Сот жүйесіндегі жаңашылдық

0
629

« Айшылық алыс жерлерден,

   Көзіңді ашып-жұмғанша,

   Жылдам хабар алғызды …»,

                                                        (Ы.Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінен)

Жедел ақпарат алмасудың озық технологиясы дамыған ХХІ ғасырда сотқа жүгінудің инновациялық тәсілдері іске қосылуда. Сот жүйесін цифрландыру бойынша республика соттарымен үлкен жұмыстар атқарылуда.

Еліміздегі сот төрелігін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар Елбасы Жолдауы негізінде іске асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мазмұнымен толық үйлесімін тауып отыр.

Соттарда ақпараттық технологияларды белсенді түрде қолданудың нәтижесінде бұқараның басым бөлігі қағазбастылық пен соттардағы ұзын-сонар кезектен арылып, үйлерінен шықпай-ақ сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи жобалардың игілігін көріп отыр.

Соттар өз қызметінде заманауи ақпараттық технологияларды белсенді қолдануда. Ақпараттық технологияларды (IT — Information technology) дамыту қажеттігін Елбасы өзінің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған жолдауында баяндаған болатын.

Сот жүйесі басым бағытындағы жобалардың бірі «Smart coт» жобасы мақсатына жету үшін IT саласында жаңа трендтерді тиімді пайдалану, пайдаланушылардың барлық санаттары үшін барынша қарапайым және қолайлы электрондық сервистер жасалуда. Жоба бойынша келесі міндеттер іске асырылуда: 1) ІТ-өнімдердің интерфейсін жеңілдету және жеткілікті функционалын қамтамасыз ету; 2) Толыққанды электрондық сот істеріне ауысу (сот ісін жүргізу түрлері бойынша); 3) Азаматтар үшін дауларды сотқа дейін реттеу сервисін әзірлеу; процесс нәтижесін болжау жүйесі; 4) Сот ісін жүргізуде «жасанды интеллект» және «блокчейн» технологияларын пайдалану; 5) Сот отырысы залдарында процесс қатысушыларына арналған автоматтандырылған жұмыс орындарын құру; 6) Электрондық талап қою арыздарын (арыздарды) қалыптастыру процедураларын жеңілдету;                        7) Ақпараттық қауіпсіздік бойынша салалық жедел орталықтарын құру және басқалары.

Сот жүйесіндегі жобалар аясында соттардың заманауи түрлері мен озық цифрлық технология­ларды енгізу, артық уақыт пен қаржы шығындарына алып келетін сот процедураларын қысқарту, тағы да басқалары өз шешімдерін табуда. Бірқатар жобалар іске асырылды, электрондық сот төрелігінің базалық компоненттері құрылды.

Бүгінгі күнгі сот залдарындағы орнатылған бейнебайланыс жүйесі сот төрелігін қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Мәселен, қазіргі таңда соттар басқа өңірдегі адамнан қашықтан куә ретінде жауап алу мүмкіндігін ұтымды пайдалануда. Сұрақ-жауап алынатын адамның жергілікті сотқа келіп, сол жерде бейнебайланыс арқылы тиісті сотпен байланысқа шықса болғаны. Мұндай куәлік ету заңды болып табылады және сот тарапынан толық көлемде ескеріледі.

Бұған қоса, бейнебайланыс жүйесі іс жүргізіліп жатқан тұлғаның бас бостандығынан айыру орындарында және тергеу абақтысында отырған сотталған немесе тергеуде жүрген адамдарды тасымалдамай-ақ жауап алу үшін қолданылады.

«Виртуалды сот» жобасы аясында іске қатысушылар ұялы телефондары немесе смартфон, гаджет, планшет тағы басқа сол сияқты техника құралдары арқылы сот процестеріне виртуалды түрде қатыса алады. Бұл тиімді тәсіл Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында 2018   жылдың тамыз айынан қолданысқа енгізіліп, іске қатысушылардың бірі басқа облыс орталықтарында болуына орай, аймақтарда іссапарларда немесе емдеу мекемелерінде болуына байланысты жүзге жуық әкімшілік іс қаралған.

Сотқа жүгінген адамдар өздерінің құқығын қорғауда аумақтық тұрғыдағы және кедергілерге тап болмауы үшін барлық соттарда арызды беру және тіркеу сатысынан бастап, заңды күшіне енген сот актісін орындауға жібергенге дейін сот ісін жүргізу процесі түгелдей дерлік электронды форматқа көшірілген.

Соттарға қолжетімділікті қамтамасыз етуде «Сот кабинеті» сервисін дара айтып кеткен жөн.

«Сот кабинеті» сервисін пайдалану үшін сот ісіне қатысушы Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталықтың электрондық цифрлық қолтаңбасын алып, тіркелуі қажет. Сот кабинеті азаматтарға сот органдарының электрондық сервистеріне бір терезеден қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

«Сот кабинеті» сервисі келесі бөлімдерге бөлінген:

— Сот ісін жүргізу (талап арызды (арызды), апелляциялық/кассациялық шағымды, өтінішхатты, сот отырысы хаттамасына ескертпе, қарсы талап, пікір және т.б. беру);

— Өтініш беру;

— Сот органдарына хатты жіберу;

— Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу;

— Сот істерін іздеу;

— «Талдау» форумы — сот практикасын қорыту.

Интернет-сервистің ерекшелігі азаматтардың өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта үйінен немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ, интернет желісі арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасымен сотқа талап арыздар, өтініштер мен шағымдарын электронды түрде жолдай алады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтында «Сот кабинеті» модулі арқылы жеке және заңды тұлғалар және олардың заңды өкілдері соттарға электрондық нысандарды толтыру арқылы электронды құжаттарын жолдау мүмкіншілігіне ие болып отыр. Сот органдарымен хат алмасу жеке және заңды тұлғалармен қатар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға да қолжетімді болды. Аталған сервис тиімділігін дәлелдеп отыр. Себебі, сотқа талап арыздар беруде мемлекеттік бажды онлайн режимде төлеуге, сот құжаттарын, істің мәртебесін қарауға және тағы да басқа көптеген іс-әрекеттерге мүмкіншіліктер болып отыр.

«Сот кабинеті» адвокаттар мен заңды өкілдер қызметінің тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтуға жәрдемдесуде.

Сондай-ақ, Жоғарғы Сот соттардың халықпен байланысын жетілдіру және «Сот кабинетінің» сервистерінің рөлін кеңейту мақсатында:

— адвокаттардың  күнтізбесін жаңғырту;

— «Сот кабинеті» арқылы жіберілетін құжаттардың мәртебесінің қажетті құрамын кеңейту;

— сот отырысына қатысушыларына жіберілетін хабарламаларды жүйелеу;

— «Сот кабинеті» сервисі арқылы берілетін құжаттардың тізбесін кеңейту;

— жіберілген хабарламалар бойынша өтінішке/іске тікелей сілтемені қолдану сияқты қызмет түрлері іске асырылуда.

Электрондық қызметтерді кеңейту мақсатында Жоғарғы Сот интернет-ресурсының «Сот кабинеті» сервисінде «Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы өтініш» және «Сот процесін кейінге қалдыру туралы өтініш» жіберу үшін жаңа нысандар іске қосылды. Аталған қызметтерге «Іс бойынша құжаттар» бөлімінде қол жеткізуге болады. Өтінішті жіберу үшін ұсынылған нысанды толтырып оған қажетті құжаттарды қоса тіркеп, электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойып белгіленген сот органына жолдау қажет. Өтінішті қарау барысын «Менің істерім» бөлімінен көруге болады.

«Сот кабинеті» сервисінің пайдаланушылар саны күн сайын артып келеді, ал Жоғарғы Сот сайтына және жергілікті соттар сайттарына кірушілер саны едәуір көбейіп отыр. Республикамызда жылына миллиондаған сот істері қаралады, бұл соттар интернет-сервистерінің қажеттілігін одан әрі арттыру мүмкіндігі жөніндегі қорытындыға әкеледі.

Енді бір айта тоқталып кетер жайт, ол «Сот кабинеті» сервисінің «Электронды сенімхат» бөлімі. «Сенімхат» бөлімі ашылған бетте «Қосу» бастырмасын басып, сенімхат нысанын, соның ішінде өкілдің деректерін толтырса жеткілікті. «Электронды сенімхат» бөлігінде сенім білдірушіге электрондық сенімхат жасау кезінде іске қатысушы тұлғалардың негізгі құқықтарын тізбе түрінде көрсету мүмкіндігі ұсынылған.

Сот жүйесінде электронды қызмет түрлері бұлармен шектелмейді. Халық үшін тиімді жобалардың қатарында сот практикасының қорытулары мен сот актілері дерекқорын, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын пайдалануға мүмкіндік беретін «Талдау» форумын, «Сотқа шақырту қағазы», «Сот құжаттарымен танысу», «Хабарлама бойынша сот құжаттарын көру» сервистерін атап өтуге болады.

Сонымен қатар, «Сот актілерінің банкі» атты кеңейтілген сервис іске қосылды. «Сот актілерінің банкі» сервисі арқылы заңды күшіне енген сот шешімдері мен үкімдерін іздеуге болады. Жаңа сервистің интерфейсі арқылы тұтынушылар сот шешімдері (үкімдері) мен қаулыларына облыс, сот органы, сот процесінің қатысушысы, шешім (үкім) шыққан күні, сот ісін жүргізу түрі, істің санаты, сот сатысының түрі және қарау нәтижесі секілді критерийлер арқылы қол жеткізе алады.

Қорыта айтқанда, цифрлық формат ең алдымен адам құқығының қорғалуын күшейтеді. Мемлекет экономикасын дамыту және халық өмірінің сапасын жоғарылату жолындағы сот жүйе­сіне жүктелген міндеттер сәтті жүзеге асырылуда.

Сауле Утегенова 

Қызылорда қаласының мамандандырылған

әкімшілік сотының судьясы

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here