QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ӘМІРЕЕВТІҢ БАРШАҒА АШЫҚ ӘЛЕМІ

Автор:QAA.kz

Фев 4, 2019

Жаңақорғанда күн ерте көктемдей елжіреп, шуақтанып тұр екен. Ауданның әкімшілік орталығы, Мәдениет үйі, сауда-саттық, қызмет көрсету орындары тұтасқан кент орталығында ұшырасқан жұртшылық та шуақты күндей жайдары көрінді.

Көпшілігі қысқы киімдерінің өңірлерін ашып тастап, серуенге шыққандай сергек те көңілді сияқтанды. «Аудан әкімінің есебі» деген хабармен оңтүстік ауданға сапарлатқан біз де Қызылордадағы қара суықтан «көктем шуағына кез болып» жылы әсерге бөленгендей едік. Бұл әсер бізді әкім есебі барысында да «тастай қашпады». Жаңақорғандағы жиыннан көңіл тоғайтып қайттық.

2016 жылдың 18 тамызынан Жаңақорған ауданына әкім болып барған Ғалым Әміреевтің бастамалары — агроаймақтар, оқыту семинарлары сынды оң бастамалары жөнінде  кәсіпкерлердің Ү съезінде бөліскені, «ең бастысы ашықтық, жариялылықты қағидат тұтамын» дейтұғын басшы ретіндегі бет-бейнесі, жалпы ауданның тыныс-тірлігі, жетістіктері біздің басылымда да жарияланып жүргені қалың көпшілік оқырмандарымызға мәлім.

Сонымен, Жаңақорған ауданы әкімі Ғ.Әміреевтің халық алдындағы есепті кездесуі өтетін орын — аудандық Мәдениет үйіне ат басын тіредік. Мәдениет үйінің кең залы лық толы. Ең алдымен кейбір есеп берулердегідей халық өкілдерінен гөрі галстуктілер басым көрінбегеніне көз қуанды. Кең залды толтырған жұртшылықтың басым қатары үлкенді-кішілі халықтың нақ өзі екен. Шындығында кейінгі кездері сирексіген бұл құбылыс бізді сонау 2000-жылдардың бас жағындағы жиындардың біріне «апарып тастағандай болды». Жиын басталғаннан тарс жабылмай жиын бойына залдың екі жағындағы есіктер айқара ашық тұрды. Кіреберістегі жігіттер де «құрметті қарауылда» тұрғандай міз бақпай, айналасына «түксие қарап» тұрған жоқ. Кейде телефондарына да көз жүгіртіп қойып еркін тұр. Жиынға қатысуға жоғарғы басшылықтан облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов келіпті.

Үрдісті ізбен аудан әкімінің жыл бойына атқарылған істер жайындағы баяндамасы тыңдалды. Бұл орайда да Әміреев баяндаманы судыратып оқып шықпай, кей тұста істің мән-жайына тоқталып, түсініктеме беріп, сөзін тұщымды етті. Баяндамаға арқау болған ауданның бір жылдық тыныс-тірлігінде жаңалық жетерлік. Ең айтулы жаңалық ауданның өткен жыл қорытындысында кәсіпкерліктің даму көрсеткіші бойынша республикада екінші орынға шығуы.

Ауданда 2019 жылдың 1 қаңтарына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 3952 болған. Жылдық айналымы 2 млн. теңгені құрайтын кәсіпкерлер саны 442 болған, бұл жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 12%-ы екен.

— 2018 жылдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері оң қалыпқа ие болды, — дейді әкім. Жергілікті бюджет 103,9%; салықтық түсімдер 101,3%; негізгі капиталды сатудан түсетін түсім 258%.

Өткен жылы ауданда 37065 гектар егін егіліп, меже 102% орындалған. «5 ауылдық округте агроиндустриалды аймақтар ашылып жақсы өнім алуға қол жеткізілді» — дейді әкім. Төрт түліктің барлығы бойынша өсім бар екен. Мал басын асылдандыру, мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін көтеру бағытындағы шаралар жасалуда. Ақүйік ауылы құс шаруашылығына мамандануда.

Бұқаралық спортпен айналысушы халық көрсеткіші 28,1 құрап тұр екен. Өткен жылы ауданда 3 мектеп, 2 балабақша жаңадан пайдалануға берілген. Өткен жылы 850 жұмыс орнын құру жоспарланып 1147 жұмыс орны құрылған, оның 1053-і тұрақты жұмыс орны екен. «Zhas Project» жобасы аясында 69 жоба қаржыландырылып, аудан жастары 145 млн. инвестицияға ие болыпты.

Аудан әкімі баяндамасында ағымдағы жыл ауқымында атқарылар жұмыстар жайы да аталды. Бұлар Келінтөбе — Қандөз — Көктөбе автожолының 47 шақырымын күрделі жөндеу; Ауданда жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесін жаңғырту жұмыстарын толық аяқтау; 3 мектеп құрылысын жүргізу, спорт алаңдарын қайта жөндеуден өткізу. Баяндамасын «Ең қымбат қасиет — ел сенімін ақтайық» деп қорытқан Ғ.Әміреев одан әрі елдің ұсыныс пікіріне ден қойды. Сөз сұрағандар қатары да баршылық көрінді. Жаңақорғандықтар әкім атына көл-көсір алғыс айтып уақыт алмады. Мақтау айтушылар да болмай қалған жоқ. Дегенмен, ода айтқан жоқ, орнымен атап өтіп жатты.

       Жаңақорған тұрғыны:

— Айтайын дегенім халықтың көкейіндегі мәселе 2007 жылы ауданда күкірт қышқылы зауыты салынды. Сол кезде аудан тұрғындарына электр энергиясын арзандатылған бағамен береміз деген. Бірақ ол уәде орындалмады. Қазіргі таңда зауыттан шығатын электр энергиясының көлемі шамамен 15 мгВТ. сағ. Зауыт 9 мгВТ.-ты 7,50 теңгеден КРЭК-ке сатып отыр. Ал халыққа КРЭК электр энергиясын 18,55 теңгеден сатуда. Сонда бұл халықты алдау ма?

       Аудан әкімі: — Бұл бірінші рет көтеріліп отырған мәселе емес. Электр тарататын мекеме болмағандықтан тұтынушы зауыттан тікелей ала алмайды. Зауыт электр энергиясын тарататын жүйеге сатады. Жүйе құраушы KEGOC пен КРЭК-ке сатады. Олар да өзі тұтынушыға тікелей сатпайды. Жергілікті компанияға сатады. Заңда солай реттелген. Зауыт басшылығымен сөйлескенмін, зауыттан тікелей сатып алу үшін тұтынушы зауытпен іргелес орналасқан болуы керек.

      Зауыт өкілі: — Сұрақтарыңыз орынды. Сағатына 15 мгВТ электр энергиясын өндіріп отырмыз. Оның 10-11 мгВТ-ы желіге сатылады. Бағасы 7,50 тг. Зауытпен іргелес бірнешелеген мекемелер жер алып жатыр. Оларға арзан бағада беруге болады.

      Аудан әкімі: — Бір сөзбен айтқанда, тұтынушыны өндірушіге жақындату керек.

      Байкенже ауылының тұрғыны:

— Өткен жылы арғы бетке ауыз су құбыры тартылды. Облыс әкімі ауыз су 2019 жылы беріледі деген. Ең шеткі біздің ауылға да биыл су беріледі ме?

Су құбырлары 17 көшеге тартылды. Үйді-үйге барып тұр. Бірақ бұрын да оңып тұрмаған көшелерімізде жол болмай қалды. Соған назар салсаңыздар.

Байкенже халқы «біздің ауыл уранның пайдасын қашан көреді екенбіз?!» деп сәлем айтып жатыр. Ауылдың әлеуметтік мәселелері жөнінде компанияға ұсыныстарымызды бергенбіз. Бірақ ешқандай қаржы бөлінген жоқ.

      Аудан әкімі: — Сұрақ өте орынды. Өздеріңіз білесіздер, мен мекеме басшыларымен кемінде 2 айда бір кездесіп тұрамын. Өткен жылы олар қиындықтарға байланысты қаржы бөле алмады. Биыл ауылдың ішіндегі мәселелерді шешуге атсалысады. Суға байланысты жұмыстар жоспар бойынша сәуір айында аяқталады. Жұмыстарды қабылдап алуға комиссиямен бірге барамыз.

     Шалқия кентінің тұрғыны:

— Шалқиядағы кен байыту фабрикасы 2018 жылы салынады деген. Неге екені белгісіз бұл жоспар 2019 жылға шегерілді. Кен байыту фабрикасы қашан салынады, қашан іске қосылады? Кәсіпорынға қанша адам жұмысқа тартылады? Шалқия кеніші тұрғындарына басымдылық беріледі ме?

     Аудан әкімі: — Өткен жылы жаңа кен байыту фабрикасының капсуласы салынды. Биылғы жылы 2-3 тоқсандарда жұмыс басталады деп отыр. Біз өз тарапымыздан, облыс әкімі, өзіміз де тезірек басталуына жұмыс жасаудамыз. Ең бастысы қаржы мәселесі шешілген. Бас мердігер белгіленген. Қаржыландырушы Еуропалық даму және қайта құру банкімен арада гарантия мәселесі бар.

     Компания өкілі Н.Мұсабаев — «Шалқия» кентінде болған кездесулерде бұл мәселе айтылды. Шынында бұл жұмыс жылма-жыл шешілмей келеді. Өйткені Еуропалық даму және қайта құру банкінен алынатын несиенің шарты жыл сайын өзгеріп, соған байланысты жұмыс кешігіп жатыр. Несиені аудару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс бірінші жарты жылдықта басталады. Сол кезде кен байыту фабрикасының құрылысына 1500 адам  жұмылдырылады. Бірінші кезеңі 2020 жылы пайдалануға беріледі деп отырмыз. Ең бірінші кезекте құрылыс жұмысына Шалқия кенті мен Құттықожа елді мекенінің, екінші кезекте Жаңақорған кентінің, одан кейін Қызылорда облысының тұрғындары тартылатын болады.

     Аудан әкімі: — Біз де бірінші кезекте Шалқия кенті мен Құттықожа елді мекенінің тұрғындары жұмысқа тартылуы керек деп отырмыз. Жаңа басшы Асқар Аманкелдіұлының өзі тізіммен танысып отыр.

    Жаңақорған тұрғыны:

— Ғалым аға, сіздің халықпен жұмыс істеу, тұрғындармен ресми тұрғыда емес еркін тілдесетініңізге ризамын. Жаңақорған тұрғыны ретінде алғыс білдіремін. Сіз шынында жақсы әкімсіз.

Мазалап жүрген 2 ұсыныс, 3 сұрағым бар. Түркістан қаласында тойханалар түнгі 12-ден кейін жұмыс істемейді. Осыны ауданда енгізсек. Аудандағы кәсіпкерлерге ұсыныс білдірсеңіз. Базар алдындағы жолға жасанды жол кедергілері қойылса. Өйткені  Жаңақорғанның шумахерлері сол жерде жарыс ұйымдастырады.

Қазір жаңақорғандықтардың ең көп талқылайтын тақырыбы Жаңақорғанның аудандық ауруханасының жаңа басшысы. Сол ағамыздың жұмысына рахмет айтқымыз келеді. Күнде таңертең әкем «балам тұрсай, жұмысқа барсай» деп оятады. Сол сияқты кейбір мекеме басшыларын оятатын кез келмеді ме? 5 жылдан 10 жылға дейін мемлекеттік мекеме басшылары болып отырған ағалар бар екен. Өздері де біліп отырған шығар, кім екенін айтпай-ақ қояйын.

Аудандағы кейбір ауыл әкімдері жұмыстарын дұрыс атқармайды. Қарапайым ғана мысал, түнгі мезгілде қызметтік автокөліктерін емін-еркін пайдаланады. Бұл мемлекеттік мекемелер басшыларына да қатысты. Сондай-ақ, Жаңақор­ған аудандық мәслихатын таратуды сұраймын. Біреулер күліп те жатыр, бірақ бұл менің жеке ұсынысым. Себебін мен айтпаймын, халық біледі. Депутаттардың барлығын жаман дей алмаймын, бірақ кейбірін ауыстыру керек.

      Аудан әкімі: — Біздің ерекшелігіміз, мұны негізі жақсы нәрсе деп айту керек, біздің аудан ашық. Қазір облыс мойын­дап отыр. Жаңақорған ауданында қандай әңгіме айтылса да ашықтық бар. Біз жұмысымыздың барлығын, кемшілік те болса ашық көрсетеміз. Кейде маған «әлеуметтік желіге анандай мәселе шығып жатыр, мынандай мәселе шығып жатыр» дейді. Мен «несі бар, тиісті басқармалар бар, жауапты адамдар бар, өзімізге тиісті болса біз жауап берейік» деймін. «Жабу керек» деген болмайды. Қайта мәселе көтерілсін. Ол мәселелерді өзіміз көтеруіміз керек. Өзіміз де қанша мәселелерді көтердік. Соның арқасында ашықтық бар. Ашықтықтың арқасында көп мәселелер шешілді де, мәселелерді есеп беру барысында ғана көтеру керек емес, жыл бойына жұмыс барысында-ақ неге көтермейміз?!

Қызметтік көлікке байланысты айтарым, өзім қызметтік көлікті демалыс күндері мінбеймін. Тойға да бармаймын. Менің бір тойға барғанымды естідіңіздер ме? Егер облыстан, республикадан белгілі адамдар келген жағдайда барып қатысамын. Осы талапты басқа мемлекеттік қызметкерлерге де қою керек. Мемлекеттің қаражаты үнемделуі керек. Қазір ауыл әкіміне машина алып беру проблема. «Ана машинаны алуға болмайды, мына машинаны алуға болмайды, крутой машинаны алуға болмайды, дандайсып кетеді» дегендей пікірлер айтылады. Сонда мемлекеттік қызметшілер, басшылар машинасыз жүру керек пе?! Тойханаларға байланысты ұсынысқа келісемін, бірақ оны халықпен әлеуметтік желіде ақылдаса отырып, бірге жұмыс жасап шешу керек. Ең бастысы халық келісуі керек, бір адам ғана шешім қабылдап халыққа талап қоймау керек. Бірге келісіп жасау керек. Келісілгеннен кейін қарсылық болмайды.

      Жаңақорған кентінің тұрғыны:

— Ордакент аймағындағы 4-5 көше бір трансформаторға қарап отырмыз. Кешкісін сағат 10-12 дейін телефонды қуаттай алмаймыз. Жаздың күні мотор, кондиционер қоса алмаймыз. Үйдегі тұрмыстық техникалар күйіп жатыр. Бұған дейін де жазбаша түрде өтініш бергенбіз.

      Аудан әкімі: — Кенттің қоғамдық кеңесінде келісілуі керек. Ашығын айту керек, кенттегі барлық жұмыстарға 300 млн. теңге ғана бар. Оның көбісі жол жөндеуге, абаттандыру, тазалыққа бағытталады. Сіздер қоғамдық кеңеске қатысып, мәселе көтеріңіздер. Қоғамдық кеңестің әжептәуір күші бар. Соған орай шешім қабылдаймыз. Бұл мен тікелей шешетін мәселе емес.

      Кейден ауылының тұрғыны:

— 2017 жылы Ғалым Махмұдбайұлы ауданға әкім болып келген  кезде біздің ауылға да келіп «қазір кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары, қаржылай қолдау қорлары бар. Кәсіпкерлікке қорықпай қадам жасайық» деген болатын. Сол сөз бізге дем болып, «жүгеріден сусын өңдеп нарыққа шығару» жобасын бастадық. Инновациялық бастама ретінде 3 млн. теңге қаржылай грант ұтып алдық. Одан кейін өңірлік инвестициялық қордан 3 млн. теңге қаржы алдық. 3 ай болды өнім шығара бастадық. Сұраныс күннен күнге артып келеді. Бұған дейінгі әкімдердің де жұмысын жоққа шығармаймыз, бірақ Ғ.Махмұдбайұлы ауданға келгелі кәсіпкерлік салаға қан жүгірді. Күні кеше облыс әкімінің қабылдауында болғанымда ол кісі де «кәсіпкерлер менің назарымда боласыздар» деген болатын. Жаңа айтқанымдай өнімімізге сұраныстың артуына байланысты шикізат қоры тапшылық етеді. Біздің қорымыз мамыр, маусым айларына ғана жетеді. Шикізатты өзіміздің Кейден ауылында өндіреміз. Егіс көлемін ұлғайтуға қосымша жер керек. Кейденде бос жатқан жер көп болғанмен, қожалықтар иелігінде. Жер мәселесі шешілмей тұр. Жаңа айтылғандай күкірт қышқылы зауытымен іргелес аумақтан жер алғалы отырмыз. Жарық мәселесін де шешіп берсеңіз.

       Аудан әкімі: — Өте жақсы сұрақ бердіңіз. Ауданда жер мәселесі бар. Біз қазір мәдениеттілікті сақтап айтпай жүрміз. Дегенмен, бұл түбі үлкен мәселе болады. Кеше Жаңаарықта, Қожакентте мәселе болды. Ауданда дамуға ең мүмкіндік бар сала — ауылшаруашылығы. Осындай кәсіпкерлерді қолдау керек. Біз кәсіпкерлермен, жаңадан кәсібін ашқан азаматтармен кездесуге уақытты аямай арнайы күн белгіледік. Қазір кәсіпкерлікті қолдау бойынша республикада алдыңғы орынға шығып кеттік. Республика бойынша біздің алдымызда тұрған Теректі ауданымен айырмашылығымыз талдап қарағанымызда 0,01 балл екен. Бұл 2 жылда атқарылған жұмыстың нәтижесі. Агроаймақ, оқыту бағдарламасы, аудандық бюджеттен қаржы бөлумен жеткен нәтиже. Әрине, ауданда басқа да мәселелер бар.

Халықтың әл-ауқаты дегенде ел ең алдымен өздігінен күнкөріс мәселесін шешу керек. Бұл деген кәсіпкерлікті көбейту. Кәсіпкерлікке бара алмай жүргендерді сол қатарға кіргізу керек. Жер мәселесі түбі шешілу керек. Бұл жерде қалай шешетінімізді айтпай-ақ қоялық, дегенмен, біз бұл мәселені шешуіміз керек.

      Тұрғын:

— Ғалым Әміреев, бір-екі сұрақ бар?..

     Аудан әкімі: — Ендеше ол сұрақтарды жазбаша беріңіздер.

— Жазбаша дегенде қалып кетеді, айтайын. Істеп жатқан жұмыстарыңызға рахмет. Бір сөзіңізде, «ауданға әкім келеді кетеді, әкімнен бір із қалуы керек» деген едіңіз. Сол сөзіңізді қолдаймын. Сіздің бастамаңызбен Шопан атаның жанында 25 орындық қонақүй салынып жатыр. Рахмет. Әрмен қарай ауданды басқара беріңіз. Алла қуат берсін.

Облыс әкімі ауданға келгенде 2 сұрақ қойған едім. Қазір ауданның орталығында 35 мың халық бар. Аудан өсті, жағдай жақсы.

Жаңақорған ауданына 1000 адамдық үлкен мешіт керек. Мешіттің жерін шешіп беруге көмектессеңіз. Жер болса, демеушілер бар. Қазір 3 мешіт бар. Үшеуіне 1000 адам ғана сыйады. Жұма күні халық бірінің үстіне бірі отырады. Жастарды имандылыққа тәрбиелейтін Алланың үйі.

     Аудан әкімі: — Бұл мәселе бақылауда. Жауабы да дайын. Кездесіп сөйлесеміз.

     Тұрғын: — Екінші мәселе, Ақтас деген үлкен мешіт бар. Тарихи орын. Осы мешіт киелі мекендер кітабына енбей қалған. Сан ғасырдан бері тұрған мешіт, экскурсия жасаса да керемет жер. Одан кейінгі мәселе, кенттегі №63 мектептің жанында емхана салынған. Ол жерде не тротуар жоқ. Қазіргі кезде көліктер жай жүрмейтіні белгілі. 900 орындық мектепте 2 мың бала оқып жатыр.

    Аудан әкімі: — Жол қауіпсіздігі үшін жол бойындағы жасанды кедергілер қою мәселелерін қадағалап, түгелдейміз. Сіз айтқан мәселелердің бәрінің шешімі болады. Оңай болса тез шешілер еді.

Біз болатын нәрсені болады деп, болмайтын нәрсені қиындық бар, болмайды деп ашығын айтып жүрміз.

    Аудан тұрғыны облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязовқа қарата:

— Облыс әкіміне айта барсаңыз. Ғ.Махмұдбайұлы ауданға әкім болып келгелі ауыл шаруашылығында бірінші орынға шықты. Жастар мәселесінде көптеген тұстарда үздік шығып жатыр. Осының бәрін ескере келе, егер де «Үздік әкім» номинациясы болатын болса, оны біздің әкім жеңіп алатынына біз толық сенімдіміз. Бұл мақтау емес, себебі бар.

Ізгі лебізге «рахмет» деген аудан әкімі бастырмалатып:

— Биыл біздің ауданда «Үздік әкім» болады. 1 млн. теңге қаржысы күтіп тұр. Шешімі бар, бұл бастамасы, — деді көл-көсір мадаққа жол бермей.

Ашықтықты қағидат тұтатын әкім Ғ.Әміреевпен  халықпен сұхбатының нақты дерегі осындай болды.

Жиынды қорытқан облыс әкімінің орынбасары тұрғындар тарапынан айтылған мәселелердің барлығын түртіп алғанын айтып, облыстың ауылшаруашылығы саласында елеулі үлесі бар ауданда су тапшылығы мәселесі өзектілігіне байланысты бірқатар шаралар жасалатынын жеткізді. Бұл ретте жер ылғалын пайдаланып мал азықтық дақылдар егісін өсіру, үлкен жолдың бойындағы су бармайтын алқаптарға дариядан канал тарту арқылы, тамшылатып суару технологиясын пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда екен. Сонымен қабат күріш егісі көлемін де қысқарту межеленген. Сөз қорытындысында «Ең бастысы елдің ауызбірлігі. Билік елмен ақылдасып жұмыс жасаса, бұл ең тиімді жол мәселенің тез шешімін табатын жол — деді С.Қожаниязов. Әміреевтің осы деңгейдегі әкім екенін есеп беру барысындағы елмен еркін әңгіме барысы айқындай түсті.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *