Кәсіпкерлер Хартиясы: сыбайлас жемқорлыққа жол бермейміз

0
124

Сыбайлас жемқорлықпен күресуде   жалпы алғанда, Қоғамдағы  мұндай теріс сипаттағы әрбір құбылысқа бей-жай қарай алмайтын кәсіпкерлер өз Хартиясын қабылдаған болатын. Бүгінгі күнде Осы Хартияның мақсаты, бағыт-бағдары және нәтижесі жөнінде  әңгіме қозғау уақыт талабы.

Осыған байланысты  осы сұхбатқа Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлердің құқықтарын  қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қожанов Ерлан Өмірбекұлы шақырылып,  ол аталған құжат төңірегінде өз түсіндірмесін жеткізді.

— Ерлан Өмірбекұлы, әңгімемізді Хартия жайынан бастасақ. Оқырман қауымға Хартияны түсіндіріңізші…

— Бұл кез келген елдегі  орын алған көріністерге, оның ішінде қол ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы азамат­тық қоғамның пікірі, ой еркіндігі, тікесін айтсақ наразылығы. Осы  наразылық — пікір кәсіпкерлердің Съезінде талқыла­нып,  Хартия түрінде рәсімделіп, еліміз­дің барлық кәсіпкерлер ортасына, барша  қауымға Ғаламтор жүйесі арқылы таратылды.

Хартияның саяси сипаты — бұл мемле­кеттің, Елбасының саясатын насихаттап, қолдайтындығында жатса,  құқықтық сипаты —   азаматтарды заң бұзушылық­тан сақтандыру болып табылады. Және бұл құжат жалпы халыққа  жарияланып, бұқаралық сипат алған.

Жалпы алғанда,  бұл құжат  кәсіпкер­лердің барлығы бірігіп, қоғамдағы өзге­ріске, оның ішінде теріс сипат алған құбы­лыстарға өз пікірін, қарсылығын білдіруі.

Хартияда  кәсіпкерлердің міндеті, еліміздің сыбайлас жемқорлықпен күресте нендей үлес қоса алатындығы анық жазылған.

— Кәсіпкер сыбайлас жемқорлықпен күресуге қаншалықты ықпал ете алады?

— Өзінен бастайды. Қалай дерсіз?! Кәсіпкер де бір ұжымның басшысы.

Оның мекемесінде ондаған, тіпті жүздеген адам жұмыс істейді. Хартияда көрсетілген міндет бойынша ол өзі басқаратын кәсіпорында сыбайлас жемқорлықты болдырмауға жауапты бір қызметкерді тағайындайды.

Екінші, кәсіпорын басшысы мекеме­нің ішкі бағдарламасын қабылдайды. Бұл бағдарламада мекеме басшысының міндеті, қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері, құқықтық органдармен байланыстың болуы, бір сөзбен айтқанда сыбайлас жемқорлықпен күресті жүзеге асыру барысы осы бағдарламада толық көрсетіледі. Съезде Хартияға қол қойған кәсіпкердің барлығы да сыбайлас жем­қор­лықпен күресу үшін өзі басқаратын мекемеден бастау керек.

— Бір мекемеде сыбайлас жемқор­лықпен күресетін жауапты адамның болуы дегенді қалай түсінеміз? Бір мекемеде бір ғана адам жауапты ма?

— Әрине, азамат ретінде барлығымыз да жауаптымыз. Бұл жерде бір мекемеде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге, жемқорлықтың алдын-алуды өз ішінде бақылайтын, соған жауапты қызметкер болуы шарт. Ол мекемедегі жағдайды бақылаушы. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды бақылайды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуда ұжымда насихат жұмысын жүргізеді. Тіпті, әр қызметкермен жеке-жеке жұмыс жасап, сыбайлас жемқорлықтың алдын- алуға барынша ықпал жасап, жұмыс жүргізеді. Жемқорлық түбі жақсы болмайтынын түсіндіру бір адамға жүктеледі. Бір сөзбен айтқанда, Хартияның айтпағы — Елбасы­ның елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресте көрсеткен бағыт-бағдарын қолдау және өзінен бастау. «біз де жемқорлықпен күресуге дайынбыз» деп үн қосуы. «Қоғамның белсенді тобы ретінде біз де қарсымыз» деген кәсіпкерлердің үні.

Хартияда көрсетілгендей, сыбайлас жемқорлықпен күресті кәсіпкер өзінен бастау керек. Өз ісіне адал, қолы да, ары да таза кәсіпкер жемқорлыққа жол бермеуге тиіс.

Бұл мақсатта Хартияда тарауларға бөліп көрсетілген. Мәселен, кәсіпкердің мемлекеттік органдармен байланысы, серіктестермен байланыс жасау, мемле­кет­тік сатып алу конкурсына қатысуда заңсыздыққа жол бермеу керектігі бәрі-бәрі анық жазылған. Сонымен қатар кәсіпкердің жариялы­лыққа жақын болуы да осы құжатта айқын көрсетілген.

Тұжырымдап айтқанда, Хартия — әрбір кәсіпкердің, әсіресе басшылық қызметтегі кәсіпкердің бизнес жүргізуде  Әдеп Кодексіне айналуы тиіс.

Бұл облыстық кәсіпкерлер Палатасы басшысы Ғ.Жақсылықовтың  облыстың  барлық кәсіпкерлеріне арнаған Үндеуі деп біліңіз. Сондықтан,  осы сұхбатпен Сіздің газет арқылы барлық кәсіпкерлер назары­на бұл талапты жеткізсек деген ойымыз бар.

Жеткізумен қатар, кәсіпорын басшы­ларына жемқорлықпен күресте жауапты қызметкерді белгілеп, сол ұжымның ішкі бағдарламасын қабылдау сұралады.

— Хартияның қабылданғанына да екі жыл уақыт болды. Нәтижесі қандай?

— Бұл әрдайым кәсіпкерлер назарында, қолданыстағы құжат. Екі жыл уақыттан бері бұл Хартияның қабылданғанын кәсіпкерлер назарына ғана емес, жалпы қоғамға жыл сайын, ай сайын, тіпті күн сайын, сағат сайын назарға салып отыруды, насихаттауды мақсат еткенбіз. Бұл мақсатта «Атаме­кен» кәсіпкерлер палатасы орталығы тиісті бағыт-бағдар беріп отырады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресуде Хартияның оң ықпалы болды деп есеп­теймін. Хартия кәсіпкердің де мүддесін қорғауға бағытталған және өзін қорғап қалу ғана емес, өзі бас болып жемқор­лыққа жол бермеуді мақсат еткен.

Орайы келгенде мына бір жаңалықты айта кетейін. «Атамекен» кәсіпкерлер па­латасы өзінің сайтына құжаттарды дайын­дау бағдарламасын енгізді. «BestProfі» компаниясымен бірлесіп «Келісім-шарттар конструкторын» жасады.

Яғни, кез-келген кәсіпкер «www.contract.atameken.kz» сайтына кіріп дайын құжатты пайдалана алады. Бұл сервистік қызмет кәсіпкерлер үшін үлкен көмек екені даусыз.

— Бүгінгі әңгімеңізден түйгеніміз: бүгінгі кәсіпкер өнім өндіруші, кәсібін жүргізуші ғана емес, қоғамның көшбас­таушысы.

— Қоғамдағы кез-келген құбылысқа бей-жай қарай алмайтын, өзіндік пікірі мен көзқарасы бар азаматтар дер едім. Бұл Хартияның өзі заң бұзушылықтан өзін қорғау мақсатында емес, жемқор­лықпен күресуде өзі бастап елді шақыру оның ел, қоғам алдындағы борышын көрсетеді.

Сұхбаттасқан Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here