МЕШІТ САЛДЫРҒАН МЕЦЕНАТ ҚАЙДА?

0
377

Еліміз егемендігін алып, еңселі мемлекет болғалы ұмыт бола бастаған салт-дәстүріміз, тіліміз бен дініміз қайта оралды. Дін жолына бет бұрған жамағат қатары көбейді. Бұрын Алматы қаласының өзінде ағаштан тұрғызылған ескі жалғыз мешіт болса, қазір де әрбір қалада, аудандар мен ауылдарда сәулеті келіскен көк күмбезді мешіттер қатары артты. Оған еңкейген кәріден бастап жас буын өкілдерінің ағылып жатқанын көріп жүрміз. Сондайда қастерлі дінімізбен қайта қауыштырған тәуелсіздігімізге тәу етесің. Сан жылдар бойы бабаларымыз аңсаған алтын кезеңнің туғанын сезінесің.

Иә, мешіт Жаратушы Алланың жердегі үйі. Қасиетті Ислам дінінде бұл дүниеде мешіт тұрғызған адамға жаратушымыз жұмақта алтын сарай тұрғызады деп сауапты іс санайды. Қазіргі қоғамда қалтасы қалың, жомарт жүректі жандардың осындай сауапты іске бет бұра бастағаны сүйсіндіреді. Ата-бабаларымыздың аруағына тағзым етіп, бірі Алла үйін тұрғызып жатса, екінші біреулер туған ауылынан қасиетті орынның кірпішін қалап, сауапты іс тындырғанды жөн көріп жатады. Әйтеуір қайбір мерекеде, баба рухына құран бағыштап, ас берген сәттерде жаңа мешіттің мұсылман қауымға есігін айқара ашып жатқанына куә боламыз. Жын ойнақ орынның емес, қасиетті орынның қатары артып жатқанына қуанамыз.

Осындайда Алланың жердегі үйіне кім көрінгеннің атын беруге болмайды деп пікір білдіріп жататындар да аз емес. Мейлі, бұл да жөн шығар. Десек те бүгінгідей тұнығымызды лайлауды мақсат тұтқан сұрқия секталар қаптаған кезеңде мешіттің саны артып, жүрегіне иман ұялаған жандардың қатары көбейе түскеніне  қуануымыз керек сияқты бірінші кезекте. Сонан соң соңғы уақыттары бой түзеген мешіттерге есімі берілген бабаларымыздың өз заманында орақ тілді би, ахун, әулие адамдар болғандықтан бұл шариғатқа қарсы емес деп айтылып жатқанын ескерсек мұның еш әбестігі жоқ секілді. Жалпы, ислам заңы бойынша, кісі атын мешітке беру — қолданыста бар нәрсе екенін имамдарымыздың өзі тілге тиек етіп жүргенін қаперге алып жатқанымыз бұл.  Ең бастысы Алланың жердегі үйін салуға ниетті жандардың бастаған ісін аяқсыз қалдырмағаны емес пе.

Мәселен, Қызылорда қаласында іргесі қаланғанына біраз жыл болып, сақалды құрылысқа айналған, оның өзінде де ертеде айтылатын шалдай сақалы қырық қарысқа жететін мешіт құрылысы бар бүгінде. Төменгі қабаты толықтай тұрғызылып, жоғары қабаты жар ортасына дейін өріліп, одан ары қараусыз қалған бұл мешіт жетімнің күйін кешіп тұр. Көрер көз болмай, тасада тұрған ғимаратты құрылыс қатарына жатқызайын десең олай да емес. Мешіт қаладағы нағыз орталық жолдардың бірінің жиегіне орын тепкен. Яғни сақалды құрылыс қаланың Мұстафа Шоқай көшесінде тұрғызылыпты. Орталық орындардың бірі деп отырғанымыздың тағы бір себебі – осы көшені Бөкейхан көшесі қиып отеді. Ал бұл көшенің бойында, яғни біз айтып отырған мешіт құрысынан сәл әріректе автобекет тиіп тұр. Сонда дейміз-ау, осы маңнан күніге ерсілі қарсылы өтіп жатқан қала жұртшылығының бұл құрылысты қалайша аңғармауы мүмкін? Айтпақшы мешіттің дәл түбінде осы көше атауын иемденген №187 білім ордасы да бар. Бұған қоса ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Абуовтың бұл келеңсіздікті қаперіне алмай жүргенін ойлағанда тіпті қынжылатының рас. Ең бастысы Алланың үйін салуды қолға алып, бірақ бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей жүрген адамның бұл әрекетін түсіну қиын.

Осы орайда аталмыш мешіт құрылысына қайта оралсақ, нысанның зәулім де сәулетті құрылысына қарап, оған аз көлемдегі жер телімі берілмегенін аңғаруға болады. Бүгінде оның айналасына арамшөптер қаулап, қалың нуға айналған. Жазғы мезгілде аяқ алып жүргісіз. Оның сырты қоршаумен қоршалмағанына қарап құрылыс жұмысын тұралатып қою ойында болмаған-ау, сірә деп шамалайсың әрі-сәріден соң.

Ең қиыны, қараусыз жатқан мешіт құрылысының төменгі қабаты бүгінде нағыз қоқыс жәшігіне айналған. Оның сондай әсем салынғанына не керек, іші лас күйге түсіпті. Ал енді нысанның қақ алдына қойылған электр қондырғысын көргенде құрылыстың әрі қарай жалғаспайтынын аймақтағы құзырлы орындар баяғыдан-ақ біледі-ау деп топшылауға болады. Мешіттің оңына да, солына да тұрғын үйлер салынып тасталған. Екі ортада өзі қысылып әзер тұр. Ал мешіттің дәл артына жапсарластырып бірнеше қабатты коттедж бой түзепті.

Біз мешіттің қожайынымен тілдеспек мақсатта оның ауласына кірер есікті сенделе іздеп жүріп, бір бұрыштан әзер дегенде таптық. Сөйтсек бір бұрышынан алақандай ғана жерді қоршап, қақпа шығарған орын да бос емес болып шықты. Кім болса да сол жерді қоршап, өз кәсібіне икемдеп алыпты. Ондағы жұмысшылар әу баста мешітті кімнің салдырғанын білмейтін болып шықты. Біздің сұрауымызға орай мешіт құрылысының келесі бетінде сарай тамда  күзетшісі тұратынын айтып, солай қарай сілтеді. Бірақ ол маңнан да жөн білетін біреуді таппадық. Осылайша еш мәлімет ала алмастан бос сенделіп, кері қайтуға мәжбүр болдық. Ал сол аймақ тұрғындары бұл құрылыс нысанының көп жылдан бері «сақалы сапсиып» тұрғанын жоққа шығарған жоқ.

Қалай десек те, Алла үйінің құрылысын бұлайша қараусыз қалдыру дұрыс еместігін айту керек. Жоғарыда айтқанымыздай, оған тиесілі жер телімін лас қоқысқа толтыра бермей, құзырлы орындар тарапынан қандай да бір шара қолдану қаперге алынса нұр үстіне нұр болар еді.

Мешіт құрылысын салуды қолға алған азамат та, жылы орындықта отырған шенді-шекпенділер де оны бұлайша жетімнің күйін кештіріп қоюдың күнә екенін ескерсе дейміз. Сонан соң облыс, қала басшылығы тарапынан мешітті салдырған меценатты тауып, бұл түйткілдің түйінін жеделдете шешсе, нағыз сауапты іс осы емес пе. Ендеше осы мақаладан жергілікті басшылық ой түйіп, жедел іске кірісер деп үміттенеміз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

Қызылорда

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here