Шетел жаңалықтары

0
118

Әлемнің бір күні

Қазан. Өткен жексенбіде орталық алаңда оппозиция, экологтар, алданған салымшылар мен татар белсенділері біріккен қарсылық акциясы болып өтті. Олар зейнет жасын ұзартуға, елдегі мемлекеттік тілді оқу міндетті болмай, әркімнің өз еркіне ауысқанына, Қазан маңынан салынатын қоқыс өртейтін зауыт құрылысына қарсылық білдірді.

Митингтің өтуіне қала басшылығынан рұқсат алынған.

Митингті елде жақында ғана құрылған «ТР-ның қоғамдық өзі құрылған ұйымдарының кеңесі» ұйымдастырған. Бұл ұйымға демократтар, солшылдар, экологтар, татар белсенділері сияқты билікке қарсы күштер біріккен.

Ливия. Оңтүстік батыста қаруланған тайпалық жасақ елдің ірі мұнай кенішін басып алған. Тайпа талабы: мұнайды сыртқа сатудан түсетін табысты қайта бөліске салу. Ливия Ұлттық мұнай корпорациясы олармен келісімге келуден бас тартып, келтірілген шығындарды есептеуде. Тәулігіне 400 мың баррелдей мұнай өндіру қысқарып отыр. Егер қақтығыс тыйылмаса, әлемдік мұнай нарығына зор әсері болары сөзсіз.

Өткен аптаның сенбісінде «Феццанның ашуы» аталатын қозғалыс кеніш аумағына басып кірген. Олар бірнеше насос станцияларын ажыратып, жұмысшыларды қорқытып, жұмысты тоқтатқан. Жаулап алушыларға күзет қақпаны ашқан. Кенішті күзетуге тиіс күзет қызметі 2012-ші жылы құрылған. Негізі олар өздеріне жалақы төлеп отырған мұнай корпорациясына бағынышты болғандарымен, кеніш басшылығы мен күзет қызметі жалақыны көтеру, штатты көбейту мәселесінде ортақ келісімге келе алмауда.

«Феццанның ашуы» қозғалысының мәлімдемесі бойынша БҰҰ-ы келісім жасауға араласпайынша кеніш орны азат етілмейді. Феццанның оңтүстік өңірі ондаған жылдар бойы орталық биліктің немқұрайлылығынан зардап шегіп келеді.

Париж. Өткен аптаның сенбісінде қарсылық білдірушілер төртінші рет көшеге  шықты. Париж көшелерінде тәртіп сақтауға 8 мыңнан астам полиция жұмылдырылған. Бронотехника да көмекке келген. Парижде 10 мыңдаған  адам көшеге шықса, Франция бойынша ереуілшілер саны 125 мыңнан асып кеткен.

Сенбінің таңы атысымен теміржол вокзалдарында, автобус тұрақтарында, астанаға келер жолда, тіпті тұрақты мекен жайында да тұтқындау басталған. Прокуратура тәртіпсіздік орын алуы мүмкін тұстардың барлығына күдіктілерді тінтуге, ұстауға рұқсат берген. Ел бойынша 1723 адам ұсталып, 1220 адам тұтқындалған.

Бұдан 4 апта бұрын елдегі жанар-жағар май бағасының қымбаттауына қарсылық білдіріп, бейбіт ереуілге шыққан сары жилет кигендерге  бүгінде студенттер мен оқушылар, қала тұрғындарына өкпесі бар провинциялықтар, байларды көре алмайтын жастар да қосылған.

«Сары жилеттегілер» зорлыққа қарсымыз дейді, бірақ ел үкіметіне басымдық таныту үшін де зорлық-зомбылыққа баруға мәжбүрміз деп мәлімдеме жасауда.

Париж прокуроры 1 желтоқсанда болған ереуіл кезінде Жеңіс аркасы мұражайын тонағандардың ұсталғанын мәлімдеген. Әлемге әйгілі Жеңіс аркасы мұражайын тонау ереуілді түсірген тікелей эфир кезінде көрсетілген. Телекөрермендер бұзақылардың мұражайды қалай бұзып, қиратып, тонап жатқанын көк жәшіктен көріп отырған. Тонау, қирату салдарынан 1 млн. еуро шығын келгенінен бөлек, мұражайдың кейбір экспонаттары келмеске кеткен.

Бүгінде 13 ересек, бір жасөспірімге вандализм үшін айып тағылуда.

Ереуілдер кезінде тоналған сауда орындарының иелері ұрланған заттар сатылуы мүмкін сайттардан өз тауарларын іздеуде. Мәселен, Жеңіс аркасы жанындағы мотоциклдер дүкенінен мотоцикл мінгендер мақтанып, олжаларын әлеуметтік желілерге салып, ұсталуда.

Армения. Кезектен тыс парламент сайлауы болып өтті. Әрине, Үкімет басшысы Никол Пашинянның «Менің қадамым» блогы жеңіске жетті. Алдын-ала белгілі болғанындай, күткендегідей. Тек, дауыс беруге келген сайлаушылар саны бұрынғыдан анағұрлым аз болды.

«Менің қадамым» блогына қарсы 9 партия, тағы бір «Біз» деген блок сайлауға түскенімен, олардың бағы жанбады. Дегенменен, үш, не төрт оппозициялық күш Парламенттен орын алуы мүмкін.

Жапония. Ел Парламенті кәсіби төмен шетелдік жұмысшы күштерінің елге келуіне жол ашатын заң қабылдады. Бұрын еңбек мигранттарын жапондықтардың жақтырмауына орай бұған шектеу қойылып келген еді. Енді еңбек ресурстарының тапшылығына орай алдағы 5 жылда 345 мың адам келеді деп күтілуде.

Жұмысшы визалары екі категориядан тұрады. Біріншісі кәсіби төмен жұмысқа келетіндерге арналған. Оларға отбасын алып келуге рұқсат етілмейді. Екінші категория жоғары кәсіби маманға арналған. Оларға жұбайын, балаларын алып келуге рұқсат етіледі. Қонақ үй бизнесі, медицина (санитарка, күтуші), қарт кісілерге күтім жасайтын, құрылыс (қара жұмысшы) жалпы 14 салаға төмен жұмысшы қолы қажет.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here