«Мирас» 3-5 теңге қосады

0
750

Қызылорда қаласындағы базарлардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына қалалық әкімшілік мамандарымен бірлесіп мониторинг жасаған болатынбыз. Негізгі мақсат: қала тұрғындарына арзан бағаның қайда бар екенінен құлақ қағыс ету және баға тұрақтылығын бақылау.

Биыл бірқатар азық-түлік бағасы 15-20 пайызға арзандаған. Әрине, арзан баға тек базардағы «Мирас» сауда орталығының қоймасында, «Ақ-Барыс» халал ет өнімдері дүкенінде және қаламызда орналасқан 15 әлеуметтік дүкендерде. Біз азық-түліктердің 15 түріне мониторинг жасадық. Ең алдымен «Мирас» сауда орталығының қоймасынан бастаған едік. Ол жердегі баға өзге сауда орталықтарының бағасына қарағанда біршама арзанырақ.

– Біз қала әкімдігімен бағаны тұрақтандыру мақсатында меморандумға отырғанбыз. Қазіргі уақытта әлеуметтік дүкендер тікелей біздің қоймадағы бағамен азық-түлік алып, осы бағамен сатуда. Бізде картоп 70-75 теңге, сәбіз 70 теңге, қырыққабат 110-115 теңге, қызылша 100 теңге, пияз 50-55 теңгеден. Бұл бағалар қарапайым қара халық үшін өте тиімді деп ойлаймын. Жалпы, көкөністерді Шымкенттен, Түркістаннан, Жамбылдан тасымалданғанымызбен олардың бағасына тек 3-5 теңгеден ғана қосып жатырмыз. Мәселен, қазір қымбаттап тұрған қырыққабатқа біз небәрі 3 теңге ғана қосып отырмыз. Өзіміз Шымкенттен 107 теңгеге алып келіп, 110 теңгеден сатамыз. Себебі, оларды қоймада ұзақ уақыт сақтау мүмкін емес, — дейді «Мирас» сауда орталығының директоры Гүлшат Алтайбаева .

Бұл сауда орталығы қоймасының тұтынушыларымен тілдескенімізде, сауда кешеніндегі баға бағамы тұрақты екенін жеткізді.Сонымен қатар мұнда ет өнімдері де басқа сауда орындарына қарағанда арзанырақ. Мәселен, сиыр еті 1280 теңге, фарш 1500 теңге.

– Бұл жердегі баға басқа дүкендерге, базар бағасына қарағанда біздің қалтамызға өте ыңғайлы. Себебі, мен осы жердің тұрақты тұтынушысымын. Күнделікті пайдаланатын азық-түліктердің бағасы айтарлықтай көп өзгермейді, тұрақты- дейді қала тұрғыны Зиякүл Елеуова.

Арзан дүкен аз емес

Мониторинг барысында әлеуметтік дүкендерден қатты қымбатшылықты байқамадық. Ондағы бағалар мынадай: қарақұмық 120, нан 45, сүт 2,5%210, жұмыртқа 28, өсімдік майы 1550, пияз 60, сәбіз 70, қант 240, күріш 170 теңгеден. Арзан азық-түлік іздесеңіз өз тұрғылықты жеріңіздегі әлеуметтік дүкендерден алсаңыз болады. Әлеуметтік дүкендер атап айтқанда,

1.Торайғыров көшесі, нөмірсіз (Ақмаржан ауданы),ИП Илакпаева(Ажар);
2.Төле би көшесіндегі (ГОВД жанында),ИП Илакпаева (Ажар);
3.Мұратбаев көшесі,нөмірсіз(Яссауи көшесінің қиылысы, Құлагер ауданы), ИП Нұр;
4. Ескі базардағы (Пилот дүкені жаны), ИП Илакпаева (Ажар);
5. Тасбөгет кенті,Есенов көшесі нөмірсіз (орталықта ИП Алтайбаева;
6. 3-і іріленген квартал (Ескі базар «Пилот» магазині жаны)
ИП Алтайбаева;
7.Тасбөгет кенті,Бозғұлов көшесі,нөмірсіз,(Балалар ауруханасы жаны), ИП Жапабаева (сүт);
8. Жібек жолы көшесі,нөмірсіз («S’mall» сауда үйіне қарама-қарсы) ИП Илакпаева (Ажар);
9.Жанқожа батыр көшесі (Реалбаза жанында), ИП Есжанов (нан өнімдері);
10.Амангелді көшесі,нөмірсіз (Жанар клиникасы жаны),ИП Илакпаева (Ажар);
11.Жұмабаев көшесі,нөмірсіз («Шанхай» шағын ауданы,№212 мектеп жаны),ИП Нұр;
12.«Универсам» мөлтек ауданы, «Сыр маржаны» ЖШС (ет);
13.Мерей мөлтек ауданындағы дүкен(Сырдария сауда үйі жаны)
ИП Илакпаева (Ажар);
14.Арай-2 мөлтек ауданы, ИП Мария;
15.Саяхат мөлтек ауданы, А.Айдосов көшесі,нөмірсіз, ИП Илакпаева (Ажар).

осы мекен-жайларда орналасқан.

«Ақ-Барыс» етті қымбаттатпайды?…

Одан кейінгі аялдаған нысанымыз «Ақ-Барыс» ет өнімдерін сататын шаруа қожалығы. Мұнда ет өнімдері тікелей осы шаруа қожалығынан шығатын болғандықтан бағалары көңілге қонымды екен, сапасы да жақсы. Себебі, бұл шаруа қожалығы малды өздері бордақылайды, арнайы сою пункті мен зертханасы да бар екен. Мұндағы сиыр етінің бағасы 1250, жылқы еті 1580, фарш 1500, қазы 2000 теңгеден.

– Қызылорда қаласында біздің 5 дүкеніміз жұмыс жасайды. Негізі нүктеміз 2 микрорайонда орналасқан. Қалғандары Универсам, Жаңа базар, Батыс мөлтек аудандары мен Ескі базарда орналасқан. Біздегі бағаның арзандығына таңқалмаңыздар. Олардың сапасына ешқандайда күмәнданбасаңыздар болады. Өйткені, өзгелерге қарағанда біздің дүкен өнімдерінің сапасы, бағасы тұрақты, сатып алушылары да өте көп. Халық риза десек те болады. Қанша жерден жем, шөп қымбат болғанымен, ол біздің бағаға әсер етпейді. Себебі, мен 30 жылдан бері халықпен жұмыс жасап келемін. Біздің дүкен қаламызда орналасқан басқа да сауда нүктелеріне қарағанда 15-20% арзан дейді, — «Ақ-Барыс» шаруа қожалығының қожайыны Ерболат Ырсалиев.

Біз тұтынушылар сұранысына ие деген бірнеше ең өтімді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің сауда орталықтары сөресіндегі бағаларын жеткіздік. Баға әзірге бірқалыпты.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here