Қара бастың емес, қара халықтың қамы

0
415

Ел алдындағы есепті кездесу кезегі қойнауы құт Қазалы ауданына да жетті. Аудан басшысы М.Ергешбаев 2018 жылы атқарған жұмысын ел назарына ұсынып, көптің мұң-мұқтажына көңіл қойды. Р.Бағланова атындағы мәдениет орталы­ғында өткен жиынға аудан әкімінен өзге, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов және аудандық мәс­лихат депутаттары, ардагерлер мен тұр­ғындар қатысты.

Баяндама тізгінін алған Мұрат Ергешбаев өңір тіршілігінде маңызды рөл атқаратын кәсіпкерлік пен инфрақұрылым жайына кеңінен тоқталды. Кәсіпкерлік нысандардың көптеп бой көтеріп келе жатқанын айта келе:

–  Бүгінде ауданда 4325 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Оларда 8958 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы жаңадан 820 кәсіпкер тіркелді, нәтижесінде 847 адам жаңа жұмыс орнын тапты.Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша жыл ішінде «Бастау-бизнес» жобасы аясында жоспарланған 220 адам оқу курстарын сәтті аяқтады. Ал, «Бизнес –  кеңесші» жобасымен 274 талапкер оқу курсынан өткен. Жыл ішінде кәсіпорындарда 12,7 млрд. тең­генің өнімі өндіріліп, өнеркәсіптік бағытқа 2,9 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған. Сондай-ақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халық­аралық автокөлік жолы бойынан аудан кәсіпкерлерінің 3 сервистік қызмет көрсету нысандары пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 2 жобаның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр,- деді.

Расымен де, соңғы жылдары қазалылық тұрғындар тарапынан бизнес бастауға ниетті жандардың қатары артқан. Осыны ескерген билік те мемлекеттік бағдарламалар арқылы талапты азаматтарға барынша қолдау көрсетуде. Өткен жылдың өзінде аудан кәсіпкерлеріне 1 млрд. 664 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Нәтижесінде, 40 кәсіпкер екінші деңгейлі банктер арқылы несие алуға қол жеткізген. Оның ішінде, 12 жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен «Даму» қоры арқылы жеңілдік алған. Аудан басшысы әлі де кәсіпкерлерді қолдауға дайын екенін жеткізді.

Қазалы халқының негізгі тіршілігі егін және мал шаруашылығы екені белгілі. Аудан әкімінің баяндамасынан осы саланың тыныс-тіршілігі де қалыс қалмады.

– Былтыр 17790 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Сырдария өзеніндегі су тапшылығы жағдайына қарамастан, аудан диқандары егілген 6480 гектар күріштің әр гектарынан 44,3 центнерден өнім жинады. Ел қамбасына 28 мың тоннадан астам астық құйылды.Сондай-ақ, өткен жылы 1050 гектар жерге бақша дақылы егіліп, 14428 тонна өнім алынды. Жиналған өнім көршілес Арал, Қармақшы аудандары мен Ақтөбе, Астана, Байқоңыр қалаларына сатылып, Ресей еліне 500  тонна қауын-қарбыз экспортқа шығарылды. Сондай-ақ, 2018 жылы 4720 гектар суармалы жер бойындағы су шаруашылығы нысандарына 119 дана құжат әзірленіп, барлығы респуб­ликалық меншікке тапсырылды. Енді 15821 гектар суармалы жерді қайта жаңғырту үшін оның бойындағы канал құжаты әзірленіп жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жасалып, жер учаскесін пайдаланбаған 18 жеке және заңды тұлғадан 4364 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

М.Нәлқожаұлының баяндамасынадағы сандық көрсеткіштер арасында көңілге жаққаны 2000-нан астам төрт түлік малы импортталғаны болса, ұнаған бастама ауданның «Агрокартасы» әзірленгені еді. Сондай-ақ, әкімнің бұл саладағы өзге де жоспарлары көптің көңілінен шықты деуге негіз бар.

«Жол шаршатты»…

Қазалы тұрғындарының атқарылған жұмыстарға көңіл толмайтын тұстары да бар. Соның бірі –  жол мәселесі. Қай жиында болмасын, халықтың алғаш тілге тиек етер базынасы, айтар мұңы –  жол азабы. М.Ергешбаев та тұрғындар көкейіндегі сұрақты ұққандай,ау­дан­­ның жолдарды да­мы­­ту мәселесі туралы ашыла сөйледі.

–  Өткен жылы тиісті облыстық басқармамен, министр­лікпен жұмыс жасау нәтижесінде, республикалық, облыстық бюджеттен 1 млрд. 566 млн. теңге бөлінді. Оған аудандағы жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтті. Мәселен, аудан орталығы мен шалғайдағы Кәукей аралығындағы жолды күрделі жөндеуден өткізуге 576 млн. теңге қаржы бөлінсе, биыл жұмысты жалғастыруға 625 млн теңге қаражат берілді. Сондай-ақ, Қазалы қаласы мен Қожабақы елді мекені аралығы, Қожабақы мен Бекарыстан би ауылы аралығынындағы жол орташа жөндеуден және Жанкент ауылының кіре беріс жол жөндеу өтті.

Биыл да атқарылар істер қомақты. Республикалық бюджеттен бөлінген алдын-ала бөлінген 796 млн. теңгеге аудандағы біраз көшенің өңі кірмек. Атап айтсақ, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпірі аралығы, Әйтеке би кенті мен Водокачка аралығы, Қазалы қаласы мен «Шағала» лагері аралығы және Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекенінің кіре беріс жолы, Қазалы қаласының айналма жолы жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ, 8 елді мекеннің 21 көшесін орташа жөндеу жұмыстарына, Әйтеке би кентінің кіре беріс Р.Бағланова көшесін кеңейту бойынша тиісті құжат­тар дайындалған. Әкім өз сөзінде, аудандағы жол мәселесі өзекті екені жасырын емес дей келе, уақыт өте барлық жолдарды жөндеуден өткізуге күш салатынын жеткізді.

Сонымен қатар, басқосуда инфрақұрылым жайы да сөз болды. Бұл бағытта да толымды істер атқарылған. Өткен жылы инфрақұрылыммен қам­та­масыз етілген Әйтеке би кенті мен Басы­қа­ра автожолы бағытындағы 56 гектар жер учаскесінен 180 адамға, 5 квартал айма­­ғындағы 210 гектар жер учаскесінен 622 тұрғынға кезегімен жер учаскесі табыс­талған. Нәтижесінде, кезекте тұрған 800 адамның жер алуға берген өтініші қана­ғаттандырылған.

– 2019 жылға осы тұрғын үйлердің құрылысын жалғастыруға республикалық бюджеттен 457 млн теңге берілді. Сонымен қатар, кент пен қала аралығынан 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын салу үшін құжаттарын әзірлеп, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсындық. Осы жұмыстар толық аяқталғанда кезекте тұрған 252 адамды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар,- деді М.Ергешбаев.

Аудан әкімі көгілдір отынның жайынан да хабардар етті.

– Бүгіндері Қазалы қаласына газ апаруға тиісті қаржы бөлініп, /«ЮгГазПроект» ЖШС/ жоба-сметалық құжаты әзірленуде. Сонымен қатар, демеушілік есебінен Ғ.Мұратбаев ауылына көгілдір отын жеткізу жұмысының жоба-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Бұны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асыру үшін келісім жүргізіліп жатыр, –  деген аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі қалып қойған тұрғын үйлерді толықтай газ желісімен қамту үшін аудандық бюджеттен 12,0 млн теңге бөлініп, жоба әзірленіп жатқанын айтты

М.Нәлқожаұлы сөз соңында аудандағы білім мен денсаулық ақуалы турасында тарқата айтып:

–  Қазір аудан бюджетінің қомақты бөлігі білім беру саласына бағытталуда. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2013 жылы білім саласына 4,9 млрд. теңге бөлінсе, биыл 9,2 млрд. теңгеден астам қаражат қаралды. Бұл аудан бюджетінің 48,5 пайызын құрайды. Білім саласына аса мән берудің нәтижесінде аудан апатты жағдайдағы мектебі жоқ өңірге айналды. Бүгінде 11 мектепте сабақтар бір ауысымда жүргізілуде.Ал, оқушылардың білім сапасын көтеру үшін қосымша сабақтар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылған,- деді.

Ал, өңірде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Осы бағытта әлі де болса жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл Ақсуат ауылынан 90 орындық балабақша құрылысын бастауға бюджеттен 147 млн теңге бөлінген болса, Бекарыстан би ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 75 орындық бөбекжай салу үшін кәсіпкермен келісім жасалуда екен.

Қазалылық тұрғындардың денсаулық жағдайы да басты назарда дейді, аудан әкімі. Бұған дейін жаңа ауруханаға құны 400 млн теңге тұратын «Ангиограф» медициналық аппараты әкелінетіні туралы аудан халқы қуана айтушы еді. М.Нәлқожаұлы аталған заманауи қондырғы наурыз айында нақты іске қосылатынын айтып, көпшілікке сүйіншіледі. Қазіргі таңда тиісті мамандар оқытылып облыстық медицина орталығында тәжірибеден өткен.

–  Медицина саласын дамытуға әрқашан назар аударатын боламыз. Бүгінге дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Жанкент ауылында амбулатория пайдалануға берілген болса, алдағы уақытта Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында 250 орындық емхана құрылысы жүргізілетін болады. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті министрлікке ұсыным берілді,- аудан басшысы.

Айтарым бар…

Басқосу соңы тұрғындар мен аудан әкімінің ашық диалог жүргізуімен қорытындыланды. Халықтың мұң-мұқтажы мен жоқ-жітігін түгендеген азаматтардың назын шашау шығармай жеткізу үшін, сұрақ-жауапты қаз қалпында ұсынамыз:

 Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін қосу жоспары сәтті жүзеге асуда. Осы орайда, қаланың мәдени деңгейінен хабар беретін кәріз су жүйесін орнату жоспарда бар ма?

 Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Жобалау құжаттарын Алматы қаласында осы саладағы білікті компания жасауда. Бірлесіп тиісті жұмыстарды атқарудамыз. Бүгінгі күнге дейін кентте су, газ тарту жұмыстары жүргендіктен, кенттің топографиясы өзгерді. Сондықтан барлығын қайтадан бастауға тура келеді, әрі шешілуі тиіс тұстары да бар. Мәселен, қазіргі жоспар бойынша қалаға 16 КНС салынады деп күтілуде. Алайда, 50 мыңнан астам халқы бар қалаға ол қаржылай қиындық тудырады. Бұл бұрыннан қолға алынған жұмыс. Бұйырса, барлығы сәтімен орындалады. Себебі, XXІ ғасырда канализациясыз қалада өмір сүру –(ыңғайсыз). Жанымызда, Байқоңыр қаласында ғарышқа зымыран ұшырып жатыр, ал біз канализацияның пайдасын көре алмай отырмыз. Сондықтан, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табуға тиіс.

 Бүгінде қала мен кенттегі тұрғындардың ең өзекті мәселесінің бірі  аяқ су. Бұл мәселе қашан шешім табады?

–  Қазіргі уақытта аяқ су жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Уақыт өте орындалады. Себебі, аяқ су мәселесін шешуге көп қаржы қажет талап етіледі. Жылма-жыл бөліп, жоспармен жүзеге асыруымыз қажет. Алайда бұл бұрынғы жасалған істерді жоққа шығармайды. Мәселен, өткен жылы 5 квартал аймағында 6 көшеге құбырмен су жіберу жобасын іске қостық. Егер де, аталған жоба өз жемісін берсе, болашақта кент, қалада жалғасатын болады. Сондай-ақ, биыл көктемнен бастап кент ішіндегі арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Сол науқанға барлық кент тұрғындарын атсалысуға шақырамын. Себебі, кентішілік арықтар жылдан-жылға қоқысқа толып, көлемі азаюда. Бұл –  жұмыла атқарылатын іс.

Кенттегі жолдардың сапасы сын көтермейді. Шет аймақтағы жолдар қашан жөндеуден өтеді?

– Бүгінде жол сапасы халықтың алаңдаушылығын тудырған мәселе екені анық. Осы бағытта, биыл Әйтеке би кентінің 10, Қазалы қаласының 10 көшесіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге жобалық-сметалық құжатын әзірледік. Арнайы министрлікке тапсырылды. Алайда, «Өңірлік даму» бағдарламасының талабына сәйкес, тек Қазалы қаласының 10 көшесіне күрделі жөндеу жүргізу жобасы мақұлданды. Ал, Әйтек би кентінің көшелерін жөндеу жобасы қабылданбай қалды. Себебі, аталған бағдарлама тек шағын қалаларға арналған. Сондықтан, алдағы уақытта әлі де талпынып көреміз.

Темір жолдан өтетін көпір ескірді. Жаңа аспалы көпір орнатылса екен…

– Біздің тараптан тек ғана ұсыныс беріледі. Себебі, темір жол –  стратегиялық маңызды жол. Бұл мәселе тек кентте ғана емес, Байқожа ауылында да кездеседі. Сондықтан, алдағы уақытта халықтың қажеттілігіне қарай арнайы мамандар сараптама жасаса, біз ұсыныс беруге дайынбыз.

Кентті көгалдандыру кезек күттірмейтін іс екені мәлім. Экологиялық ақуалды жақсарту үшін де, тал отырғызу шаралары жиі ұйымдастырылса екен. Бүгінгі жастарға ғана емес, келешек ұрпаққа да пайдалы болар еді.

– Әрине, орынды көтерілген мәселе. Жыл сайын кент пен қалада тал егу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алайда, оған жасалатын күтімді де естен шығармаған дұрыс. Жаз айларында судың тапшылығы салдарынан күтім жасалмай қалады. Әтпесе, бүгінгі күнге дейін бұл бағытта көптеген шаралар жасалды. Мәселен, Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының бойында 3 шақырым аумаққа тал егілді. Сондай-ақ, кенттің шет аймағын сексеуіл егу жұмыстарын жасауда жоспарлануда. Бір ескеретін жайт, өңірде қандай талдың түрі егуге қолайлы болса, соны еккен жөн. Себебі, біздің жер құнарлы, өзіндік ерекшелігі бар. Кезінде, Қазалы ауданы әлемге «Ояз бағы»арқылы танылуы да бекер емес деп ойлаймын. Соны қайта жандандыруымыз керек. Ол үшін әр азамат абаттандыруды өзінің ауласынан бастаса екен.

 Өткен жылы «Бизнес бастау» арқылы попкорн өндіру цехын ашқан болатынмын. Табиғи, таза өнім. Алдағы уақытта кәсібімді республика көлемінде дамыту ойда бар. Ауданның жас кәсіпкері ретінде өз ойымда жүрген сауалды қойғым келеді. Жастар жылы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жеке грант, несие ұсынылады ма?

– Бүгінде кәсіп бастауға ниетті жандарға барынша қолдау жасалған. Сондықтан, сізге де талаптануға кеңес беремін. Қажетті құжаттарды жинап, аудандық кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе жобаларға қатысуға мүмкіндігіңіз бар. Сол арқылы мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алуға болады. Барлық ақпаратты кәсіпкерлік бөлімінен ала аласыз. Біз әрқашан ауданның жас кәсіпкерлеріне қолдау білдіруге қуаныштымыз.

 Қазақ: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Қазіргі уақытта кент, қала аумағындағы бірнеше зираттар қоршауды қажет етеді. Сол жағына көңіл бөлсеңіз…

–  Дұрыс айтасыз. Міндетті түрде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылатын болады. Осы ретте айта кетейін, әрбір азамат ата-бабасының қорымының айналасына тазалық жұмыстарын жасауды дәстүрге айналдыру қажет. Тал егіп, тазалық жұмыстарын жасау арқылы бұл мәселені шешуге болады.

–  №170 мектеп жанынан жаңа оқу ғимараты салынса екен. Көп тілегі еді…

– Біз бұл мәселені жан-жақты зерттедік, зерделедік. Мысалы, 300 орындық мектеп салу үшін, 2 гектарға жуық жер қажет. Ал, 600 орындық мектеп салу үшін, 4 гектардан асып жығылады. Ал, аталған мектеп аумағы – 1,2 гектар. Тұрғындар «қажетті жерді алу үшін мектеп жанындағы үй иелері жерін сатуға келісім береді» дейді. Алайда,уақыт таяғанда аталған үйлердің бағасы асқақтап кетеді де, мәселе ушығатыны мәлім. Осы орайда, біздің тараптан басқаша ұсыныс бар. Мамандармен ақылдаса келе, №170 мектеп ауласынан бастауыш сыныпқа арналған мектеп ғимаратын салуды жоспарлаудамыз. 1-4 сынып оқушылары оқитын ғимаратты салу – ең тиімді шешім болмақ.

 Өткен жылы Сырдария өзенінің арнасында бөгет жарылып, ел әуре-сарсаңға түскен еді. Биылғы қауіпсіздік шаралары қай деңгейде?

–  Рас, өткен жылдың өзінде екі рет су алу қаупі төнгені белгілі. Алайда, сала мамандарының тынмсыз еңбегінің нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды. Биыл барлық дайындық жұмыстары жоғары деңгейде жасалатын болады. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Сонымен бірге, аудандағы ірі шаруа қожалықтары, компаниялар бұл бағыттағы жұмыстарға атсалысатын болады.

Сарыбұлақ, Шәкен ауылдары интернет желісімен қамтамасыз етілмеген. Осы мәселеге көңіл бөлсеңіз?..

– Бұл мәселесін бұрын да көтердік. Аталған ауылдарда интернет желісі бар болғанымен, өте әлсіз. Бұл туралы тиісті министрлікке ұсыныс берілетін болады. Алдағы уақытта, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Сарыбұлақ пен Шәкен ауылында интернет желісі шешімін табады.

P.S. Есепті кездесуде ел ниетіне іштей сүйсіндік. Мәселе, базынаның қалай айтылғанында емес, ішкі мәнінде еді. Бірен-саран азамат болмаса, қалың көпшілік ел игілігіне қажетті мәселені көтеріп, қара басының емес, қара халықтың қамын жоғары қойды. Көп тілегінің бір екенін, ынтымақты елдің жарасымды екенін тағы бір ұғындық. Тек осыны ақ жағалылар жүре тыңдамай, мән берсе екен…

Е.ШАМШАДИН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here