Мұғалім мәртебесіндегі ұсыныстар

0
584

Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң даярлануда. Осыған байланысты әр өңірдің мұғалімдері министрліктің сайтына және «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы тіл қатып, түрлі ұсыныстарын айтуда.

Кез-келген мамандықтың мәртебесін көтеру сол салада тер төгіп келе жатқан маманның еңбегін бағалаумен басталады. Абай атамыз айтқандай: «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» иә, мұғалім болу баланы саналы етіп тәрбиелеу жолында еңбек ету оңай емес. Бар адам бойындағы жақсы қасиеттерін қалыптастыратын, баршаға сапалы білімін беретін мұғалімдер қазіргі уақытта дұрыс бағаланбай жүр. Себебі, мұғалім мәртебесін арттыру үшін олардың өз айтуынша зейнет жасы, еңбекақысы мен тұрғын үйлеріне қатысты көптеген мәселелері бар. Алдағы уақытта жаңа заң мен елімізде қабылданып жатқан түрлі бағдарламалар аясында ұстаздарымыздың ұсыныстары қаралып олардың әлеуметтік дәрежесіне қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар.

– Негізі мұғалім болу, бала тәрбиелеу кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Себебі, балаға әліппеден әріпті, математикадан санау мен есептеуді үйрету оңай емес. Сондай-ақ әр баланың сана-сезімінің қалыптасуы әр түрлі болады. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына ұстаз ретінде айтқан ұсынысым алдағы уақытта мұғалімдер қағазбастылықтан арылса екен. Елбасымыздың өзі: «Қағазбастылықтан арылып, дәрігер адам емдесін, мұғалім бала оқытсын» деген. Біздің балаға сабақ бергенімізден, қағаз толтыруымыз өте көп, — дейді Жанар Баймаханова.

Бұл мәселелер талайдың талдауына түсіп жатқан зейнет жасы ұсынысы да фейсбуктегі «Қазақстан ұстаздары» тобында жүргізіліп жатқан сауалнамалар да басымдық танытып жатыр. Ал, одан кейінгі орындарда ұстаздардың қоғамдағы беделі, еңбекақы, мектептегі материалдық-техникалық жабдықтауы, ата-ана, оқушы мен мұғалім арақатынасы және тағы да сол секілді өзекті мәселелер.

Әлеуметтік желідегі әр алуан топтарға жарыса жазып жатқан ұсыныстар арасына мұғалім мен ата-ана, оқушылардың қарым-қатынасындағы мәселелерді де сөз етуге болады. Қазіргі оқушыларды ата-анасы барлық жағынан қамтамасыз етіп қойғандықтан мұғалімді киген киімі мен қалтасындағы ақшасына қарай таңдап, сыйлайды. Неге мұғалімді біліміне қарап таңдамайды? Мұғалім оқушыға сән көрсетуге емес, бар уақытын сарп етіп білім беруге, бар білгенін оқушылармен бөлісуге келеді емес пе? Мұның барлығына отбасындағы тәрбиеде кінә бар. Себебі, қазіргі ата-аналар балаларына барлық таңдауды беріп, еркіндікке жіберіп қойған. Қазір барлық мектепте ата-ана баласының сабағына қатысуға, «Күнделік.кз» электронды журналы арқылы білім деңгейін бақылап, оны қадағалауға мүмкіндігі бар. «Білім туралы» заңда «Мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін жағдай жасайды», -деп жазылған. Дұрыс. Қазір сәтте қоғамның мұғалімге деген көзқарасы өзгеруі керек.

Бүгінде жағдайы, не жайы жоқ мұғалімдеріміздің көп екені жасырын емес. Бірінің басында баспана жоқ, енді бірінде қанша жылғы еңбек өтілі болғанымен жалақысы аз. Жалпы, мұғалімнің оқушыларға берген білімін не нәрсемен болсада өлшеуге келмейді. Себебі, мұғалімдер оқушыларын түрлі облыстық, республикалық жарыстарға апарып үздікке айналдырып отыр. Халықаралық деңгейде еліміздің даңқын асқақтатып, туымызды көкке көтеріп жүрген чемпиондарға бәленбай миллиондап қаржы беріп, астына көлік мінгізіп, пәтеріне дейін алып беріп құрметтеп, бағалап жатыр. Осындай құрметті неге сол шәкірттеріне білім берген мұғалімдеріне көрсетпеске?

Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мұғалімдерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін дамыту жөніндегі тұжырымдамалық тәсілдерді қабылдаған болатын. «Қазірде мұғалімдердің жалақысының артуына осы 5 жылда бір оқылатын біліктілікті арттыру курстары әсер етеді. Егер мұғалім осы курстың тестінен сүрінбей өтсе, онда өз жалақысына 40 мың теңге көлемінде ақша қосып алады. Ендігі мәселе біліктілікті арттыру курсын бес жылда бір емес, үш немесе жыл сайын белгілі бір уақытта өткізілсе екен. Себебі, жыл сайынғы жаңарып отырған түрлі бағдарламаларға ілесіп кету үшін бес жылда бір курстан өту аздық етеді», — дейді Астана қаласы гуманитарлық колледжінің директоры Елдос Нұрланов. Міне сол үшінде шәкірттерін чемпион етіп тәрбиелеп отырған мұғалімдерді де біліктілігін арттыру мақсатында ынталандыру үшін шет елдерге жіберу керек. Өйткені мұғалімдер курстан өту арқылы оқушыларға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін үйретеді.

Айман Сағидулла: «Дәл осы зейнет жасы мәселесіне тоқталар болсақ, мен еңбек өтілімді отыз бес жылға толтыруым үшін алпыс жасқа толуға тиісті екенмін. Себебі, екі жыл жұмыссыз болдым. Ал, алпыс жаста мен қалт-құлт етіп жүріп, балаларға қалай сабақ беремін? Миға сыймайтын бұл еңбек өтілін жұмсақ орындықта отырып, сол киелі орнын қимайтындар дайындаған болса керек. Егер күнделікті мектеп өмірін көріп жүрген жандар дайындаса дәл осылай 35 жыл сұрамас еді». Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын – мұғалімдікі», сондықтан болашақта мұғалімдерге бейнетінің зейнетін көретін жаста мұғалім мәртебесіне деген сый-құрмет ерекше болу керек.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here