Байқоңыр қаласындағы облыстық медицина орталығы филиалының директоры Қарасай НҰРОВ: БІЗГЕ ДЕЙІН ДАЙЫН ТӘЖІРИБЕ ДЕ, «ЖОЛ» ДА БОЛМАДЫ

0
130

Байқоңыр — ғаламдық маңызға ие аймақ. Сол үшін де мемлекет тарапынан алғашқы ғарыш бесігіне айналған шаһардың әлеуметтік-эконо­микалық әлеуетін арттыруға күш жұмсалуда. Байқоңырды газдандыру сызбасының бекітілуі, «Байқоңыр» кешенінде туризм инфрақұрылымын дамытудың бағдарламасы дайындалуы және аумағы 50 гектарлық туристік ойын-сауық аймағының концепциясының тұсауы кесілуі мен жаңадан тұрғын үй құрылысының басталуы  — Байқоңыр қаласы мен тұрғындары үшін жасалып жатқан жарқын қадамдардың көрінісі. Алайда, солардың арасында ең озығы елдің көңілінен шығып, мұратының орындалуына сеп болған облыстық медициналық орталық филиалының ашылуы екені күмәнсіз.

Аталмыш орталық Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтары мен Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының тұрғындары медициналық көмек алуына қолайлы етіп жасалған. Ғимаратының құрылысына 1 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалып, құрылыс жұмыстары 2010 жылдың аяғында аяқталған еді. Бірақ әртүрлі себептермен нысанның ашылуы кейінге ысырылып, тек 2015 жылдың қарашасындағы Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен Мәскеуде өткен үкіметаралық комиссия отырысында аталмыш ғимаратты Қазақстан тарапына беру туралы шешім қабыл­данды. Нәтижесінде, 2016 жылдың 12 тамы­зында нысан облыстық медициналық орталық­тың филиалы ретінде пайдалануға берілді. Осы орайда, ОМО филиалының бүгінгі жай-күйінен хабардар болу үшін және Байқоңыр халқының денсаулық жағдайының көрсеткішін аңдау мақсатында орталық директоры Қарасай Нұровпен сұхбат құрудың сәті түсті. Өңірдегі медицина саласындағы жаңалықтар мен жетістіктер турасындағы ақ халатты абзал жанның толымды ойлары бей-жай қалдырмас деген ниетпен оқырман назарларына ұсынып отырмыз.

­­— Алдымен тұрғындардың ауруына ем, жанына қуаныш сыйлаған орта­лықтың ашылу тарихына тоқталсаңыз...

— Осы салада 32 жыл хирург-травматолог болып еңбек етіп келемін. Қызмет жолымда көптеген білім беру ұйымдарында біліктілігімді арттырып, елдегі белгілі медициналық орталық­тарда жұмыс жасадым. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласындағы облыстық медицина­лық орталық филиалының директоры қызметін атқарушы­мын. Елдің көптен үміттеніп, ашылуын асыға күткен сенімі ақталып, Байқоңыр қаласындағы ОМО филиалы 2016 жылы 12 тамыз күні пайдалануға берілді. Сол күн қала тарихындағы айтулы сәт болды десем қателеспеймін. Ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «Жер үсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану» орталығы бас директорының міндетін атқарушы Ранохон Джураева қатысып, қала тұрғындары­ның қуанышына ортақтасып, ыстық ықыласын білдірген еді. Сол кезден бері меди­циналық орта­лық тұрғындардың денсаулық жағдайы­ның оңалуына, өңірдегі азаматтардың тиісті медициналық көмекті сапалы алуы үшін көпте­ген жұмыстар атқаруда. Алғашқыда халыққа терапия, реабилитация, күндізгі ста­ционарлық және офтальмология мен оторино­ларингология (ЛОР) бөлімдері қызмет көрсете­се, қазір олардың саны өсіп, тағы да қосымша бөлімдер ашылды. Сонымен қатар, ОМО филиалының жанынан ағымдағы жылы қаңтар айынан бастап, күніне 100 адамды қабылдауға арналған емхана ашылып, қаланың денсаулық сақтау саласы жаңа белеске көтерілді.

Бүгінгі таңда ауруханаға 20 000-ға жуық азамат тіркелген. Бүгінгі күнге дейін 2000-нан астам азаматқа стационарлық көмек көрсетілсе, поликлиникадан күніне 100-150 адам ем алуда.  Бұл ашылғанына үш жыл ғана уақыт болған орталық үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Біз жалғыз Байқоңыр қаласының ғана емес, Арал, Қазалы қаласы мен Қармақшы ауданының тұрғындарына да медициналық көмектер көрсетудеміз. Аудандардың тұрғындары портал арқылы ем алса, поликлиникадағы аза­маттарды ішкі портал арқылы жатқызу жолға қойылған. Реті келгенде айта кетейін, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ақай ауылы мен Төретам кентінің тұрғындары бізден көмек ала алады. Яғни, Байқоңыр қаласындағы ОМО-ның филиалы, Төретам кентін­дегі емхана, Ақай ауылындағы жергілікті емхана, дәрігерлік амбулатория бәрі бір жерге бағынатын болады.

­- Аталған кент пен елді мекенде жергілікті ауру­хана жұмыс жасайды. Тұрғындарды аудан орта­лығында емес, Байқоңыр қаласында емдеу нендей қажеттіліктен туындады?

— Сұрағыңыз орынды. Алдымен, бұл — халықтың сұранысы. Аталған өзгеріс елдің мұң-мұқтажын, әлеу­меттік жағдайын ескере отырып қабылданған шешім. Себебі, Ақай мен Төретам халқының Қармақшыға қатынауы қиынға соғуда. (Арақашықтық 90 км.) Оның үстіне, халық тарапынан «жақын маңдағы Қазақстан Республикасының медицина­лық орталығының игілігін неге көрмейміз? Мүмкіндікті неге біз де пайдаланбаймыз?» деген арыз-шағым жиі түседі. Сон­дықтан, халыққа оңтайлы болу үшін осындай шешім қабылданды. Алайда, бұл аталған өңірлердің халқы Байқоңырдағы емханаға тіркеледі деген сөз емес. Өздері тұратын мекендегі медициналық мекемеден көмек алуын жалғастыра береді. Тек ол мекемелерде жоқ мүмкіндіктерді Байқоңыр қаласындағы филиалдан ала алады. Себебі, мұнда лор, хирург, травматолог, эндокринолог, онколог, инфекционист, нарколог, психолог, балалар хирургі секілді мамандардың барлығы жеткілікті, әрі біліктілік деңгейі жоғары.

­ Мамандар туралы айтып өттіңіз. Жалпы, дәрігерлер құрамы толық па?

­- Мамандар 90% қамтамасыз етілген деп сеніммен айта аламын. Дәрігерлік құрам санының жоғары көрсеткіште болуы көптеген ауруханалар мен емханаларда кездесе бермейтін деңгей. Қазіргі таңда медициналық орталықта 204 адам қызмет жасайды. Барлығы білімді, жас, өз саласының үздік мамандары. Орталық ашылғалы тәулік бойы қызмет жасауға бар ынтасымен атсалысып, елге үлгі болу үшін көп күш жұмсап келеді. Сондықтан, дәрігерлердің барлығы мақтауға лайық. Бүгінге дейін әріптестерімнің қажырлы еңбегінің нәтижесінде 11 участок ашылды. Әр участокке жауапты дәрігерлердің барлығы тәжірибелі азаматтар. Барынша қолда бар мамандарды пайдалануға күш саламыз. Мысалы, жақын арада балалар дәрігерінің арасында ЛОР маманы қажет болды. Оның шешімін тауып, өзімізде бар сол саладағы маманды арнайы оқуға жіберіп, білімін жетілдіретін болдық. Алайда, орталыққа қажетті маман ретінде окулист, гинеколог дәрігер дер едім. Сонымен қатар болашақта Төретам кенті мен Ақай ауылынан 200-ге жуық дәрігер келеді деп күтілуде. Оған хирургия-реанимация бөліміне жаңадан қабылданатын дәрігерлерді қосыңыз. Нәтижесінде келесі жылы дәрігерлік құрам 400-ден астам болады деуге негіз бар.

— Дәрігердің жеткілікті болғаны жақсы, әрине. Ал, біліктілік деңгейі?..

— Жоғарыда атап өткендей, қазірдің өзінде 20 000-ға жуық азамат тіркелген болса, келесі жылы Төретам кенті мен Ақай ауылынан 15 000-нан астам тұрғын қосылады. Сондықтан, ақ халатты абзал жандардың көп болғаны қажеттіліктен туындауда. Оған қоса, барлығы жоғары білімді дәрігерлер.  Бастысы — маман тапшылығын болдырмауға амал жасау. Ал, біліктілік дәрежесіне келер болсақ, ауыз толтырып айтар жетістігі көп мамандар жетерлік. Мәлесен, Болат Кетебаев есімді 30 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты эндоскопист-дәрігер қызмет етуде. Біздің мақтанышымыз ретінде сол кісіні атай аламын. Сонымен бірге, Сәуле Қауысова (терапевт), Айнұр Тәжімбетова (невролог), Гүлназ Балдақова (терапевт), Төрекелді Қазиев (хирург) секілді әріптестерімнің еңбек жолы, білім дәрежесі мен кәсіби шеберлігі көпке үлгі. Соңғы кезде жас мамандардың арасында Бағымгүл Қанатова, Майя Мангушова көзге түсуде. Бұл азаматтарды неге атап отырмын? Себебі, әр мекемеде бірнеше «кит» болады ғой. Біздің салада да солай. Бір дәрігер мықты болса, халық сол кісіні іздеп келеді. Сол адамның емін қабылдап, кеңесін тыңдауға асығады. Шүкір, біздің дәрігерлердің барлығы білімді. Ұжымның еңбекқорлықтың нәтижесінде осы күнге жеттік деп ойлаймын.

­- Заманауи медициналық құрыл­ғылармен жасақталу қалай жүргізілуде?

— Қажетті, талаптарға сай құрылғылар толық алынған. Барлық құралдармен жаб­дықталған лаборатория, флюорография мен маммография бойынша екі стационарлық рентген жұмыс жасайды. Сонымен бірге, жаңадан алынған 2 УЗИ құрылғысы бар. Эндоскопиялық кабинет те заманауи аппа­раттармен қамтамасыз етілген. Бір қуанарлығы, кейбір медициналық орталықта құрылғылар болғанымен, тиісті маман тапшылығына байла­нысты қолданылмай, бос тұратын болса, біздің медициналық орталықта барлық құрылғылар ел игілігіне жұмыс жасауда. Ең басты қуаныш та сол емес пе? Ел кезіп, қала барып ақша құртпай, өзімізде бар құрыл­ғыларды қолданады. Сол үшін де арнайы Астана, Алматы, Атырау қалаларынан мамандар алдырып, құрылғылардың жұмыс жасауын қадағалаймыз. Емхананың құрылымы да толық жасақталған. Тіркеу орыны, дәрігерге дейінгі көмек, скринингтік жұмыстар, медико-психологиялық кеңес беру, гинеко­логиялық көмек секілді барлық сала­да жоғарғы техникалық мүмкіндіктер мен медициналық білімді мамандар жеткілікті.

— Байқоңырдағы Қазақстан Республикасына қарайтын мекемелерге медициналық көмек көрсету қай деңгейде ұйымдастырылуда?

— Байқоңыр қаласындағы 5 мектеп пен 1 балабақша ОМО-ның филиалына қарайды. Қыркүйектің аяғынан бастап медициналық комис­сия, гриппке қарсы екпе жүргізуді бастадық. Бізде 6000-нан аса бала тіркелгенімен, бүгінгі күні медици­налық көмекті балалар поликлини­касынан алуда. Өзіңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында екіжақты ратификация жасалды. Сол келісім күшіне енгеннен кейін үлкендер де, балалар да бізде ем алатын болады. Ол күн де алыс емес. Оған қолымыз­дан келгенше бар дайындық жасау­дамыз. Алдағы уақытта ҚР-ға қарасты военкоматқа медициналық қызмет көрсету жоспарлануда. Алдымен мына жайтты ескеру керек, Байқоңыр қаласындағы РФ-на қарасты меке­меде жұмыс жасайтын қазақстандық­тардың сақтандыру полисі бар. Олар сақтандыру арқылы тиісті мекемелерден көмек алады. Ал, сақтандыру полисі жоқ балалар, жұмыссыздар, зейнеткерлерге медициналық көмекті ОМО-ның филиалы көрсетеді. Халықтың сенімі мен ықыласы біз үшін үлкен сын. Сондықтан науқастарды қаладағы емханада емдеуге, болмаса, порталға тіркеу арқылы Астана, Алматы қалаларында ем алуына мүмкіндік жасауға тырысамыз.

— Халыққа тегін көрсетілетін көмектер қалай жүргізілуде?

— Жыл басынан бері 32 млн теңге халыққа тегін дәрі-дәрмек таратылды. Олар жүрек аурулары, қант диабеті, гемофилия секілді ауру түрлеріне қажетті дәрілер. Жаңадан ашылған орталық болғаннан соң, кемшілік те жоқ емес. Кейде дәрілердің кешігетін, электронды порталмен жұмыс кезінде қиындықтар туын­дайтын кездері болады. Басты себеп, Байқоңыр қаласында бұл салада бізге дейін дайын тәжірибе де, «жол» да болмады. Біз сол «жолды» өзіміз салып келе жатырмыз. Сон­дықтан уақыт өте келе олқылықтардың орнын толтырып, жағдай қалыпқа келеді деп ойлаймын.

— Экологиялық аймақта орналасқан тұрғындардың денсаулық жағдайы қалай? Өзіңіз біраз жыл осы салада еңбек еттіңіз. Оның ішінде Байқоңыр қаласындағы қызмет уақытыңыз да науқастармен тікелей жұмыс жасауға арналды. Көбінесе жергілікті тұрғындар қандай аурумен шағымданады?

— Негізінен тұғындардың көп бөлігі грипп, асқазан аурулары, қан қысымы, инсульт бойынша келіп түседі. Алайда, соның арасындағы асқынып тұрған ауру — қант диабеті. Аталған ауруға байланысты алдын алу шаралары мен емдеу жолдарын халыққа кеңінен насихаттау жұмыстары жүруде.

— Электронды тіркеу жүргізілуде ме?

— Әрине. Барлығы электронды түрде жүргізіледі. Қазіргі таңда азаматтар «Damumed» арқылы тіркелуде. Сонымен қатар, жоғарыда атап өткенімдей, келесі жылдан бастап Ақай ауылы мен Төретам кенті ОМО филиалына қосылатын болғандықтан, аталған өңір тұрғындарды тіркеуді электронды жүйе бойынша бастап кеттік. Тұрғындарды 15 қыркүйектен 15 қараша аралығында толық тіркеп аяқтау жоспарланған. Сол мақсатта жүйелі жұмыстар жасалуда. Аталған тіркеуге қатысты мәселелерді шешіп, қолдау көрсеткен Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназароваға алғысымыз шексіз.

ОМО филиалының ішкі архитек­туралық құрылымы өзгеше екен…

— Дұрыс айтасыз. Бұл мекеме алғашқыда перзентхана есебінде салынған. Сондықтан, кейбір өзгешеліктерді бір қарағаннан аңғаруға болады. Медициналық орталықта көбіне дәліз бен кабинет болатыны белгілі. Ал, бұл мекеме перзентхананың талаптарын ескеріп, өзгеше пішінде салынған. Алайда, жаңа нысан, құры­лысы сапалы аяқталған. Сондықтан, медицина­лық орталық талаптарына барынша сәйкестен­діріп, жұмыс жүргізудеміз. Бұл ғимараттың болғанына да ризамыз. Бастапқыда нысанға қатысты екі ел арасында түрлі шешім болуына байланысты ғимарат біршама жыл бос тұрды. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тікелей жәрдемінің нәтижесінде мекеме ОМО-ның Бай­қоңыр қаласындағы филиалы ретінде пайда­лануға берілді. Сондықтан аймақ басшысына байқоңырлық халықтың ықыласы ерекше.

Өзіңіз атап өткендей мекемеге қатысты екі ел арасында түрлі шешім­дер қабылданды. Нәтижесінде ҚР-ның қарауына берілді. Жалпы, жергілікті әкімшілік пен ҚР-сы тарапынан нендей көмектер көрсетілуде?

— Мемлекет пен Байқоңыр қаласының әкімдігі тарпынан көптеген қолдау жасалуда. Мәселен, бүгінге дейін мекеменің 2 маманы қала әкімшілігінің мұрындық болуымен пәтерге қол жеткізді. Бұл­ ­- медицина қызметкерлеріне жасалған көмектің ең маңыздысы. Алдағы уақыт­та тағы 2 маманға пәтер беру жоспар­лануда. Ол үшін қала әкімшілігіне алғыс айта­мыз. Себебі, көптеген жылдар бойы Байқоңыр қаласында тұрғын үй салынбай, үйге кезекте қаншама адам болса да, бізге көңіл бөліп, қол­дау білдірді. Сонымен бірге, Байқоңыр қаласындағы еліміздің жаңадан салып жатқан 5 тұрғын үйінен де пәтер берілмек. Бұл жаңалық біздің мерейімізді көтеріп, сенім сыйлады. Себебі, маманды қызықтырудың, шақырудың, ынтасын оятудың жолы бос жұмыс орыны мен үй екені белгілі. Осындай мүмкіндік жасау арқылы Байқоңыр қаласында еңбек етуге пейілді дәрігерлердің саны артатыны мәлім. Сонда ғана мамандар тұрақтап, халықпен байланысы нығайып, өз жұмысына алаңсыз кіріседі.

— Сөз соңында орталықтың алдағы жаңалығымен бөлісе кетсеңіз…

— Алдымен, қараша айынан бастап өзінің дербес оперблогі, реанимациясыменен жасақ­талған хирургия бөлімі ашылатынын атап өткім келеді. Сонымен бірге, жуық арада емхананың күндізгі бөлімі ашылмақ. 30 орынға арналған бөлім халыққа тәулік бойы қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, қатарымыз окулист, травматолог, реаниматолог, хирург, терапевт, кардиолог маман­дармен толығады. Оған қоса, Қазақстан­ның табиғи газын пайдалану мақсатында ғимарат жанына жаңа газ қазандығының құры­лысы басталғанын да тілге тиек еткім келеді. Себебі, Байқоңыр қаласында коммуналдық қызмет ақысы қымбат екені жасырын емес. Сондықтан, газ қазандығы салынса, жылуға кететін ай сайынғы шығын жарты есе азаяр еді.

­- Ашық сұхбат құрып, шынайы жауап бергеніңізге көп рамет!

 Е.ШАМШАДИН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here