QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

СӘРСЕНБАЕВ ЖАЛАҒАШҚА ЖАҚТЫ МА?..

Автор:QAA.kz

Фев 4, 2019

Өткен аптада Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алда­ғы міндеттер туралы халық алдында есеп берді. Есепті кездесуге Қазақстан Республикасы  Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешов қатысты.

Есепті кездесуге «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев,  Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов, облыстық тексеру комиссияның мүшесі Мейрамбек Сатлабаев, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары және аудан активі, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Жалпы аудан әкімінің есеп беру жиыны жағымды жаңалықтарға толы болды. Аудан басшысы есепті баяндамасында ауданның әр саласындағы жетістіктерге, көрсеткіштерге тоқталды. Аудан басшысы ең алдымен өнеркәсіп пен қаржы-салық саясаты жайлы баяндады. Жалағаш ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру 10,2 пайызға артқан.

Аудан ауылшаруашылығы саласы бойынша жыл сайын мол табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. 2018 жылы 15 254 млн.теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 22 382 гектар күріштің әр гектарынан 56,6 центнер немесе 126 587 тонна өнім алынды.

Аудан әкімі өңірде  мал басын арттыру мақсатында шаруа қожалықтары мемлекетттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып  келетінін атап өтті. Жыл басынан бері мал шаруашылы­ғымен айналысатын шаруашылықтар 56 млн.теңге көлемінде субсидия алған. Соңғы уақытта шаруашы­лық басшылары мен мал иелері асыл тұқымды малды сырттан әкелуге және қолдан ұрықтан­дыруға ден қойып отыр. Аудан бойынша 15 қолдан ұрықтандыру пункттерінде 1 991 бас мүйізді ірі қара малы қолдан ұрықтандырылды.

Бүгінде ел әлеуетін арттыру­дың алтын діңгегіне айналған сала – шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл тұрғыда Жалағаш ауданында айтарлықтай ілгерілеушілік бай­қалады. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы 2018 жылды облыс бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жариялауына байланысты кәсіпкер­лікті дамыту бағытында ауданда біршама жұмыс­тар атқарылған. Өткен жылдың қортыныдысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 1 207 млн.теңгенің өнімдері өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 6,8 пайызға артты. Ауданда 2300 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.

Өткен жылдың өкініші

«Қазақстан Республикасының индустрия­лық-инновациялық даму жөніндегі» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлік Индустриялан­дыру картасына енгізілген «БИС-Групп» ЖШС-нің «Қызыл мия тамырын өңдеу» зауыты әлемдік нарықта өндірілетін өнімінің құны 5 есеге төмендеп кетуіне байланысты тоқтап тұрған болатын. Осыған сәйкес, зауыт басқа өнім өндіруді (сусындарға, тамақ өнімдеріне қосылатын тәтті ұнтақ) қолға алып отыр. Қазіргі таңда 10 адам жұмысқа қабылданып, өткен жылдан қалған 200 тонна шикізатты (мия тамырын) ұнтап, өнім шығаруға жұмыс жасауда.

Күннен жарық жанады

Сондай-ақ биылғы жылы Жалағаш кентінің шығыс жақ бөлігінде жаңартылған энергия көздерін өндіру мақсатында 30 мВт күн сәуле­сінен энергия өндіретін электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның бастама­шысы «Nomad Solar» ЖШС. Жобаны жүзеге асыру мақсатында кент аумағынан 164 га жер учаскесі табысталды. Жобаны Греция мемле­кетінің «Метка» компаниясы жүзеге асыратын болады. Жобаның болжамдық құны 19,0 млрд теңгені құрайды. Жобаның аудан үшін маңызы зор. Жоба іске асқан уақытта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке жыл сайын 120,0 млн теңге көлемінде кіріс кіретін болады. Бұл ауданның әлеуметтік-экономика­лық дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.

Биылғы жылы жалпы құны 643,0 млн. теңге­ні құрайтын 10 жобаны іске қосу және осы жоба­ларда 102 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Ақсу, Таң, Мырзабай ахун ауылдық округ­теріндегі дәрігерлік-амбулатория ғимараттары­­ның құрылысы үстіміздегі жылы жүргізілетін болады.

Бүгінгі таңда М.Шәменов ауылдық округін­де №34 орта мектеп ғимараты апаттық жағ­дайда болуына байланысты аудандық бюд­жеттен 7,0 млн.теңге бөлініп, 140 орындық жаңа мектеп құрылысының жоба-сметалық құжаты әзірленді.

Өңірде спорт саласын дамыту мақсатында биылғы жылы Жалағаш кентінде жалпы құны 460 млн.теңге көлеміндегі спорт кешенін салу жоспарда бар. Кент орталығынан жер телімі нақтыланды.

Көпір қайта жанданады

Сонымен қатар, апаттық жағдайдағы аудандық маңызы бар “Самара-Шымкент-Аққыр” автомобиль жолының бойындағы “Оңтүстік коллектор” көпірін қайта жаңғырту жұмыстарына биылғы жылға республикалық бюджеттен 138,7 млн. теңге бөлінді, жобаны толық аяқтау үшін қажетті 150,6 млн теңге облыстық бюджеттен қаржыландыру күтілуде. 2019 жылы көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, толық пайдалануға берілетін болады.

Жұрт күткен шешім

Ұлт денсаулығы – жарқын болашағымыз­дың негізі. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы қажет. Денсаулық саласының материалдық-техникалық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы Жаңадария, Бұқарбай батыр және аудандық емхананың шұғыл бөліміне жедел-жәрдем автокөліктері пайдалануға берілді.

Биылғы жылы Жалағаш ауданы үшін қуанышқа толы жыл болмақ. Ауданға ең қажетті нысандардың бірі болып табылатынЖалағаш аудандық орталық ауруханасының жаңа ғимаратының құрылысы басталады. Қазіргі таңда 500 млн теңге қаражат бөлінді. Жалпы құны 4 млрд теңгені құрайды.

Ауыз су мәселесі артта қалды

Халықты таза сапалы ауыз сумен қамта­масыз ету — басты назарда тұрған міндеттердің бірі. Аудан бойынша 6 461 абонент болса, оның 4928-не ауыз су жүйесі тартылған.

Жыл сайын аудан тұрғындары көктем-жаз мезгілінде ауыз суды мақсатсыз пайдалана­тындықтан, су тапшылығы жағдайы орын алатын. Өткен жылы бірқатар атқарылған жұмыс­тардың нәтижесінде су қысымы жоға­рылап, көктем-жаз мезгілінде су тапшылығы орын алған жоқ. Қазіргі таңда Жалағаш кентімен қоса, Ақсу, Есет батыр, Бұқарбай батыр, Еңбек, Жаңаталап, Қаракеткен, Таң, Шәменов елді мекендері тәулігіне 24 сағат үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Музыка мектебі қашан салынады?

Білім саласының ардагері Роза Ералы:

— Бізде өнерлі оқушылар өте көп. Өнерлі оқушылардың білім ордасы  музыка мектебі және оқушылар үйі білім бөлімі апатты жағдайда екенін атап өттіңіз. Осы музыка мектебі мен оқушылар үйі нақты қашан салынады?

Жалағаш ауданының әкімі Қайрат­бек Сәрсенбаев:

— Оқушылардың білімін ұштайтын да тәрбиелейтін жер- оқушылар үйі. Апатты жағдайда екені рас. Жаңадан салу жөнінде жобаны бастадық. Жоба жасалып болған соң облыс әкімдігіне ұсынамыз. Бұл мәселе жөнінде аймақ басшысының хабары бар. Жұмыстың басы басталды, биыл басталса келер жылы аяқталып қалады.

Мәдениет ауылының тұрғыны Телжан Дәулетбаев:

— Құрметті жерлестер,баяндаманы тыңдай отырып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды екеніне көзім жетті. Мәдениет ауылын айтатын болсам, ауылда аяқсу келіп, жол асфальтталып, төрт бірдей нысанның пайдала­нуға берілуін қуанышпен айтуға болады. 90 орындық балабақша, 150 мәдениет үйі, спорт кешені іске қосылды. Осының арқасына 15-20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Осының барлығы өткен жылдың үлкен жетістігі деп білемін. Мәдениет халқының атынан, облыс әкіміне, аудан әкіміне алғысымды білдіргім келеді. Баяндамаға өте жақсы деген баға беремін.

Ауруханасы жоқ аудан

 Кенжеғара Сүлейменов :

— Баяндаманы тыңдадық. Ауданда атқарылған жұмыстарды көзбен көрдік. 2019 жылы одан да көп жұмыстар атқарылатынына көзім жетті. Газ мәселесі баяндамада шешіліп тұрған сыңайлы. Ақша-қаражат шешілген. Бірақ ауданның ең соңында қалып отырмыз.  Бір вагон көмір келсе бүкіл аудан  соған қарап отыратын болды. Келіндер мен жеңгелерден де ұят болды. Астанаға да газ тартылып жатыр. Сондықтан осы мәселе  тоқтап қалмаса, енді бітейін деп тұрғанда   басқа ауданға кетіп қалмаса деген өтінішім бар. Екінші мәселе, облыста жалғыз ауруханасы жоқ аудан- Жалағаш ауданы. Жалағаш ауданында дені сау адамды таба алмайсыз. Әуелі Алла, екінші аудандағы  дәрігерлердің  біліктілігің арқасында солардың қамқорлығында келе жатырмыз. Лайым аурухана бос тұрсын, ешкім онда жатпасын. Бірақ бізге аурухана керек. Биыл ауданның 80 жылдығы. Осы жылда ауданға тарту болып аурухана салынса екен.

Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев:

— Газ тарту жұмысын облыс әкімі қолдап отыр. Ешқандай күмән болмасын, газ міндетті түрде келеді. Қазіргі таңда Жалағаш және Тереңөзек кенттеріне ортақ автоматтан­дырылған газ тарату станциясы құрылысының жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге, облыстық бюджеттен 60,6 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы жоба құны 3 млрд 189,8 млн теңге. Ендігі кезекте үстіміздегі жылдың  мамыр айында негізгі газ құбырына қосу жұмыстары жүргізілетін болады.

Екінші мәселе бойынша, лайым аурухана бос тұрсын, ешкім ауырмасын.  Аурухана салу бойынша жұмыстар басталды.  Бұйырса, аурухана құрылысы басталып,  іргесі қаланып, ертең бітуін, газдың кіруін тойлайтын күнге жетейік. Алдымызда үлкен мақсат бар, кәсіпкерлікті дамытамыз деген ой бар. Халқымызда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген қанатты сөз бар. Елде тыныштық пен бірлік болса, алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына құтты қадамдар жасалып, Сіздердің қолдаулары­ңызбен жүзеге асыратын боламыз. Ең бастысы  — елдің тыныштығы мен береке-бірлігі.

Жиын соңын «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев қорытындылады:

— Жалағаш ауданының ауылшаруашылығы саласы бойынша біршама қол жеткізгендерін байқауға болады. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар кәсіпкерлікті дамыту,  жаңа жұмыс орындарын ашу, экономиканы әртараптан­дыруға бағытталған. Білім мен денсаулық, мәдениет пен спорт саласында жақсы жетістік­терге қол жеткізіп отыр. Осы жылы газдандыру жұмыстары басталатындығы қуантады,- деді.

Кездесу соңында аудан тұрғындары аудандағы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

А. ОМАШ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *