Көп қорқытады…

0
306

Биылғы жылдың алғашқы айының соңғы жағында үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы Үкіметке “Ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың өзекті мәселелерін шешу керек” деп тапсырма берген еді.

Көп ұзамай-ақ арада шамалы уақыт өтісімен, әрі кетсе бір жеті болар Астананың Кентал аумағында времянкада тұрып жатқан отбасының бес қызы бірдей түнде өрт шығу себепті ажал құшты. Өрт болмай жатқан жоқ. Ресми орындардың мәліметіне сүйенсек, “Соңғы үш жылдың ішінде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт оқиғасы тіркеледі. Өрт салдарынан 846 адам зардап шексе, соның 434-і, яғни жартысы қаза болған.Ал экономикалық зардабы 3 млрд. теңге”. Тағы бір деректер былай дейді: осы орын алған өрттердің 60%-ы жеке тұрғын үйге  қатысты, 40%-ы тұрғындардың бейқамдығынан, 20%-ы пештердің қауіпсіздігі сақталмағаннан, 16%-ы тоқ құралдарынан. 2018 жылдың соңғы 2 айы – қараша мен желтоқсанда, биылғы қаңтарда  өрт оқиғаларының саны азайғанмен, ақпанның алғашқы он күндігінің өзінде өрттен 18 адам, оның ішінде 5 бала қаза болды. Елімізде көбейіп отырған өрт оқиғасының себеп-салдары бұл өзінше бөлек тақырып. Қазіргі әңгіме Кенталдағы өрттен кейін бас көтерген көпбалалы аналардың жанайқайы. Бұл оқиға ешкімді бейтарап қалдырмады. Баласы барды да, жоқты да. Баспаналыны да, үйсіз-күйсіз жүргендерді де. Билікті де, қара халықты да…

Бес баласы барын, баспанасы жоғын алға салып, ешкімге алақан жаймаған, тіпті тиісті орындарға барып, мұқтаж жан болып тіркелмеген, тәуліктің күн-түн екеніне қарамастан жұмыс істеп, отбасының жағдайын жасап отырған Ситерлер басындағы қаралы жағдай қара халықты қозғады. Қара халықтың қара нөпірі билікті қозғады. Жасы әлі бірге жетпеген бесік баласын да тастап, түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр  көпбалалы ана Жанымкүл Ситердің жағдайы биліктегілердің “бәлен миллиард қаржыға бәлен көше жөндедік, бәлен үй салдық, бәлен адамды жұмыспен қамтыдық” деген ақпараттарын адырам қалдырды. Ел болашағы балалардың

“Біз кеттік, сау бол, Астана,

Керек те емес баспана.

Бармаймыз балабақшаңа,

Ортақ боп сенің ақшаңа.

Әкеміз мұңға батса да,

Шешеміз жылап жатса да.

Келмейміз енді, қайтадан,

Біз кеттік, сау бол, Астана.

Үй сатып алсын министр,

Үнемдеп қалған ақшаға…”

  1. “Енді біздер мектеп, бақша бармаймыз,

Енді дәптер, сөмке сатып алмаймыз,

Енді бізге берсеңдер де хан сарай,

Ішін шашып, ойнап, асыр салмаймыз”- деп, “түн ортасы көкке ұшып кетіп жатқанының” ақыр соңы бар бизнеске, бар мансапқа, бар атақ-абыройға қауіп-қатер екенін кеш болса да ұққан билік басындағылар барын салып жатыр.

Тірілей өртте қалған бес қыздың аянышты өлімінен кейін көпбалалы отбасылар жағдайына жұрт жіті қарай бастады. Жер-жерден бір кәсіпкер көпбалалы отбасына үй, немесе пәтер сатып алып беріпті, бір бизнесмен көпбалалы отбасынан шыққан балаларға ағылшын тілін тегін үйретеді, тағы бірі компьютер береді, немесе бір аймақтарда балалар мен аналарға арнап “андай-мындай” акциялар ұйымдастырылып жатыр екен деген ақпараттар көбейді. Көптен қаймыққанынан да болар биліктегілер де көпбалалы аналараға баспана беру, дұрыстап жәрдемақы тағайындау жайын ойлана бастады…

Жалпы дәл қазір үлкенді-кішілі ел билігі абыр-сабыр… Қайтсем, көп көңілінен шығам деп оң-солын қарманып жатыр. “Барлық бала бақытты өмір сүрсінші, Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!” деп, Кеңшілік Тышқанның марқұм бес қызға арнаған  өлеңінде азалатқанындай отқа оранған марқұм бес қыз бар баланың мына өмірде мұңсыз өмірі үшін құрбан болып, балалардың бақытты өмірі үшін, расында да аспаннан бақылап тұрғандай.

P.S. Төтенше жағдайлар саласының бірқатар басшылары Елбасынан сөгіс естіді. Үкімет бірқатарын орынтағынан алып тастады. Тіпті, бұрынғы Ішкі істер минситрі Қ.Қасымов басқа қызметке ауысып, орнына министр болып орынбасары келді. Сонда да өрт тоқтамады. Соңғы ақпараттар бойынша  Қостанайда  белесебед дүкені өртенді т.т.. Әр жерлерде иіс тиіп қаза болғандар бар. Тіпті, күні кеше Астанадағы Сарыарқа көшесінде “Хайвилл Қазақстан” кеңсесінде өрт орын алды…

С. БИХОЖА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here