«Құрметті азаматтарға» құрметі бөлек Қазантаев…

0
489

Ауданның тоқсан жылдық тарау-тарау тарихында есімі ел жадында жатталуы тиіс тау тұлғалар, еңбегі елге елеулі ел жақсылары өткені хақ. Олар бүгінде ел ортасында жүр, үлгілі үрдісті ертең де жалғастыра бермек. Тоқсан жылдық тойдың қорытындысында, жыл мәреленер тұста аудан дамуына өзіндік үлесі бар бірқатар азаматтарға ауданның ең жоғары марапаты — «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы табыс етілген болатын. Еңбек ардагерлері: заманында атақты шопан болып, еселі еңбегімен аудан дамуына үлес қосқан Мауия Нақыбаеваға, байырғы құрылысшы Мария Бәйімбетоваға, арбаға таңылғанмен жігері жасымаған жас ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовқа жоғары марапатты аудан әкімі шаңырақтарына өзі апарып табыстап, құрметті азаматтарға құрметтің тағы бір үлгісін көрсетті. Аудан орталығындағы «Құрметті азаматтар» аллеясы, «Парасат алаңы», аудандық музейде ашылған «Еңбек даңқы залы» мұның барлығы әрбір басшыға үлгі болғандай ел тарихына ықыласты құрмет, ыждаһатты көзқарастың нәтижесі болса керек. Кейінгі жылдары туған жердің қасиет, киесін шығармашылығына арқау еткен бірнешелеген журналистер мен жазушылардың ауданның «Құрметті азаматы» атағын алғаны белгілі. Сол дәрежелі атаққа қайсар ақын Н.Әбілқасымовтың да лайықталғанын хабардар көпшілік хош көңілмен бәрекелділеп қабылдағаны да анық. Бұл Елбасы бастамашы болып, дүйім елге қозғау салған рухани жаңғыру бағдарламасының іс жүзіндегі бір көрінісі болса керек. Өйткені елді биік мұратқа жетелейтін рухы биік, рухани бай тұлғалар екені ақиқат.

Халық қызметшісі аталатын әкім атаулыға міндет — халық алдындағы есеп беру науқаны жүріп жатыр. Ауыл-ауылдағы кіші әкімдерден кейін өз кезегінде ел алдына шығып жыл бойына атқарылған жұмыстардың есебін беру міндетін аудан әкімдері атқаруда. Сол үрдіспен Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев ел алдындағы есебін берді. Есеп беру жиыны аудан орталығы Тереңөзек кентін­дегі Мәдениет үйінде болып, есеп беру жиынына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Облыстық басқармалар, аудан­дық бөлімдер, мекемелер, шаруашылық басшылары тізбегінен бөлек, жиын қатарынан халық өкілдері ретінде ардагерлер де көрінді, әлбетте. Қайсыбір есеп беру жиыны есеп берушіге баға беруші халықтың бұл өкілдерінсіз өтпейтіні белгілі. Көремендер за­лын лық толтырған жұртшы­лық­ты «аудан активі» деп таныстырды есеп беруші.

Есеп беру жиынының қалып­тасқан тәртібімен алдымен жыл бойына атқарылған жұмыстар тізбегі баяндалды. Жұртшылық «қашан болар екен» деп күткен жаңалық — кентті көгілдір отынға қосу биылғы жылы жүзеге асы­рылмақ. Мұны елмен әңгіме бары­сында облыс әкімі де атап өтті. Кейінгі екі жыл бойына осы ба­ғыт­тағы тиісті жұмыстар жүргізі­ліп бұл жұмыстар одан әрі жалға­суда екен. Өткен жылғы ауданның 90 жылдық мерейтойы аясында кентті көркейту, сәулеттендіру бағытында елеулі жұмыстар атқа­рылған. Биылғы жылы да аудан орталығын абаттандыру жұмыс­тары жалғасып, кенттің орталық алаңын, тұрғын үйлерді абаттан­дыруға қаржы қаралмақ. Өткен жылдың ерек жаңалығы — кентте көпқабатты 2 тұрғын үйдің пайда­лануға берілгені.

Жалпы Ғ.Қазантаевтың жыл­дық есебіне арқау болған «өткен жылы атқарылды, биыл атқара­мыз» деген ілгері істер тізбегі аз көрінбейді. Олардың қатарында «Қазантаевтың қолтаңбасы» дерліктей тың бастамалар да бар. Бес жылдық әкімдік өтілінде бұл әкімнің айтулы бастамалары бар­шы­лық. Оны әкім қызметіне баға берген ел де атап өтіп жатты. Бүкіл елге үлгіге алынған қоғамдық кеңес жұмысының тиімділігін айтады сол кеңес жұмысының басы-қасында жүрген халық өкілі. «Қоғамдық кеңес шын мәнісінде билік пен халық арасындағы жалғастырушы көпір болып тұр. Елдің ішіндегі мәселелер талқы­ланып ұсыныстар жасалады», — дейді аудандық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Хайролла Әбенұлы.

Сонымен әкім Ғ.Қазантаев­тың жыл бойына атқарғаны мен алдағы жылға жоспары қандай?

Алдымен атап өтерлігі, әкімнің жылдық есебіне халық жақсы баға беріп, жылы лебізбен атап өтті. Кіші әкімнің жылдық жұмысына облыс әкімі де оң баға беретінін жеткізді.

— Сырдария ауданының әкімі­нің өткен жылғы қызметіне оң баға беремін. Жақсы жетістіктерге жетті. Бірақ облыс басшысы ретін­де негізгі қоятын талабым — жап­пай кәсіпкерлікті дамытуда қар­қынды жұмыс жасау керек. Аудан әкімдігі, мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының активі, қоғамдық кеңес, ардагерлер, жас­тар, ҮЕҰ-лар барлық мүмкіндікті жаппай кәсіпкерлікті дамытуға жұмсауы керек.

Екінші тапсырма, ауданда индустриялдық аймақтың жобасы бар, бірақ соңғы 2 жылда индус­триялдық жобалар іске асқан жоқ, — деген облыс әкімі Сырдария ауданының жетістігін де атап өтті.

— Қызылорда облысы бойынша 2017-2018 оқу жылында мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары оқу орындарына, колледждерге оқуға түсті. Бұл үлкен көрсеткіш. Сырдария ауданында бұл көрсет­кіш 100 пайызға жеткен екен. Бұл үшін Сырдария ауданының ұстаз­дарына мың да бір рахмет — деді облыс әкімі.

Діттеген межеден кемшін түскен, өреге шыққан істер жайын ел алдында аудан әкімі де егжей-тегжейлі баяндап берді.

— Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Дегенмен, негізгі капиталға са­лын­ған инвестиция және құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіш­тері орындалмай тұр. Бұл көрсет­кіштердің төмендеу себебіне әсер етіп отырған 2017 жылы «Интер­газЦентральная Азия» АГТС орнатумен қоса «Бейнеу — Шым­кент» магистралды газ құбырынан бұрма-газ құбырының құрылысы жобасын  жүзеге асырды. Осы және мұнай компанияларының ірі жобаларының негізінде шикізат емес секторының негізгі капитал­ға салынған инвестиция көлемі 23 млрд. 448 млн. теңгені құрады. Осындай ірі жобалар 2018 жылы жүзеге асырылған жоқ, — деп атап өтті аудан әкімі.

Әлбетте, аудан көлемінде жыл бойына ел игілігіне атқарылған істер тізбегі баршылық. Жоғарыда аталғандай ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында аудан орталығында бірқатар жаңғырту, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Көшелер жөнделген, көпқабатты үй құрылысы жүргізілген, көпір­лер салынған. Көпір демекші, аудан әкімі баяндамасында атап өткендей ағымдағы жылы аудан­дағы көпір мәселесі түбегейлі шешімін таппақ екен. «Өткен жылы Қызылорда — Қоғалыкөл — Шіркейлі автожолындағы екі көпірге облыстық бюджеттен 100 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар аяқталды. 2017 жылы құрылысы басталған құны 239,4 млн. теңге құрайтын, Бесарық елді мекеніне кіре беріс жолындағы «Жаңадария» каналы арқылы өтетін автожол көпірі пайдалануға берілді», — дейді аудан әкімі. Аудан әкімінің көпірге қатысты тағы бір атап өткені, көпір мәселесін түбе­гейлі шешу үшін сырдариялықтар бірлесе атсалысуда екен.

— Қоғамдық кеңестің ұсыны­сы­мен 2016 жылы Тереңөзек кентінде асар әдісімен 2 көпір салынса, 2018 жылы бұл игі істер жалғасын тауып, Тереңөзек кенті, Қазақ көшесіндегі «Қаракөл» каналына асар әдісімен тағы бір көпір салынды. Алдағы уақытта Майжарма каналына А.Әлиак­баров пен С.Усабаев көшелерін қосатын көпірді асар әдісімен салуды жоспарлап отырмыз, —  дейді Ғ.Қазантаев.

Егемендіктің елең-алаңдағы қиыншылықты кезеңдерде ауыл­дық елді мекендердегі кейбір мектептер мен денсаулық сақтау нысандары ел қажетіне асар әдісі­мен салынып жататын. Кейінгі жылдары оларды типтік жобаға сай салынған нысандармен ауыс­тырып жаттық. Содан бері ел ішінде асар әдісі деген ұмыт болу­ға айналғандай жайы бар десек артық айтқанымыз болмас. Өйт­кені көпшілік қолданыстағы мүлік түгілі, осы күндері жақын ағайын­ға асармен болысу да некен-саяқ құбылысқа айналып бара жатқаны рас.

Халқымыз өмірлік қағидат тұтынатын «бірлік болмай тірлік болмайды» дегеннің іс жүзіндегі көрінісінің бірі — асарды сырда­рия­лықтар жандандырып жатыр екен, іске сәт! Әкім Қазантаевтың бастамалар тізбегіне асар әдісін жандандыру ісін де қосуға бола­тын шығар. «Асарлатып нысан салдық» деген басқа әкімді есті­геніміз жоқ әзірге. Бәлкім әзірге, сырдариялықтардың «қоғамдық кеңесі» сияқты керекті жерінде дәстүр қайта жанданар…

* * *

Түбегейлі нәтиже — жаппай кәсіпкерлікті дамыту болған­дықтан облыс әкімі айтқандай әзірге нәтиже әлі де өрістетуді талап етеді дегенмен ауданда алдыңғы жылмен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 19,3 пайызға артыпты. Өткен жылдың 1 жел­тоқ­санында ауданда 2136 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер тіркелген болса, оның 1821-і жұмыс істеп тұр екен, яғни 86,7%-ды құраған.

Ал аудан экономикасының әлеуетінің нақты көрсеткіші «аудандық бюджеттің түсімі 8 млрд. 316 теңге көлемінде қалып­тасып, оның ішінде 4 млрд. 374 млн. теңге өз кірістеріміз», — дейді аудан әкімі. Бүкіл елдегі басым­дылықтағы міндет кәсіпкерлікті дамыту мен жұмыспен қамту бойынша атқарылған мемлекеттік бағдарламалар игілігі мен шаралар барысын да атап өтті аудан әкімі. Аудан көлемінде жаңадан ашыл­ған жұмыс орындары негізінен мал шаруашылығы бағытында өрбіп жатыр екен. Осы орайда атап өтерлігі «Микробизнес Қы­зыл­орда» бағдарламасы шеңбе­рінде өңірлік инвестициялық орталығынан сырдариялықтардың 29 жобасы қаржыландырылыпты (94,3 млн. теңгеге).

Жалпы ауыл шаруашылығы тарапында аудан көлеміндегі көрсеткіштер өткен жылғыдан ілгерілей түскен.

Ауданда 20874 гектар күріш егіліп, гектар түсімділігі 53 цент­нерден келген. Ауыл шаруашы­лығы техникаларын жаңарту ісі жалғасын тауып, сырдариялық шаруашылықтар 32 ауыл шаруа­шы­лық техникаларын жаңартып­ты. Төрт түлік бойынша да өсім бар көрінеді. Мал шаруашылығы, құс шаруашылығы бойынша өнім өндіру жалпы түрде 100 пайыздан аса орындалған.

Елбасы Жастар жылында жандандыруды міндеттеген «Дип­ломмен ауылға» бағдарламасы бойынша өткен жылы ауданда 84 маман көтерме жәрдемақымен қамтамасыз етілген.

* * *

«Денсаулық» мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде аудандық емханаға 7 дәрігер маман тарты­лыпты. Амбулаториялық емхана қызметі бар аудандық орталық ауруханасында жаңадан 5 бөлімше ашылған. Оның бірі перзентхана бөлімшесі. Облыс әкімі де жиын барысында сөйлеген сөзінде атап өткендей 2017-2018 жылғы сырдариялық мектеп түлектері 100 пайыз оқу орындарына түсіп, аудан мерейін өсірген.

Аудандағы бұқаралық спорт­пен айналысушылар қатары бүгін­де 28,3%-ға жеткен көрінеді. Аудан орталығында спорт кешені жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Ақ­жар­ма ауылында спорттық сауық­тыру кешені пайдалануға беріл­ген.

Аудандағы 35 мәдениет саласы мекемелері де қызметін өз дең­гейінде ұйымдастыруда көрінеді. Аудан жастарының белсенділігін арттыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» ашылған. «Жас Проджект» жобасы бойын­ша ауданнан 42 жоба ұсынылып, оның 19-ы грант жеңімпазы атанған. Ауданда мал ұрлығы 33%, есірткі қылмыстары 46,7%-ға азайған екен.

Ауданда сыбайлас жемқор­лық­қа байланысты құқық бұзу­шылық орын алмаған. Солай болуы тиістілік дегенмен әзірге бұл көрсеткішті жетістік деп бағалайтынымыз да рас.

* * *

«Құрметті азаматтарына» ар­нап аллея ашқан ауданда абырой­лы атақты берудің үрдісті шара­ларына да «өзгерістер» енгізіліп жатқанға ұқсайды. Арбаға таңыл­ғанына қарамастан үлкенді-кішілі замандастарға қайрат-жігерімен үлгі шіркейлілік ақын жігіт Н.Әбілқасымов «Құрметті азамат» атағын алды. Бұл да Ғ.Қазан­таевтың рухани жаңғыруды басты басымдылық еткен мемлекет саясатын дөп басқан қадамы десек артық айтқандық емес. Әлбетте, Құрметті атақ лайықты иегерін тапқаны да сөзсіз.

* * *

2018 жылы аудан кент және ауылдық округі әкімдерінің есеп беру кездесулеріне барлығы 3382 тұрғын қатысып, 19 тұрғын өз пікірлерін білдіріпті. Бұл жиында да мәселе айтылмады. «Аудан әкім­дігінің жүргізіп отырған саясаты­на, жұмысына ризамыз, өте жақсы бағалаймыз» — деді ауданның Құр­метті азаматы, Мәдениет саласы­ның ардагері Алмагүл Бақтия­рова, Шіркейлі ауылының қоғам­дық кеңес төрағасы Қанатбек Әбілқасымов облыс, ауданның әкімдеріне алғыс лебізін өлең жолдарымен жеткізе келіп. «Сөз бен ісін шегелеп, әке жолына еге боп, Тер төгіп жүр Ғанибек» деп қорытты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы жоғарыда атап өткеніміздей қоғамдық кеңестің жұмысы өреге шығарылғанын, әлеуметтік дүкен­нің басшылық ықпалымен, кәсіп­керлер қолдауымен жүйелі жұмыс істеп тұрғанын, ауданда ардагер­лерге қамқорлық істер жүйеге қойылғанын жеткізді. Тереңөзек кентінің ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Серік Тоқсанбаев аудандағы халық игілігіне бағытталған келелі істер аз еместігін, аудан әкімі әруақытта халықпен, ақсақалдар­мен ақылдасып, мәселелер шеші­луде екенін жеткізді.

Ауданның құрметті азаматы Ұлы Отан соғысының ардагері 96 жастағы қария Яхия Тасыров ел атынан қос әкімге бата берді. Ел үлкендерінен асып кім не десін? Жылы лебіздерді қоштап қол соғып, батаға қол жайды жиналған жұртшылық.

Жалпы айтқанда қазіргі уа­қыт­тағы есеп беру жиындарында елдің қызметшісі атына сын айтып, ескертпе беретін жайт жоқтың қасы. Бірді-екілі қажетін өтінішпен жеткізіп, жыл бойына атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтып, ел үлкендері әкім еңбегіне жеміс тілеп бата беріп жатады. «Жаманын жасырып» дейтіндей заман да, заң да кім-кімге де «әкім» атанып қана жүре беруге рұқсат бермейді. Дегенмен, жақсысын асырып жататыны да жоқ емес. Оның да себебі халыққа қалтқы­сыз қызмет болуы тиіс. Жиын барысында облыс әкімі «Халқы­мызда «туған жердің құлы бол, құлы бол да пірі бол» деген жақсы сөз бар» дегенді келтірді. Сол айтылғандай сенімнен шыққан әкімге елдің алғыстан басқа айтары болмаса керек. Сырдария әкімі Ғ.Қонысбекұлы да сол үдеден көрінетінін білдірді есеп алған ел.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here