QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«Әңгіме айтыңыз…» АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ РЕСМИ БЕЙІТІНІҢ БОЛМАУЫ — ҰЛТҚА СЫН

Автор:QAA.kz

Янв 10, 2019

Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтің бағамдауынша қазақ театрының  атасы атанған Темірбек Жүргеновке арналған халықаралық театр фестивалін  өткізуге қол жеткізу Темірбек Қараұлы Жүргенов қоғамдық қорының негізгі мақсаттарының бірі болатын.

2015 жылдан бері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алдына әлденеше мәрте мәселе қойып, «Өз дәрежесінде ескерілмей қалатындай Темірбектің жазығы не?, Оның «Жазығы, жамандары сатылып, жақсылары атылып кетіп жатқанда сатылып кетпей атылып кеткендігі ме?» деп хат жазып ақырғы нәтижесі менің қалауымнан да асып түсті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Театрлар Ассосациясының ұйымдастыруымен, Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен 2018 жылдың 30 қазаны мен 6 қарашасы аралығында Талдықорған қаласында Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Орталық Азия елдерінің VІІ Халық­ара­лық театр фестивалі өтті.

Фестивальдің алғашқы күні Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа ғимаратының лентасы қиылып, театр өз шымылдығын М.Әуе­зов­тің «Айман-Шолпан» қойылымымен ашты. Спектакльде Талдықорған театры­ның барлық труппасы бой көрсетті.

Көрнекті қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған фестиваль заманауи жаңа технологиямен жабдықталған театр ғимаратында ашыл­ды. Халықаралық фестивальге Түркия, Башқұртстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен бір-бір спектакль­ден және Қазақстанның алты театр ұжымдары  қатысты. Қазылар алқасына КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық­тардың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері – Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Мүшелері: — Театр және кино режиссері, профессор, Қазақстанның халық артисі — Талғат Теменов, Тәжікстан өнер акаде­мия­сының және «Жаңа дәуір» әлемдік өнер академиясының академигі — Абду­гаффор Абдужабборов, Әзірбайжан Мемлекеттік университетінің профес­соры —  Исрафил Исрафилов,  Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері — Нұрлан Абдықадыров, Өнертану ғылымдарының докторы, Замануи грузин театрын зерттеу орталы­ғының бас директоры —  Лаша Чкхартиш­вили және Халықаралық театр сыншы­лары ассоциациясының мүшесі, М.О.Әуе­зов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Анар Еркебай болды.

Аталмыш фестивальге Алп Арслан атындағы Түркімен Ұлттық жастар театры Н.Реджеповтың «Кероғлы және Агаюнус» спектаклімен,  М.Гафури атын­дағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры  Т.Миннулиннің «Я, сотво­рил тебя…» қойылымымен, Хасан Ажар өндірістік театры (Түркия) Н.Хикметтің «Пирайе» спектаклімен, Б.Қыдыкеев атындағы Қырғыз Мемлекеттік жасөс­пірімдер  театры С.Досанов, М.Ааматов­тың «Қасқыр ұлыған түн» спектаклімен, Сырдария облыстық музыкалық театры (Өзбекстан) Ш.Айтматовтың «Ана Жер — Ана» қойылымымен  және Қазақстан театр­ларынан Б.Римова атындағы Тал­дықорған драма  театры М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» комедиясымен, Қ.Қуа­нышбаев атындағы Мемлекеттік акаде­миялық қазақ музыкалық драма театры М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» спектаклімен, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасымен, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры М.Әуе­зовтың «Қаракөз» трагедиясымен, «Театр 28» ұжымы Г.Бюхнердің «Войцек» спек­таклімен және  Семей қаласының «Дариға-ай» жастар театры У.Шекспир­дің «Ричард ІІІ» қойылымдарымен қатысты.

Жанры жағынан, режиссерлік көз­қарасы, актерлік ансамблі тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын он бір қойылым діні бір, ділі бір, мәдениеті үндес Түркі­тілдес Республикалардың театр өнеріндегі бүгінгі беталысын байқатқандай!

Фестивальге қатысқан әрбір қойы­лым­ның айтар ойы, спектакльдердің тұтас­­тығы, актерлік ансамблі қазылар алқасы тарапынан  жоғарғы бағаға ие болып, толымды пікірлер айтылды.

Өнер додасының қорытындысы бойын­ша  «Өнер мен мәдениетті қолдау қорының»  арнайы сыйлығымен  Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, үздік актерлік ансамбль номинациясымен М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының актерлері   Гүлмира Исмагилова мен Фиргат Гарипов марапатталса, Халықаралық фестивальдің  Гран-При «Ең үздік спектакль» номина­циясын «Театр 28» ұжымы «Войцек» спек­таклі үшін Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің 1500.000 теңге жүлдесін иеленді.  

Ал, халықаралық театр фестивалінің тақырыптық айнасын ашқан Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драма­сын сахналаған Қызылорда облыстық музыкалық драма театры (көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір Темір) үш бірдей номинацияға қол жеткізді. Театр ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясын иеленіп Алматы облысы әкімінің 1000.000 теңге, Жүргеновтің әкесі  Қара ролін сомдаған Бақытбек Алпысбаев «Ең үздік екінші пландағы ер адам бей­несі» номинациясы бойынша 250.000 теңге және негізгі кейіпкер Темірбек Жүргенов бейнесін үздік сомдағаны үшін Сырым Әбдразақов 300.000 теңге сыйақымен марапатталды. Спектакль қойылымын көру­ге келушілер саны театр сыйымды­лы­ғынан артып кетті. Театр залында бос орын қалмай көрермендер қойылымды залдың екі қабырға бойында тікесінен тік тұрып көрді. Екі жылдан бері қойылып келе жатқан осы спектакль толық жетіл­гендігін дәлелдеді. Спектакль аяқталған сәтте танымал режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханов (Астана)  бүкіл көрермендерге естірте: — Темірбек тірілді, тірілген деген осы! Темірбекті сомдаған Әбдіразақов Сырымға құрмет көрсетейік, деп иығына шапан жапқызды. Осы қойылым алдында мені, Темірбек Жүргеновтің туған-туыс­тарын сахна төріне шақырып қысқа ғана тілек айтуға мүмкіндік жасады. Иықтары­мызға шапан жапты. Символикалық сәйкестік деп бастады сөзін Жетісу елінің қызы, Т.Жүргенов елінің келіні (қазір ұлы Данияр Мұқанұлы Тұрғанбаев Алматы облысы бойынша коррупцияға қарсы күрес департаментінің басшысы) Салта­нат Тұрғанбаева – Көпбаева. Оның әкесі Қыдырма Көпбаева мен анасы Қазақстан­ға еңбегін сіңірген әртіс – Кашифа Көп­бае­ва­лар Жетісудың тумалары. Олар 1947 жылдан Талдықорған театрында қызмет еткен, анасы Кәшифа театрдың дирек­торы әрі режиссері болған. Салтанат сіңі­лісі Маралмен шығып ата-анасының өздерінде сақтап жүрген құжаттарын Бикен Римова театрына мұрағат есебінде табыстап, игі тілек білдірді.

Сырт елдерден келген қойылымдар­дың ішінде өзімді айырықша тәнті еткен Башқұртстан театрының «Я, сотворил тебя..»  спектаклі. Қойылым  мүмкіндігі шектеулі жандардың жар сүю, теңін табу  дейтін өзекті мәселесін тақырып еткен. Асып-тасып жатқан оқиғасы жоқ, күрделі екі-ақ кейіпкері бар  осы пьеса көрермен­дерді екі сағат бойы тықыршытып, уайым арқалатып отырды. Мүгедек жандар да – АДАМ!  Жаратқанның жемісі. Бірақ мүмкіндігі шектеулі. Аяғы кеміс болғасын біз барған жерге бара алмайды, зағип болса біз көріп жүргенді көре алмайды, саңырау болса біз есітіп жүрген ғибратты әңгімелерді  есіте алмайды. Бірақ, олар күннің нұрын, айдың сәулесін, жердің жылуын бізден әлдеқайда артық сезінеді. Олар да махаббат иесі, олар да сүйе алады. Осы арада венгрдің күрескер ақыны Шандор Петефидің бір шумақ өлеңі есіме түсіп отыр. «О. Махаббат отыңа бір жанып ем, Суша жұтып қасіретіңе қанып ем. Сол махаббат ащы зәрі тәтті еді, Өзім  білген тәттілердің бәрінен!» Ия, олар да махаб­бат­тың ащы зәрін тата алады, олар да сүйе алады, жан азабын тартып, күйзеледі. Бірақ, Махаббатын, Сүйіктісін қалай табады?! Міне спектакльден осыны көре­сің. Ізгілік, мейірім сезімдерін адам ағза­сына егер дәріні осы қойылымнан бойыңа сіңіресің. Аллаға шүкіршілік етесің.

6 қараша күнгі фестивальдің жабылу  салтанатына аймақ басшысы Қ.Е.Көшер­баевтың арнайы құттықтауын Жалағаш ауданының әкімі Қ.Ә.Сәрсенбаев жет­кізіп, 1000.000 теңгелік сертификатты Баш­құртстан театрына, Темірбек Жүр­геновтің бейнесі салынған портретті Бикен Римова атындағы театрдың жаңа ғимаратына байғазы ретінде тарту етті. Осы жолдардың авторы Т.Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы 500.000 теңгенің сертификатын Түрікменстан театрына табыстады.

Репрессия құрбаны Темірбек Жүрге­новтің рухына құран бағыштатып, қоғам­дық қордың атынан дұға дастарханын жайдық. Асанәлі Әшімов бастаған қазы­лар алқасының мүшелері, фестивальге қатысушы Орталық Азия елдерінен келген өнер ұжымдарының өкілдері ас ішті, дұғаға қол жайды. Дұға дастарха­нында, басқа да фестивальдің ашылу, жабылу салтанат­тарында Асанәлі Әшімов Темірбек Жүргеновтің өнер мен білім саласын жүйелеудегі, әсіресе  Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің Мәскеудегі 1956 жылғы алғашқы онкүндіктегі ерен ұйымдастыру­шылық еңбегін  ерекше ілтипатпен еске алып, үнемі айтумен болды. Абыз ағамыз, осы кезге дейін біз біле бермейтін мынадай дерек айтты. Манарбек Ержановтың: «Тәңірберген Молдабай, Малға жарлы болғанмен, Айтар сөзге, тілге бай» деп келетін «Паро­воз» әні мәтінінің алғашқы нұсқасында: — «Қазақ өнерінің паровозы — Темірбегім», деп келетін қос тіркесті елдің есіне салып елжіреп, егіліп,  көңілі толқыды. Бізді де толқытты.

Театр фестивалінің жабылу салтана­тында — «Бір аптаға созылған фестиваль – еліміздің театр өнеріне ерекше серпін беріп, мемлекетіміздің мәдени кеңістігінің тарих беттеріне жазылып қалды. Фести­валь Қазақстан, Орталық Азия елдері және түркітілдес мемлекеттері кәсіби театр ұжымдарының ең үздік қойылым­дарын көпшілікке ұсынып қана қоймай, шетелдің озық мәдениетімен танысуға және ұлттық өнерді әлемдік аренада танытуға зор мүмкіндік берді, — деп атап көрсетті өз сөзінде КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, театрлар ассоциациясының президенті, қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов.

Орталық Азия елдеріне ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтің Жетісу төрінде ұлықталуы қайраткердің 120 жылдығын атап өтудегі ең бір ауқымды, оның халық­аралық деңгейде насихатталуына, таны­луы­на себепкер болған игі шара болды.

Ендігі мақсат Темірбек Жүргеновке арналған көркем фильм жасату. ҚР Мәде­ниет және спорт министрлігінен «Қолы­ңызда дайын сценарийіңіз болса «Қазақ­фильмнің» жоспарына енгізейік» деген жауап алып, сценарий жазатын кино­драматургтермен байланысып қаражат­тың болмауынан ретін келтіре алмай жүргенімде, осы жылдың мамыр айында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында қоғамдық қордың аталған оқу орынымен бірлесіп өткізген «Жазба ақындар мүшәйрасы мен көркем әңгіме­лер байқауында «Темірше» деген әңгіме жазып бас жүлдені иеленген жазушы, әдебиет сыншысы Айгүл Кемелбаевамен жолығысып, ол кісінің қайраткерге арнап көркем фильмнің сценарийін жазу ниеті бар екенін құп алдым. Осы мақсатта материалдар жинақтап, зерттеу, зерделеу жүріп жатқанын Т.Жүргеновті ардақ тұтар ағайынды хабардар еткелі отырмын.

Аталмыш Фестиваль аясында  1-2 қара­ша күндері Ілияс Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік университетінде (Талдықорған) және Алматы қаласын­дағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында мемлекет және қоғам қайраткері, Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар  өтті.

Халықаралық ғылыми конференцияда  «Ұлттық өнер мен әдебиеттің қалыптасуы мен дамуындағы Темірбек Жүргеновтің бірегей тәжірибесі»,  «Қазақстан мен Орта Азиядағы білім беруді, мәдениетті және өнерді ұлттық сананың кемелденуіндегі бірегей тәжірибе ретінде жаңғырту» және «Қазақстан мен Орта Азиядағы тарихи-мәдени және білім беру моделінің рефор­машысы ретіндегі Т.Жүргенов қызметінің мәні»  атты тақырыптық мәселелер қам­тылды.  Қазақ Ұлттық Өнер академиясы­ның  ректоры   міндетін атқарушы, про­фессор — Шәріпбек Әмірбеков, Ш.Уә­лиханов атындағы Тарих және этнология инситиуты директорының орынбасары, профессор Сайын Борбасов, М.Ұлуғбек атындағы Өзбекстан Ұлттық универси­тетінің профессоры — Замира Ишанход­жаева, Ресей-Тәжік славян университе­тінің кафедра меңгерушісі, доцент — А.Ар­тықов, Темірбек Жүргеновтің туысқан­дары, Л.Гумилев атындағы  Еуразия Ұлттық университетінің «Телерадио және қоғаммен байланыс»  кафедрасының доценті — Б.Иманғалиев қатысты.  Осын­дай үлкен ғылыми басқосуда Т.Жүрге­новтің қай­раткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында кеңінен сөз болды.

Конференцияда алғашқы баянда­машы болып сөз алдым. (Конференцияда айтатын сөзімді аймақ басшысы Қ.Е.Кө­шербаевпен келісіп және толықтырып алдым) — Темірбек Жүргенов Өзбекстан­дағы халық ағарту комиссары деген жоғары деңгейдегі лауазымды қызметін қалдырып, 1933 жылы елге келіп қазақ деген ұлттың тіліне, білімі мен мәде­ние­тіне, мемлекет болып қалыптасуына ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Алаш ардақ­тылары тұтқындалып, атылып жатқан кезеңде өзінің де аман қалмайтынын біле тұра, «Отаныңмен салыстырғанда ең қымбатыңның өзі арзан», деп Қадыр ақын айтқандай, бір шыбындай жанының амандығынан ұлтына қызмет етуді артық көріп, осындай қадамға барды. Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қойып, «Қазан төңкерісінен кейін тоталитарлық идео­логияның беті қатайып, енді болмағанда біз де тіл мен өнерден біржолата айы­рылып қалғалы тұрғанда өнер басына, тәңір жарылқағыр, Темірбек Жүргенов кеп, аз уақытта ұлт рухы қайта түледі». (Ә.Нұрпейісов)  Өлшеулі уақытқа беріл­ген мүмкіндікті ұлт мүддесіне барынша пайдалануға ұмтылды. Ұлт зиялылырына қарсы ұйымдастырылған зұлматтың құрбанына айналды.

Темірбек Жүргенов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ақталғаны­на 60 жылдан асса да, қазіргі ғылым мен технология дамыған заманда әрқайсы­сының сүйектері жеке дара сарапталып, жер қойнына ислам шартымен әлі тапсы­рылған жоқ. Алаш арыстарының ресми бейітінің болмауы біздің мемлекеттігі­мізге, қала берді тәуелсіздігімізге өзге мемлекеттер мен ұлттар алдында үлкен сын.  

Екінші дүнижүзілік соғыста опат болған миллиондаған жауынгерлердің ормандарда, батпақтарда немесе окоп­тарда қалған сүйектері ыждағаттылықпен жиналып жер қойнына табысталып мәрмәр тастарға есімдері жазылып жатқаны белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп атап көрсетті. Осы міндет тұр­ғысынан қарағанда, Алматы қаласының маңындағы «Қандысайда», «Жаңалықта» жатқан мемлекет және қоғам қайраткер­лерінің ақ кебінге оралмай, жаназасы оқылмай  алғашқы көмілген (жерленген емес) жерінде жата беруі, яғни белгіленген зираты болмауы, ақылға сыймайды. Ұлт мойнына қарыз. Бұл бағыттағы жұмыс­тардың атқарылуы  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі немесе  облыс әкім­деріне жүктелуі тиіс деп ойлаймын.

Аспанды қара түнек торлаған  сол зұл­мат жылдары қазақтың қаймағы саналған мықты, қайсар, қайраткер қаншама азаматтарынан айырыла отырып, тамыры терең салт-дәстүрімізге сай сол арыстар­дың бауырлары мен ұрпақтары жария  түрде аза тұтып, аналары мен жарлары  қара жамылып жоқтау айтып кеудесіндегі шерін де ақтара алмады.  Арымызға  аруақ­тардың аманаты іспетті  артылған қастерлі парыз атқарылса, атылып кеткен арыстарымыздың рухына тағзым жаса­ғысы келген туған-туыстары мен ұрпақ­тары үшін, жады мен зердесінен өшіре алмай жүрген зиялы қауым үшін, жалпы халық үшін сауапты іс  болар еді.

Темірбек Қараұлы Жүргенов қоғам­дық қорының төрағасы ретінде менің осы ұсынысымды Отаным деп жүрегі соққан барлық азаматтар мен қоғамдық қор жетекшілері қолдайды деген сенімдемін!

Рахымжан Отарбаев «Нарком Жүр­генов» спектакілінде Темірбек Жүрге­новтің аузына Фирдоусидің заманынан жетті деген мынадай сөзді салады. «Қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ. Қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ» Адамдары жартыкеш болған заманды артта қалдырдық, бүтін, кемелденген қоғамның иесі, толық адам екендігімізді дәлелдейік, дедім.

Конференция тұжырымдамасына: — Келесі 2019 жыл Қазақстанның Өз­бекстандағы жылы. Осыған байланысты Т.Жүргеновтің Қазақстанның Түркістан республикасындағы тұрақты, өкілетті өкілі, Ташкентегі Қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1930-1933 жыл­дар­ғы Өзбекстанның халық ағарту комиссары қызметтері барысындағы еңбектерін жинақтап өзбек және қазақ тілінде кітап етіп шығарып, Өзбекстанда тұсаукесерін өткізу, ғылыми конферен­ция және Қызылорда театрының «Нарком Жүргенов» спектаклінің қойылымын ұйымдастыру жайлы және басқа да ұсыныстар енгіздім.

Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың жұмыс істегеніне бес жыл болды. Осы жылдар ішінде Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында болып, қайраткерді ұлықтау шараларына қатысудың ретін келтіре алмай жүретінмін. Оның да реті келейін деп тұр. Ырғыз ауданының әкімі Мәди Қанатбайұлы Елеусізовпен Абзал Мұхимов бауырым байланыстырып Темірбек Жүргеновке арналатын шара­ның қандай нұсқада ұйымдастырылуы қажеттігін пысықтаудамыз.

Темірбек Қараұлы Жүргеновті ұлықтауды Түркі елдерінің мәдени байланыстары жөніндегі халықаралық ұйым «Турксой» аясында аталып өтілуіне қол жеткізсек деген жоспарымыз бар. Алла сәтін салғай.

Сәпен АҢСАТОВ

Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы                      

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *