Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат МАХАНОВ: «Бір мықтының тасасында өзге мықты қалмау үшін»

0
650

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын­дағы «Қазақстанның 100 жаңа есімін» таңдау идеясы халық арасындағы қолдау тапқаны белгілі. Нәтижесінде, 2017 жылы «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» жобасы өмірге келіп, алғашқы кезеңі ұйымдастырылған болатын. Бүгінгінің батыры мен үлгі тұтар үздігін таңдау, таныстыру, насихаттауға арнал­ған жоба жемісін берді. Әр аймақ пен мекеме, әрбір тұлға өзін «100 есімнің» қатарынан көруге талаптанып, үміткер есебінде бақ сынауға жол ашылды. Аталған жоба биыл да жалғасын тауып, ІІ кезеңге іріктеу қызу жүруде.

Халыққа жасаған ерен еңбегі, әлемдік додаларда ел намысын қорғаған отансүй­гіштігі, әр саладағы қол жеткізген табыстары тіпті, көптің көңілінен шыққан адами қасиетімен дараланған азаматтар Қазақстанның таңдаулы есіміне айналуы­на мүмкіндігі бар. 2017 жылдың өзінде аталған жобаға елдің әр түкпірінен 2000-нан астам үміткер қатысып, 300 азамат арнайы комиссияның сараптауынан өткен. 3 аптаның ішінде 1 376 396 онлайн дауыс беріліп, 102 жеңімпаз анықталған еді. Ал, биылғы жылы жобаның ІІ кезеңін Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республика­сы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бірлесе жүзеге асыруда.

— 2018 жыл «Қазақстанның 100 жаңа есімін» таңдау барысында айтарлықтай өзгеріс­тер орын алмайды. Жобаға 18 жасқа толған кез-келген Қазақстан аза­маты қатыса алады. Сондай-ақ, І кезеңде үміткер болған тұлғалар да қайта үміткер болу және өзін-өзі ұсыну мүмкіндігіне ие. Барлығы әділ түрде өтетін болады. Үміткерлердің WWW.100esіm.el.kz порталына тіркеліп, 15 қазанға дейін ұсыныс беруге уақыт бар,- деді «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Н.Кәрібозұлы

Айта кетейік, қазірдің  өзінде облыс­тық «Рухани жаңғыру» орталығы жобаға қатысушы 13 үміткерді тіркеген. Олардың арасында Илья Ильин, Элизабет Тұрсын­бай, Ғалымжан Бәйімбет, Қамшыбек Қоңқабаев, Мағжан Ералиев, Сағатбек Қуанышбайұлы сынды әр салада жетіс­тікке жетіп, Сыр елінің мәртебесін  асқақ­татып жүрген жандар орын алған. Алайда бұл аталған азаматтар «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енді деген сөз емес. Арнайы комиссияның сараптауынан соң, үміт­керлерді WWW.100esіm.el.kz порталында дауыс беру арқылы халық таңдайтын болады. Өткен жылдағы 100 жеңімпазға қосымша дауыс саны шамалас 2 үміткер­дің қосылуы да осы онлайн дауыс берудің нәтижесі еді. Ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін таңдау түрі ІІ кезеңге де кеңінен қолданылмақ.

Жиынға қатысып, жоба туралы өз ойын білдірген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов:

— Қазіргі таңда, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 6 бағытта жұмыс жасалуда. Соның ішінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы­ның орны ерекше. Былтыр алғаш рет ұйымдастырылып, 4 жер­лесіміз «100 есімге» лайық деп танылды. Бұл біз үшін үлкен жеңіс, әрі мол тәжірибе еді. Жалпы жобаның мақсаты – табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім идея­ларын тәуелсіздік жылдарындағы ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегі мен өмір жолын үлгі ете отырып, насихаттау. Жобаны ұйымдастыру арқы­лы ақылымен, дарынымен заманауи Қазақ­станның дамуына үлес қосатын тұлғаларды қоғамға таныстыру, оларға ақпа­рат­тық қолдау жасау арқылы таны­мал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыруға мүмкіндік аламыз. Сондай-ақ, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы республикалық дең­гейде ұйымдастырылса, болашақта аталмыш жобаның өңірлік нұсқасын жасау жоспарла­нуда,- деді.

Сонымен қатар, Т.Толыбайұлы «Қазақ­стан­ның 100 жаңа есіміне» үміткер азаматтарды іріктеуді күшейту және тұлғаларды қандай еңбегі, нендей қызметі үшін ұсынылғаны туралы елді ақпарат­тандыру керек екенін баса айтты. Басқарма басшысының сөзінше, «Біреудің тасасында өзге мықты қалмау» үшін үміткерлердің халыққа сіңірген қызметіне ерекше назар аудару маңызды. Себебі, ұлттық құнды­лық­тарымызды насихаттап, оны келешек ұрпаққа жеткізуге тер төгіп жүрген азаматтар әлеуметтік желіде танымал тұлғалардың тасасында қалуы мүмкін деген секемінде жасыр­мады.

P.S. Жиын соңында БАҚ өкілдері жобаға қатысты көкейде жүрген сұрақ­тарға жауап алып, өз ойларымен бөлісті. «Қазақ­станның 100 жаңа есіміне» кімнің лайық деп танылатыны әлі белгісіз. Алай­да, бүгінгі күні онлайн дауыс беру арқылы үміткер­лерге дауыс беру басталып кеткен. Сон­дықтан, айналаңызда елдің алғы­сына бөленіп, қызметінде жетістікке жеткен, өзінің өмір жолымен көпке үлгі болар азаматты білсеңіз, оны «100 есімнің» қата­рынан көргіңіз келсе 15 қазанға дейін WWW.100esіm.el.kz порталына тіркеуге мүмкіндігіңіз бар. Ел ардақтыларын наси­хаттауға атсалысып, «Қазақстанның 100 жаңа есімін» таңдауға үлес қосайық, оқырман!

Е.ШАМШАДИН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here