ШЕТЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

0
145

Тегіншіліктің түбі

Түрікмен елі газ қоры жөнінен әлемде 4-ші орында. Содан да болар түрікмендер осы уақытқа дейін жанар майды, газды, суды, жарықты, тіпті тұзды да тегін пайдаланып келді.

Биылғы жылдың қыркүйек айында ел президенті Г.Бердымухаммедов тегіншіліктің бәріне тыйым салды. Бұрынғы тегін коммуналдық қызмет ақылы тарифке көшкеннен кейін тұрғындардың қалтасына салмақ түскені анық. Оның үстіне ел валютасы манаттың да құнсыздануы, (2018 жылдың бас жағында 1 доллар 9-10 манат болса, қазан айында 1 доллар 18-19 манат) ел берекесін қашырғаны анық.

Жоғарыда айтып өткендей Түрікмен елі газ қоры жөнінен әлемде 4-ші орында тұрғанымен, оның газын тұтынатын мемлекеттер қатары соңғы жылы азайып кеткен. Мәселен, бұған дейін Түрікмен газының тұтынушысы болып келген Ресей 2016-шы жылдан бастап Орта Азия — Орталық-4 газқұбыры магистралының Түрікмен еліне қатысты учаскесінде болған апатқа орай өз нарығын жапты.

Төленбеген қарызға қатысты айыптауларға байланысты 2017-ші жылдан Иранның солтүстігіне де Түрікмен газы жіберілмейді.

Түрікмен газын кезінде берген несиесін жабу есебінен тұтынатын болғандықтан Қытайға газ өткізуден де аса пайда болып тұрған жоқ. Сыртқы нарықтағы үлесінің азаюы салдарынан 2017-ші жылы Түрікменде газ өндіру алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,8 млрд. куб/метрге азайған.

Ресми емес дерек көздерінің мәліметі бойынша сыртқы сауда тапшылығы 10 млрд. долларға жеткен. Алайда, сыртқа шыққан қаржы көлемі бұдан анағұрлым көп. Мәселен, Швейцария банкісінің халықаралық есеп айырысуы бойынша Германияның әртүрлі есепшоттарында Түркімен елінен шыққан 23 млрд. доллар ақша сақтаулы. Әрине,  бұл қаржылардың  кімдерге тиесілі екені әзірге белгісіз.

Ел ішінде елге қажетті тауар мен азық-түлік қатшылығынан бөлек, қымбатшылық та белең алуда. Мәселен жеке дүкендерде Қазақстан ұны екі есе, Ресей ұны 70%-дай қымбаттаған. Ет, шұжық, тауық еті бағасы да ұшып тұр. Етке қарағанда бағасы арзандау тауықтың сан етін адам басына 2 келіден артық бермейді. Темекі деген үкімет дүкендерінде атымен жоқ. Жекелерде бағасы удай.

Бензин бағасының да бағасы қымбаттайды деп үрейленген тұрғындар оны көптеп алып, қор жасауға ұмтылуда. Күндіз 2-3 сағаттан кезек болатындықтан, көп жұрт жанар-жағар май бекеттеріне түнде келеді.

Мемлекет көрсететін қызмет бағалары да қымбаттауда. Мәселен, қазан айынан бастап почта қызметі 60%-ға қымбаттаған. Зейнеткерлер уақытысымен зейнетақысын ала алмайды. Есепшоттарына ақша кем түседі, немесе банкоматтарда нақты ақша болмай қалады.

Ел астанасына қарағанда аймақтарда жағдай төмен. Содан да аймақта тұратындар азық-түлік үшін астанаға баруға мәжбүр. Астанадан келе жатқан аймақ белгісі бар көліктерді тоқтатқан тәртіп сақшылары егер де көлікте Ашхабадтың үкімет дүкендерінен алынған азық-түлік, зат көрсе айыппұл төлеуді талап етеді.

Елде қымбатшылық пен қатшылық орын алғанына қарамастан жалақы деңгейі бұрынғыдай. Жұмыссыздық та жетерлік. Әсіресе, ауылдық жерлерде.

Әрине, тегіншілігімен, молшылығымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көршілес елдердің көзін қызықтырған Түрікмен елі мұндай жағдайға қалай жетті дегенде, сарапшылар ең алдымен ел билігінің ауқымды жобаларға қыруар қаржы жібергенін алға тартады. 2016-шы жылы Ашхабадта 2,3 млрд. доллар тұратын сұңқар сипатындағы әуежай ашылған. 2017-ші жылы өткен Азиада ойындары да 5 млрд. долларға түскен. 2018-ші жылдың мамыр айында Түрікменбашы қаласында құны 1,5 млрд. доллар болатын теңіз порты ашылған. Каспий теңізі жағалауынан ашылған Аваз курорты құрылысына да талай миллиардтардың кеткені анық. Өкінішке орай, курорттағы қонақүй бағасы, жалпы қызмет бағасы өте қымбат тұратындықтан, қара халықтың онда демалуға қалтасы көтермейді. Ал, визалық режимнің қаттылығынан шетелдіктер келе алмайды. Содан да Аваз курорты да өз-өзін ақтамай, мойынға құр салмақ болып тұр.

Ел халқы көп емес. 6 млн.-ға жетер-жетпес. Әрине, қатшылық пен қымбатшылықтан жұрттың жыраққа жылыстайтыны белгілі. Содан да жасы 40-қа жетпеген тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салынған. Тыйымға қарамағандарды әуежайда тоқтатып, кері қайтарады. Сондай-ақ  түрікмен пластик картасымен шетелдерде ақша алуға да шектеу қойылған. Енді алдағы уақытта шетке шығатын төлқұжат мерзімін бір жылға дейін шектеу мәселесі талқылануда.

Бұл елдегі тағы бір өзгеріс биылғы жылдың қыркүйегінен бастап отбасы кодексіне өзгеріс еніп, көп әйел алуға рұқсат берілмейтіндігі туралы арнайы бап қосылды. Егер де бір уақытта екі немесе одан да көп әйелмен бірге ортақ шаруашылық жүргізетін болса өте көп мөлшерде ақшалай айыппұл салынады, немесе екі жылға дейін түзеу жұмыстарына жегіледі.

Ойынқұмар Достаевский

1862-ші жылдың 24 маусымында Достаевский Нассау графтығындағы Висбаденде алғаш рет сол кездегі кең тараған құмар ойын рулетканы ойнады. Бұл жылы ол қояншық ауруынан айығу үшін жаз бойы шетелде болады. Жыл басында екі рет аузынан ақ көбік ағып, есінен танып құлағаннан кейін Висбаденге келген орыстың классик жазушысы қояншығын қоя тұрып, ойынқұмар ауруына шалдықты.

Достаевский қыркүйекте Гамбург қаласына келіп, рулетка ойнаған. Ал, ол келем дегенше 17 жыл бұрын орыстың тағы бір керемет жазушысы Гоголь осы қалада тұрып, емделіп, минералды су ішіп, аман-есен қайтқан.

1863-ші жылы Достаевский шетелде денсаулығын түзету, әрі еуропалық дәрігерлерден кеңес алу үшін әдебиет қорынан 1500 сом қарыз сұрайды. Жылына 5%-дық үстемемен, оның үстіне Достаевскийдің барлық шығармаларына құқық кепілдігімен несие беріледі. Сол жылы тамыз айында жазушы Ресейден шығып, Берлин, Дрезден, Франкфурт-Майн арқылы Висбаденге тартады. Тамыздың 21-і мен 24-і аралығында рулетка ойнап, ірі көлемде ұтыс ұтады. Ұтысымен қордың қарызынан құтылып, алаңсыз шығармашылықпен айналысуға болар еді. Казиноға қайта барып, ойыннан ұтылып, ұтысының жарыдан астамын қалдырады. Қалған ақшасынан қонақүйге ақысын төлеп, Парижге билет алады. Парижге келіп неміс ақшасын француз франкіне ауыстырып, 600 сом алтын ақшаны Ресейдегі бірінші әйелі Мария Дмитриевна Достаевскаяға жібереді.

Достаевский Парижде Аполлинария Сусловамен кездеседі. Олар бірге Италияға барады.  Жолай Баден — Баденге аялдайды. Төсегі бар екі бөлмені әрең тапқан олар сезім құшағына беріледі. Қалада болған үшінші күні Достаевский ойынға кіреді. Суслова өз күнделігінде «Ф.М. ұтылып қалды, жолға ақшасы аз екеніне қамығып отыр. Аяп отырмын, одан не пайда? Қолымнан келер көмек жоқ» деп жазады.

Ұтылғанына қарамастан Достаевский өзінің ойын жүйесіне сенеді. Ағасына, «мен Висбаденде ойын жүйесін жасап, ойнағанымда бірден 10000 франк ұттым. Ертеңіне таңертең жүйені өзгертіп, қызбалықпен ойнағанымда ұтылып қалдым. Кешке жүйемен қайта ойнап едім, қатаң түрде, қиналмай қайтадан 3000 франк ұттым. Ал маған ақша керек, өзіме, саған, әйеліме, роман жазуға да.  Бұнда еш қиналмастан 10 мыңдап ұтуда. Мен мұнда бәрімізді құтқару үшін, өзім де бәледен құтылу үшін келдім. Оның үстіне ойын жүйесіне де сенім бар, әрі Баденге келіп, үстелге жақындадым, бар болғаны шамалы уақытта 600 франк ұттым. Бұл мені қатты қызықтырды. Бір кездері жоғалта бастадым, сонда да өз-өзімді тоқтата алмай, бәрін ұтқыздым. Баденнен саған хат жібергеннен кейін соңғы ақшамды алып, ойнауға бардым. 4 напалеондармен жарты сағатта 35 напалеондар ұттым. Бақыттан басым айналып, 35-ін де ойынға салып жібердім. Бәрінен ұтылдым. Қожайынмен есеп айырысқаннан кейін жолға 6 напалеондар ғана қалды. Женевада сағатымды кепілге қойдым». Сағаттан бөлек, Суслованың сақинасы да кепілге кеткен. Достаевский ағасына ақша сал деп өтініш айтады. Ойына әңгіме желісі келеді. Бұл әңгіменің басты кейіпкері — шетелге кетіп үш жыл бойы рулетка ойнап жүрген орыс адамы.

1,5 баспа табақтық әңгіме үшін Достаевский 300 сом алғысы келеді, ең құрығанда 225 сом алғысы келген әңгіменің соңы «Нақұрыс» романы болып шықты. Достаевский Италиядан, нағыз ойын жері Гомбургке жол тартады. Суслова Парижге ауысады. Көп ұзамай Достаевскийден хат алады. Күнделігіне «ол ұтылып қалып, ақша салуды өтінеді» деп жазды. Ақшасы болмаған Суслова сағаты мен алқасын кепілге қойып, ақша салады. Ақшаны алған Достаевский Дрезденге барып, Ресейге қайту үшін біреуден қарыз алады. Келісімен бірден тәтесінің күйеуінің өсиетнамасымен мұрагерлікке 300 сом күміс ақша алады.

Келесі, 1864-ші жылы жазушының ағасы Михаил Михайлович Достаевский қайтыс болады. Достаевский ағасына «Время» жабылғаннан кейін «Эпоха» журналын шығаруға көмектесіп жүретін.

Достаевский А.Е.Врангелге «Ағамнан бар болғаны 300 сом қалды, осы ақшаға оны жерледік. Одан басқа 20 мыңға дейін өтелмеген қарызы қалды. Дымсыз қалған оның отбасын  қалай тастап кетемін» деп жазды. Ол қарыздың бір бөлігін қайтарады, алайда қайтадан қарыз алуға мәжбүр болады. Жағдайды шамалы болса да жақсарту үшін тәтесінің өсиетнама бойынша қалдырғысы келген 10000 сомын алдын ала беруін өтінеді.

Әдебиет қоры белгілі жазушы Достаевскийге қайтыс болған ағасы «Время» және «Эпоха» журналдарының баспагері әрі редакторының қарыздарын тездетіп өтеуі үшін және бұл қарыздарды өтемесе абақтыға қамалып, нашар денсаулығы жағдайында жаза алмайтынын, қарызды төлей алмайтынын ескеріп, оған 600 сом береді.

Шығынға батқан «Эпоха» жабылады. Врангелге тағы бір хат жібереді. «Ақшамыз болмағандықтан біз енді журналды шығара алмаймыз, уақытша банкроттық жариялауға мәжбүрміз. Бұдан бөлек, менің мойнымда 10000 вексел және 5000 уәдеге берілген қарыз бар. Мен осы қарыздарды төлеу үшін тағы да айдауға қуана-қуана барар едім» деп жазады.

Достаевский баспагер Ф.Т.Стелловскиймен үштомдық шығармалар жинағына келісім шарт жасап, 3000 сом аванс алады. Тургеневке жазған хатында «осы үш мыңнан кредиторларды шамалы болса да риза еттім, қалғанын беруім керектерге бердім, содан кейін кішкене болса да денсаулығымды жөндейін, бірдеңе жазайын деп шетелге кеттім. 3000-нан бар болғаны 175 руб алтынмен кеттім. Басқа мүмкіндік болмады. Алайда үшінші жыл Висбаденде бір сағаттың ішінде 12000 франкке дейін ұттым. Жағдайымды ойынмен жақсартуды ойламасам да, құрығанда үш ай өмір сүретін 1000 франк болса да ұтқым келгені рас. Бес күн болды, Висбадендемін, бәрін ұтқыздым, қара бақырға дейін, тіпті қонақүйге дейін қарызбын.

Сізді мазалағанға өзім де ұялып, ренжіп отырмын. Бірақ, дәл осы сәтте сізден басқа ешкімге жағдай айта алмай отырмын. Мәселе, мынада адам сияқты өтінемін, маған 100 таллер беріңізші».

1866-шы жылы Стелловскиймен келісім бойынша 26 күн ішінде «Рулетенбург» (кейіннен баспагердің талабымен «Игрок» аталады) романын жазып шығарады. Асығу себебі де белгілі, баспагермен келісілген мерзімде аяқтауы керек. Асыққаны соншалық стенографист  Анна Григорьевна Сниткина көмегіне жүгінеді.

Роман өз уақытысында 1866-шы жылы 1 қарашада тапсырылады. 1867-ші жылдың 15 ақпанында Достаевский мен Сниткина шіркеуде некелерін қидырады. Екі айдан соң бірге шетелге кетеді. Достаевскийдің әйелі «Дрездендегі өмірдің үш аптасы өткеннен кейін күйеуім рулетка туралы айта бастады. Оның ойынша Дрезденде бір өзі болғанда ендігі рулетка ойнауға кеткен болар еді. Екі рет айтқаннан кейін, оған  ешбір нәрседе кедергі болмайын деген оймен бірнеше күнге Гомбургке баруға үгіттедім» деп жазады.

Көп үгіттеудің қажеті болмай қалады. 1867-ші жылы 17 мамырда Гомбургқа келеді. Келесі күні әйеліне «мұндағы ойын өте қызық. Қалай шабыттанғанымды білсең, таңертең ойнағаннан, түсте 16 империал ұтылдым. 12 және бір шамалы таллер қалды. Түстен кейін қайта бардым, ұтылған 16-ны қайтадан алдым, оның үстіне 100 гульден ұтым алдым. 300 ұтуым мүмкін еді. Бірақ, тәуекелім жетпеді. Аня, менің байқағаным, ақылға салса, яғни мәрмәр тас сияқты суық әрі адамға тән емес сақтық сақтаса, міндетті түрде ешқандай күмәннің қажеті жоқ, қанша болса да ұтуға болады. Алайда, ұзақ уақыт, көп күн азға қанағат етіп, жол болмай жатса күшке салмай ойнау керек. Мұнда бір жөйт бар, бірнеше күн бойы адамнан бөлек салқынқандылықпен, есеппен ойнап жатыр. Маған оны көрсетті, қазір одан банк қорқуда, ақшаны уыстап алуда, күн сайын ең кем дегенде 1000 гульден алып кетіп жүр. Бір сөзбен айтқанда ақылға салып ойнауға күш салып жүрмін, бірақ бір жағынан бұл жерде бірнеше күнге қалуға шамам жетер емес».

Еуроақшалардың бағамын жақсы білген Достаевский дәуір өте өз суретінің Ресей ақшасында тұрарын білмеген болар…

Тағы бір хат: «Кешегі күн мен үшін өте қиын болды. Көп ұтылдым, он сағат ойнадым, бәрібір ұтылдым. Енді қалған азға бүгін соңғы рет талпынып көрмекпін. Бүгінгі күн бәрін шешеді, ертең саған кетемін, әлде қаламын… Сағатымды кепілге қойғым келмей тұр».

Тағы бір ойын күні. «Кешегі күн нашар болды. Сенесің бе, кеше бәрін, соңғы тиынға, соңғы гульдинге дейін бәрін ұтқыздым, өзіңе жету үшін тезірек ақша сал деп жазуға шешім еттім. Алайда, сағат есіме түсті де, оны сатайын, немесе кепілге қояйын дедім. Мұнда, яғни ойын қаласында бұл қалыпты жағдай. Білесің бе, немістер қандай оңбаған халық, сағатымды шынжырымен (125 рубль еді, ең кем дегенде) бар болғаны 65 гульденге, яғни жарыдан жары бағасына алды. Бір қызығы, осы ақшамен ақыры ұттым, енді сағатымды қайта сатып алуға бара жатырмын.

Аня, сүйіктім, қымбаттым, мен бәрінен ұтылдым. Енді тек роман, бір роман ғана бізді құтқарады. Осыдан қалай үмітті екенімді білесің».

Келесі күні: «Рулеткаға барып, бәрін ұтқыздым… тағы да сағатымды кепілге қойдым, әлгіге. Оны да ұтқыздым. Енді менде бар болғаны жиырма бес флорин бар, ал қонақүймен есептесу керек, жолға төлеу керек, о, құдайым! Тыңдашы, ойын бітті, тездетіп қайтқым келеді, осы хатты алысымен жеделдетіп 20 империал салып жібер. Тездетіп, сол күні, сол минутта, мүмкін болса».

Ақша сұраған хатты жіберісімен Достаевский казиноға қайта келеді. «Қалтамда бар болғаны (әлдеқандай жағдайға деп) 20 гульден қалған. Не де болса 10 гульденге тәуекел еттім. Бір сағат бойы шамамнан тыс сабырлы болуға тырыстым, есесіне 30 алтын фредрихсдорф, яғни 300 гульден ұттым. Өте қуаныштымын, әрі қатты қорқынышты, есім кетсе тағы да екі есе ұтып, бұл жерден тезірек кетіп, бәрін бітіргім келді. Тіпті демалмастан, жан-жағыма қарамай рулеткаға ұмтылдым, алтынымның бәрін салдым, бәрінен ұтылдым, соңғы тиынға дейін, яғни бар болғаны табакка 2 гульден ғана қалды».

Әйелі сұраған ақшаны жібереді. Достаевскийдің келесі хаты: «Аня, сүйіктім, досым менің, әйелім менің, кешір мені, оңбаған дей көрме. Мен қылмыс жасадым. Сен салған ақшаның бәрінен ұтылдым. Кеше алдым, кеше ұтылдым. Соңғы крейцеріне дейін.

Аня, сенің бетіңе енді қалай қараймын? Енді мен туралы не айтасың. Қорқынышым бір нәрсе, мен туралы не ойлайсың? Не айтасың? Сенің үкімің мен үшін қорқынышты. Енді мені құрметтей аласың ба? Сыйластық болмаған жерде қандай махаббат? Біздің некемізге қауіп төніп тұр! О, достым менің? Мені ақырға дейін айыптай көрме! Мен ойынды жек көремін».

Достаевский тағы да ақша салуын өтінеді. Бұл жолы ойынды доғарып, үшінші класты вагонмен Гомбургтан кетіп қалуға еркі жетеді. Мамырдың 27-іне ол Дрезденге әйеліне келеді. Қыдыру, кітап оқу, қояншық ұстау, дәрігерлермен кеңес, жұбайлар арасындағы балалы болсақ па екен деген әңгімелер. Тыныш өмір бір айдан астам уақытқа жетеді. 4 шілдеде Достаевский Баден-Баденге келеді. Келесі күні вокзалда рулетка ойнайды.

Достаевскийдің А.Н.Майковқа хатынан үзінді: «10 луидорды құрбан етіп, құрығанда 2000 франк ұтсаң, бұл Петербургта қамсыз 4 ай өмір ғой деген бұзық ой маза бермеді. Ақыры шайтан азғырып, үш күнде оп-оңай 4000 франк ұттым». Анна Григорьевна осы 4000-ға қанағат етіп, сол мезетте кетуге жалынады.

Алайда, Достаевский тоқтайтындай жағдайда емес еді.

Ұтылыс. Неке сақинасы кепілдікке кетті. Ұтыс. Сақина сатып алынды. Тағы да ұтылыс. Тағы да. Тағы да. Екі неке сақинасы да, өзі сыйлаған әйелінің сырғасы, түйреуіші кепілде. Тағы да ұтылыс. Ұтыс. Сақина сатып алынды, кезекті ұтылыстан кейін қайта кепілге қойылды. Әйелінің мантильясы кепілде. И.С.Гончаровтан ол да ойынқұмар, үш алтын монета қарызға алды, ұтылды. Ішік кепілге қойылды, жаңа ұтылыс.  Киімнің бір бөлігі кепілде. Гончаровтан тағы да қарыз сұрайды. Бірақ, оның өзі ұтылып қалған. Пальто кепілдікке. Ұтылыс. Ойын айдан астам уақытқа созылады. Кезекті ұтылыстан кейін қояншығы ұстайды. Міне, ақыр соңы өзі көптен күткен ҰТЫС. Бәрін қайтарып, сатып алуға болады. Пальто мен фрак келесі күні кезекті ұтылыстан кейін кепілге қойылды. Тағы да қояншығы ұстайды. Тағы да рулетка. Сақинаны қайта кепілдікке қояды. Рулеткамен 1,5 ай өтті. 22 тамыз. ҰТЫС. Достаевский барлық затын сатып алады. Тағы да ұтылады. Сақина мен сырға кепілге қойылады. Осы ақшаға Достаевский Швейцарияға жол жүреді. Ойын үзілді.

Қараша айында Достаевский Швейцарияның Веве қаласына келеді. Әйеліне хатынан: «Мұнда 4-ке 5 минут қалғанда келдім. Рулетка 5-ке дейін екен. Бір сағат қалыпты».

Достаевский 110 швейцария франкін ұтады. Әйеліне ант су ішеді. «Саған сөз беремін 8-ден 11-ге дейін ақылға салып ойланамын».

Келесі хатында «Аня, қымбаттым, мен бәрінен, бәрінен ұтылдым. Енді тек роман, бір роман ғана бізді құтқарады. Мен осыған үміттімін. Сен маған, мен мақсатыма жетіп, сенің құрметіңе ие боламын. Енді ешқашан, ешқашан ойнамаймын». Айтып отырған романы — Нақұрыс. Достаевский романның бірінші бөлімін Женевадан «Русский вестник» журналына 1868-ші жылдың қаңтарында жібереді.

Ешқашан ойнамауға уәде бергенмен Достаевский бірден сөзде тұра алмады. Ол үш рет 1868 жылдың наурызында Швейцарияда, 1870-ші жылы Гомбургте, 1871-ші жылы Висбаденде ойынға беріледі. Үшінші рет ұтылғаннан кейін әйеліне «уайымдама, осы үш күнде қайта туғандаймын, жаңадан өмір бастаймын» деп кәде береді.

А.Г.Достаевская «Мен мұндай бақытқа, Федов Михайловичтің рулетка ойынына суығанына бірден сене алмадым. Ол бұған дейін де бірнеше рет уәде беріп, сөзінде тұра алмады. Алайда, ақыры осы бақытқа қол жетті, шынында да бұл жолы соңғы рет болды» деп жазады.

Висбадендегі рулетка.1771-ші жылы Нассау герцогы өз герцогтығында  құмар ойындарға рұқсат береді.

1782-ші жылы  Висбаденде рулетка пайда болады. Қонақтар кезекті минералды су ішетін алғашқы курзал, курорт архитектор К.Цайс жобасы бойынша 1810-шы жылы салынады. Курзалға казино орналасқан. Бірнеше рет курортта болған Иоганн Вольфганг фон Гете ғимараттың әдемілігін мақтайды. Осы казинода Достаевский ойнаған.

ХХ-шы ғасырдың басында курзал ғимаратын құлатып, жаңасын салады, 1945-ші жылы  Британия бомбылауымен бұл жаңа ғимарат та  қирайды. Тек 1980-ші жылы қайта қалпына келтіріліп, жаңарады.

Курзал бөлмелерінің бірі Достаевский атымен аталады. Сондай-ақ ғимарат алдындағы саябақта жазушы бюсті мен ескерткіш тақта қойылған.

Достаевскийдің «Нақұрыс» романындағы Рукетенбург осы Висбаден.

Гомбург (қазір Бад-Хамбург) курорты қаласындағы курзалда 1841-ші жылы ағайынды Франсуа мен Луи Бланктар салған. Олар казино да ашып, екі жылдан кейін жаңа ғимарат салады. 1872-ші жылы Гессен-Гомбург Пруссия құрамына кіргеннен кейін казино жабылады. Ағайынды Бланктар Монто-Карлоға кетіп, сонда ойын бизнесін жалғастырады. 1949-шы жылы казино қайта ашылып, ағайындылардың фамилиясымен атала бастайды.

Казинода Достаевскийдің портреті ілулі. Бад-Хамбург қалалық саябағының бір бөлігі жазушының атында, ол осы қалаға үшінші рет келгенде тоқтаған қонақүйге ескерткіш тақта ілінген.

1748-ші жылы Баденнің ұлы  герцогы қонақүйлерде құмар ойынға рұқсат береді. Ұлы Герцогтықтың бас қаласы — Баден-Баден ХҮІІІ ғасырдың аяғында жыл сайын 500-ге дейін қонақ келетін мықты курорт болған. ХІХ ғасырда оның танымалдылығы артады.

Курзал 1822-1824-ші жылдары Фридрих Вайн Бреннердің жобасы бойынша салынған. Францияда казиноға тыйым салынғаннан кейін Баден-Баденге жабылып қалған ондаған ойын үйлерінің қожайыны Жак Беназе көшіп келеді. Өзі, кейіннен баласы жергілікті казиноны дамытып, Еуропаға танымал етеді. 1872-ші жыл Герман империясындағы басқа да ойын мекемелері сияқты казино да жабылады. Ол 1933-ші жылы  қайта ашылып 1944-ші жылға дейін жұмыс істейді. 1950-ші жылы қайта ашылады. Соғыс кездерінде Баден-Баден бомбылаудан аман қалады. Достаевский ойнаған ғимарат әлі күнге бар. Жазушы қалаға келгенде екі рет тоқтаған үйге ескерткіш тақта қойылып, «Достаевский үйі» аталады.

Баден-Баден де Висбаден Бад-Хомбург сияқты Достаевскийдің «Нақұрыс» романындағы Рукетенбург прототипі.

Неге кетем дейді?

Германия канцлері, әрі билік партиясының төрағасы Ангела Меркель күтпеген тұстан 2021-ші жылы өтетін Бундестаг сайлауына түспейтінін, тіпті партия басшылығынан да бас тартып, саясаттан алаңсыз кететінін мәлімдеді.

Қазіргі жағдайда биліктегілер арасында орта жас болып танылатын 64 жастағы Меркель 18 жыл бойы партия басшылығында, 13 жыл канцлер болып, Германия елін билеп-төстеп келеді. Бәрі жақсы сияқты. Экономика, жалпы ішкі өнім баяу болса да өсуде, бұрынғыға қарағанда жұмыссыздық төмен. Бірақ, тұрғындар табысы өсіп жатқан жоқ. Халық ағылған босқындарға, жоғары пәтерақыға, экологияның нашарлығына, климаттың тұрақсыздығына, жанар-жағар май дау-дамайына, бәріне-бәріне Ангела Меркельді кінәлі санайды.

Халық кез-келген уақытта көшеге шығып, «Меркель кетуге тиіс» деп ұрандауды әдетке айналдырған. Тіпті, кейбіреулері канцлер үшін ойыншық дар ағашын шеруге де ала шығады екен. Ал, канцлер қаржылық, экологиялық, медициналық мәні бар мұндай қарсылықтарды реттеуге қауқарсыз болып отыр.

2018-ші жылдың қарашасында жүргізген әлеуметтік сауалнама бойынша халықтың 52%-ы Меркель мен оның саясатына қарсы болғандықтан да жаңа сайлау болғанын қалайды. Оның үстіне оның билік партиясын қолдайтындардың да саны азайып келеді.

Бүгінде танымал «Германия үшін балама» партиясы 2017-ші жылы Бундестагқа кіріп, қазір барлық аймақта Парламент сайлауына қатысуда. Бұл партия көшенің «Меркель кетуге тиіс» деген ұранын қолдағаны үшін халықтан қолдау тауып отыр.

Міне, сарапшылар осындай себептерге байланысты алдағы сайлауда өзінің де, партиясының да ұтыларын білген А.Меркель алдын-ала саясаттан, биліктен кететінін мәлімдеуде дейді. Әдемі кеткісі келген Меркельдің өз айтуында «канцлер болып тумағаны» есінде, сондай-ақ елге «жаңа леп те» керек.

Оппозиция билікке келеді?

Өткен айдың соңғы күндерінде Грузияда болып өткен Президент сайлауында М.Саакашвили басқаратын оппозиция өкілі Григорий Вашадзе 37,74% дауыс жинап, екінші орынға шықты.

Бірінші орындағы «Грузиндік арман” партиясының үміткері С.Зурабишвили бар болғаны 1%-бен бірінші орынға шыққан. Енді шамалы уақыттан кейін өтетін сайлаудың екінші турында оппозиция өкілі Вашадзеге үшінші орында дауыс жинаған үміткер өзінің 10%-ын берер болса, онда Грузин елінің билігі өзгерері сөзсіз.

Қазірдің өзінде желтоқсанның 2-сінде өтетін ІІ-ші турда жеңіске жету үшін оппозиция қатты дайындалуда. Кешегі жексенбіде Парламент алдына палаткілер тігіп Украина «Майданын» қайталауда. ҮЕҰ-дар оппозициямен бірлесіп, митингтер өткізуде. Олар билікті елді дамыту үшін бірде-бір іргелі өзгеріс жасамады деп айыптап, олардың биліктен кетуін талап етуде.

Не болғанда да желтоқсанның 2-сінде ел таңдау жасайды. Алайда, сонымен Грузин мәселесі шешіледі деп нүкте қоюға ерте.

Өлгенді де сайлайды

Америкадағы Невада штатындағы заң шығару мәжілісіне өткен сайлауда сайлау күніне дейін бірнеше апта бұрын қайтыс болған Деннис Хоф депутат болып сайланған.

Деннис Хоф Невадада ауқатты, әрі танымал  кәсіпкерлердің бірі. Телесериал жұлдызы, бірнеше ресторан иесі, жазушы, саясаткер. Бірақ, осының бәріне қол жеткізгенге дейін ол бірнеше бордельдердің қожайыны болған «жеңгетай». Тіпті, ұзақ уақыт Невада бордельдері қожайындары біріккен Ассоциация Президенті де болған. Ол бұған еш арланбаған, қайта пайдаланып, саясатқа қол жеткізген.

1946-шы жылы  Аризонада дүниеге келген оның әкесінің велосипедтерді жалға беретін шағын бутигі болған. Деннис әкесіне қарап, кәсіпкер болуды армандаған. Алдымен газет тасып, айлыққа емес, шайлыққа жұмыс істеп, одан кейін май құю бекетіне жұмысқа тұрған. Шайлығын жұмсамаған, жинаған. Сөйтіп, алдымен бір, одан кейін бірнеше жанар май бекетінің қожайыны болған. Бірте-бірте бизнесін ұлғайтып, Невададан да бекеттер ашқан.

Невада — АҚШ-тағы өзгеше аймақ. Мұнда автоматты неке кабиналарында бірнеше минутта некеге отыруға да, ажырасып кетуге де болады. Оның үстіне жезөкшелік заңдастырылған. Бірақ, лицензиясы қымбат тұрады. Содан да арзанқол массаж салондары көп. Деннис Хофта соның бірінің клиентіне айналады. Сонан иесі Денниске бірде қыздардың қатты тоңып қалатынына шағым айтады. Деннис жезөкшелерге отын беріп, есесіне тегін «көңіл көтереді”.

1992-ші жылы ол 1 млн. долларға 1955-ші жылдан бері келе жатқан ескі, танымал бордельді сатып алады. Сонымен қатар жезөкшелердің өмірінен деректі фильм түсіре бастайды. 2002-ші жылы «Кошкин дом», бір жылдан кейін оның жалғасы түсіріледі. Одан кейін сериал жалғасады. Оның жезөкше үйінің қызметкерлері экран жұлдызына айналады.

Ал, өзі америкалықтар арасында аса танымалдылыққа жетіп, өзімен рухтас Д.Трамп үлгісімен саясатпен айналысуға ұйғарым жасайды.

2016 жылы Д.Трамп АҚШ Президентіне үміткер болып жеңіске жетеді. Д.Хоф та Швейцарияның заң шығарушы мәжілісіндегі орынға бақ сынайды. Бірақ, жеңіліп қалады.

2018-ші жылы республикалық праймеризде жеңіп, ресми үміткер болады.

Жеңгетай Хофқа сайлаушылардың 68%-ы дауыс береді. Алайда, ол бұл бақытты сәтіне жете алмады. Сайлау өтерден бірнеше апта бұрын өзінің «жезөкшелер үйінің» бірінде кезекті “ауыр жұмыс күнінен” кейін қайтыс болған еді.

Өлген адамның сайланғаны әлем бойынша соны жаңалық болды. Жұрттың бәрі аң-таң. Алайда, АҚШ үшін бұл соншалықты таңқаларлық жағдай емес. Өйткені, бұған дейін де кеміне 10 рет осындай оқиға орын алған. Заңның ерекшелігі сонда, сайлау күні кандидат тірі ме, өлі ме ел оған дауыс бере береді. Партия кейіннен өлі кандидатты тірісіне ауыстырып, тізімді өзгертеді.

Коммунист билікке келді

Хакасия Жоғарғы Кеңесінің 30 жастағы депутаты Валентин Коновалов ел басшылығына келді.

Хакасияда өткен Елбасшығына сайлаудың екінші турында қалған үміткерлердің барлығы өз еріктерімен бас тартқан. Дауыс беру бюллетенінде бірден-бір үміткер болып қалған Коноваловқа сайлаушылардың 57,57%-ы дауыс берген. В.Коновалов «Халық сенімі үкіметін» жасауға уәде беруде. Саясаткерлер пікірінше коммунистер өз электоратын сайлауға жұмылдыра алған.

Ал, қарсыластарда ондай мүмкіндік болмаған.

Биылғы жылдың 11 қарашасында Хакасияда өткен Елбасы сайлауында бірден-бір үміткер болып жеңіске жеткен Коновалов республикалық коммунистік партия көшбасшысы.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here