QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ОРАЗБАЕВҚА ЖЕТІНШІ БОЛУ ОҢАЙ МА?..

Автор:QAA.kz

Фев 4, 2019

Облыс аудандары арасында Арал орны айрықша. Арал десе бүкіл әлем құлақ түреді. Біз де өткен жылға есеп берген аудан әкімі М.Оразбаевтың баяндамасындағы кей тұстарды ойып бергенді жөн көрдік.

Жыл қорытындысымен Арал ауданы кәсіпкерлік саласының көрсеткіші бойынша республикадағы 290-ға жуық аудандар ішінен 7 орынды иеленді.

Инвестиция: Өткен жылы ауданға 28,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып,  2017 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артты .

Қаржы-салық саясаты:

2018 жылы аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 15 млрд. 557 млн. теңгеге орындалды. Оның ішінде, аудан бюджетінің өз түсімдері 12,7 пайызды құрады (1 млрд. 969 млн. теңге).

Аудан бюджетінің шығыстары  2017 жылмен салыстырғанда 118,7 пайызға өсті. Жыл ішінде әлеуметтік салаға жұмсалған  қаржы 112,1 пайызға, коммуналдық құрылыс салаларын қаржыландыру 179,4 пайызға артты.

Өнеркәсіп: Өткен жылы өнеркәсіп орындары 12,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, салыстырмалы уақытта нақты  көлем  индексі 103,0 пайызды  құрады.

Жыл  көлемінде аудан бойынша барлығы 601,6 мың  тонна тұз қазылып, 212,3 мың тонна йодталған тұз, 3,6 мың тонна балық, 217,0 тонна ет, 743 тонна нан және нан өнімдері, 107,9  мың текше метр кварц топырағы өндірілді.

Өткен жылдың маусым айының 8-і күні облыс әкімі бастаған арнайы делегацияның қатысуымен «Арал Сода» ЖШС-нің «Кальциленген сода өндіру» зауытының аумағына стелла орнатылып, тұғырға салтанатты түрде капсула салу рәсімі өткізілді.

Жыл  ішінде  ауданда 6,6  млрд.  теңгеге  бөлшек  сауда, 4,3  млрд.  теңгеге  көтерме  сауда  жасалды. Өткен жылдың аяғында аудан орталығынан «Арзан Маркет» дисконт орталығы іске қосылды. Жоба құны  – 235 млн теңге. Орталықта негізгі азық-түлік өнімдері қолжетімді бағада сатылуда. Қазіргі таңда, барлығы 46 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Ауыл шаруашылығы:

 Өткен жылы аграрлық саланың барлық бағытында өсім байқалды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 6,6 млрд теңгені құрап, 2017 жылмен салыс­тыр­ғанда 101,2 пайызға артты. Өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 2,2 пайызға, жылқы 15,7 пайызға, түйе 7,8 пайызға, қой мен ешкі 0,5 пайызға, құс шаруашылығы 28,0 пайызға өскен.

Экологиялық  сауықтыру:

Экологиялық сауықтыру шараларына 391,4 млн.  теңге  бөлініп, Балғабай, Бекетай, Бесжарма, Басықара  каналдарына тазалау және гидротехникалық құрылыс  жұмыстары  жүргізілді. Тұщы — 1, Тұщы — 2 көлдері суландырылды.

Арал ауданы бойынша Қамыстыбас көлдер жүйесімен Ақшатау көлдер жүйесіндегі 23 каналдың құжаттарын жасатуға 3 млн. теңге бөлініп, жер актілері толығымен әзірленді.

Балық  шаруашылығы:

Ауданда қазіргі таңда, жылдық қуаты 18900 тоннаны құрайтын 7 балық өңдейтін зауыт жұмыс жасауда.

Жалпы аудан бойынша 2018 жылы 6919 тонна балық ауланды. Оның ішінде, 3575 тоннасы өңделіп, 1950 тонна  балық өнімдері экспортқа шығарылды.

Жылдағы дәстүр бойынша Арал өңірі балықшыларының дәстүрлі ІV слеті  өткізілді. Слетке Ресей Федерациясынан, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстарынан делегаттар келіп қатысты.

Құрылыс:

Құрылыс жұмыстары бойынша жыл ішінде 21109 шаршы  метрді құрайтын 192 тұрғын үй пайдалануға берілді.

2018 жылы жалпы саны 14 нысанның құрылысына республикалық, облыстық, аудандық бюджеттерден және жеке қаражаттар есебінен барлығы 6,4 млрд. теңге  қаржы  қаралды.

Өткен жылдың наурыз айында Арал қаласындағы Т. Жароков көшесі № 2 мекен-жайында орналасқан екі қабатты ғимаратта төтенше жағдай орын алды.

Жалпы, ғимаратта 19 пәтер орналасқан. Бұған қоса, Арал қаласында Аралтұз көшесі № 36 мекен-жайда орналасқан 8 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде апатты жағдайда болатын.

Аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен 310 млн. теңге қаржы бөлініп, 27 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 150 орындық аудандық орталық аурухананың, өрт сөндіру депосының, Арал  қаласындағы № 14 мектеп ғимаратының, Сексеуіл кентіндегі  спорттық — сауықтыру кешені­нің, Арал қаласындағы сот ғимаратының,     Арал қаласы­ның  № 4 мөлтек ауданындағы ашық спорт алаңы мен балалар ойын алаңының, Сексеуіл кентінен әмбебап спорт алаңының құрылыстары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Мұнымен бірге, мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясында 3 елді мекеннен медицина­лық пункт (Ақбай, Тастақ, Сазды), 1 елді  мекен­нен фельдшерлік акушерлік  пункт (Жаңа­құ­рылыс) және 1 елді мекеннен дәрігерлік амбу­­ла­тория (Бекбауыл) салу жұмыстары толы­ғымен аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Шижаға елді мекенінен жаңадан мәде­ниет үйінің құрылысына облыстық бюд­жеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды.

Жол жөндеу:

Жол мәселесіне байланысты өткен жылы аудан көлемінде 11 жобаны  іске  асыруға 1,5 млрд. теңге қаржы қаралды.

Оның  ішінде, аудандық маңызы бар «Райым-Водокачка елді  мекеніне  кіре  беріс» автожол құрылысы, «Қызылжар елді  мекеніне кіре  беріс  (6,4 шқ)»  автомобиль  жолына, «Аманөткел елді мекеніне кіре беріс (2,1 шқ)» жолына, қаладағы «Тәуелсіздік», Мостовая көшелерінің автомобиль жолдарына, «Арал қаласына кіре беріс жолдың 4,3 шақырымы, аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай (15-70,6 шқ)» автожолының 20,8 шақырымы толығымен орташа жөндеуден өткізіліп, 23 шақырымды құрайтын «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» автожолының 11 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Арал қаласындағы Абай көшесінің автомобиль жолына кеңейту және «Бөген-Ақлақ», «Ақлақ-Қаратерең», «Қара­терең-Жаңақұрылыс» (49,3 шқ) бағытын­дағы автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Газдандыру:

2018 жылы Арал қаласындағы № 262, №83 орта мектептерінің бу қазандықтары қайта жаңғыртылып, газ отынына көшірілді. Қазіргі таңда, Арал қаласындағы 5876 тұрғын үй, 169 мекеме мен кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынға  қосылды.

Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Қ.Е. Көшербаевтың қатысуымен Сексеуіл кенті маңындағы «Арал» компрессорлық станциясы іске қосылды.

Жұмыспен  қамту:

Жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ауданда есепті мерзімде ресми жұмыссыздық деңгейі 0,9 пайызға тұрақтап, аудандағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызға төмендеді.

Жыл ішінде жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 3560 адамның 1815-і тұрақты жұмысқа орналастырылып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 1017 адам жіберілді. 13 бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, 1236 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл көлемінде  73 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 36-і тұрақты жұмысқа, 22-сі қоғамдық жұмыстарға орналастырылды.

Несиелендіруге 337,7 млн  теңгенің бизнес  жоспарларын қорғаған 114 азаматқа несие  берілді.

Әлеуметтік  жұмыс  орындарына  136 адам­ға жолдама беріліп, оның 88-сы тұрақты  жұмыс­қа орналастырылды. Жастар тәжіри­бесіне 357  адамға  жолдама беріліп,  оның   74-і  тұрақты  жұмыспен қамтылды.

Өткен  жылы аудан  бойынша жалпы орта білім беру ұйымдарынан 829 түлек оқу бітірді. Олардың 54,0 пайызы (451 бала) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл көрсеткіші 85,2 болды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен Арал ауданы  аудандар  бөлінісінде  ІІ орынға ие болып, 37 «Алтын  белгі», 13 «Үздік  аттестат»  иегерлері  анықталды.

Ауданда мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында үздік ұстаздар тұрақты марапат­талып келеді. Былтыр пәндік  олимпиада  бойын­ша, Арал  қаласындағы № 14 мектеп-ли­цейі­­нің физика пәнінің мұғалімі Елена Сәрсен­баева бас  жүлдені  жеңіп алып, автокөлік иеленді.

Денсаулық  сақтау  саласы:

Өткен жылдың басты жаңалықтарының бірі заманауи медициналық аппараттармен, медициналық және кеңселік  жиқаздармен жабдықталған жаңа аудандық орталық аурухана пайдалануға берілді. Жаңа аурухана Жапония, АҚШ, Германия, Ресей, Ұлыбритания  елдерінің емдеу — диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған.

Ағымдағы жылы Қамыстыбас, Қарақұм, Аманөткел дәрігерлік амбулаторияларына жаңа медициналық жедел-жәрдем автокө­ліктері берілді.

1-сұрақ:

— Мен Сексеуіл кентінің тұрғыны Наштаева Ранайкул (ардагер мұғалім) боламын. Ауданымызда жыл өткен сайын күрмеулі мәселелер өз кезегімен шешімін тауып келеді.

Сексеуіл кенті Арал қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан.

Біздегі ендігі мәселе, аурухана жағдайы болып отыр. Ауылдық аурухананың ғимараты 1928 жылы салынған. Қазіргі таңда, тұрғындар тозығы жеткен ескі ғимаратта ем қабылдауда. Аудан орталығынан кейінгі ірі елді мекен саналатын Сексеуіл кентінен заманауи типтік жобадағы жаңа аурухана ғимараты салынса.

Жаңа аурухана ғимаратын салу жоспарда бар ма, қай уақытта салынады?

Жауап:

— Сіз айтып отырған аурухана жағдайынан хабардармын. Сексеуіл кентінен жаңа аурухана ғимаратын салуға жергілікті бюджеттен тиісті қаржысы бөлініп,облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

2-сұрақ: Абай Әбілбаев (аудандық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы)

— Елбасының бастамасымен 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды.

Сізге айтар ұсынысым ауданымызда облыстық деңгейде жастар форумы өткізілсе деймін. Бұл өз кезеңінде аудан жастарының бір-бірімен тәжірибе алмасуы және  жастар арасында өзіндік көзқарасы қалыптасқан белсенді орта құрылуы үшін жасалған мүмкіндік болар еді.

Жауап:

— Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні бекер емес. Қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға кең мүмкіндік берілуде.

Патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды. Қамбаш көлі жағасында және Арал қаласында 2 күндік жастар форумы жастардың өзін-өзі дамытуы үшін кеңейтілген тақырыпта ұйымдастырылатын болады.

3-сұрақ: Шалбаев Сердалы (Жаңақұрылыс ауылдық округінің ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы)

— Өзіңіздің қолдауыңызбен өткен жылы ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген Арал мен Қазалы аудандарын жалғап отырған «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» автожолына жөндеу жұмыстары басталған болатын.

Басталған жол жөндеу жұмыстары толық аяқталса жергілікті тұрғындардың автокөліктерімен облыс, аудан орталықтарына қатынап, кәсіп көздері де ашылып, мыңдаған халық жол азабынан құтылар еді.

Осыған байланысты басталған жол салу жұмыстары тоқтап қалмай, биыл жалғасын тапса дейміз.

Жауап: 

— Сіз айтып отырған «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» авто жолының маңыздылығы ескеріліп, өткен жылы жөндеу жұмыстары басталды.

23 шақырымды құрайтын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Енді қалған қажетті қаражатты облыстық бюджеттен бөлу жолдары жан-жақты қарастырылатын болады.

Алдағы өтетін облыстық бюджеттік комиссиясы отырысында жолдың  қалған бөлігіне бөлінетін қаржы нақтыланатынады.

4-Сұрақ: Әнесов Төре (Жетес би ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер)

— Советжарма каналы Жетес би ауылдық округіндегі Ескіұра ауылының жанындағы Райым, Жалаңаш  көлдеріне, Аманөткел ауылдық округі жанындағы Лайкөл, Қаязды көлдеріне және Қосжар, Қамыстыбас ауылдық округі маңындағы Қамыстыбас көліне келіп құяды.

Каналда тоспа(шлюз) болмауына байланысты қыс, көктем мезгілдерінде, судың мол уақытында көлдер жүйесінің суы шамадан тыс тасиды. Мамыр-маусым айларында аты аталған көлдердің суы кері қарай құйып, көлдер жүйесіндегі балық қоры азайып кетеді.

Осы аталған жайттарды ескере отырып, Советжарма каналына мүмкіндігіне қарай тоспа(шлюз) салынуына ықпал жасасаңыз.

Жауап:    

— Бұл мәселе тұрақты бақылауымызда. Мәселені шешу үшін Советжарма каналының сағасына 30 м3/сек су реттегіш тоспа (шлюз) салу қажет екендігі анықталды.

Советжарма каналын 0,5 км тереңдікте қазып, тазаланса Қамыстыбас көлдер жүйесін және Райым, Жалағаш, Қаязды, Сарыкөл, Лайкөл көлдерін суландыруға және судың қайта дарияға құймауына тосқауыл болып, балық шаруашылығын өркендетуге қол жеткізіледі.

Сонымен қатар «Қамыстыбас балық питомнигінде» өсірілген шабақтарды осы көлдерге жіберіп тауарлы балық өсіруге мол мүмкіншілік туады.

Қазіргі таңда аталған мәселе (САРАТС-2) жобасына енгізілгендіктен, жоба іске асырылған жағдайда жұмыстар жүргізілетін болады.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *