Қызылорда: Ашынған аналардың жанайқайы

0
726

Ақпан айы Қазақстанның барлық өңірлерінде ауа райының қатты суытқанымен  қатар, суық хабарлармен басталды. Астанада өрт салдарынан 5 баланың ажал құшқаны барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды. Өкініштен өзегіміз өртенді. Бірақ амал жоқ. Елдің  барлығы әлеуметтік желіге, сайттарға марқұм 5 қыздың суретін  салып, білген-білмегенін жарыса жазып жатты. Бүгінде біреудің қайғысын жаңалық етіп лайк жинайтын заман болды. Мұнан кейін артынша тағы  Павлодарда өрттен балалар  қаза тапқаны  және Түркістан облысында тұтастай бір отбасының  газдан уланып қайтыс болғаны жайлы ақпараттар да желіде тарады. Бұл жайт қоғамдағы кейбір өзекті мәселелердің кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Әлеуметтік желіде атқарушы билікке сын айтқандардың қатары өсіп, тіпті министр Мадина Әбілқасымованың орнын босатсын деп талап еткендер көп болды.Осыдан кейін жер-жерде көп балалы аналар бас көтеріп жатты. Бұдан Қызылорда да құр қалмады. Өткен сенбі күні Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыс әкімдігінің бастамасымен  билік пен халықтың арасындағы алтын көпір – “Ашық есік күні” өтетіндігі алдын-ала белгіленген еді. Бұл бір жағы ақпанның 13-не өтетін облыс әкімінің тұрғындарға есеп беруі алдындағы халықтың мұң-мұқтажын бағдарлауы, зерттеуі, зерделеуі де деседе болғандай. Алайда, ашық есік күні негізінен әйел аналар жиналып, облыстағы билік өкілдерінің әйел аналармен кездесуі сипатында өтті.  Оған 300-ге жуық тұрғын келді.  Аналар биліктегілерге жанайқайын жеткізді. Жиналған көп балалы аналар  ең алдымен баспана мен жәрдемақы мәселесін шешіп беруді сұрады. Егер мәселелері шешілмесе, бейбіт шеруге де шығуға дайын екендерін жеткізді.

Иә, бүгінде көп балалы ана болу оңай емес. Баланы дүниеге әкелу бір бөлек, оны бағып, тәрбиелеу бір басқа.  Әр баланың өз несібесі бар деп тыныш  өмір сүріп келе жатқан халықпыз ғой.  Баспана мәселесі қазіргі уақытта қоғамның ең осал тұсының бірі. Баспанасыз бап жоқ екені  айтпасақ та түсінікті.

Бала туу көрсеткіші өзге облыстардан оқ бойы озық Қызылорда облысында көп балалы аналар көп. Бүгінде Қызылорда облысында 35 мыңнан астам көп балалы аналар тұрады. Қызылорда халқы тау қозғалса да қозғалмайтын сабырлы. Бірақ осы жолы ашулары  жер қопарып, тау жылжытты.Алатын 16 мың теңгеміз қай жыртығымызды жамайды? Жәрдемақы неге өспейді?” дейді көп балалы аналар. Биліктегілердің сөзін тыңдамай, өз уәждерін айтты.

“Əкімдіктің сөзіне тойып біттік. Қазір өтініштерімізді жаздырып аласыздар. Бəрі сөз жүзінде, бір жерде  қалады», — деп ашынды олар. Аналардың кеудесін кернеген ыза толып қалғандай. Ешкім аналарды тоқтата алмады. Сол жерде ашуға беріліп  жағдайы болмаған  аналарды  жедел жәрдем алып кеткен де жағдай орын алды. Оқиғаны талдап қарасақ, халықтың билікке деген сенімнің қаншалықты екенін байқауға болады. Кейбірі “Бос уәдеден” жалықтық деп тарап жатты. Өз талабын айта бастаған 5 балалы ана сөз сөйлеп тұрғанда әлдекім микрофонды өшіріп тастады. Кейін ата-аналар шу шығарып, қайта қостырып алды. Жиналғандардың бірі  “Көшербаев қайда? Неге бізбен кездесуге келмеді” десе, енді бірі “Бұл мәселеге неге бір ғана адам жауап беруі керек? Неге кінәні әкімнен іздейміз? деп жатты. Мәселен, инстаграм желісінде Тлебалиева деген оқырман “Бұл мәселе жалғыз Көшербаевтің қолында тұрған жоқ. Ол да бағынышты адам.  Қазаққа жаны ашитын нағыз әкім” деп жазып жатты. Биліктегілер тұрғындарды  ортақ шешімге келіп, айқай-шумен мәселе шешілмейтінін айтып, сөйлесіп мән-жайды бірлесіп шешуге шақырды. Кейін тұрғындар мәдениет үйінің  дәлізіне шығып, облыс әкімінің орынбасарлары Қуанышбек Ысқақов,  Серік Сүлейменов,  Руслан Рүстемов қабылдауында болды. Сондай-ақ, билікке қарасты басқармалар басшылары тұрғындарды  қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады. Биліктегілер тұрғындардың талап-тілектері ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Қызылорда қаласының тұрғыны 6 баланың анасы Гүлбану Жолдасбаева  18 жылдан бері пәтер жалдап тұрып келеді. Жәрдемақы алмайтынын айтып, кейде балаларына жолақыға ақша табылмай, мектепке бара алмайтын да күндер болатынын жеткізді:

— Қызымның оқу ақшасын төлей алмай, оқудан шығып қалды. Өзім Қызылорда тазалығында көше сыпырушы болып қызмет етемін. Алатын айлығым 39 мың теңге. Оның 20 мың теңгесін  пәтерақыма төлеймін. Тасбөгетте тұрамын. Банкте несием бар. Пәтерақымның аз болған себебі, үйімнің үстінен су тамшылап тұрады. Терезесінде әйнек те жоқ. Сыртын қырыққабат кленкамен жамап қоямын. Әр жерде жүргеннен кейін мені емханаға да тіркемейді. №3 емханадан ауру балаларыңа жауап бере алмаймыз деп емхананың тізімінен шығарып тастады. Баламның ұстамалы ауруы бар. Мүмкіндігі шектеулі топқа баламды шығармады. Емханада ешқай жерде тіркеуде жоқпыз. Неге үкімет тарапынан көп балалы анаға көмек көрсетілмейді? Берген жәрдемақылары неге жетеді?  Маған ұлтарақтай жер болса болды. Өзім кірпіш тасып, салып аламын, -дейді. Енді бірі “Кәмелеттік жасқа толғанға дейін әрбір балаға мемлекет жәрдемақы берсін. Жәрдемақы берерде несие алатындай қылып, барлық кірісті сұрайды. Ал мектепке ақша жинаған кезде сенің жағдайыңды ешкім сұрамайды. Ел қатарлы ақша береміз” деп назын айтты.

Осылайша, бес сағатқа жуық мұңын шаққан әйелдер өздеріне көрсетілер көмектің артуы үшін талаптарын айтты. Наразы топтың талаптарын әкімдік қызметкерлері қағазға тізіп жазып алды. Көп балалы аналардың  шағымы  жіті қаралатынына сендірді.

Әр жерде көпбалалы аналар бас көтеріп жатыр. Қызылордадағы бұл жағдай сол күні  әлеуметтік желілерде жарыққа шықты. Астындағы пікір білдірушілердің жазғандарын оқысаңыз жағаңызды ұстайсыз. Көпшілігі “Қызылорданың әйелдері алға, жарайсыңдар аналар” деп қолдау білдіріп жатыр.  Өкініштісі, халықты сабырға шақырып, ақылмен шешуге болатынын айтып жатқан пенде жоқ. Тіпті whatsapp-та аналар мен балаларға арналған   12 талаптан тұратын хабарлама да тарап жатыр.  Бұл істің арты қайырлы болғаны әркімге де жақсы.

Қазір де жергілікті билік тарапынан арнайы комиссия құрылып, көп балалы аналардың  тұрмыс-жағдайы зерттеліп, оларға қолдау көрсетудің, ең бастысы баспана мәселесін шешудің жолдары қарастырылуда.

…“Сабыр түбі – сары алтын”.

А.ОМАШ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here