Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан МАҚАШОВ: ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЗАМАНАУИ БАЛАМАСЫ — КӘСІПКЕРЛІК

0
365

Қармақшы қашанда тек ауыл шаруа­шылығы мен өнеркәсіп оша­ғы ғана емес, бай мәдени ескерт­кіштерімен де ел аузында жүрген тарихы терең өңір. Өзіндік даму ерекшелігіне сай ауданның эконо­мика, мәдениет, спорт саласы біршама биік деңгейге көтерілген. Бұл өңірдегі кешенді түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесі десек болады. Осы орайда өңірлік коммуникациялар қызметінде Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов баспасөз конференция­сын өткізіп, 7 айда жеткен жетіс­тіктері мен атқарған ауқымды тірліктері туралы баяндады.

Аудан әкімі алдымен биылғы егіс жайына тоқталды. Өңірдің негізгі бағыты ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан агроөнеркәсіпті дамы­туға басымдық берілген. Ағымдағы жылы ауылшаруа­шылығы саласы бойынша барлығы 24 мың гектарға жуық егіс орналастырыл­ған. Егілген дақылдардың басым бөлігі, яғни 13 850 гектары күріш болса, қал­ған жерлерге бидай, мақ­сары, жоңышқа, кар­топ, көкөніс, бақша өнім­дері егілген. Сонымен бірге, «Ақтөбе и К» ЖШС 300 гектар жерге күріштің «Тором Хошеми» аталатын ирандық сортын егіп, жа­ңа­ша талпыныс жасау­да.

Биылғы ауа-райына бай­­ланысты біршама қиын­дық­тар туындаға­нымен аудан­дағы диқан қауымы көп­жылғы тәжі­рибенің арқа­сында мол егін өсіре алды. Аймақтағы су тапшылығы болжамын ерте түсінген шаруашылық басшылары дақылды қанша және қай жерге егу керектігін бағамдай білген. Күзгі егін жинау жұ­мыстарына жұмылдырылатын техни­калыр толығымен дайындықтан өтіп, дала қостары мен астық қырмандары жасақталған. Сондай-ақ, техникаларға қажетті жанар-жағар май мөлшері де белгіленген. Бүгінде қорға керекті жанар-жағар майларды жинақтау жұ­мыстары жүргізілуде. Мәселен, қазіргі таңда қажетті 2370 т дизель отынының, қорда — 1400 т, 440 тонна бензиннің, қорда — 250 т, ал 132 т дизель майының, қорда — 75 т мөлшерінде жинақталған.

Шалғайдағы елді мекендердегі халық­тың тіршілік көзі мал шаруа­шылығы екені белгілі. Аудан басшысы, далалық жердегі ұсақ шаруашылық­тарды біріктіріп, коо­перативке айнал­дыру ауыл шаруашылы­ғының дамуына жол ашатынын жеткізді. Жалпы биылғы жылы аудандағы ауыл­шаруашылық өнімдерінің көлемі 1 млрд 990,5 млн. теңгені құраған.

Қармақшы ауданындағы ауыл шаруа­шылығына қатысты ірі жобалар­дың бірі — құс фабрикасының құры­лысы екені анық. Ақтөбе елді мекенінде жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысы жобасының жалпы сметалық құжаты 2017 жылы әзірленіп, қоры­тындысы алынған. Биыл облыстық бюджеттен жобаны іске асыруға 375 млн. теңгесі бөлініп, бүгінгі күні «General Констракшин Сервис» ЖШС-і құрылыс жұмыстары жүргізуде.

Соңғы уақытта Қармақшы ауданын­дағы жұмыссыздық деңгейін төмен­детуге біршама іс-шаралар жоспары белгіленген. Өңірдегі жұмыссыз халық саны — 1,3 мыңға жетіп, сәйкесінше жұмыссыздық деңгейі — 5,1%-ды құраған. Осы кемші­лікті түзету мақса­тында жыл басынан бері 1090 адам жұмыспен қамтылса, соның ішінде 748-і тұрақты жұмысқа орналас­тырылған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы өңірде 775 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспар­ланған болса, қазірдің өзінде со­ның 614 жұмыс орындары іске қосылған.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағарламасы» аясында аудан бойынша азаматтарды жұмысқа орналастыру, қолдау көрсе­туге бағытталған жобалар іске асуда. Алғаш­қысы, азаматтардықайта даяр­лау курс­тарынан өткізуге бағытталған. Бұл үшін ағымдағы жылы Байқоңыр қаласы, Төре­там кенті, Ақай ауылынан 60 және басқа да аулдадан 40 адам оқуға жолданған.

Сонымен бірге, «Бастау Бизнес» курсына 45 адам жолданып, 21 азамат шағын несие алған. Оған қоса, жастар тәжірибесіне республикалық, жергі­лікті бюджеттен 42855,0 мың теңге қаржы қаралып, ағымдағы жылы 170 жас маман 90 мекемеге жолдама алған.

Сонымен қатар, жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы — 2020» бағ­дарламасы шеңберінде 7 жобаға жалпы құны 122,7 млн. теңге, «Микро­бизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында  «Қызылорда» Өңірлік инвес­тициялық орталығы» ЖШС-нен 22 жобаға 62,9 млн. теңге  көлемінде несие берілген. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдар­ға арналған бағдарламасы» бойынша ағымдағы жылы 69 жоба 217,8 млн. теңге көлемінде қаржы­ландырылған.

— Жұмыспен қамту кез-келген мемле­кет үшін қашан да өзекті мәсе­ленің бірі болып табылады. Ал азамат­тарды жұмыс­пен қамтудың заманауи баламасы — кәсіпкерлік. Мемлекеттік гранттар мен бағдарламалар көптеген шағын және орта кәсіпкерлікке жаңа тыныс берген еді. Статистика департа­ментінің мәліметіне сәйкес Қармақшы ауда­нында 2018 жылдың 1 тамызына дейін тіркелген кәсіпкерлік субъекті­лердің саны — 3385-ға жетіп, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандардың саны 2498-ді құраған. Өңірде кәсіп бастай­мын еген азаматтарға барлық жағдай жасалған,- деді М.Ысқақұлы.

Осы ретте айта кетейік, аудан бюд­жеті ағымдағы жылдың 1 тамы­зындағы түсім­дер көлемі 7951,5 млн. болса, шығындары 7626,4 млн. теңгеге жеткен.  Жалпы жыл басынан бері аудан бойын­ша өнеркәсіп саласындағы кәсіп­­орындар 1 млрд. 836,1 млн теңге­нің өні­мін өндірсе бөлшек сауда тауар айна­лымы 2 млрд. 571,5 млн. теңгені құраған.

Өңірде жол бойындағы қызмет көр­сету саласы да қарқынды дамып, аудан экономикасының әлеуетін арттыруға және тұрғындарды жұмыс­пен қамтуға ықпал етіп келеді. Қазіргі уақытта Батыс Қытай — Батыс Еуропа автодәлізінің Қармақшы ауданы аумағымен бөлігінде 3 нысан қызмет көрсетуде.  2017 жылдың өзінде ІІІ-Интернационал ауылы тұсы­нан жеке кәсіпкер Гукчак Рагибованың «С» санатты қызмет көрсету пункті іске қосылған болатын. Жобалық құны 350 млн теңгені құрайтын нысанда 25 адам жұмыспен қамтылған. Ал, 2018 жылға 2 жаңа жоба облыс әкімі жанындағы қала-құрылыс кеңесіне ұсынылды.

P.S. Сөз соңында С.Мақашов егін ору науқанына дайындық қызу жүріп жатқанын,5 қыркүйекте өтетін облыстың алғашқы орақ семинары Қармақшы ауданының Жаңажол ауылында ұйым­дастырылатынын атап өтті.

Е.ШАМШАДИН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here