Қажеттілікпен қатар мүмкіндік те ескерілуі керек

0
170

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері ретінде оны текке таңдамадық. Елге есімі белгілі ұстаз, облыстық ішкі саясат басқармасының «Тілдерді дамыту орталығы» мекемесі директоры болумен қатар «Сыр аналары» облыстық кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Дүйсенбайқызы Мусаева өзі де ұл-қыз өсіріп отырған аяулы ана, келін жұмсап отырған асыл ене, ұл-қыздан немере сүйіп отырған сүйікті әже.

— «Сыр аналарына» кездейсоқ келмеген боларсыз…

— Әрине. Бірнеше жыл бойы облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы, демографиялық саясат комиссиясының мүшесі болдым. Осы комиссияның құрылтайшылығымен басқа өңірден өзіндік ерекшелігі бар, көп балалы аналардың мекені болып келетін аймақта «Сыр аналары» қоғамдық қорын құрдық. Мақсат отбасы институтын дамыту, ана мен бала мүддесін қорғау, ұлтымызда бұрыннан келе жатқан қыз бала, әйел тәрбиесіндегі әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді жаңғырту, сол арқылы аға, орта, кіші буындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғау. Қанша дегенменен өзім де көп балалы отбасынан шығып, көп балалы отбасына келін болып түстім. Бұл тақырып жаныма жақын.

— Сөзіңіз аузыңызда, көп балалы отбасының қызымын, келінімін дедіңіз.

— Ия, өз анам 12 құрсақ көтерген. Соның 9-ы қазір бар. Мен сегізіншісімін. Енем де 12 баланың анасы.

Айтпақшы біз «Тату абысындар» клубын құрғанбыз. Қазақта мақал бар ғой «Абысын тату болса, ас көп деген», сол сияқты, екі жарым жыл уақыт болды, тұрмысы төмен, табысы аз отбасыларына қолдау, көмек көрсетіп келеміз. Жария етіп айта бермейміз. Бірақ, мұндай клуб әзірге Сыр бойында ғана бар.

— Кешіріңіз, клуб мүшелері өз әулеттеріңіздің келіндері ме?

— Клубқа мүше болуға анау, мынау деп шек қойылмаған. Жүрегі мейірімге толы, қиналған­ға қамқор қолын созар кез-келген жан мүше бола алады. Сондай-ақ мұқтаж кез-келген отбасы қамқорлықты сезіне алады. Қазір «Тату абысындар» қамқорлығында 17 отбасы бар. Бұл отбасы мүшелерінің білім алуына, жұмысқа тұруына қамқорлық етіп келеміз. Апат айтып келмейді ғой, әлдеқалай жағдай бола қалған кезде «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» көмек қолын созамыз. Өткенде бір отбасында өрт болып, абыржып қалғанда біріміз үй төбесін жаптық, біріміз ыдыс-аяқ апардық, біріміз көрпе-төсек дегендей. Біздің көмегіміз «балық ұстату емес, балық ұстайтын қармақ беру». Жақында бір отбасына 2 қап ұн апарып бердік, бірін балаларыңа тамақ ет, ал екіншісінен нан пісіріп, пұл жаса дедік. Өткізетін жерін де тауып бердік.

— Қазір жағдайы төмен жандар көп…

— Ол рас. Қазіргі заман талабы қатал. Бүгінгі уақыт еншісінде Абай атамыз айтпақшы «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан…» Қоғамнан, өмірден әркім өз орнын таба білуі керек. Әрине, ол оңай, тегін дүние емес. Білім, тәлім-тәрбие керек.

Отбасында анамыз әкемізді пір тұтты. Біздің ұғымымызды қалай тәрбиеледі? «Қазір әкең келеді, жандарыңды шығара­ды». Кейіннен қарасақ, әкеміз анамыз айтқандай «біздің жанымызды шығара­тын» жан емес екен. Бірақ, тәртіпке бағындыруда анамыз оны қару етті. Кейде анамыздан «Апа, көкемді қатты жақсы көресіз бе?» — деп сұраймыз. «Тоқсанға келген­ше тобығына жел тигіз­беймін» деп тұрмысқа шыққанмын, неге оны пір тұтпаймын?» дейтін.

Оттың басында бірінен кейін бірі бірнеше бала бар, тірлік көп, келімді-кетімді қонақ та жетеді. Жетіспеушілік — ол бөлек әңгіме. Сонда да анамыздың осы күйіне ренжігенін, әбір­жігенін, орамалының бір жаққа қисайғанын көрмеппіз.

Әкеміз жұмыстан келгенде керзі етігін сүрткізіп, шұлғауын кір сабынмен жуғызып, күнде тазартқызатын. «Ой, апа, етігі таза ғой, неге сүрте береміз?» деп, бұртиямыз. «Ошағымыздың егесінің аяғы, шұлығы таза болса, біздің де жағдайымыз жақсы болады» дейтін.

Жастайымыздан еңбекке баулыды. Отын тасыдық, шөп ордық. Әлі есімде 6 жасымнан шөпке бардым. Үйдегі 9 баланың 5-уі ер бала. Сонда да қыздың жұмысы, немесе ер баланың тірлігі деп бөлінбейтінбіз. Әлгі 6 жасымда шөпке барғанымда әкем, «Міне, кішкентай көмекші келді. Енді шөпті тауыса­тын болдық» дейді. Мен мәзбін.

Қарап отырсам тұрмыс түйткіл­дерінің шешімі біреу ғана екен. Ол — еңбек, еңбек­ке тәрбиелеу. «Шөпті көп орсақ, артығын сатамыз. Түскен пұлға саған әдемі көйлек алып бере­міз» дейді. Пұл жиналған соң анам Ташкент барады, керек-жарақ әкелу­ге. Өлшемімізді жіппен өлшеп алады. Бірде менен «Қызым не қалай­сың?» деп сұрады. Волейболға қаты­сатын­мын. Республикалық жарысқа баруға әдемі спорт киімі керек болып жүр­ген. Апам «ойбай, оның қандай еді тағы» деп қояды (киетініміз кәдім­гі көк трико ғой). Спорт костюмі дегенді қайдан білсін… Газеттен қиып алып, беріп жібердім.

— Біз бен сіздің балалық кезіміздегі жағдай біркелкі болатын. Көп балалы отбасылардың да әлеуметтік жағдайы, тыныс-тіршілігі бірдей дегендей. Бар бала отын тасыды, шөп орды. Бірдей киім киді, бірдей тамақ ішті. Қазіргі бір қиын мәселе — әлеуметтік теңсіз­дік­те болса керек. Кешегі 5 қыздың оқиға­сынан кейін көпбалалы аналарды көшеге шығуға да итермелеген осы жағдай болса керек.

— Біреуде бар, біреуде жоқ. Жоқ болу­дың да, бар болудың да, қоғамнан бөлек, жеке адамға қатысты тұстары көп. «Еңбек етпеген ішіп жемейді», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Білімді мыңды жығар», «Білімді жетер мұратқа». Айта берсе, жалғасып кете береді. Бұдан бөлек, сананың қалыптасуы бар. Қай жерде қателік жібердім? Бұл кедергіні неге жеңе алмадым? Қателікті, кедергіні қалай жеңуге болады? Бұл қай кезде де кім-кімге де өз-өзін дамытуға күш беретін сұрақтар.

Біз шықпа дегенменен күн шықпай қоймайды. Сол сияқты заман алға қарай жылжып келеді. Алдыңғы қатарлы Жапон елі сияқты жетістікке жеткен мемлекет­тердегі белгілі тұлғалардың өмір тарихына зер салсаңыз, олардың күніне 6-7 сағат уақытын кітап оқуға, қосымша білім алуға, яғни өз-өзін дамытуға жұмсай­тынын байқайсыз. Заман көшінен қалмау үшін адам білімді болуы керек.

— Білім дегеніңіз бүгінде ақылы. Қосымша білім алмақ түгілі мектепке бара алмай отырған балалар бар.

— Біріншіден жалпыға ортақ білім беру бізде тегін. Екіншіден,киімі, дәптер-қаламы болмай бала мектепке бара ал­мады дегенге күмәнмен қараймын. Үкімет қолдауынан бөлек, қоғамда тұрмысы тө­мен жандарға қолдау көр­сетуде. Арнаулы қорлар бар, түрлі акциялар бар. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңын­дағы «Мектепке жол» акциясында балалардың бар керек-жарағын ел болып түгендеп жатырмыз.

— Көп балалы аналардың бір талабы — әлеуметтік жәрдемақы жетпейді дейді.

— Келісемін. Қазір бәрі сатулы. Бұрын сиыр сауып, сүт ішсе, қазір тек дүкеннен сатып алады. Бұрын таба-таба нан пісірсе, қазір оны да сатып алады. «Алтын алқалы» аналарға баспана мәселесі қиын екені де рас. Бұрын қазақ көз тиеді деп, бала санын айтпаған ғой. Дегенменен, балаларының санын айтып, жәрдем сұрап жатқандар­дың жағдайы мәз емес екені рас.

— Бұрын тегін сүтті сатып ішеді дегеннен шығады, көп балалы аналар мәселесін урбанизация, яғни елдің ауылдан қалаға көшуі де күшейтіп жіберген сияқты.

— Бұрын ата-анамыз кесегін қолдан құйып, жұмбаздап салған тоқал тамда-ақ өсіп жетілдік. Мал бақтық, бақша ектік. Өз керегімізді жерден, мал қорадан еңбекпен таптық.

Бәлкім «Жастар жылында» «Жастар», «Жас кәсіпкер» бағдарламаларынан бөлек, «Жас отбасы» бағдарламасын да қабылдап, балалы жас отбасыларды ауылдарға апару іс-шарасын жасармыз.

Елдің шалғай жерлерінің өзінде де малмен, егінмен жағдайын жақсартып, тұрмысын түзеп отырған мықты ауылдар­дағы тәуір отбасылар жетерлік. Бүгінгі күні көп балалы отбасыларға «балық ұстап бергеннен гөрі, балық ұстайтын қармақ» берген дұрыс па деймін.

Несіне жасырамыз, көп жас ауыр еңбектен қаша­ды. Оңай олжа іздейді, жеңіл жұмыс істейді. Тағы бір жай тіршілік көзі болғанымен, бойда ынта, жігер жоқ. Масылдық бойдан кетпей тұр.

— Жұмыс іздегенменен, табылмайды. Табылғанда да жұмысқа қабылдамай, ынта-жігерді құртады. Күні кеше Ақтөбе облысы әкі­мінің тұрғындармен есеп беруінде бір келіншек мектепке мұғалім болайын десем директор 200 мың теңге сұрайды деп ашынды ғой.

— Қазір іздегенге жұмыс көп. Тек, өз саласының мықты білгірі болу керек. Оларға сұраныс жетерлік.

— Бұған көп жұрт сенбейді.

— Сыбайластыққа, жем­қорлыққа, пара беруге, алуға қарсы жүргізіліп жатқан күрес нәтижесі — әділдік болатынына сенім артатын тетіктерді кү­шейту, жетілдіру керек. Әр адам өз түсінігімен, санасымен жүйелі жұмыс жасау қажет. Қоғам да…

Көп нәрсе ер азаматтарға байланысты. Қанша дегенмен олар — елдің иесі.

— Аналар жағдайы әлеуметтік мәселе­ден гөрі саясатқа айналып кеткендей.

— Тәуелсіздік алғанымызға бар болға­ны 27 жыл болды. Жылдар бойы қалып­тасқан мәселелер бірте-бірте шешіліп келеді. Тұрмысымыз да түзелуде. Әкем айтады: «Бейбіт өмірден артық қымбат ешнәрсе жоқ. Кем-кетіктің шешімі бар. Соғыстан  қиын емес» дейді. Бейбіт елдің шырқын бұзу, елді соған шақыру — бұл үлкен күнә. Бейбіт өмірдің кепілі, елдің ұстанымы болып келген ақ жаулықты аналарымыздың кешегі ақ қар, көк мұзда алаңдарда айқайлап жүруі ана деген атымызға үлкен сын. Балаларымызға қандай үлгі, өнеге көрсетеміз? Отбасын­дағы кикілжіңдерді де балаларға білдірт­пей, ерлі-зайыптылар өзара шешкен қазақ емеспіз бе?

Айта кеткім келіп тұр, қазақ отбасын құртып тұрған үлкен бір мәселе кредит деген пәле…

Жасыратын несі бар, басқасын айтпа­ған­да ыдыс-аяқты да несиеге алатын бол­дық. Әлемдік тәжірибеде кредит қозғал­майтын мүлікке, ірі дүниеге беріледі, қанша уақыт өтсе де құнын жоғалтпайтын затқа.

Отбасылық ақшаны жоспарлау жоқ. Ертеңгі күні кредитті қалай жабамыз деген мәселе жоқ. Тегін дүние сияқты.

Қазір рухани жаңғыру деп жатырмыз ғой. Адамдар арасындағы туыстық қарым-қатынас, әулет болып көмектесу әлсіреп барады. Мәселен, біздің әкеміз соғыстан аман-есен келіп, әулет 140-пен 150 жан­ның арасына жетіпті. Ал, енді дәл сондай бір адамның әулетінде не бары адам саны 10-ға жетпейді.

Собес, қамқорлық үйі дегендерді үй­ре­ніп алдық. Қауымдасып, ортақтасып, әулет болып өмір сүруден кеткеніміз өз тағ­дырымызға өзіміздің балта шапқаны­мыз.

— Бүгінгі әлемдік тәжірибеде дамыған елдердің өзінде де 2000-шы жылдардан бастап 30-дан асқандардың өздерінің де ата-аналарымен бірге тұру пайызы артып келеді екен. Себеп: бөлек тұрған қиын. Материалдық жағдай көтермейді.

— Жастарды ата-аналарымен бірге тұруға да итермелейтін жағдай жасау керек шығар. Қазір үлкен ата-әжелеріне күтім жасап қолда отырған немерелер бар.  Жағдайлары жақсы. Біріншіден, отбасыға тиесілі мүлік иесі, екіншіден, қарияны күтуші ретінде үкіметтен көмек, жәр­демақы алмағаны­мен, сол үлкен кісінің өз балалары оларға жағдай жасайды.

Сөз соңында мына бір нәрсені айтқым келеді. Талап еткен дұрыс. Бірақ, бір жақ­ты құр ұраннан бөлек айқай-шу түрінде емес, менің өз тарапымнан мынадай мүм­кіндігім, қосарым бар, Үкімет тарапынан осыған демеуші, қосымша болса деп, та­лапты қоя білу керек. Талапта қажеттілік­пен қатар мүмкіндік те ескерілгені жөн.

— Сұхбатыңызға рахмет.

С.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here