Қармақшы ауданы Төретам кенті әкімі Шайкибек СҮЙЕМБЕТОВ: ТӨРЕТАМДЫҚТАР КӘСІПТІҢ КІЛТІН ТАПТЫ

0
277

Төретам ­ ғасырдан астам тарихы бар құтты мекен. Киелі топырақтан қаншама айтулы әнші-сазгерлер мен ақын-жазушылар, саңлақ спортшылар мен өнер майталмандары өсіп, өркен жайған. Ат төбеліндей халықтың үкілі үміті мен асыл арманының куәсі болған құтты қоныс бүгін де аймағымыз үшін маңызды рөл атқарып отыр. Сондықтан, кенттегі азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында мектептер мен балабақша, түрлі әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілуде. Бұған қоса, кәсіпкерлік саласына арналған мемелекеттік бағдарла­маларды тұрғындарға түсіндіру, қолдану жолын насихаттау жолға қойылған.

Төретам кентінің тіршілігі іргелес орналасқан Байқоңыр қаласымен тығыз байланысты. Себебі, тұрғындардың басым бөлігі қаладағы ресейлік мекемелерде жұмыс жасайды. Табысын кәсіпке байланыстырған жандар да жетерлік. Осы орайда, кенттегі атқарылған жұмыстар мен тұрғындар тіршілігі, түйткілді мәселелер мен  алдағы даму жоспары турасында Төретам кентінің әкімі Шайкибек Сүйембетовпен аз-кем сұхбат құрудың сәті түсті.

— Шайкибек Шайхислам­ұлы, сөзімізді алдымен тұр­ғындарының жай-күйі мен тұрмыс деңгейінен бас­тасақ…

­- Бүгінде Төретам кентінде 12 мыңға жуық халық мекен­дейді. Тұрғындардың әлеумет­тік жағдайы мен тұрмыс деңгейі тұрақты. Бұрын басты мәселе­нің бір жұмыссыздық еді. Бұл мәселе де өз шешімін тауып, жұмыссыздар саны жыл санап азаюда. Биыл өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар 2589-ға жетті. Ал, өнімсіз өз-өзін жұмыс­пен қамтыған адам саны мыңнан астам. Бұл кент әлеуетінің артқанының көрінісі. Көптеген дүкендер мен сауда орталықтары ашылып, елдің экономикалық ақуалы жоғары­лауда. Бүгінде кішкене Төретам кентінде 7 құрылыс дүкені, 10 көлік жуу, жөндеу орталығы­, 2 наубайхана, 3 тұрмыстық-техникалық қызмет көрсету орталығы орналасқан. Авто­станциядан Шымкент пен Ақтөбе қалаларына тұрақты көліктер қатынауда.

— Төретамдықтар көбіне қандай кәсіппен шұғыл­данады?    

— Кәсіп ашқан немесе жаңа­дан бастауға қадам жасаған азаматтар туралы барлық ақпа­ратты тұрақты алып, бақылап, сараптама жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырамыз. Сондағы аңғарғанымыз тұрғындардың көбі кәсіпті сауда, қызмет көрсету салаларында бастай­ды. Соның ішінде, азық-түлік, киім-кешек сату, жүк тасыма­лымен айналысатындар басы­мырақ. Неге дейсіз ғой? Себебі, кентте үлкен өндіріс орындары жоқ. Сондықтан тұрғындар сау­дамен айналысуға бейімделген. Сонымен бірге, іргемізде әлем­ге белгілі шаһар болғандықтан кәсіпкерлерге тұтынушы табу қиынға соқпайды. Реті келгенде айта кетейін, Байқоңырда 78 мың халық орналасқан. Оның жартыдан астамы қазақтар. Сол азаматтардың басым бөлігі азық-түлік тауарларын кенттен алады. Әкімшілік тарапынан сауда-саттықтың дамуына, кәсіпкерге қолдау білдіруге мүмкіндік жасауға тырысамыз. Осыған орай, жыл басынан бері 12 ауыл шаруашылығы жәр­меңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге кентпен қатар, Байқоңыр қаласының тұрғын­дары да қатысып, сауда жаса­ды. Байқоңырлықтардың кент нарығына қызығуының өзіндік себебі бар. Өйткені, қалаға қарағанда біздегі  азық-түлік пен киімдердің бағасы арзан.

— Демек, кәсіпкерлер саны да артты ғой…

— Төретамда кәсіпкерлікпен айналысуға құлықты азамат­тардың саны жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылдың көр­сеткішіне сәйкес, тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің саны 718 бірлікке жетті. Аймақ бас­шысы биылғы жылды “кәсіп­керлік жылы” деп жариялағалы өңірдегі аталмыш салада жаңа серпілістер орын алды. Мәсе­лен, биылға дейін жылдық табысы 2 млн теңгеден асатын 39 адам болса, жарты жылда атқарылған жоспарлы істердің нәтижесінде олардың саны  74 адамға жетті. Осы аптаның өзінде бұл қатарға 3 кәсіпкер қосылды. Сондықтан, кәсіп­керлік саласы дамуда деп сеніммен айта аламын. Соңғы екі айдағы осы саладағы жаңа­лығымыз ­- “Алмаз” сауда орта­лығының ашылуы. Көлемі 1000 шаршы метр ғимаратты бүгінде 100-ге жуық азамат жалға алып, сауда жасауда. Сонымен қатар, жақында сауда орталығынан “Қазпочтаның” бөлімі ашылды. Бұл — ­халық үшін үлкен көмек. Себебі, кентте бұрын банк болмаған. Бір ғана банк жұмыс жасады. Оның өзі Байқоңыр қаласының ішінде орналасқан болатын. Енді, “Қазпочта” арқылы тұрғындардың несиесін төлеуге, зейнетақысын алуға қолайлы жағдай бар.

Мемлекеттік бағдарла­малар бойынша кәсіп ашқан азаматтар бар ма?

— Мемлекеттің қолдауына ие болып, кәсібін дөңгелетіп отыр­ған жандар жетерлік. Мысалы, Мырзадәулет  Есжанов есімді азамат “Sulpak” тұрмыстық-техникалық сауда орталығын ашу мақсатында “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы­мен 10 млн теңге көлемінде несие алды. Кәсіпкер бүгінде 37 адамды жұмыспен қамтып, өз ісінің игілігін көруде. Сонымен бірге, ағымдағы жылы “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға ар­налған бағдарламасы аясында  “Ауыл шаруашылықты қолдау” қоры арқылы 2 кәсіпкер, “Өңір­лік инвестиция” орталығы арқы­лы 5 кәсіпкер қаржы алды. Ал, “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы аясында қой­маны қалпына келтіру жұмысы (10 млн), қаражат айналымын көтеру (44 млн), техника алу (18 млн), құрылыс жұмыстары (6 млн) бойынша 4 жоба жасалып, 78 млн теңге несие алынды. Қайтарымсыз грант бойынша жеткен жетістіктеріміз аз емес. Биыл Төретам кентінен аталған грантты 4 жоба жеңіп алып, қайтарымсыз қаражат еншіледі. Қаржы балабақша және фото­салон студиясын, тігін мен печенье өндіру цехтарын ашу бойынша берілді. “Іскер әйел­дер” бағдарламасымен А.Бер­ма­ғанбетова мен А.Ерімбетова жолаушы тасымалы бойынша, К.Есжанова құрылыс жұмыс­тары үшін нәзік жанды кәсіп­керіміз несиеге ие болды. Бұл жетістіктердің барлығы осы жылда бағындырған белестер. Сонымен бірге, жақын арада облыс орталығына барып, өңір­лерді дамытуға байланысты арнайы бағдарламаға қатысып, жергілікті кәсіпкерлермен бірге 7 жобамызды қорғау жоспар­лануда. Сондықтан, алдағы уақытта сала көрсеткіші тағы да табысты нәтижемен толыға­тыны сөзсіз.

— Инфрақұрылым мәсе­лесі толық шешім тапты ма?

— 2018 жылда кент инфра­құрылымын жаңарту бойынша бірнеше жұмыстар атқарылды. Соның ішінде ең маңыздысы Самара-Шымкент тас жолының бойынан Төретам кентіне қарай жүретін 2,2 шақырым жолды жөндеуден өткіздік. Бұл халық­қа үлкен жәрдем болды. Себебі, бұрын 2 километр жолды жарты сағат жүретін еді. Жолаушыға да, көлікке де, қиындық туды­ратын. Енді ол жолмен  5-10 минутта кентке жетуге болады. Оған қоса, 2 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Олар: ұзындығы 700 метр  Қ.Рысқұлбеков пен 1 километр Аманкелді көшесі. Оған қоса, аталған  Амангелді көшесі бойына жарықтандыру жұмыс­тары жасалды. Электр жары­ғынан да халық ешқандай қиын­дық көрмейді. Бұрынғыдай жарықтың үзілу секілді жағдай­лар болмайды. Бізде тек сумен қамтамасыз ету жағынан ғана қиындықтар кездеседі. Себебі, кентке су РФ арқылы келіп отыр.  Сондықтан, жаз айларында су тапшы болатын кездері болады. Мәселені жолға қоюға барынша тырысудамыз.

— Тұрғындарға биыл көмір жеткілікті ме?

­ -Бүгінгі күнге дейін 42 вагон көмір кентке келді. Алдағы уақытта тағы да жеткізіледі. Негізінен, жылына 100-110 вагон­ға дейін көмір алынады. Қазіргі қамтамасыз ету 50% орындалып отыр. Вагондардың уақытылы келуін тұрақты қада­ғалап, барынша халықты көмір­мен қамтамасыз етуді бақы­лауда ұстаудамыз. Жылда жет­кізуші кәсіпкерлермен байла­ныс орнатылып, кемшіліктер болмауы қадағаланады.

— Кентке газ тартылу қашан басталады?..

— Кентті газбен қаматамасыз ету 2019-2021 жылдар аралы­ғында жоспарланған. Алдымен қазіргі күні Байқоңыр қаласын­дағы жеке тұрғын үйлер мен қазақстандық балабақша, мек­тептерді газдандыру жүргі­зілуде. Сәті түссе алдағы уа­қыт­та көгілдір отынның игілігін төретамдықтар да көреді деген сенімдеміз.

­- Төретам кентінде жер тапшы екені көп айтылады. Осы ретте, тұрғындарға жер беру мәселесі қалай жүр­гізілуде?

— Бұл ­- күрделі мәселе. Алдымен мына жағдайға мән беру маңызды. Төретам кенті­нің жер көлемі шағын,  сұраныс жоғары. Азаматтардан келіп түскен  өтініштерді тіркеп, тізім­ге қосудамыз. Қазіргі таңда Төретам кентінде 2400 адам жер алуға тізімде тұр. Алайда, бізге берілетін жердің болмауы қолбайлау. Егерде алдағы уақытта РФ-нан жалға алудан шығарылатын жерлер болатын болса, тиісті жұмыстар жаса­латын болады. Бұл алдағы күн­нің еншісінде. Бірақ, қазір тұр­ғындарға жер беріліп жатқан жоқ. Және оған көп уақыт болды. 

­- Жастармен жұмыс тұрақты жүргізілуде ме?

­- Кентте 14-29 аралығында 2657 жас бар. Солардың ара­сында өз-өзін жұмыспен қамту­шылар саны — 460, жеке кәсіп­кер саны 82. Ол жастарды қо­ғам­дық өмірге белсене ара­ластыруға үндеу тұрақты жүр­гізіледі. Атқарылған жұмыс­тар оң нәтиже беруде. Мәселен, жыл басынан бері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа дәуір­дің кемел келбеті” атты жолдауын жастар арасында насихаттау мақсатында мек­тептер мен кітапханаларда шығармашылық байқаулар, іс-шаралар және “Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру” бағдар­ламасы аясында “Рухы биік нар тұлға” атты Ахмет Байтұрсынов­тың 145 жыл толуына орай дөңгелек үстел ұйымдасты­рылды. Сонымен қатар, Қар­мақшы ауданының  90 жылдық мерейтойына өз үлесін қосуға ынталы жастардың да қатары мол болды. Себебі, аудан ­- ­ортақ, мерей — бір. Соған орай, кент жастары үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе “Туған жерім ­- алтын қазынам“ атты іс-шара өткізді. Аудандық спар­такиададан да  спортшылары­мыз екінші орын еншілеп, мерейімізді арттырды

Оған қоса, жақын арада денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына жаңа жол ашылды. Аймақ басшысы арнайы бас сұғып, кешеннің ашы­луымен тұрғындарды құттықтап, ізгі ниетін жеткізді. Қазіргі таңда онда волейбол, футбол, баскетбол, бокс үйір­мелері жұмыс жасауда. Жатты­ғу залдары, фитнес кабинеті арнайы спорттық құралдармен толық жабдықталған. Жақында, аталмыш спорт кешенінде меке­мелер мен мектептер арасында бірнеше спорттық шаралар өткізілді. Сонымен бірге, кент клубында би, домбыра, үйірме­лері жұмыс жасайды. Бұның барлығы болашағымыз үшін, өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан жарқын істер деп қабылдауымыз керек.

­- Үкіметтік емес ұйымдар туралы айтып қалдыңыз. РФ мен Төретам кентінің үкі­меттік емес ұйымдары ара­сында байланыс орнатылған ба?

­- Әрине. Екі ел арасында етене байланыс болғаннан соң, үкіметтік емес ұйымдардың да бірлесе жұмыс атқаратыны заңдылық. Мысал ретінде, биыл ғана өткен “Дружба народов” атты үлкен фестивалді атауға болады. Аталмыш шараға Төре­там кентінің жастары қатысып, әртүрлі би, ән арқылы өнерлерін көрсетті. РФ тарапынан да үлкен қолдау жасалып, өзге ұлт өкіл­дері де фестивалге өз үлестерін қосты. Бұл еларалық мәдени байланыстың артуына, ынты­мақ­тастықтың алтын діңгегінің нығаюына жасалған қадамдар­дың бірі десек артық емес.

— Білім саласында нендей жетістік?

— Кентте 3 мектеп білім беруде. Соның ішінде  №80 гимназияның білім саласындағы жетістігін ерекше атар едім. Себебі, ұстаздар құрамының біліктілік деңгейінен бөлек, оқушылардың өзі облыстық, республикалық түрлі сайыстар­дан үздік нәтиже көрсетіп елді қуантуда. Сондықтан, аудан бойынша білім деңгейі жоғары мектептердің алдыңғы қата­рында. Елбасының алға қойған жоспарының бірі Қазақстанның білім стандарты заман тала­бына сай, озық болуын қамта­масыз ету екені мәлім. Соған орай, электронды күнделікті қолдану, жаңа технологиялық құралдар мен компьютерлермен жабдықтау секілді бастамалар білім ошақтарында жүйелі жүргізілуде. Тек мектептер ғана емес, әрбір салада цифрлық жүйеге көшу өз жалғасын табуда.

— Кент әкімшілігі де цифр­лы жүйеге көшірілді ме?..

— Әкімшілікке арнайы компью­терлер алдырып, аза­маттар өтініш-арыздарын қағаз жүзінде емес, электронды жүйе­де жүргізуіне жағдай жасау жоспарланған. Өтініш-шағым қай жерде де, қай уақытта да болады. Себебі, бес саусақ бірдей емес. Сондық­тан,келіп түскен арыздарды тіркеп, заң шеңберінде қызмет көрсетуге тырысамыз.

— Тұрғындарға атаулы әлеуметтік және медици­налық көмектер уақытылы көрсетіліп отыр ма?

­-Тұрғындар атаулы әлеу­меттік көмек алуы үшін тиісті құжаттарды аудан орталығына тапсырады. Кентте 113 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Барлық азаматқа тұрақты және уақытылы көмектер көрсеті­луде. Осы орайда, соңғы жаңа­лығымыз келер жылдан бастап тұрғындар Қармақшы ауданына бөлініп, облыстық медицина орталығының филиалына ауы­сатын болады. Бұл Төретам халқына үлкен жеңілдік болғалы тұр. Бұрынғыдай Қармақшыға қатынамай, іргеміздегі Байқо­ңыр қаласынан ем алуға мүм­кіндік туады. Тұрғындар үшін басты қуаныш — осы.

­- Қайырымдылық шара­лары тұрақты жүргізіле ме?

— “Мектепке жол” акциясы кезінде тұрмысы төмен отбасы­ларындағы балаларға оқу құрал­дары мен мектеп формасы таратылды. Балалар күні қарса­ңында мүмкіндігі шектеулі бүл­діршіндерге жомарт жандар­дың жәрдемінің арқасында киімдер мен ойыншықтар әпе­ріп, көмек көрсетілді. Қарттар күнінде ақылшы ақсақалдар мен ақжаулықты аналарымызды дастархан басына шақырып, әңгіме-дүкен құрып, батасын алып бір сергіп қалдық. Ешқан­дай мереке атаусыз қалмайды.

­- Алдағы уақытта кент өмірінде қандай оң өзге­рістер орын алмақ?

— Болашақта кент өмірінде көптеген игі істер мен маңызды жобалар өз жалғасын табады. Оның ішінде Төретам кентін көгалдандыру, күл-қоқыстан тазарту жұмыстары маңызды орында. Аймақ басшысы, аудан әкімінің қолдауымен көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңадан салынған көшелерге су тарту жұмыстары жасалмақ. Алдағы уақытта Байқожа станциясынан кентке су тарту жоспарланған.

­-Төретам кенті қашан да жа­ғымды жаңалықтар мен тартым­ды тірліктерге толы болсын. Әңгімеңізге көп рахмет.

 Е.ШАМШАДИН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here