QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР НЕ ТЫНДЫРЫП ОТЫР»

Автор:QAA.kz

Фев 1, 2019

Қармақшы — облыстағы экономикасы тұрақты, әлеуметтік жағдайы көш ілгері аудандардың бірі. Адал еңбекті ұран еткен Қармақшы халқы қай кезде еңбекқорлығынан таңбайды. Төскейде төрт түлігін өргізіп, алқапта ақ маржанын жайқалтты. Қармақшы осы күнге дейін ата кәсіпті терең игеріп толағай табыстарға жетіп келеді.  Бұл жайында өткен аптада Қармақшы  ауданының әкімі Сұлтан Мақашов  халық алдында өткен жылғы атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды есебінде баяндады. 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын және 2019 жылға арналған міндеттерді саралаған аудан әкімі биыл да жетістіктердің еселенетіндігіне сенім білдірді.

Ауданның тыныс-тіршілігі әкім есебінде толыhтай айтылды. Жиын басталысымен сөз алған Қармақшы ауданының әкімі С. Мақашов өңірде атқарылған  жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өтініш-тілектері мен көтерген мәселелерін шешу мақсатында жүргізілгенін және бірқатар мәселелер шешімін тапқанын жеткізді. Мәселен, аудан халқының өткен жылғы есепті кездесуде айтылған ұсыныс пікірлері бойынша 24 іс-шара белгіленсе, бүгінде  оның 9-ы өз шешімін тапқан. Ауданның басты табыстарының бірі –  жұмыссыздардың саны азайып отырғандығы.  2018 жылы аудан бойынша қаржы ұйымдары тарапынан барлығы 227 жобаға 774,0 млн. теңге жеңілдетілген несие беріліп, нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ, өткен жылы аудан орталығы мен барлық елді мекенде 29 кәсіпкерлік нысан іске қосылса, өңірдегі кәсіпкерлік субъектінің жалпы саны –  3357 болып, есепті кезеңмен салыстырғанда 101,5 пайызға артқан.

Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келеді.  Аудан әкімінің есебіне сәйкес,өткен жылмен салыстырғанда мал басының бірқатар түрінен өсім бар.Қазіргі таңда аудан бойынша тұқымдық түрлендірумен 54 шаруа қожалығы айналысып келеді.

«Сыр елі-жыр елі» дегендей тұтастай Тұран мәдениетін, бүкіл түркі халықтарының өнері мен әдебиетін және көне сарын дәстүрін, Қорқыт бабамыздан қалған мәдени мұраларымызға мұрагерлік ететін Қармақшы топырағы болып табылатындығын айта кету қажет. Осы бағытта Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында Қазақстанның бастамашылығымен «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілген құжат бірауыздан мақұлданып, тиісті шешім қабылданып, тізімге енгізілді. Атқарылған игі шаралар түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт ата бабамызды бүкіл әлемге танытудағы тағы бір қадам болып отыр.

«Ең үздік шаруашылық»

Өткен жылмен салыстырғанда суды көп қажет ететін күріш көлемі 359 гектарға азайтылды, ал жаздық бидай 8 гектарға, бақша 4 гектарға, көкөніс 100 гектарға, мақсары 362 гектарға көбейген. Күріштің «Тором Хошеми» ирандық сортын  «Ақтөбе и К» ЖШС 300 гектарға жеткізді.Аудан диқандарының ала жаздай еткен еңбегі ақталып, күріштің әр гектарынан орта есеппен 58,5 центнерден өнім алынды. Қамбаға 81 мың тоннадан астам Сыр маржаны құйылды. Сонымен қатар, «Жаңажол» ЖШС-гі жалпы 3200,0 га күріштің әр гектарынан 74,0 центнерден өнім алып, облыстың ең «Үздік шаруашылығы» атанды.

— Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу мақсатында  «Жаңажол» серіктестігінің құны 65,0 млн теңге болатын қуаттылығы сағатына 5 тонна күріш ақтайтын өңдеу зауыты іске қосылды. Оған қосымша жоба құны 40 млн теңге болатын астық сақтайтын қойма құрылысы салынып, пайдалануға берілді. 2018 жылы егін шаруашылығына 524 млн.теңге көлемінде субсидия есептеліп берілді,- деді аудан әкімі.

Өткен жыл несімен есте қалды?

Ауданда әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы, елді мекендерді байланыстыратын жолдарды жөндеу, ауылдың сәулеттік келбетін ашатын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан көлемінде 12 айдың қорытындысы бойынша жалпы ауданы 23 850 шаршы метр болатын 167 жеке тұрғын үйлер пайдалануға берілген.

Аудан орталығында талай уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі №183 мектептің жағдайы шешімін тапты. Атталмыш мектепке жөндеу жұмыстары жасалды.Бүгінде аталмыш мектепте 300 ден астам оқушы білім алуда.

Ауданда өзекті мәселелердің бірі –  жол. Бұл мәселе де біртіндеп шешімін тауып келеді. Өткен жылы «Батыс-Европа Батыс-Қытай» автодәлізінен Дүр Оңғар, Иіркөл, Төребай би ауылдары мен Төретам  кентінің және ІІІ-Интернационал ауылдарының кірме жолдарына және «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» жолының күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жосалы кентінде авто­маттандарылыған газ тарату станциясын (АГТС) орнаты­лып,«Бейнеу Шымкент» магистралды газ құбырынан бұрма газ құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Ақай елді мекені мен Төретам кенті тұрғындарының көптен көкейінде жүрген маңызды мәселелердің бірі жеке тұрғын үй салуға жер телімін алу болатын. Бұл мәселе де жақын арада өз шешімін табады.

Қармақшы ауданы тоқсан жылдық торқалы тойын  толайым жетістіктермен қарсы алды. Ауданның 90 жылдығына орай «Қармақшы» кітабының тұсауы кесілді. Осындай шаралар Ақжар ауылының құрылғанына 60 жыл және облыс көлемінде Тұрымбет Салқынбайұлының 150 жылдық мерейтойлары өтті. Міне, осындай ел есінде қалған өткен 2018жылы басқа да салалар бойынша игі істер атқарылды.

Сояға сұраныс көп

  Аудан әкімі биылғы жылы атқарылатын жұмыстарға да тоқталып өтті.  Қармақшы ауданы Ақтөбе елді мекенінде жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының  құрылысы» басталған болатын. Бүгінде  құс фермасының инженерлік инфрақұрылымдарымен қамтамасыз ету бойынша (су, электр энергиясы, жолдар) жұмыстар жүргізілуде.  Құс фабрикасын биылғы жылы іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпорынның іске қосылуы ауданда азық-түлік өндірісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен қатар, жем қорын дайындауға қажетті дақылдар егу көлемін арттыруға, сол арқылы егіс саласын әртараптандыруға өз ықпалын тигізетін болады. Сондай-ақ, Жосалы кентінде газдандыру жұмыстары басталмақ. “Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев” автожолының жөндеу жұмысы қолға алынады. Аудандық маңыздағы «Қызылтам елді мекеніне кіре беріс» автомобиль жолына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта аудандық бюджеттен 7 млн.теңге қаржы бөлініп отыр.

Соя-бұл суды аз талап ететін және нарықта сұранысқа ие болып отырған дақылдардың бірі. Биыл «Тұрмағамбет» ЖШС шаруашылығы соя дақылын егуді бастамақ.

Ағымдағы жылы аудан бойынша 10 спорттық ойын алаңдары қайта жөндеуден өтеді.Оған аудандық бюджеттен 26,8 млн қаржы бөлініп отыр.

Ауданда түйіні тарқатылмай тұрған тағы бір мәселе  – аудандағы балалардың тынығу лагері еді. Енді балалардың жазғы тынығу лагері құрылысы жалғасын табады.

Ағытылатын кезде ағытылмай, қосылатын кезде қосылмай…

Аудан әкімінің есебі барысында сауал қоюшылар аз болмады. Енді солардың бірқатарын шолып өтсек. Аудан әкімі барлық сауалдарға тұшымды жауап берді.

Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Шегебай Құндақбаев:

Қазір халықтың жағдайы жақсы. Әр үйде екіден теледидар  бар. Тоңазытқыш  жаз-қыс үздіксіз жұмыс істейді. Алайда, электр энергиясы жиілігі өз дәрежесінде емес. Алдағы уақытта электр станциясын жаңарту керек сияқты. Қазір барлығы цифрлық жүйеге  көшіп жатқан заманда, электр қуатынсыз ешнәрсе шешілмейді. Электр станциясын қайтадан жаңарту жұмыстары қолға алынса деп едім.

Қармақшы  ауданының әкімі Сұлтан Мақашов :

— Ауызсу мен балалардың білім беру ошақтары, жол жөндеу жұмыстарымен айналысып кеттік. Электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары кенжелеп келе жатқаны рас. Кеңес үкіметінен бері салынған электр желілерін осы күнге дейін пайдаланып келе жатырмыз. Жылда жасалатын ағымдағы, орташа, күрделі жөндеу жұмыстары  оған жеткіліксіз. Барлық жерде бұл проблема бар. Бүгінде Энергетика министрлігімен кешенді жоспарлар әзірленіп жатыр. Келешекте Тұрғын үй құрылысы сияқты арнайы мемлекеттің бағдарламасы қабылданады. Облыс көлеміндегі аудан орталығындағы қосалқы подстанциялардың қайта жаңғырту жұмыстары басталып жатыр. Биыл біз де бұл жұмыстарды бастаймыз. Үйдегі жарықтың кернеуінің бірқалыпты болмауы табиғи өзгерістерге байланысты. Қуаттылықтың төмендеуі,бірқалыпты болмауы үлкен подстанциядағы құрал-жабдықтардың тозығы жеткеннен болып тұр. Бұл автоматтандырылған қондырылғылардың барлығы уақытылы жұмыс жасамай, ағытылатын кезде ағытылмай, қосылатын кезде қосылмағандықтан болып отыр.   Бұл  жұмыстар қолға алынатын болады.

Төретам тұр тұралап

Төретам кентінің тұрғыны Әбдімүталлап Ниязбаев:

— Төретам кентінің халқының атынан бір сұрағым бар еді. Байқоңыр төңірегі Ресей мемлекетіне жалға берілуіне байланысты Төретам кентінің тұрғындары үй сала алмай отыр. Халық саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Барлығы жеке  жер алып, үй салғысы келеді. Екі елдің ортасындағы шешім тезірек тапса екен. 10 шақты жылдардан бері Төретам елдімекені тұралап, құрылыс үй жобасын тұрғындар сала алмай, қиналуда.

Қармақшы  ауданының әкімі Сұлтан Мақашов:

— Бұл жалғыз Төретам елдімекеніне қатысты проблема емес, Ақай елдімекеніне де қатысты. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері келе жатыр және бір  күнде шешілмейді. Өткен жылдың қорытындысымен Ресей Федерациясына жалға берілген жерлерден 11600 га жерді жалдан шығардық. Ол жердің құрамында жеке тұрғын үй салуға жер жоқ. Бұдан бөлек, жерлерді қайтарып алу мақсатында өткен жылдың көктем айынан бастап  үкіметаралық келісім жасалатын комиссияға тағы да 3500 га жерді ұсындық. 3500 га жер Төретам мен Ақай кентінің аумағын кеңейтуге байланысты бағытталатын болады. Жылдың аяғында  бұл шешім мемлекеттің парламенттерінде ратификациядан өтті. Бірақ қаулы шығарғанға дейін 3 ай мерзім керек. Сәуір айына дейін барлық рәсімдер толық бітеді деп жоспарлап  отырмыз. Төретам аумағына 350 га жер, Ақайда 160 га тұрғын үй мақсатында деп белгіленген жер бар. Бұл жер заңды түрде бірден беріле қоймайды. Заңға сәйкес жерді алған соң инфрақұрылым жұмыстарына  байланысты жобалар әзірленіп, сол жер су,жол, электр энергиясымен қамтамасыз етілгеннен кейін ғана заңға сәйкес табыстай ала аламыз.

Жастар қалаға көп көшіп жатыр

Қуаныш Төреев,тілші:

2019 жылды Елбасы “Жастар жылы”  деп жариялады. Жалғыз Қармақшы ауданында ғана емес, жастар қалаға көп көшіп жатыр. Соған байланысты жастарды тәрбиелеп, еңбек тұлғаларын неге шығармаймыз? Екінші мәселе, қыркүйек, қазан,қараша айларында  ауданда емхананың қызметкерлері жалақыларын уақытылы алмай жатыр деген сөздер болды. Осыған байланысты, келешекте мұндай сөздер өрмеу үшін облыс  басшылығы жағынан ықпал жасалса екен.

Қармақшы  ауданының әкімі Сұлтан Мақашов:

— Жыл көлемінде жастардың ойларында жүрген пікір, ойларын жинақтайтын боламыз. Жастар жылында жастарға бағытталған жұмыстарды атқарамыз. Бізде еңбек майталмандары жоқ емес.  Кәсіпорындарды басқарып отырған мекеме басшылары, аудандағы шаруашылық басшылары жандарына жастарды тартып, жас мамандарды тәрбиелеуді қолға алсақ дейміз. Жастарды барлық сала бойынша тәрбиелейміз.

Ал емхананың жалақысына келетін болсақ, бір қалыпқа түседі деп ойлаймыз. Мемлекеттік медициналық қызмет көрсету саласындағы жаңа заңдылықтарға сәйкес, атқарылған жұмыстар көлеміне қарай тапсырылады. Қаржы жоқ емес бар. Бұл мәселе облыс әкімдігінің тікелей бақылауында.

Жұмыс жоқтықтан ауылдың тоз-тозы шықты

Зоя Боранбаева, зейнеткер:

— Сұлтан Мақашов мырза, мен Алдашбай ауылының тумасымын. Ауылымның тоз-тозығы шығып кеткендіктен сол ауылға көмек көрсетуіңізді сұраймын. Жастар жылында жастарға кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бөлінетін қаржыны сол ауылға жеңілдетілген аз пайызбен қаражат несие беру керек. Алдашбай ауылында ешқандай жұмыс жоқтықтан, тоз-тозы шығып кетті. Екінші сауалым, біздің ауданда  көп зейнеткерлер жұмыс істейді. Соның ішінде, сайлау комиссиясының төрағасы, сайлау хатшысы, аудан әкімнің кеңесшісі, аудан білім бөлімінің кәсіподақ  төрайымы, қазақ тілі қоғамында, Қармақшы аудандық архив-мұрағатта, балабақшада, аудан бөлімшелерінде зейнеткерлер не тындырып отыр? Ауданда жұмыссыздар саны көп. Қос дипломмен отырған азамат пен азаматшаларға орын берсе екен деймін. Үшінші, ауданда көшелердің асфальттары дұрыс емес.Жол жөнделсе деген тілегім бар. Сондай-ақ, көшелерде белгі жоқ.

Қармақшы  ауданының әкімі Сұлтан Мақашов:

— Қазалыға барсақ, көшелерін көріп жылағың келеді. Онда180 көшенің 3 көшесі асфальтталған. Биылғы жылы Жосалы кентінде 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына 8 млн. теңге бөлініп отыр. Көше жолдары біртіндеп жөнделеді.

Алдашбайда жұмыс жасалмай жатқан жоқ, жасалып жатыр. Сырдария өзенінің су беру мүмкіндігінің азаюына байланысты, егіс көлемі көбеюіне байланысты  Қармақшы аудандарында шеткі аймақтарда ауызсу жеткізу мүмкіндігі шектеліп отыр. Сондықтан Алдашбайда су мен бұрынғыдай күріш егу мүмкіндігі жоқ. Бірақ, көкөніс бақша дақылдарын егуге таптырмас жер.Тұрғындар сол шаруашылыққа дағдыланған. Шағын несиеге байланысты ешқандай мәселе жоқ. Несие аламыз деген жандарды қолдарынан жетектеп жүріп,кез-келген есікке кіргізуге дайынбыз.  Сол  бағытта жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазір бағдарлама да, түрлі жеңілдіктер де көп. Бізде жалқаулық басым. “Ананы неге атқармайды, мына жұмыс неге істелмейді” деген сұрақ көп қоямыз. Несие алса, екі қолға бір күрек табылады. Мал бағып, бақша егуге болады.

Зейнеткерлерге байланысты,  өте орынды сұрақ. Мекеме, басқарма басшыларына ескерту беріледі. Иә, жұмыссыз азаматтарға орынды босату керек. Ешкім оған ренжімесін, бұл барлығымызға ортақ заң. Тек қана бір мәселе ауданға қажетті бір медицина саласындағы осы маман жоқ еді деп, бір дәлелді түрде қажетті маман ұстап отырған жағдай болмаса, қалған жағдайда бәрінде зейнеткерлер демалысқа шығыңыздар.

Жиын соңында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев аудан әкімі  Сұлтан Мақашовтың атқарылған істер мен меже­лен­ген міндеттерге, әлеуметтік экономикалық даму, оның ішінде ауылшаруашылық саласына біршама өзгерістер орын алғанын айтып, есеп беру баяндамасына оң бағасын берді.

Иә, аудан әкімі есебінде Жосалы кентінің газдандыру жұмыстары басталатындығы көпшіліктің көңілінен шықты. Себебі, газдандыру арқылы халықтың тұрмыс-жағдайы әлдеқайда жақсармақ.

А. ОМАШ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *