтылған және асыраушысынан айырылған отбасыларына көмек көрсетуге жұмсалатын болады.

Қайырымды шарада жомарт жүректі жандар мен ел азаматтарының және қала әкімдігінің тікелей ұйымдастыруымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған, асыраушысынан айырылған, қарттар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы, мүгедек, тұрмысы төмен отбасылардың  үйлеріне арнайы 60 көлікпен жеткізілді.  Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты ауылдарда тұратын тұрмысы төмен  1 мың 600 отбасыға 26 млн. теңгенің көлемінде азық-түліктей көмек  берілді.

— Облыс орталығы мен қалаға қарасты 7 ауылдық округте тұратын тұрмысы төмен   отбасыға азық-түлік үйіне дейін жеткізіліп берді. Бұл акцияға қаламыздағы кәсіпкерлер атсалысып жатыр. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдардарламалар  бөлімі тұрмысы төмен отбасыларын есепке алып, зерттеу жасады. Әр отбасыны қарап шыққаннан кейін барып, қайырымдылық акцияның тізіміне қостық. Азық-түліктің ішінде күнделікті тұрмысқа қажетті ұн, макарон, күріш, қант, шәй, шемішке майы бар, — деді, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметова.

Шара соңында аймақ басшысы бүгінгі игі бастамаға атсалысқан барша азаматтарға, мемлекеттік, қоғамдық ұйым өкілдеріне алғысын білдірді. Игі шараны қолдаған азаматтардың  жүрек жылуы қала тұрғындарын бір серпілтіп тастады.

Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласы әкімдігінің тікелей ұйымдастыруымен «Жүрек жылуы» қайырымдылық шарасы аясында Наурыз, Ораза, Құрбан айт, Қала күні мерекелерінде 2 мың 800 тұрмысы төмен отбасыға 42 млн.теңгенің қайырымдылық көмектері көрсетілді.

Аймақ басшысы өз сөзінде республиканың 17 аймағының ішінде әлеуметтік қолдау шараларына жан басына шаққанда ең көп қаржыны бөліп отырған – Қызылорда облысы екенін атап өтті. Жылағанды жұбататын, жабырқағанға пана бола алатын елдігіміздің, ынтымағымыздың, Сыр жұртшылығының кеңпейілді екенін осы акция тағы бір мәрте дәлелдегендей болды.

Қазіргі күні елімізде қайырымдылық шаралары көптеп өткізіліп жатыр. Әлеуметтік желіге тұрмысы төмен отбасыларына қолдау көрсетіп, үйлеріне азық-түлік апарып беріп жатқан еріктілер көп. Әсіресе, жастар арасында. Осындай бастама қоғамның мейірін сезініп, жүректеріне қуаныш ұялаған жандардың жанарына жас іркіліп, жүздеріне күлкі үйірілетіні анық. Қаламызда өткен акция барысында әрбір отбасыға 16250 теңгенің азық-түлігі берілген екен. Көпбалалы отбасы тұрмақ, шағын отбасының өзіне 16250 теңгенің аздық түлігі аздық етеді. Көпбалалы аналар бір күндік тоя тамақ ішкенді емес, жұмыс, баспана мәселесі мен жәрдемақының өсуін талап етіп отыр. Көпбалалы аналар арасында жұмыс таба алмай, балаларымен жалдамалы пәтерді мекендеп жатқандар аз емес. Тұрмысы төмен отбасының төлей алмай отырған несиелері тағы бар. Қазақтың бас қайғысы — баспана. Қаншама көп балалы ана баспанасыз қаңғырып жүр?! Көмекке зәру отбасы өте көп.

А.ОМАШ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here