Шиелі ауданы әкімі Ә.ОРАЗБЕКҰЛЫ: АЛТЫН ӨНДІРІСІНЕ БЕТБҰРЫС БАР

0
592

Апта басында облыстық әкім­діктің баспасөз орталығында Шиелі ауданы әкімі Әшім Оразбекұлы аудандағы 7 айдың көрсеткіштерін айтып БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Брифинг барысында аудан әкімі ауданда өндірісті өркендету бағытында ілгері жобалар барын, Ыбырай Жақаев ізбасарлары биылғы су тапшылығына қара­мастан күріштен мол өнім жинауды межелеп отырғанын жеткізді.

— Әкімдерге қойылған талап: кәсіпкерлікті өркендету, салықтық базаны нығайту, саяси тұрақтылықты сақтау. Бұл жұмыстардың бар­лы­ғын қолдан келгенше жүзеге асы­рудамыз.

Шиелі ауданының дамуының негізгі басымдықтары Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіне және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына, облыс, аудан әкімдерінің 2018 жылға арналған іс-қимыл жоспарларына сәйкес бекітіліп, жұмыстар атқарылуда. Ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар ең алдымен әлеуметтік саланы дамытуға, бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелерді мерзімінде орындауға, Елбасының индустриаландыру бағдарлама­сына, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, аудан экономикасын өсіруге бағытталған, — деді әкім барша жұмыстың жалпы бағдары жөнінен. Сонымен оңтүстік ауданның жеті айда жеткен жетістіктері қандай? Әкім Әшім Оразбекұлының айтуынша ауданның ілгері көрсеткіштері аз емес, әкімнің өз сөзімен жеткізейік.

 БЮДЖЕТ — ДАМУ КӨРСЕТКІШІ

Бүгінгі күні ауданның жылдық бюджеті 15 млрд. 180 млн. теңгені құрайды. 5 жылдың көлемінде аудан бюджеті екі еседей өсті.

Аудандық бюджеттің жалпы кірісі 7 айға болжамдалған 8 млрд. 648 млн. теңгенің орнына 8 млрд. 940 млн. теңгеге немесе 103,4 пайызға, оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі болжамдалған 794 млн. теңгенің орнына 1 086 млн. теңге болып 136,8 пайызға орындалды.

Есепті мерзім ішінде бюджет шығысы 8 млрд. 619 млн. теңгеге немесе 99,5 пайызға (болжам 8 млрд. 660 млн. теңге) игерілді.

ВАНАДИЙ ӨНДІРІСІНІҢ КЕЛЕШЕГІ ЗОР

Ауданның өнеркәсіп орындарында 2018 жылдың 7 айында 13 млрд. 401 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңге 100,6 пайызды құрады. Оның ішінде, тау — кен өнеркәсібінде 7,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңге 89,8 пайызды құрады. Біз уран өндірісіне тәуелдіміз. Уран бағасының түсіп кетуіне байланысты өндіріс көлемі 20 пайызға азайды. Бірақ соған қарамастан өнеркәсіп өнімдерін өңдеу секторындағы өсу тенденциясы 2013 жылдан бері тұрақты сақталып келеді. 2018 жылдың 7 айында өңдеу өнеркәсібінде өсім 13,8 пайызды құрады.

Есепті мерзімде ауданда 4719 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға артып, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субьектілерінің саны 3737-ке жетті (79,2 пайыз). Барлығы 7696 адам жұмыспен қамтылды (жеке кәсіпкер — 3205, шаруа қожалығы — 967, заңды тұлға — 547).

Бүгінгі таңда өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасымен жобалық құны 97,2 млрд. теңгенің 2 жобасы жүзеге асырылуда.

«Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның жобалық құны 64 млрд. теңгені құрай­тын жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығару зауыты. Зауыт 2018 жылдың желтоқсан айында толық іске қосылады. 260 адам жұмыспен қамтылады. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

«Фирма Балауса» ЖШС-нің «Балауса Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. 2018 жылдың 1 жартыжылдығында «Фирма Балауса» ЖШС  259,5 млн теңгені құрайтын 58,4 тонна метованадат аммониясын Ұлыбританияға экспортқа шығарды. Аталған кен орнын «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес жыл соңына дейін 2,5 млрд. теңгеге қаржыландыру жоспарланған. Ванадий өндірісінің келешегі зор. Жылдан жылға жұмысшылар саны артып келеді. Келесі жылы 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндіріс толық қуатына енгенде 1000 адамның үстінде жұмыс істейтін болады.

Өңірлік инвестиция орталығы арқылы 40 жоба қаржыландырылды

Жыл басынан бері, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан ауылшаруа­шылығын дамыту үшін аудан бойынша 34 жобаға 108 млн 500 мың теңге несие қаражаты берілсе, қазіргі таңда, жалпы құны 470 млн. теңге болатын 122 жоба аталған қаржы институтына ұсынылып, ауданға бөлінген қаржыға сәйкес 96 млн. теңгенің 23 жобасының нақты несиелендіру бағытында құжаттары қабылданды.

Өңірлік инвестиция орталығы арқылы ауданнан жалпы құны 548 млн. теңгені құрайтын 82 жоба бақылау кеңесіне ұсынылып, 58 жоба 195 млн 500 мың теңгеге қолдау тапты.

Бүгінгі күнге  бұл жобалар бойынша жалпы құны  157 млн. теңге болатын 40 жоба толық қаржыландырылды.

Сонымен қатар, «Агробизнес» бағдар­ламасы арқылы құны 364 млн. теңге болатын 14 жоба (қаржыландырылды, қосымша жобалық құны 336 млн. теңгені құрайтын 17 жобаның құжаттары несиелендіру үшін қаралуда.

«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша Шиелі ауданында жалпы құны 111 млн. теңгені құрайтын 4 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржы­ландырылды.

Аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз грант қаражатын алуға Шиелі ауданынан 100 жоба ұсынылып, комиссияның қорытындысымен 15,3 млн. теңгені құрайтын 24 жоба жеңімпаз атанып, қаржыландырылды.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Шиелі кентінен индустриялық аймаққа 96 гектар жер бөлініп, 6 бизнес жобаға 62 гектар жер телімі табысталды.

2017 жылдың соңында индустриалды аймақтан жобалық құны 124 млн. теңгені құрайтын асфальт-бетон шығару зауыты іске қосылды.

Қазіргі таңда, индустриялдық аймақта орналасқын 6 жобаның жобалық құны 736 млн. теңгені құрайтын 2 жобасы іске қосылса, («Мия Шиелі» ЖШС, «Шиелі Жолшы» ЖШС), 1 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. («Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы»ЖШС)

Индустриалдық аймақтан ағымдағы жылдың соңына дейін индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын тампонажды цемент зауыты іске қосылатын болады.

Сонымен қатар, «Батыс Европа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 1865+300-ші шақырымынан жеке кәсіпкер Б. Жүзкеновтің «С» санаты бойынша жобалық құны 100 млн. теңгені құрайтын сервистік қызмет көрсету кешенінің жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Қызмет көрсету кешенін жүзеге асыру үшін 5 гектар жер телімі беріліп, оның 4 гектарына алма бағын отырғызу жоспарлануда.

ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯМЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Елбасының Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көзделген жаңа тапсырмаларды орындау мақсатында цифрлық технология­ларды қолданатын бірнеше жобалар жүзеге асырылуда.

Уран шикізатын өндіруші кәсіпорындарда цифрландыру жүйелері енгізілуде. Атап айтқанда, №6 кен басқармасы технологиялық процестерді (геотехнологиялық полигондарда диспечерлік және автоматтық жүйелер) қамтитын «Ақылды кеніш» бағдарламасы жүзеге асыруда, «Семізбай-U» ЖШС-інде цифрлық өлшегіш құрал-жабдықтарды пайдалануды жүзеге асыруда. (Электронды құжат айналымы, Биометриялық терминалдар, КАП Сафети мобильдік қондырғысы, Пневматикалық электронды клапондар)

«Ақылды қала» жобасы аясында ауданда «Көшені ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық бюджеттен 19 млн. 200 мың теңге қаржы бөлініп, «Ақмая» шаруа қожалығының егістік алқаптарын 800 гектар жер (күріш, жоңышқа т.б. дақылдар) цифрландыру жүргізілуде. Жердің тегістелуінен бастап егін орағына дейін цифрландырылады. Бұл біз үшін үлкен жоба.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік электрондық картасын қалыптастыру жұмыстары 100,1%-ға жетіп, 29 633 гектар жердің электронды сызбасы қалыптастырылды. «Агробиржа» электрондық сауда сайты іске қосылып, электронды сауда сайтына 37 шаруа қожалықтар тіркелді.

Білім мекемелерін цифрландыру мақсатында үстіміздегі жылы 56 интерактивті тақта, 10 робототехника, 1 зертхана, 2 дана 3Д-модельдеу, 60 дана компьютер, 20 биология, химия, физика кабинеттері, 200 дана планшет, 174 дана роутер алуға барлығы 220 млн. 754 мың теңге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдарының жұмысын автоматтандыру мақсатында электронды база орнатуға 12 млн. 500,0 мың теңге қаралып, жаңа оқу жылынан бастап іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

 ТАУАРЛЫ СҮТ ФЕРМАСЫ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Ауданда 2018 жылдың 7 айында 3,9 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға артты. (2017 жылы осы кезеңге 3,8 млрд. теңге). Дегенмен, алда Елбасы Жолдауында айтылғандай агроөнер­кәсіп кешенін 5 жылда 2,5 есеге ұлғайту міндеті тұр. Осыған байланысты бірнеше жоба­ларды іске асыратын боламыз, — деді аудан әкімі.

Осы орайда ауданда ауылшаруашылық саласында ілгері жоспарлар құрылып жатқанын жеткізді Ә.Оразбекұлы.

2018 жылы барлығы 29062 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналас­тырылып, күтімге алынды.

Ауданның егіс алқаптарында биыл 12500 га күріш; 936 га күздік бидай; 257 га жаздық бидай; 250 га жүгері, 65 га тары, 1014 га мақсары, 3035 га жаңа жоңышқа, 6588 га ескі жоңышқа, 89 га мал жемдік асқабақ, 1050 га картоп, 1285 га көкөніс, 1993 га бақша өнімдері егілген.

 КҮРІШ ДАҚЫЛЫ ЖАЛПЫ ЕГІС КӨЛЕМІНІҢ

43,0 ПАЙЫЗЫН ҚҰРАЙДЫ

«Сыр агро и К» ЖШС-нің жобалық құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын 1100 бастық тауарлы сүт фермасының құрылысы басталды. Кешен құрылысын жүзеге асыру үшін 20 га жер телімі сауда саттық арқылы табысталды, сүт өндіру бағытында «Асылхан» шаруа қожалығының жобалық құны 250 млн. теңгені құрайтын тәулігіне 1 тонна сүт өңдеу цехы іске қосылды. «Аруана» цехы өз өнімдерінің түрін көбейтіп, түйе сүтінен балмұздақ жасап шығаруда”.

— Балық өндіруге бет бұрып келеміз. Ресей мамандарымен бірге балық өңдеу жұмыстары жасалып жатыр. Кіші цехты іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде дейді аудан басшысы. Балық өндіру кооперативі құрылып, жылына 500-600 тонна балық өндіріледі деп жоспарлануда деген мәлімет алдық бұл тараптан.

— Ауданда 201 майда қожалықтар мен 311 дара кәсіпкерлердің бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, оның ішінде 2018 жылы  6 кооператив құрылған.

Биылғы жылы айналымнан шығып қалған 3700 га жайылымдық жер егістік алқабына ауыстырылды. Олар: «Төңкеріс-К» шаруа қожалығы – Жалғыз ағаш учаскесі 1800 га, «Агро Байдалы» ЖШС 1700 га және Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты «Сыр Игілігі» ЖШС 200 га. Бұл жерде биыл күріш егісі егілді – дейді аудан әкімі.

МАЛ БАСЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Ауданда 2018 жылдың 7 айында мал саны – 160978 бас болды. (ірі қара — 56017, қой мен ешкі — 88876, түйе — 1469, жылқы – 14616) . Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда ірі-қара 113,1 пайыз, уақ мал 101,9 пайыз, жылқы 107,9 пайыз, түйе 109,5  пайыз, құс 135,2 пайызға жетті.

2018 жылдың 7 айында тірілей салмақта 2711,9 тонна ет, 10334,6 тонна сүт, 1952,5 мың дана жұмыртқа өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда ет 103,0 пайызға, сүт 104,2 пайызға жетсе, жұмыртқа өндірісі 2,4 есеге артқан.

 

7,7 млрд. ТЕҢГЕ ШЕТЕЛ ИНВЕСТИЦИЯСЫ ТАРТЫЛДЫ

2018 жылдың 7 айында негізгі қорға барлығы 15 млрд. 485 млн. теңге инвес­тициялық қаржы салынды, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артқан. (2017 жылдың 1 шілдесіне 5,8 млрд.теңге)

Ағымдағы жылдың 7 айында өңдеу өнеркәсібіне әртүрлі көздерден  9,7 млрд. («Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы»ЖШС, «Ру-6» ЖШС, «ТТК Шиелі» ЖШС, «Шиелі Жолшы») теңге, өткен жылдың тиісті кезеңіне 9,8 есе өскен, оның ішінде 7,7 млрд. теңге шетел инвестициясы тартылды.

Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 2 млрд. 734 млн. теңгені құрады,  тиісті кезең­нен 3,5 есеге өскен. Оның ішінде жалпы ауданы 29863 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, тиісті кезеңмен салыс­тырғанда 103,3 пайызға артты.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Облыс бойынша әлеуметтік салаға айрық­ша көңіл бөлінуде. Бұл бағытта жыл басынан бері «Шиелі-Думан» ЖШС-не қарасты «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» өз жұмысын бастады (жобалық құны 687035 мың теңге). Бүгінгі күнге 50 ардагер, 34 мүмкіндігі шектеулі балалар әлеуметтік қызметпен қамтамасыз етілді. Қазірдің өзінде жақсы орталыққа айналып келеді.

2018 жылы 21 нысан салынады. Оның ішінде 3-уі спорттық кешен (Алғабас, Жөлек, Ақмая елдімекендерінде) пайдалануға берілсе, 4 спорт кешені (Керделі, Ш.Қодаманов, Бестам, Жақаев елдімекендерінде) соғылуда. 3 дәрігерлік амбулатория (Жөлек, Керделі, Алғабас елдімекендері), 1 фельдшерлік акушерлік пункт (Тұрсынбай Датқа ауылында) салынып, 2 медициналық қызмет көрсету пункті (Қызылқайың, 2-Ферма елді-мекендерінде) пайдалануға берілді. 2 жабық бассейнді (Бидайкөл, Шиелі кентінде) пайдалануға беру жоспарлануда. Кент орталығындағы 8 білім беру мекемесінің (№ 47, 48, 127, 219, 244, 270, оқушылар үйі, №47 мектептің ескі ғимараты) жылу қазандықтары газға ауыстырылып, жыл соңына дейін газбен жұмыс істейтін болады.

ЖҰМЫС ІЗДЕГЕНГЕ ТАБЫЛАДЫ

2018 жылдың 7 ай қорытындысы бойынша ауданда статистикалық мәліметтерге сәйкес экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 38298, оның жұмыспен қамтылғаны 36415-ке артып, жұмыссыздық деңгейі өткен жылы 5% болса, 4,9 пайызға төмендеді немесе 1883 адамды құрап отыр. Жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жұмыс жүруде.

Жыл басынан халықты жұмыспен қамту орталығына 1934 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Жұмыс іздеуші азаматтардың 792-і, яғни 41,0 пайызы жұмысқа орналасты. Оның ішінде жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған мүмкіндігі шектеулі жандар саны-55.

2018 жылы Шиелі ауданы бойынша 1005 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланса, барлығы 1053 жаңа жұмыс орны ашылды. Жылдық жоспар 104,8 пайызға артығымен орындалды.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағыты аясында 70 адамға «ұсатқыш қондырғысының машинисі, электргазымен дәнекерлеуші, аспазшы» мамандықтары бойынша кәсіптік орта білім беру және   республикалық бюджеттен бөлінген 40 млн 473 мың теңгеге 150 адамды 10 мамандық түрі бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына жолдау жоспарланып, бүгінгі күнге (Шиелі индустриалды-аграрлық колледжіне (55 адам), Қызылорда «Қызмет» колледжіне (15 адам) және «Арман» оқу орталығына (40 адам)) 110 адам оқу курстарына жолданып, оқу курсын бітірген 9 адамның 4-уі жұмысқа орналас­тырылды. «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС есебінен 47 адам Қытай Халық Республикасына оқуға жіберілсе, 98 жас Шиелі ауданындағы индустриалды — аграрлық колледжде білім алуда.

Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде үстіміздегі жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында 270 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында 92 азамат жоба аясында оқытылуға жолданып, 51-і оқу курсын аяқтады.

Бағдарламаның  үшінші бағытының бірінші міндеттемесі аясында әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 36973,0 мың теңге (148 адам) қаржы бөлініп, жыл басынан  40 ұйым, жеке, дара кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына 81 азамат жолданды. Бұл жұмыстар жалғаса береді, — дейді аудан әкімі.

ТҮЛЕКТЕРДІҢ 98%-ы ОҚУҒА ТҮСТІ

2017-2018 оқу жылының басында 41 мектепке 16517 оқушы 856 сынып комплекті­сіне тартылды. Барлығы 2708 мұғалім сабақ берсе, олардың 2556-сы жоғары, 149 арнаулы орта білімді мамандар.  Барлық мектептер бойынша 11-сыныпты 892 оқушы бітіріп, оқу жылының қорытындысымен 20 оқушы «Алтын белгі»  иеленсе, 2 оқушы «Үздік аттестат» алды. 9-сыныпты бітіруші оқушылардың 106-сы «Үздік аттестат» иеленді. 11-сыныпты  бітіруші 850 оқушының ҰБТ-ға қатысуға 518-і (55,1%) тілек білдірді, нәтижесінде ҰБТ бойынша орта балл-81,4 құрап, өткен жылмен салыстырғанда- 1 балға көтерілді.

Мемлекеттік грант саны-312, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша грант саны-141. Яғни педагогикалық мамандықтарға-82, медициналық мамандықтарға-19, техникалық мамандықтарға-148, ауыл шаруашылық мамандықтарына-33, қызмет көрсету саласына-12, әлеуметтік салаға-15, өнер саласына 3 түлек мемлекеттік грант иеленді. Сонымен бірге білімді де белсенді жастарға жылма жыл бөлінетін облыс әкімінің грантын 27 түлек иеленді.

Оқу бітірген түлектердің 35 пайызы білім грантын иеленсе, 51 пайызы түрлі оқу орындарына түсті. Жалпы бітіруші түлектердің 98 пайызы оқумен қамтылып отыр. Қалған түлектер де есепке алынып, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізілетін болады.

ӨМІР СҮРУ ҰЗАҚТЫҒЫ ОРТАША 65 ЖАС…

Шиелі ауданында сметалық құны 5 млрд. 511 млн. теңге тұратын 150 орындық аурухана құрылысын  «СМП — Қызылорда» мекемесі 2017 жылдың желтоқсан айында бастап, құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде.  Бүгінгі күнге 1 млрд. 350 млн. теңге қаржы қаралып, құрылыс монтаж жұмыстары жыл соңына дейін толық орындалып бітеді деп жоспарлануда.  Келесі жылдың басында пайдалануға беріледі деп отырмыз.

2018 жылдың 7 айында 221 адам қайтыс болды, 1000 адамға шаққанда 2,7. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы 65 жасты құрап отыр — деді аудан әкімі. Бұл көрсеткіштің елімізде 72 жас.  БҰҰ көрсеткіші бойынша орта 67,2 жас (ерлер 65, әйелдер 69,5) екен. Аудан әкімі сөзінде атап өтпесе де, БАҚ өкілдеріне ұсынылған ресми мәліметте мәлім етілген төмендегі жайт назар аудартты.

Есепті мерзімде 870 бала туылған. (өсім 600 адам).

Биылғы жылы бірінші рет тіркелген аурулардың ішінде туа біткен ақау 44,0 пайызға (169-дан 243-ке), ас қорыту ағзаларының аурулары 8,4 пайызға (4139-дан 4485-ке),улану және жарақаттану аурулары 17,4 пайызға (1119-дан 1314-ке), құлақ және мұрын аурулары 32,7 пайызға  (554-тен 735-ке), қан аурулары 16,6 пайызға (2091-ден 2439-ға), жүрек қан тамыр аурулары 30,0 пайызға (1091-ден 1385-ке), қатерлі ісік аурулары 77,4 пайызға (257- ден 456- ға), сүйек буын аурулары 9,7 пайызға (960-тан 1053-ке), зәр шығару органдарының аурулары 6,6 пайызға (3095-тен 3299-ға), өкпе және тыныс аурулары  7,0 пайызға (7650-ден 8183-ке) артқан.

 Жұқпалы-паразиттік аурулары 35,0 пайызға (7214-ден 468-ге), эндокриндік аурулары 11,5 пайызға (867-ден 767-ге), психологиялық бұзылыстар (58-ден 0-ге), көз аурулары  4,0 пайызға (1742-ден 1672-ге), тері аурулары 1,4 пайыз (1551-ден 1529-ға), нерв жүйесінің аурулары 28,5 пайызға (1124-тен 804-ке) кеміген.

 2018 жылдың 7 айында 221 адам қайтыс болды, 1000 адамға шаққанда 2,7. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы 65 жасқа жеткен.

Есепті мерзімде аналар өлімі орын алмаған. 870 бала туылып (2017 жылдың 6 айында 861 бала), 8 сәби қайтыс болған (2017 жылдың 6 айында 8 сәби).

 

МӘДЕНИЕТ

Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 27 мәдениет үйлері мен клубтары, 3 музей, 32 кітапхана,
1 Нартай өнер мектебі, жалпы барлығы, 63 мәдениет ошақтары  аудан халқына ағымдағы жылдың І жартыжылдығында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында біршама жұмыстар атқарып келеді.

«АЛТЫН КҮЗ» СПАРТАКИАДАСЫ ШИЕЛІДЕ ӨТЕДІ

Ауданда спортпен шұғылданушылар саны 22338 адам. Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар үлесі тұрғындардың 27,1 пайызын құрайды.

Ұлттық және бұқаралық спортты дамыту, насихаттау мақсатында үстіміздегі жыл басынан бері 72 аудандық, 5 облыстық, 2 республикалық іс-шара өткізілді.

2018 жылы аудан спортшылары облыстық жарыстардан 44 алтын, 58 күміс, 66 қола алса, республикалық жарыстармен Қазақстан Республикасының чемпионатында 13 алтын, 8 күміс,17 қола медальдар иеленді. Ұлттық құрама мүшелігіне 4 спортшы енген. Ережесіз жекпе-жектен Ғани Әділсерік Ресей мемлекеті Сочи қаласында өткен әлем біріншілігінде жеңімпаз атанып, еліміздің көк байрағын көтерді.

Дене шынықтыру және спортты дамыту бағытында ауданда 2 стадион, 2 спорт кешені, 37 спортзал, 121 спорт алаңдары жұмыс жасайды.

 ЫНТЫМАҚТЫ ЕЛ —  ЫРЫСТЫ ЕЛ

Тарихы терең Сыр елінің, көне дария өзенінің орта ағысынан орын тепкен Шиелі өңірі киелі мекен — талай тарихи оқиғаның куәсі болған байырғы өлке.

Сырдың маржанына теңелген киелі Шиелі жері адал еңбек пен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен облысымыздағы 102 Социа­листік Еңбек Ерінің 41 шыққан, 10 ғасыр адамының 5-уі шыққан тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын, жүректерге жол тапқан сазгерлер өлкесі.

Биылғы жыл облыс әкімінің бастамасымен аймағымызда кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жарияланды. Жақында бағдарлама 3 жылға ұзартылды. Аудан халқы кәсіпкерлік саласының дамуына басым бағыт бағдар бергені үшін облыс әкіміне өз ризашылықтарын білдіруде. «Алты Алаштың — анасы» атанған Сыр өңірінің ең шұрайлы, ең көрікті аймағын мекен еткен Шиелі ауданы әрдайым тұрақтылық пен ынты­мақтың жоғарғы үлгісін көрсетіп, мемлекеттік бағдар­ламалардың өз мерзімінде жоғарғы дәрежеде орындалуына өзіндік үлесін қосып келеді.

Аудан халқы Елбасының, облыс әкімінің алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға үлкен құлшыныспен жұмыс жасап жатыр, — деді Ә.Оразбекұлы.

* * *

Келесі кезекте аудан әкімі БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Аудандағы қылмыстық ахуал көрсеткіштері қандай?

Аудандағы қылмыстық ахуал көрсеткіштері 7 айдың қорытындысы бойынша бірқатар көрсеткіштер нөлдік деңгейде, аса ауыр қылмыс фактілері төмендеді. Мал ұрлығы 22% төмендеді, жол-көлік оқиғалары өткен жылмен деңгейлес.

Өз кірістері бойынша ауданда жылдан-жылға өсім бар ма?

2013 жылмен салыстырғанда Шиелі ауданының бюджеті 15 млрд. теңгеден асты. Сол жылы біздің өз кірісіміз 1 млрд. 250 млн. теңге болса, бүгінде 1 млрд. 780 млн. теңге болып, 25%-ға өсті.

«Гежуба Шиелі цемент компаниясы», ванадий өндірісінің үлесі бар, алтын өндірісіне бетбұрыс жасалып жатыр. Түрік елінің инвесторларымен керамикалық кірпіш өндіру жөнінде келісім жасалған, күн энергиясынан қуат өндіретін 2 жобаны жүзеге асыру жоспары бар. Мұның барлығы ауданның өз кірісін молайтатын үлкен қаржы көзі болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар жүзеге асырыла бермек, — деді аудан әкімі.

Су тапшылығы Шиелі диқандарына сезілді ме, егіннің шығымына кері әсер еткен жоқ па?

Биыл дариядағы судың аздығынан Сыр диқандарының көңіл күйі толқыныста болғаны белгілі. Бірақ, Шиелі ауданында осыдан үш жыл бұрын үрлемелі тоспа салынған болатын. Бұл облыс әкімінің бастамасымен салынған үлкен құрылыс. Сол кезде бір ардагеріміз «Әлемнің 7 кереметі» дегендей Шиелі ауданының 7 кереметі десек, соның біреуі үрлемелі тоспа» деп айтқаны бар. Неге? Өйткені сонау қырқыншы жылдардан бастап біздің ауданға судың деңгейінің жоғары болуына байланысты көп қиыншылық болған. Шілде айындағы су тапшылығында үрлемелі су тоспасы болмағанда Шиеліде 5 мың гектардай күріш судан қалатындай жағдайда еді. Үрлемелі су тоспасының арқасында біз қажетті суды алып отырдық. Бұл судың деңгейін көтеру арқылы жүзеге асырылды. Соның арқасында ауданда 56 гектардай ғана күріштік судан қалды (ол да ара тұра, биік атыздарда орын алды).

Сонда да болса, судың тапшылығы сезілді. Ауданның ауыл шаруашылығы мамандары, шаруа қожалықтарының ынтымағы арқасында егістіктерге кезектілікпен су бердік, ешқандай мәселе туындаған жоқ. Сол үшін ол азаматтарға рахмет айтқым келеді.

«Егінші жылда арманда» дегендей өнім өткен жылғыдай болады деп отырмыз. Өткен жылы гектарына 57 центнерден өнім алғанбыз. Жалпы күріштің шығымы жаман емес. Биылғы жылы көктемгі ауа райына байланысты күріш 1 аптадай кештеу егілді, бірақ межелеген жоспардан шығамыз деген үмітіміз бар.

Балық өңдеу өндірісі қолға алынады дедіңіз, сол жоба жайын тарқата айтсаңыз?..

Шиелі ауданында 21 су айдыны бар. 12 көлді аукционға шығарайын деп отырмыз. Балық шаруашылығы жөнінде кооператив құрған себебіміз облыс әкімінің қолдауымен Күміскеткен су қоймасын салу жоспарланып отыр. Облыс әкімі бұл жөнінде Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа, Үкімет басшысының орынба­сары, Ауылшаруашылығы министрі Ө.Шөкеевке жеткізіп, бұл іс қолға алынып, жобалық-смета­лық құжаттар дайындалу үстінде. Келесі жыл­дан бастап Күміскеткен су қоймасының құры­лысы басталатын болады. Бұл деген сөз 600 млн. текше метр су. Дарияның деңгейі көтеріл­генде суды қабылдап, дарияның деңгейі түскенде керегінше су алып отыратын жағдай­ға жетеміз. Осыны ескеріп облыс әкімінің тап­сырмасы бойынша Ботабай ауылы мен Қарғалы  ауылының арасын қосатын 62 шақырым жол салу жобасының жоспары бар.    Қаржы бөлінді, жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Сарап­тамадан өтсе, екі ауылдың арасы қосылады.

Бұл жоба жүзеге асқанда Күміскеткен су тоспасы маңайы үлкен бизнес орталыққа айналады. Қазір Бәйгеқұм ауылында Ханқожа көлінің айналасында 58 үй кәсіппен айналысуда. Қазір бізде майда шабақ өсіретін «Сүйіндік» шаруа қожалығы жұмысын ілгерілетуде. Балық кластерін жасауға мүмкіндік бар. Шаруа­шылықтың цехы жасақталуда. Балықты экспорттау мүмкіндігі қарастырылуда. Қазір 51 тоннаға дейін балық өңдеп жатырмыз. Жобамыз жүзеге асқанда алғашқы жылдары 500 тоннаға дейін балық өңдейтін боламыз.

Аудан әкімі тағы да басқа бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here