Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек СӘРСЕНБАЕВ: МАЛ БАСЫ КӨБЕЙДІ

0
370

Жалағаш ауданындағы қар­қынды істер мен ауқымды жобалар өз жемісін беруде.Биылдың өзінде Мемлекет тарапынан жасалған қолдау арқасында жаңа тыныс алған кәсіпкерлік пен білім сала­сындағы жетістік аудан абыройын біршама асқақтатқаны анық.Осы орайда Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев І жар­тыжылдықта өңірдегі атқарылған істер тізбегін БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте хабарлады.

Баяндаманың алғашқы бөлім­дері өнеркәсіп пен қаржы-салық саясаты мәселесіне арналды. Аудан басшысы бұл саладағы жасалған жұмыстарға шолу жасап, өңірдің қаржылық ақуалы­мен таныстырды. Алғашқы жарты жылдықта Жалағаш ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 20 %-ға артып,негізгі қорға тартылған инвестицияның көлемі 2 млрд. 543 млн.теңгені құрған. Жалпы 2018 жылғы аудан­ның бюджеті 7,1 млрд. теңге болып бекітілген. Жыл басынан бері жергілікті бюджетке бірнеше мәрте нақтылау мен түзетулер енгізіліп,993,4 млн теңге ағымдағы трансферт, 688,2 мдн теңге нысаналы трансферт бөлініп нәтижесінде бүгінгі күні аудан қазынасы 8 млрд. 65 млн теңгеге жеткен.

Өңірде ауыл шаруашылық саласы да қарқынды дамып келеді. Аудан бойынша І жартыжыл­дықта 1 млрд. 770 млн. теңгенің ауыл шаруашылық өнімдері өндірілген. Ағымдағы жылы 36314,7 гектар жерге ауыл шаруа­шылығы дақылдары орналасты­рылып, күтімге алынған. Егілген дақылдардың басым бөлігі, яғни 22 мыңнан астам гектарға күріш дақылдары орналастырылған. Қазіргі уақытта аталған дақылдың 68,5%-ы жақсы,  28,5%-ы орта, 3%-ы қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды. Қ.Әубәкірұлының сөзінше, аудандағы күріш ору науқаны 1 қыркүйектен, ал бас­тыру 5 қыркүйектен бастау жоспарланған.

Өңірде мал басын арттыру мақсатында шаруа қожалықтары мемлекет ұсынған бағдарлама­ларды тиімді пайдалану үстінде. Нәтижесінде төрт түлік мал басы былтырғы жылдың тиісті кезеңі­мен салыстырғанда сиыр — 1,5%-ға, жылқы — 13,0%-ға, түйе — 10,8%-ға, үй құстары — 23,5%-ға артқан. Айта кетейік, 2011-2018 жылдар аралығында ауданда «ҚазАгроҰлттық басқару Хол­дингі» жобасы негізінде дайын­далған «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 40 шаруа қожалығы несие алып, бүгінде мал басы 4290-ға жетіп отыр.

— Аудандағы мал шаруашы­лығында біршама өсім байқалады. Бұл — мемлекеттік бағдарлама­лардың және шаруа қожалықта­рының тынымсыз енбегінің арқа­сында еңсерілген көрсеткіш деп білемін. Сондай-ақ, мал басының артуына байланысты ветерина­рия­ саласының тиісті ереже­лерге сай болуы үшін талап күшейді. Ағымдағы жылдың өзінде эпизоотиялық, энзоотия­лық тұрақтылықты сақтау мақса­тында ветеринариялық іс-шаралар атқаруға 53,2 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда оң нәтиже беруде.Соңғы уақытта шаруашы­лық басшылары мен мал иелері асыл тұқымды малды сырттан әкелуге және қолдан ұрықтан­дыруға ден қойып отыр. Осыған орай өңірде 15 қолдан ұрықтан­дыру пункттері жұмыс жасап, 1266 бас мүйізді ірі қара малы қолдан ұрықтандырылды,- деді аудан басшысы.

Бүгінде ел әлеуетін арттыру­дың алтын діңгегіне айналған сала — шағын және орта кәсіпкерлік. Бұл тұрғыда Жалағаш ауданында айтарлықтай ілгерілеушілік бай­қалады. Соңғы алты айда аудан бойынша экономикалық белсенді халық саны 17770 адамды құра­ған.Сондай-ақ, биылғы жылы барлығы 695 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, қазірдің өзінде соның 354-і іске асып, халық тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Оған қоса, жыл басынан бері «Бос жұмыс орын­дары жәрмеңкесі» мен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жалпы саны 612 адам жұмысқа орна­ласқан.

Сонымен қоса, Қ.Сәрсенбаев білім беру саласындағы жетістік­терді де тілге тиек етті. Ағымдағы жылы ҰБТ қорытындысына сәй­кес Жалағаш87,5 баллды құрап, басқа аудандар арасында алғашқы орында тұрақтаса, ҰБТ-ға қатысушылардың мемлекеттік грантпен ЖОО түсу деңгейі бойынша да көш басынан көрінді.

Барлық мектептер оқушы­ларға қажетті оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қамта­масыз етілген. Сонымен бірге, білім ошақтары толықтай «элек­тронды күнделік» жүйесіне енгі­зіл­ген. Аудан әкімі биылғы жаңа оқу жылынан бастап қағаз жур­налдармен жұмыс жасау толық жойылып, барлығы электронды форматқа көшетінін жеткізді.

Осы мақсатта барлық мектеп­терге 7 млн. теңге қаражатқа 200  планшет, 114 wі-fі сатып алынған. Оған қоса 8 мектепке «Робото­техника» кабинеттерін, модифика­циялы физика, химия, биология кабинеттерін жабдықтауға, ескірген комьпютерлердің орнына жаңасын ауыстыруға облыстық бюджет есебінен 101,8 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүр­гізілуде. Жыл аяғына дейін мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік аясында аудан мектептерін 769  компьютерлермен жабдық­тау қолға алынған.

Айта кететін бір жайт, 2018 жылы өңірдегі білім беру сала­сына 4 млрд. 23 млн. теңге бөлініп, аудан бюджетінің 50%-ын құрап отыр.

Брифингтегі көтерілген соңғы тақырып өңірдегі инфрақұрылым ахуалы турасында өрбіді. Жалағаш ауданындағы халықты таза, сапалы ауыз сумен қам­тамасыз ету, елді мекендердегі электр желілерін дамыту, газдан­дыру мен көркейту-көгалдандыру жұмыс­тары көңіл көншітеді.

Ауданда жеке тұрғын үй салу­шылар қатары жыл сайын артып келеді. І жартыжылдықта жеке сектор есебінен жалпы алаңы 4213 шаршы метрді құрайтын 26 тұрғын үй пайдалануға берілген.Сонымен қатар, Жалағаш кенті «Дәуімбай» учаскесінен бір пәтерлі үш бөлмелі 30 жалдамалы тұрғын үй құрылысының жұмыс жобасы сараптамадан өтіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитетіне бюд­жеттік өтінім тапсырылған.

Көпке белгілі,  Жалағаш, Сыр­дария аудандары үшін АГРС  орна­тылатыны хабарланған бола­тын. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен  1 млрд 200 мың теңге бөлініп, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Негізгі қаржыландыру 2019-2020 жылдарға жоспарланғанымен, бүгінде облыс әкімдігі тарапынан мерзімді 2018-2019 жылға жыл­жыту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Қаржыландыру мәсе­лесі шешімін тапса, 2019 жылдың аяғына дейін ауданда толықтай газдандыру жұмыстары аяқталады деп жоспарланған.

— Халықты таза сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету — бүгінгі таңдағы басты назарда тұрған міндеттердің бірі.Үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен М.Шәменов, Мырзабай ахун елді мекендерінің сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту өтпелі жұмыстарының құрылысына 356,1 млн. теңге бөлініп, жұмыстар атқарылуда. Жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ, жоба-сметалық құжат­тары әзірленген Мақпалкөл, Аққыр, Жаңадария ауылдық округтерінің ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту құрылыс жұмыстарына бастапқы қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Ауданның барлық елді мекен­дерінде электр жүйелерінің тозы­ғы жеткен. Аудан бюджетінен бөлінген 2,9 млн. теңгеге Жалағаш кентіндегі Абай, Әйтеке би, Бұ­қар­бай батыр, Желтоқсан көше­лерін жарықтандыру жұмыста­рына жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, қазіргі таңда мемле­кеттік сараптамаға жіберілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес электр жүйелерінің тозығы жеткен Аққұм, Аққыр, Бұқарбай батыр, Жаңадария, Жаңаталап, Мәдениет елді мекендерінің электр жүйелеріне қайта жаң­ғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда,- деді аудан басшысы.

Е. ШАМШАДИН

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here