«Құр сөз» бен бос уәде баспана болмайды

0
704

Ақпан айында Астана қаласындағы 5 бүлдіршіннің өрт құрсауында қалып, өмірмен қоштасқаны барлығыңызға мәлім. Бүгінде осы жағдайдан кейін барлық облыстың басында баспанасы жоқ, әлеуметтік жағдайы нашар отбасылары және көп балалы аналары шеруге шығып, өз наразылықтарын көрсетуде.

Алдымен Астана, кейін Алматы мен Шымкент, Қызылорда т.б облыстарда аналар бас қосып, ұсыныстарын айтқан еді. Артынша Астанадағы аналарға басшылық өкілдерінің оларды ең болмағанда бір күндік азық-түлікпен қамтамасыз етейік деген ниеттерін қабыл алмай, «бізге тамақ емес, баспана керек» деп талап қоюда.

Әлеуметтік мәселелерін әкімдікке жеткізіп жүрген көп балалы аналардың қазірде талабы сол тұрғын үй мәселесі. Бұл талаптар жөнінде жоғарғы билік өкілдері үнсіз қалмады.

– Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесі соңғы апталарда жұртшылықтың ең көп талқылап жатқан тақырыптарының біріне айналды. Осыған байланысты елбасымыздың тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы жасақталды. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 340 мыңнан астам көп балалы отбасы тіркелген. Оның 237 мыңы – алтын алқа мен күміс алқа иелері. Сонымен бірге, 85 мың мүгедек бала, 400 мыңға жуық балалары бар, бірақ асыраушысы жоқ не одан айырылған жалғызбасты аналар бар. Сондықтан да Үкімет көп балалы аналар, әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмелеттік жасқа жеткенше ең төменгі жалақының 50 пайызы көлемінде жәрдемақы төлеу мүмкіндіктерін қарастыру керек, — дейді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Сондай-ақ, Мұрат Бақтиярұлы алдағы уақытта көп балалы отбасыларын қолдау мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарламасының болуы керектігін жеткізді. Бұған қоса, көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларының Үкіметтің тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған сан алуан бағдарламаларына қатысуға мүмкіндіктері болмағандықтан, өздері үшін қолайсыз, тар және жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқандығын айтты. Сондықтан, алдағы уақытта тұрмыстық жағдайы төмен және көп балалы отбасыларына баспананы кезекте тұрмай-ақ және алғашқы төлемсіз берілу керектігін баса айтты.

– Мен Астана қаласының тұрғынымен. Бұл жақта өмір сүру өте қиын. Әсіресе көп балалы отбасылар үшін. Менің бір ғана айтар талабым бар. Бізге баспана мәселесін шешіп берсе екен. Қазіргі таңда жеке жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Ендігі айтайын дегінім, егер бізге мемлекеттік бағдарламадан алғашқы жарнасыз несиеге мейлі 10 жыл, мейлі 15 жылға болса да пәтер берілсе жақсы болар еді. Мен оны төлеуден қашпаймын. Өйткені, ол кейін жеке өз үйім болып қалады. Сондықтан, бүгінгі таңда жалдамалы пәтерге төлеп жатқан ақшаны өз үйімізге төлесек екен. Менің 4 балам бар, маған бір бөлмелі пәтер берседе қанағат етуші едім және жәрдемақы көбейсе екен, — дейді Астана қаласының тұрғыны Мөлдір Құрманғали.

Бүгінде аналардың айтқан ұсыныстарын тыңдап, көріп жүрген жоғарғы билік өкілдері алдағы уақытта мұның барлығының заң жүзінде қаралатындығын және барлық тұрмысы төмен отбасылар үшін көмектің көрсетілетіндігін айтып отыр. Бірақ, олардың айтқандарын «құр бос сөз», «жәй ғана уәде» дегендер көбеюде.

Талап, ұсыныс айтылды.  Қарапайым халық енді нәтиже күтуде.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here