Облыс әкімі Қ.КӨШЕРБАЕВ: АДАМИ КАПИТАЛ МҰНАЙДАН ӘЛДЕҚАЙДА ҚЫМБАТ…

0
349

Өткен жұмада білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі болып өтті. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өткізілген жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова, Білім және ғылым министрлігі жанындағы ақпараттық талдау орталығы президентінің міндетін атқарушы Елдос Нұрланов, облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова қатысып, жиын мінберінен шын мәнісінде күні бүгіндері де әлемдік бәсекелестік деген арынды ағынға түскендей жайы бар білім жүйесіне заманға сай қойылатын талаптар, жүйеде өріс алған өзгерістер, алға қойылған міндеттер, жұмыс барысындағы мәселелер тұрғысында келелі пікір тарқатты.

Жиынға өзек болған тақырып аясында кең мазмұнды, мәнді сараптамаға құрылған баяндама жасаған облыс әкімі адами капитал ең алдымен білім саласы екенін, білім саласы инвестициялық сала ретінде қарастырылуы қажеттігін, сондықтан білімге инвестиция салу тұтас мемлекет үшін оңтайлы шешім екендігін атап өтті. Облыс әкімі сондай-ақ, кейінгі жылдары өңірімізде зор маңыз беріліп келе жатқан мектеп түлектерінің үлкен өмір бастауында дұрыс бағыт алып, оқуға түсіп, жұмыспен қамтылуы жағдаятына тоқталып өтті.

Уақыттан оза жүруге жұмыс істеуіміз керек

Қадірлі ұстаздар, әріптестер!

Алдымен сіздерді келе жатқан білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің көкейтесті мәселелерін ортаға салып, еркін ой бөлісу игі дәстүрімізге айналғаны белгілі. Тамыз кеңесі деп  аталған осы алқалы жиынға өткені­мізге ой жіберіп, келешекке бағдар түзуді әдетке айналдырғанбыз.

Бүгінгі әлемдегі өзгерістердің аса қарқындылығын байқамау әрине, мүмкін емес. Мұндай жағдайда білім беруді болашақтың даму тенден­цияларына бағыттау, жаңа талаптарға лайықтау міндеті бәрінен басым түсетін баршаға ортақ миссияға айналмақ. Шындығына келгенде біз балаларды қазіргі экономика үшін емес, келбеті енді ғана айқындалып келе жатқан, мүлде жаңа қатаң бәсекеге негізделген, креативті жасампаз экономикалық өмірге әзірлеуіміз керек. Сондықтан уақыт­тан да оза жүруге жұмыс істеуіміз керек. Яғни, біз ұзақ мерзімдік перс­пективаға еңбек етуіміз керек. Жаңғырып жетілудің мүлдем жаңа мазмұндық және сапалық тұрғыдан мүлдем бөлек, әлдеқайда биік сатыға көтерілуге ұмтылған елімізде жасам­паз, білікті, өзгерістерден қорықпай­тын мамандар қажет. Бұл Елбасының тұжырымы, нақты тапсырмасы, білім саласын ұйымдастырушы сіз бен бізге аманаты. Осы ретте біздің ұдайы назарда ұстайтын ерекше маңызды көрсеткішіміз түлектеріміздің жұмыс­пен қамтылуы.

Расында, жас мамандар келешек кәсібіне сай сапалы білім алып, мамандығы бойынша еңбек етсе құба-құп. Нақты өмірде көп жағдайда олай бола бермейді. Мойындау қажет, бұл мәселеде бізде келеңсіздіктер аз емес. Түлектерді бір мамандық бойынша даярлаймыз. Ал олар мүлдем басқа саладан орынын табады. Олардың қабілеті мен нарықтағы жағдайды ескере отырып, дұрыс бағыттау біздің міндетіміз. Экономикадағы тенденция­лар мен әлемдегі жаңалықтарға ілесе отырып, өзгерістерге ілезде бейімделу, шапшаң әрекет ету қазіргі білім беру жүйесінің ең маңызды қасиетіне айналды. Яғни, өзгерістерді өзімізден әсіресе, басқару жүйесінен бастауымыз керек. Сонда ғана біз ел экономика­сындағы шұғыл өзгерістерге тез бейімделіп ілесе алатын, жаңа заман­дағы өзгерістерге бейім мамандарды дайындай аламыз. Өзгерістерден тысқары қалып қоймау үшін басқару жүйесінің өзі жаңалықтарға бейімделе алуы шарт. Бұл барлық салаға қатысты десек те, оның ішінде білім беру саласы бірінші кезекте тұруы тиіс. Баланың өресінен туатын адами капиталы, оның білімі мен өмір дағдыларын қалып­тастыру біз үшін бүгінгі күннің басты басымдылығы, экономикалық даму мен қоғам болып кемелденудің негізгі драйвері. Өйткені, адами капитал мұнайдан әлдеқайда қымбат, баға жетпес ресурс, елдің дамуын анық­тайтын ең негізгі шешуші фактор. Қайталап айту артық болмас, бұл ХХІ ғасырдың екінші жартысында елдің және әрбір адамның әл-ауқатының өсуінің қоғамның дамуының негізгі факторы.  Адами капитал ең алды­мен білім беру саласы арқы­лы қалыптасады. Оны қалыптастырудағы білім сала­сының үлесі кез-келген басқа саладан әлдеқайда жоғары. Сондықтан да бұл саланы әлеу­меттік қамсыздандыру, зейнет­ақы жүйесі, мемлекеттік бас­қару, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты шығынды көп қажет ететін саланы бір қатарға қой­мау керек, керісінше мол қосым­ша құн қалыптастыратын инвес­тициялық сала ретінде қарауы­мыз керек. Мойындауымыз керек қазіргі таңда біздің елдегі адами капитал көп жағдайда бәсекелестікке жол ашатын артықшылыық емес, қайта дамуға кедергі болатын кемшілік болуда. 2017 жылы дамушы елдерде, соның ішінде Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлар арасында жүргізілген сауалнама қорытынды­лары жарияланған. Қазақстанда жұмыс істеуге кедергі болатын басты фактор не деген сұраққа инвесторлар «жергілікті мамандар біліктілігінің төмендігі» деп жауап береді. Бұл фактордың кері ықпалы аталған сауалнамада сыбайлас жемқорлықтан да асып түскен. Тура осы жағдай жастар арасындағы жұмыссыздыққа себеп. Қазірдің өзінде жастар арасындағы жұмыссыздық ере­сектер арасындағы жұмыссыз­дықтан жоғары және өкінішке орай бұл көрсеткіштің еліміз бойынша соңғы жылдар өсімі байқалады. Сондықтан бізге білім сапасы мен дағдының көкжиегін кеңейтетін жан-жақты жаңғыру жобасы қажет. Егер біз ХХІ ғасырдың жаңа адамының логикасын ескеріп тез бейімделмесек, артта қала береріміз анық.

Бірнеше ай бұрын «Атаме­кен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы жоғары оқу орындарының білім беру бағдар­ламаларына бағалау жүргізді. Бұл зерттеу нені көрсетті? Біріншіден, студенттердің уақытыын зая қылатын қажетсіз пәндердің көп екені анықтал­ды. Екіншіден, ІТ мамандығы бойынша жасақталған оқу бағдарла­малары нарық­­­тың қажеттеріне мүлдем сай емес. Осындай жағдай басқа да маман­дық­тарға тән. Бұл мәселе барлық мемле­кеттік жоғарғы оқу орындарына ортақ.

Студенттер үшін білім алу траек­ториясын таңдау мүмкіндігі жоқ. Көпте­ген орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында студенттер таңдаған пән­дер бойынша бағдарлама жасақтау және оқыту жұмысы немқұрайлы жүзеге асырылады. Студенттің жолында ізде­німпаз ұстаз жолықса жақсы. Ал ондай ұстаз табылмаса ше? Осы ретте мен Американың белгілі бизнесмені Илон Масктің «Егер ереже алға басуға кедергі келтірсе ондай ережеден батыл бас тарту керек» деген сөзімен келісемін. Оқу бағдарламалары уақыт талабына сай болмаса, оны қолданудың не керегі бар?!

Үйреншікті жоспар, жауыр болған сағатпен жүре бергісі келетін ұстаз баланың болашағына, яғни елге нұқсан келтіреді. Барлық жоғарғы оқу орындары, соның ішінде жергілікті универ­ситеттер осы айтылғандарды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жыл сайын жаңартып, қайта әзірлеуі керек. Биылдан бастап күшіне енген академиялық еркіндік қағидасы оған жол ашады. (Облыс әкімдігі мен Қ.Алдабергенұлы Бисенов осы мәселеде біраз жұмыс жасауы керек).

Ақпараттық сандық технологиялар адам қызметінің барлық салаларында соның ішінде өндіріске дендеп кіргенін түсінуіміз қажет. Сондықтан, білім беру саласындағы ІТ технологиялармен байланысты жаңалықтар әсте сән емес, ол уақыт талабы. Менің білуімше, кез-келген елдің білім жүйесі шешуі тиіс 2 ғана басым міндет бар. Ол білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз ету және сол сапалы білімді баршаға қолжетімді ету. Ақпараттық технологиялар осы екі міндетті шешуге жол ашады, білім берудегі ақпараттық техноло­гияларды кеңінен қолдап дамытуға балама жоқ. Барлық ұстаздар түсініп, оған ден қоюға міндетті. Бұған дейінгі индустриалды заманның білім берудің басты міндеті жаппай сауатты­лыққа қол жеткізу болатын. Сондықтан мектеп балаларды топ-топқа бөліп, барлығына ортақ талап қоятын конвейер үлгісімен жасалды. Қазіргі мақсат ол емес. Қазіргі балалардың дені мектепке әріп танып, санауды біліп келеді. Қазіргі міндет әр баланың жеке қабілетін, қажеттілігін, мүмкіндігін ескере отырып оқыту. Бұл міндетті шешу үшін мұғалімдердің санын күрт көбейту керек. Оны шешудің жалғыз ғана баламасы — әр балаға бейімделіп жұмыс істейтін ақпараттық технологияны дамыту заманымыз­дың жаңа келбетін айқындаушы төртінші индустриалды революция бұл барлық өндірістік процестерді автоматтандыру және ақпарат­тандыруды білдіреді. Сондықтан түрлі жаңа форматтағы ғылыми көзқарасты, жаңа кадрларды талап етеді, жаңа мамандықтар ашады. Бізге сол міндеттерді орындай алатын жаңаша шешім қабылдайтын озық ойлы және креативті адамдар болуы қажет. Сол себепті біз 2014 жылдан бастап балаларымызды кезіндегі Кеңестер одағының мақтанышы болған Мәскеу мен Санкт-Петербургтің ең озық инженерлік жоғарғы оқу орындарында мақсатты түрде оқуға жіберудеміз. Осы жазда біз Ресей федерациясының гранты бойынша оқып жатқан 450 қызылордалық студенттің 65 алғашқы түлегін күтудеміз. Сонымен бірге біздің жастарымызға мамандандырылған киберқауіпсіздік және процестерді матема­тикалық модельдеу саласында М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетіне жыл сайын 20 грант бөлінуде. Тек қызылордалық жастарға!

Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Ресейдегі ең көшбасшы аймақ Татарстанның Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жылына 20 түлектің білім алуына Татарстанның Президентімен келісім де бар. Бұдан басқа осы жылдың ішінде шілде айының басында Астанада Еуразиялық қауым­дастықтың Парламентаралық  ассамблея­сындағы жоғарғы оқу орындарымен ынтымақ­тастық туралы меморандумға қол қойдық. Жоғарғы оқу орындарына түсу емтихандарын үздік тапсырған Қызылорда облысы мектептерінің түлектеріне жыл сайын Санкт-Петербургтың оқу орындарына 10 грант беретін болды. Өскелең ұрпаққа, олардың ата-аналарына ыңғайлы болсын деп қазір Мәскеу — Қызылорда әуе жолын аштық. Жетісіне 4 рет қатынайтын «Аэрофлот» компаниясы әуе лайнері билетін ертерек сатып алсаңыз тиімді. Мысалы Қызылорда мен Астананың арасына бір бағытқа ұшу үшін (біржарым сағат уақыт) 45 мың теңге болса, Қызылорда мен Мәскеуге 3 жарым сағатқа ұшу үшін егер билетті 2 ай бұрын алсаңыз 26 мың теңге.

2018 жылы Санкт-Петербург экономикалық форумы аясында жаңа технологиялардың компанияларға әсері бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелері жарияланып, ірі кәсіпкерлердің 62%-ы болашақта жасанды интеллектің зор ықпалына қарамастан адамдардың еңбегіне жүгінуі бүгінгі күннен кем түспейтінін айтқан. Алайда цифрландыру жүйесі еңбек дағдыларына қойылатын талаптарды өзгертетінін дұрыс түсіну керек. Болашақта адамдар қызмет саласын жиі өзгертуге мәжбүр болады. Олардың мақсаты қазіргідей бір бағытта болмайды.

Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым тез әрі қиналмай өзгертуге қабылетті аса білімді адамдар ғана табысқа жетеді. Сондықтан да ұдайы білім алу дағдысы алдыңғы білімнің жылдам ескіруіне байланысты өте маңызды болмақ. Бір сөзбен айтқанда, заман күнде оқуды, күнде ізденуді талап етеді. Оның үстіне жаңа буынның білім алуы мен тәрбиесіне білім беру жүйесі ғана емес, жасөспірімдерді қоршаған ортаның барлығы жұмылуы қажет. Үй, балабақша, мектеп, ортасы, туысы, өмір салты, мүмкіндіктердің барлығы жан-жақты даму мақсатына жұмыс істеуі керек. Бізде өкінішке қарай технологияларды енгізу және пайдалану, әлеуметтік белсенділік пен кәсіпкерлікті қолдау, коммуникация және дизайн, сондай-ақ мектептегі оқу бағдар­ламасына кірмейтін ғылымдар саласына таланттарды анықтау және қолдауға қатысты инфрақұрылым жетіспейді, жоқтың қасы деуге болады. Бұл тұрғыда Ресейдің квантирум тәжірибесі бізді қызықтырып отыр, бұл жоғарғы технологиялық құралдармен жабдықталған және жоғары білікті инженерлік кадрларды дайындау, инновациялық технологиялар мен идеяларды дамыту, тестілеу және енгізу мақ­сатында құрылған балалардың технопарктері. Меніңше, бұл тәжірибені мемлекет басшысы Жолдауында қойылған жоғары технологиялы балалар технопарктері және бизнес инкубаторлар желісін құру жөніндегі міндеттер аясында іске асыруға болады. Бұл үшін аймақта дарынды ізденімпаз жастарға жаңа өнім жасауына қолайлы кеңістік құру қажет. Оны іске асыруды облыстық жастар саясаты, білім, индус­триал­дық инновациялық даму, кәсіп­керлік және туризм және жақында ғана құрыл­ған (8 тамызда) сандық техно­логиялар облыстық басқармасына тапсырамын.

Сапалы білім алуға қол жеткізудегі кейбір кедергілер талантты жастарды басқа елдерге барып оқуға қолайлы жағдай іздеуге мәжбүр етеді. Бүгінде кейбір мәліметтерге сәйкес Ресейге 75 мыңнан астам қазақстандық студент, 130 мыңнан астам студент грант және ақылы бағдарлама бойынша шет елдерге кеткен. Олардың барлығы ертең елге қайтып келе ме? Үлкен күмән бар. Бұл да анық бәсекенің бір көрінісі. Біздің ең ақылды дарынды балаларымызды алып кетіп, өздерінде қалдыру үшін басқа облыстар ғана емес, басқа елдердің де таласы бар. Қазіргі қабілетті жастардың алдында шексіз мүмкіндіктер ашылады. Біз оны жасанды шектей алмаймыз. Оларды алып қалу үшін оңтайлы жағдай жасаудан басқа амал жоқ. Яғни, мектеп те, колледж де, университет те барымен тұйықталмай әлемде бар білім мен жаңалықты алып келіп оқушыларға беруге міндетті. Бұған қазіргі техно­логиялар жақсы мүмкіндік береді. Біздің оқу орындарымыз осыны жасап жатыр ма? Тағы да күмәнім бар. Бұл бүгінгі күні біз жол беріп жатқан кемшіліктің бірі. Мұның себебі, біздің білім беру жүйесінің жаңа заман талабына сай әлі де жетілмегенінде және бұл мәселеге біздің әлі де дендей алмағанымызда.

Статистикаға назар аударсақ, қазіргі таңда біздің өндірісте жастардың бар-жоғы 10%-ы еңбек етсе, құрылыста өрендеріміздің 7%-ы ғана жұмыс жасайды екен. Ал көтерме және бөлшек сауда орындарында жұмыс жасайтын жастар 17%-ды құрайды. 3-5 адамның басын қосып жұмыс жасайтындар жоқтың қасы. Жастар арасында жұмысшы мамандықтар сән болудан қалған. Бұл да арнайы қарайтын маңызды мәселе. Қазір бізге дәл сондай жұмысшы қолдары жетіспейді, қашанғы көрші елдердегі арзан жұмыс қолына қарап отырамыз. Айтпақшы, көрші елдердің де соңғы кездері қарқынды нарықтың жолына түсіп отырғанын естіп отырсыздар. Ертең-ақ олар біздің бәсекелесімізге айналады. Жастар арасында еңбек етуге машықтанбау, нарық пен кәсіпкерліктен хабары жоқ жастардың көбеюі қылмыстың өршуіне себеп болады. Биылғы жылдан бастап ІТ мамандықтарына жыл сайын бөлінген гранттардың 70%-ын арнауды жоспарлап отырмыз. Оларды болашақта туған елге қайтаруға болады деген үмітіміз зор.

Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша облыс түлектерінің орташа көрсеткіші 85,2 баллды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,42 баллға жоғары. Өткен жылы түлектердің 97%-ы оқуға түскен. Биылғы жылы жоғарғы және орта оқу орындарына түсу туралы мәлімет енді шығады. Биылғы нәтиже жаман болмауы тиіс. Өткен жылы 97% Сыр елінің жас түлектері жоғарғы және орта оқу орындарына түсті. Биылғы есебіміз де 97-98%. Қалған 2%-ды жастар басқармасы, жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауға алуы керек. Ертең олардың арасында маригиналь жастар болып, қылмыстық топтарда, дінде (заңға қайшы келетін) әрекетке бармауы үшін қатаң бақылауға алып, олармен тиісті жұмыстар ұйымдастыруымыз керек. Жалпы жоғары сынып оқушыларын жақсы, жаман, озат немесе нашар оқушы демей барлығын бірдей үлкен өмірге бағыттау әрбір мектеп директорларынан бастап, барлық мұғалімдер атсалысатын аса маңызды міндет. Қылмыскер де, экстремист те, бұзақы да мектеп қабырғасынан бағыт, бағдарсыз шыққан баладан шығады. Әрине, тәрбие мен бағдар беру мектеппен шектелмейді. Кейде мектепте жап-жақсы негіз қалыптастырып келген бала оқудың кезекті сатысында білім мен қолдау таппай сүрінеді.

Зерттеулерге сүйенсек, қазақстандық колледж және университеттерде ертеңіне нық сенімді жастар үлесі әлі де төмен. Жасам­паздық, бастамашылдық, кәсіпкерлік және көшбасшылық дағдылар қалыптастырып жалындап тұрған түлектер де көп емес. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, басқа да көрші елдерге де тән. Жаңа уақытқа бейімделу міндеті баршаға ортақ. Көп елдің әдіскер мамандары мен зерттеу орталықтары осы бағытта жұмыс істейді, ізденеді. Оларға құлақ түріп, тәжірибесін зерттеу міндеті назардан қалмауы тиіс. Жақында менің қолыма Ресейдің стратегиялық зерттеу орталығы мен жоғары экономикалық мектебінің ұжымдары дайын­даған Ресейдегі адам капиталын дамы­туға арналған зерттеуі мен соның негізінде дайын­далған ұсыныстар тиді. Аса беделді маман­дардан құралған мамандар тобы зерттеулерін қорыта келе жаңа замандағы бәсекеге дайын болу үшін көрші елдің басшылығына білім беру жүйесіндегі мынадай мәселелерге мән беру қажет депті.

Бірінші, балаларды ерте жастан дамытуға жағдай жасалуы керек. 1-3 аралығында ата-ана  баланың қалыптасу ерекшеліктерін ескере отырып бала дамуына қажетті барлық жағдай жасауға міндетті.

Екінші, цифрлық дәуір мектебін құру қажет. Қазіргі ақпараттық технология мен цифрлық білім беру мақсаттарын ұштастыру арқылы әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасау керек.

Үшінші, мектептердің материалдық инфра­құрылымын кеңейту керек. Мектеп ғимараты, сыныптары, лабораториялары, құрал-жабдықтары заманға сай болуы шарт. Бұдан қаражатты аяудың қажеті жоқ.

Төртінші, білім беру жүйесі барлық балаға теңдей дәрежеде сапалы білім алуға жағдай жасауы керек.

Ауыл мектебі мен қала мектебі, орталық пен шет мектеп, үлкен мектеп пен шағын мектепте білімнің сапа айырмасы болмауы керек. Мектеп ішінде балаларды алалауға жол бермеу керек.

Бесінші, мектептер мен колледждер жаңа технологиялық мазмұнға жете көңіл бөлу қажет. Ол робототехника, ІТ сауаттылық крафтинг сынды жаңа бағыттар мен дағдылар.

Алтыншы, аса дарынды балаларды  анық­тау, қолдау және олардың ілгері жылжуына жағдай жасау жүйесі. Меніңше бұл бізде жақсы жолға қойылған. Әсіресе Назарбаев зияткерлік мектептері соның бір мысалы. Біз Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесімен құрылатын 46 инновациялық мектеп Назарбаев мектебінің деңгейіне жақындайды деп ойлаймыз. Алдағы 3 жылда бұл жобаны жүзеге асырамыз деп отырмыз.

Жетінші, жасына қарамастан барлық адамдардың үздіксіз, ұдайы білім алуына, біліктілігін арттыруына, жаңа мамандық пен дағдыларды игеруге жағдай жасау.

Сегізінші, аймақтың жоғарғы оқу орында­рының жергілікті жердегі инновациялық орталық ретінде дамуына жол ашу қажеттігі. Ол үшін алдымен өз мектептеріміздің озат түлектеріне жергілікті университетте қалып білім алуына, әрі қарай зерттеулермен айналысуына жағдай жасалуы қажет.

Тоғызыншы, мектеп бағдарламасына жаңа мазмұнмен, ақпараттық сауаиттылықпен қатар балалар денсаулығы мен өмір дағдыларының қалыптасуы қажеттілігі. Бізде сауаттылық тұрғысынан мазмұн белсенді түрде жаңаруда. Алайда, тәрбие жұмысы, денсаулық пен оның дағдыларын дамыту мәселелеріне көңіл бөлінуі қажет. Сонымен бірге ұлттық дәстүр мәдени мұра, ұлтымыздың жақсы дәстүрлерін дұрыс насихаттай білуіміз қажет.

Оныншы, білім беру сапасын көтеруге арналған мамандарды даярлау, қайта даярлау, оларды ұдайы оқыту жүйесін дамыту. Бұл шын мәнінде аса өзекті тақырып. Ұстаздар мәрте­бесін ұйымдастырушыларды дайындау жұмысы түбегейлі түрде қайта қарауды қажет етеді.

Аталған 10 міндеттен басқа да өркениетті елдердің тәжірибесіне біз ден қоюымыз керек. Мүмкіндігінше әрқайсысын бөлек жобаға айналдырып, нақты мақсатқа қол жеткізу мақсатында білім беру басқармасы аясында жобалық басқару тетіктерін енгізу мүмкіндігін қарастыруымыз қажет.

Білім басқармасына айтылған ұсыныстарды мұқият зерттеп аймақтың білім беру жүйесін жетілдірудің жаңа жоспарларының Жол карта­сын дайындау, әзірлеу тапсырылды. Облыс әкімі­нің орынбасары Р.Рүстемов, білім басқар­масының басшысы М.Мелдебекова, университет басшысы Қ.Бисенов және басқа да  әріптестерге.

Құрметті ұстаздар, әріптестер!

Күмән жоқ, тәуелсіз Қазақстанның, 2050 жылғы жағдайы мен әлем елдері арасындағы орны, алдағы 5-7 жылда біздің балабақша­ларымыз бен мектептеріміздегі, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы білім сала­сындағы өзгерістер, ол өзгерістердің мазмұнын, сапасы мен жылдамдығы осы отырған ортаға байланысты. Біздің атқарған қызметімізге деген адалдығымызға, елімізге, өскелең ұрпаққа деген ниетімізге байланысты. Әрине, өмірдің ағысына ілесіп, өзгерістерді сырттан ғана бақылап, өзгенің жасағанын сынап жүре беруге де болады. Ол оңай, көпшілік кейде солай да өмір сүреді. Бірақ жас ұрпақты, сол арқылы қоғам мен елді алға сүйрейтін олар емес. Күн­делікті өмір мен қызметінде көзге көрінбейтін жаңалық, бірден еленбейтін өзгеріс әкелуге дайын адамдар. Олардың күнделікті жасаған жақсылықтары жинала келе айналаны адам танымастай түрлендіретін өзгерістерге ұласа­ды. Олай болса бәріміз сол ортадан табылуға тырысайық.

Сингапурлық экономикалық ғажайыптың негізін қалаушы, Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Юдың сөзін еске салғым келеді. «Өзгерістер мен жаңаны қабылдауға бейім мәдениет ғана өміршең болады. Оған дайын еместер артта қалып, құрдымға кетеді». Сондықтан өзгерістерге ашық ел мұраты мен ұрпақ тәрбиесіне адал болайық, қадірлі әріптестер! Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өткізген білім қызметкерлерінің бірінші құрылтайында айтқан «Келешекке кемел біліммен» деген ұран-аманатын бірлесе іске асырайық. Өйткені жас өркенді біліммен қаруландырып, қанатын қатайтып, әлемдік бәсе­кеге қосудың кілті сіздердің қолдарыңызда мәртебелі, қадірлі ұстаздар! Бұл сіздерге жүктелген абыройлы міндет. Осы ұлы істе абыройларыңыз қашанда биік болғай, жаңа оқу жылдарыңыз жемісті болсын!

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын ӨРСАРИЕВ:

Биыл оқулықтар сапасы жоғары болады

Соңғы жылдары Сыр елі ерекше қарқынмен дамып келеді, білім саласында да айтарлықтай жаңалықтар жеткілікті. Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында нақты іске асырылуы тиіс іргелі бастамаларға назар аударды. Халықаралық сарапшылардың айтуынша автоматтандыру мен роботтандыру келесі 20 жылдың ішінде еңбек нарығының 40 пайыздан жоғары кәсіптердің санын өзгертеді. Таксистер, юристер, бухгалтерлер, оқытушылар, жұмыс­шылар, шаруалар секторлары мен жалақыла­рының төмендеу үдерісіне ұшырауы мүмкін. Сондықтан қазақстандық білім беру жүйесінің үлес деңгейін 30 дамыған елдің қатарына қосу үшін және бәсекеге қабілетті қоғам құру үшін біз келесі шараларды жүргізуіміз керек.

Біріншіден, мектепке дейінгі білім ең маңызды мәселе. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік осы деңгейде ең жақсы дамыған. Жеке меншік балабақшалар үлесі 30 пайыздан асты. Ал 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 93%-ға жеткіздік. Осы жылдың ерекшелігі, балабақшаларда оқу-тәрбие сапасын көтеріп бір деңгейге келтіру. Ол үшін типтік оқу бағдарламаларына өзгеріс­тер енгіздік. Баланың білім алуын бағалаудың бірыңғай жүйесі енгізілді. Келесі жылдан бастап 0-сынып тәрбиешілері мен мұғалімдерін дайын­дауға кірісеміз. Латынша әліпби және кирилли­цадағы букварь, базалық оқулықтарды дайындау жұмысы жүріп жатыр. 2020-2021 оқу жылына дайын болады.

Орта білім беруге өткен жылы зор маңыз берілді. Кестеге сәйкес жаңартылған мазмұнға көшу жалғасты. Жаңа оқу жылынан бастап 3,6,8 сыныптар жаңартылған мазмұндағы бағдар­ламада оқи бастайды. Кезең-кезеңімен шешу­деміз. Негізінен мұғалімдер, оқулықтар дайын. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін көп жұмыс жасалды. Биыл оқулықтардың сапасы жоғары болады деп сенемін. Оқулықтардың электрондық нұсқалары енгізілді. Сонымен қатар биыл 1-11 сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарлама­лары бекітілді. Енді тек қана бір типтік оқу жоспары болмайды. Мектеп өзіне керекті жоспар бойынша жұмыс жасауына мүмкін беріледі. Барлық мектептерге осы арқылы  академиялық дербес­тік беруді дұрыс деп есептейміз. Бұл жерде объективті қандай жоспармен жұмыс істейтінін мектеп өзі шешеді. Жалпы мектеп жоспарымен қатар гимназия-лицейлер дарын­ды балаларға арналған мектептер үшін де, кешкі мектеп үшін де мұғалімдер ұсынысы ескеріліп жасалды.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында 5-7 сыныптарға «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет өтеді. Информатика пәні 3 сыныптан басталады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарла­масының аясында информатика сабағы келесі жылдан 1-2 сыныптарға енгізіледі. Әр пән бойынша ресурстар мектептерге 100% жеткізілді. Мұғалімдер оны тиімді пайдалануы қажет. Министрлік ұсынысымен жаңа оқу жылынан бастап әр балаға жеке логин беріледі. Енді цифрлық ресурстар үйде де, мектептерде де тегін қолжетімді болады. Мектептерге келсек электрондық құжаттауды кең жолақты интернет жоқ мектептерде ғана қағаз түрінде толтыруға рұқсат беріледі. ІТ технологиясын, робототехниканы дамыту үшін қосымша білім беру мүмкіндіктерін пайдалану керек.

Жергілікті атқарушы органдар робототехника, бағдарламалау, 3D принтер сыныптарын ашуда. Қазіргі уақытта бір жарым мың, сонымен қатар барлық өңірлерде сыныптар бар. Сонымен бірге ағымдағы жылы 110 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. 8 мыңнан астам пән мұғалімдері жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда оқуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі.

«Ұстаз» орталығы барлық өңірлерде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын төрт жарым мыңнан астам мұғалімге қолдау жасай­ды. Бір жыл бойы бұл мұғалімдерді толығымен қолдап, үйретіп, сабақтарына қатысып, нақты көмек көрсетілетін болады. Өткен оқу жылында 510 мектеп кейбір пәндерді ағылшын тілінде пилот ретінде оқытса, осы оқу жылы әкімдіктер бекіткен тізімге сай 2200-деп астам мектеп бастайды деп жоспарлануда — дей келе А.Өрсариев жетім және ата-ана қамқорлығын­сыз қалған балаларға жасалып жатқан қолдау, патронаттық тәрбие жөнінен бірер дерек айтып өтті. Өткен жылы қазақстандық отбасылар 1500 баланы асырап алыпты. А.Өрсариев сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан шара­лар, оның ішінде дуальды оқыту, кәсіптік бағдар беру тарапындағы шаралар жөнінде атап өтті.

Елбасы биылғы Жолдауында жоғарғы оқу орындарына бөлінетін білім гранттарын 20 мыңға көбейту туралы айтқаны белгілі. «Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді» — деді жүзе­ге асырылған бұл шара жөнінен де А.Өрсариев.

— Білім беру жүйесі жаңа оқу жылына жалпы дайын. Көріп отырғанымыздай өткен оқу жылында көптеген жұмыстар атқарылды. Алдымызда биік, маңызды мақсаттар тұр.  Педагогтар ұжымына білім саласындағы идеяларын жүзеге асыруда шығармашылық табыстар тілеймін. Жаңа оқу жылы құтты болсын, — деді сөзін қорыта келіп А.Өрсариев

Ең маңыздысы жасанды интеллектке тәуелді емес адамды тәрбиелеу

Келесі кезекте сөз алған «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымда­рының басқарма төрайымы Күләш Шамшиди­нова оқушыларды заман талабына сай етіп оқыту үшін қандай қағидаттарды басшылыққа алу керек деген мәністе пікір өрбітті.

— Бүгінгі 10 жасқа дейінгі балалар қазір еңбек нарығында мүлдем жоқ мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады. Сондықтан балаларды қандай бағытта оқытып-тәрбиелеу маңызды? Бұл ретте ең маңыздысы жасанды интеллектке тәуелді емес адамды тәрбиелеу, — дей келе бұл орайдағы басшылыққа алу керек негізгі міндеттерді атап өтті. Біріншіден, оқып жаза білумен бірдей цифрлық сауаттылық, екіншіден, өзгерістерге бейімделе білу қабылеті, үшіншіден, сергек сезімді интелектті дамыту, төртіншіден ақпаратпен жұмыс істей білу, сараптай білу қабылетін дамыту, бесіншіден, командада жұмыс істей білу қабылетін дамыту, алтыншыдан, өзін-өзі дамытуға, өмір бойы оқуға, үйренуге ынталылық, жетіншіден креативтік, шығармашылық сыни көзқарасты қалыптас­тыру, сегізіншіден, мәселелерді шеше білу.

Дей келе К.Шамшадинова:

— Жасанды интелект ұстазды ауыстыра ала ма деген сұрақ бар. Жасанды интелект ұстазды ауыстыра алмайды. Өйткені жасанды интеллект адамды дамуға ынталандыра алмайды. Сіз бен біз дұрыс мамандықты таңдағанбыз, — деп ұс­таз­дар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап өтті.

Мінберден сөз алған «Атамекен» Қызылор­да облысының кәсіпкерлер палатасының дирек­торы Ғалымбек Жақсылықов палата тарапынан мемлекеттік органдармен бірлесе атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Дуальды оқыту жүйесінің жол картасы», «Кәсіп­керлік негіздері», «Кәсіптік бағдар беру жұмы­сы­ның жол картасы» сынды бағдарла­ма­лар жүргізілуіне үлес қосып жатқаны айтылды.

Ғ.Жақсылықов палатаның облыстық филиа­лы 2014 жылдан бері облыстық білім басқарма­сымен бірге Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін пилоттық режимде жүзеге асырғанын атап өтті. Республикада тұңғыш рет Қызылорда облысында қолға алынған жобаға қатысқан мектеп оқушылары республикалық, облыстық олим­пиадаларға, бизнес-идеялар байқауына, көрмелерге қатысып жақсы нәтижелер көрсеткен.

2017 жылы Жапонияның Токио қаласында өткен «JA Asіa Pacіfіc Company» халықаралық байқауына қатысқан. Қызылорда облысында бастау алған бұл жоба Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен республика көлемінде қанат жайған. Қанатқақты жобаны Білім және ғылым министрлігі толықтай қолдап, өткен жылы 10 сыныптарға арналған бағдарлама 16 мектепте жүргізілген. Енді келер жылдан «Кәсіпкерлік негіздері» пәні барлық мектептерде жүргізіл­мек. Пән бағдарламасын әзірлеуде халық­аралық тәжірибе кеңінен зерттеліп, «Бастау» жобасының нәтижелері пайдаланылған. Бағдарлама интербелсенді және геймификация және бизнес кейстерді зерделеу қағидаларына негізделген. Бағдарламаның 40 пайызы теориядан, 15 пайызы бизнес кейстерден, 45 пайызы ойын түрінде берілген практикалық тапсырмалардан құрылған. Бұл орайда Ғ.Жақ­сылықов: Неге геймификация? — деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі кәсіпкерлік ол тарих немесе математика емес, кәсіпкерлік — ол әрекет, оны тек тәжірибе арқылы түсініп, үйренуге болады. Бағдарламаны құрастырған кезде біз оқытылатын балалардың барлығынан кәсіпкер жасауды мақсат тұтқанымыз жоқ. Біз жастар­дың кәсіпкерлік ойлау қабылеттерін дамытуды мектеп қабырғасынан бастауды көздеп отырмыз» — деді.

Палата сондай-ақ, мұғалімдерді әдісте­мелік даярлау мақсатында оқыту семинарларын білікті дамыту курстарын бизнес-идеялар жәрмеңкелерін өткізуге ұйытқы болуда екен. Облыстың 35 мектебінде 5, 10 сыныптар бағдарламасына «Кәсіпкерлік негіздері» факультативтік негізде қазір де енгізілген.

Облыстық білім басқармасының басшысы М.МЕЛДЕБЕКОВА:

Білім саласын көтеру ұлттық мүдде

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту

— Облыста бүгінге дейін мектепке дейінгі ұжымдар жалпы 665-ке жетіп, 555 балабақша, 116 шағын орталықтарда жалпы алғанда 60 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 3-6 жастағы бала­лардың балабақшамен қамтылуы 100%, 1-3 жас аралығындағы 11,7% қамтылған. Облыста осы салада 6 мыңнан астам педагогтар жұмыс жасайды. Олардың жоғары білімдісі 65%, 25%-ы мектепке дейінгі сала мамандары. Жеке­меншік балабақшалардың мамандарының сапалық құрамы мемлекеттік ұйымдарға қара­ғанда әлдеқайда төмен. Бұл өз кезегінде жал­пыға міндетті мемлекеттік стандарт тапсырыс­тарының орындалуына тікелей әсер етеді. Осыған орай алдағы уақытта қалалық, аудан­дық білім бөлімдерінің басшыларын мемлекеттік бағдарламада белгіленген кадр сапасы көр­сеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуді басты назарда ұстауды тапсырамын. Одан кейінгі маңызды жұмыстардың бірі балабақ­шаларға қабылдауды электронды түрде жүргізу. Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша бұл мәселе толық шешілген, облыстағы қалған 420 балабақша автоматтандырылған жүйеге осы қыркүйекте қосылады. Ендігі кезекте осы уақытқа дейін жекеменшік балабақшаларда орын алған проблемалардың барлығы — балаларды қабылдау, кезекке тұру, барлығы ашық түрде жүргізіледі. Халықаралық сарап­шылар бала­ларға инвестиция неғұрлым ерте салынса, оның келешегі соғұрлым жақсы бола­ды дейді. Ол келешекте жақсы жұмыс жасайды, өмірде табысты болады, салықты басқаларға қарағанда 7%-ға көп төлейді екен. Мұндай тұлға­ға мемлекет қосымша әлеуметтік шығындар шығармайды. Мектепке дейінгі білімге салынған 1 доллар, экономикаға келе­шекте 8 есе көп табыс әкеледі екен, — деді М.Мелдебекова.

2018, 2019, 2020 жылдарды жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары деп жарияладық. Биылдың өзінде республикалық, облыстық бюджеттен осы мақсатқа 32 млрд. теңге қаражат бөліп отырмыз.

* * *

Күні кеше мүмкіндігі шектеулі азаматтардың «Өзіңе сеніммен баста» конкурсы өтті. Ол азаматтар тағдырдың тауқыметіне қарамай тірлік  жасап, көптеген жобаларды іске асырып жатыр.

Арамызда тепсе темір үзетін кемпір-шалдың зейнетақысы есебімен өмір сүріп жүрген масылдық көзқарастағы замандастарымыз бар. Әр адам өз тағдырына ие болуы керек. Мемлекет соған жағдай жасайды. Жастар арасында білімсіздік пен еңбек етуге машықтанбау, кәсіпкерлікпен айналыспауға келісуге болмайды. Алматыдағы Денис Теннің қазасына алып келген қылмысқа барған екі жас та біздің қоғамның мүшесі! Олардың жексұрын қылығы мен аянышты тағдырына оларды оқытып тәрбие берген ортасы кінәлі емес деуге бола ма? Тәрбие бере алмаған ата-анасы, білім беріп өмірге дайындай алмаған мектебі, қамқорлық жасап бағыттай алмаған қоғамның да жауапкершілігі бар. Сондықтан да бірде-бір баланың назарсыз, бірде-бір түлектің бағдарсыз қалмауы өте маңызды. Осыны ескере отырып жыл сайын 100 талантты ауыл балаларын, оның ішінде аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан талапты жастарды еліміздің белді жоғарғы оқу орындарына облыс әкімі грантымен оқуға жолдап отырмыз. Биылғы жылы оқу грантының санын 100-ден 205-ке дейін, екі есе ұлғайту туралы шешім қабылдадық. Қазір облыс әкімінің грант иегерлерінің саны 900 адамға жетті.

Осы тұста Шиелі ауданымен тікелей байланыс қосылып, аудан тұрғыны, балабақ­шада 40 жыл әдіскер болып жұмыс істеген Ж.Айдарова балабақшадағы тәрбиенің бала­ның қалыптасуына маңыздылығы жөнінде атап өтті.

— Балабақшада қызмет атқара жүріп, баланы мектепке дейінгі жан-жақты тәрбиелеу­дің тиімділігіне көз жеткіздім. Өз балаларым да балабақшада тәрбиеленіп, мектепте үздік оқып, грант иегері болды. Қазір өз мамандықтары бойынша еліміздің өркендеуіне үлес қосуда, — деді сала ардагері.

Орта білім бойынша

— Орта мектеп — адами тұлғаны қалып­тастыратын деңгей дейді сарапшылар. Білім сапасы болмаған жағдайда баланың кәсіби, тұлғалық мүмкінідіктері шектеледі. Сондықтан халықаралық стандарттарға сәйкес енгізіліп жатқан жаңартылған білім беру мазмұнына көшу балалардың сапалы білім алып, өмірге тез бейімделіп қалыптасуына мүмкіндік береді. Осы орайда кестеге сәйкес жаңа оқу жылынан бас­тап 3,6,7, сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Бүгінгі таңда оқулықтардың барлығы алынды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,5 млрд. қаржы бөлінді. Функ­ционалдық сауаттылықты дамытып, дарынды оқушыларды анықтап, қолдап ынталандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле­тін болады. Өткен оқу жылында халық­аралық және республикалық олимпиадаларға 100-ден астам оқушы қатысып 40-тан астамы жүлделі орындарды иеленді. Оның ішінде 8-і «Алтын» медаль, 15-і Күміс, 23-і қола медаль алды. Облыстың «Сыр дарыны» академиясы құрылды. 2018 жылы ҰБТ-ға облысымыздан 7 мыңдай оқушы қатысты. Бұл бітірушілердің 66,6%-ын құрайды. Нәтижесінде облыста мектеп бітіруші­лердің 57,6%-ы мемлекеттік грантқа ие болды. Грант иегерлері саны 2017 жылмен салыстыр­ғанда 509-ға артты, — деді басқарма басшысы.

751 түлек «Серпін» бағдарламасы бойынша грантқа ие болғанын, жалпы түлектердің басым бөлігі техникалық бағыттағы мамандықтарды, бірсыпырасы ауыл шаруашылығы, медицина, тағы басқа мамандықтарды таңдағанын сан жүзінде нақтылаған басқарма басшысы өз ризалығын да аңғартты. 2005 талапкер облыс әкімінің грантына ие болды. Ақылы негізде жоғарғы оқу орындарына, колледждерге түскендері де бар. Оқуға түсе алмағандар кәсіптік негіздегі қысқа мерзімдік курстардан білік меңгермек екен. Түлектер бойынша әлі де сараптама жүргізілетінін атап өтті басқарма басшысы.

— Бұл мәселе басқарманың бақылауында болады, — деді бұл орайда.

2014 жылдан бастап облыс әкімінің бастамасы, қолдауымен өңір түлектері Ресейдің маңдайалды жоғарғы оқу орындарының гранттарына ие болуда. Биылғы оқу жылында 58 түлек Ресейге оқуға түскен. Ресейге білім қуып кеткен сырбойылық жастардың алғашқы легі туған жерге қайта оралуда. Солардың бірі кеңес жұмысына қатысып отыр екен.

Тоғжан Ахмет есімді түлек Мәскеу Ұлт­тық зерттеу технологиялық университетін тәмамдапты.

— Биыл мен сияқты 75 Сыр жасы диплом алып, елімізге қажетті мамандық иесі атандық. Аймаққа қажетті мамандыққа оқимын деген жастарға грант бөліп, демеу көрсеткеніңіз, Қырымбек Елеуұлы, сіздің бізге деген жана­шыр­лығыңыз деп білемін. Диплом алысымен қызмет істеп сабылмай, өзім индустиалдық-инновациялық басқармасынан еңбек жолымды бастадым. Менен басқа да түлектер жұмыс орнымен қамтамасыз етілуде. Өмірлік азық болатын кәсіби білім алуымызға бірден-бір себепкер болған сізге зор рахмет айтамыз, — деді туған жерді түлетуге үлес қосады деп үміт күткен жастың бірі.

Жаңартылған мазмұнға көшуде мектеп директорлары жауапкершілігі жоғары

— Биылғы оқу жылының тағы бір ерекшелігі жаратылыстану, математика бағытындағы пәндердің жоғарғы сыныптарда ағылшын тілінде оқытыла бастауы — деді басқарма басшысы. Бұл шара облыста 46 инновациялық мектептен басталмақ екен.

— Жаңартылған  білім мазмұнына кезеңмен көшу жалпы орта білім беру ұйымының басшысына жоғары талаптар қояды. Бірінші кезекте, мектеп директорлары енгізіліп жатқан жаңалықтардың көшбасшысы, новаторы, әдіс­кері, ұстаз болуы тиіс. Директорлар жұмыстың мазмұнына толық енуі керек. Осыған орай облыстағы барлық директорлар жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдерге үлгі болып, жаңар­тылған мазмұнына сәйкес сабақ беруле­ріңізді тапсырамын, бұл тапсырманың орында­луын бақылауды білім бөлімдерінің басшыла­рына ескертіп, өзімнің жеке жауапкершілігіме аламын, — деді басқарма басшысы. Осы ретте тағы бір атап өтерлігі, 2018 жылдан бастап мектеп директорларын тағайындау бойынша жаңа ережелер бекітіледі. Басқарма басшысы бұл өзгерістер жайына да тоқталып өтті. Директорлыққа үміткерлер бірінші тестілеуден, екінші әңгімелесуден өтеді.

— Осы орайда байқағаным, әңгімелесуге келген мектеп директорларының мектептің стратегиялық дамуына байланысты түсініктері аздау. Сондықтан білім саласындағы барлық стратегиялық құжаттарды жақсылап қарап, мектептерді қалай дамыту керектігі жөнінен жақсы ұсыныстармен келсеңіздер деп сұраймын — деді М.Мелдебекова. Минис­трліктегі қызметінде осы сала бойынша басшы болған М.Мелдебекованың бұл тараптағы талабы «Стратегиялық ойлауға бейім­делмеген» кейбір директорларға оңайға соқпас-ау, сірә.

Ағымдағы жылдан бастап педагог кадр­ларды аттестаттаудың жаңа форматы енгізіліп, жаңа формат бойынша педагогтар ұлттық тестілеуден өтуі керектігін, әрі қарай әңгімелесу болатындығын атап өтті баяндамасында М.Мелдебекова.

— Мамыр айында аттестаттау процедурала­рына педагогтардың 17%-ы қатысты. Қазіргі таңда облыста санаты жоғары педагогтардың үлесі республикалық көрсеткіштен төмен болып отыр. Сондықтан қараша айында өтетін аттестацияға мұғалімдер белсенді қатысуы керек екенін атап өткім келеді — деп тапсыр­малады М.Мелдебекова барлық білім беру ұйымдарының басшыларын осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, бақылауға алып, ұстаздарға қолдау көрсетуді айтып.

Инфрақұрылым

— Облыс бойынша оқушылардың санының жыл сайын өсу динамикасы байқалады. Жаңа оқу жылында оқушылар саны 7 мыңға көбейеді. Алдағы уақытта демография, миграция есебінен оқушылар саны өсіп және Білім туралы заңына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 6 жасқа толған балалардың барлығын 1 сыныпқа қабылдау нормативі енгізілетініне сәйкес үш ауысымдық мектептердің болу қаупі бар. Облыста бұл бағытта алдын алу шаралары іске асырылды — дей келе М.Мелдебекова 2018 жылы Қармақшы, Жаңақорған аудандарында 3 мектеп, жаңа оқу жылында Қазалы, Жаңақорған аудандарында 3 мектеп, Арал ауданында 1 мектеп, жыл соңына дейін, Қызылорда қаласында 1 мектеп келер жылы пайдалануға берілетінін жеткізді.

Жалпы, орын тапшылығын болдырмау, апаттық мектептердің мәселесін шешу мақсатында министрлікке келер жылы 5 мектеп құрылысын бастауға ұсыныстар беріліпті. Осы ұсынысты назарға алып, қолдау көрсетуді министрліктің жауапты хатшысына құлаққағыс етті басқарма басшысы жиын барысында.

Алдағы уақытта жеке меншік мектептер құрылысын жүргізу жайы да қарастырылмақ екен.

Тәрбие мәселесі қашанда өзекті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының тәрбие және білім бағыты бойынша 17 кіші жоба жүзеге асырылуда екен. Солардың қатарында Назарбаев зияткерлік мектебінің тәрбие саласындағы ұлттық құндылыққа бағытталған «Шаңырақ» жобасы облыстағы барлық мектептерде жаңа оқу жылынан бастап өріс алмақ жоспарда. Оқушылардың көшбасшылық қабылетін дамыту, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты одан әрі дамыту жобада негізге алынған мақсат.

— Тәрбие жұмысына ардагерлерді де тартамыз дейді бұл орайда басқарма басшысы.

Қосымша білім беру

Облыста балаларға қосымша білім берумен қамту деңгейі төмен екендігін атап өткен М.Мелдебекова бұл тарапта барлық мектептер жанынан техникалық өнер, спорт бағытындағы үйірмелерді жаңғыртуды, білім беру саласына қарасты бөлім басшыларына тапсырды. Сондай-ақ инклюзивті білім беру тарапында бірқатар жұмыстар алға қойылды. Облыста ерекше қолдауды қажет ететін 7 мыңға жуық бала болса, оның 46% ғана инклюзивті біліммен қамтылған. Жаңа оқу жылында барлық мектептерде дефектолог маманның штаты ашылмақ.

Цифрлық жүйеге көшу

— Бұл міндет мектептерді цифрлық білім беру ресурстарымен толық қамтамасыз ету;

— салада көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттерді автоматтандыру бағытында жүзеге асырылады. Облыстағы мектептердің 93%-ы кең жолақты интернетке қосылған. Оқу жылы­ның соңына дейін 100% қамту жоспар­ланған. Облыста 200 мектеп «Электрондық күнделік» жүйесіне қосылған. Осы орайда компьютерлер­мен, планшеттермен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда. Жаңа оқу жылында барлық мектептер «Электрондық күнделік» жүйесіне қосылуы тиістігін тапсырды білім басқармасы басшысы. Мектептердің жаңа модикациялық кабинеттермен жарақтануы да бүгінгі күннің талабы. Роботтық техника, зертханалармен жабдықталу жағдайы да баян етілді.

— Білім саласындағы барлық шараларға биылғы жылы 1,6 млрд. теңге облыстық бюд­жеттен қаралып, игерілуде, — деді М.Мелде­бекова бұл орайда. Тіректі мектеп ретінде ІТ мектебі де жарақталып жатыр екен.

Кәсіптік және техникалық білім беру жүйе­сінде де бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Облыс бойынша 30 кәсіптік білім беретін оқу орындары 22 мың студент білім алуда. Жаңа оқу жылында облыстағы жаңадан ашылған өндіріс орындарына қажет 23 жаңа мамандық ашылған. Сұранысқа ие емес 17 мамандық қысқартылыпты.

Дуалды оқытуға негізделген оқыту да республикада төмен көрсеткіш.

— Жаңа оқу жылында дуальды оқыту жүйесін кеңейтуді колледждер директорла­рына тапсырамын — деді басқарма басшысы.

— Құрметті ұстаздар, білім саласын көтеру мәртебесі биік, маңызы зор, ұлттық мүдде. Ұлттық мүдде жолындағы еңбектеріңізге табыс, шығармашылық табыс тілеймін, — деп қорытты сөзін басқарма басшысы.

Тұжыра баяндағанда облыстық білім беру саласында осындай жұмыстар, осындай мақсаттар тұр екен. Осал міндет емес.

Жиын соңы салтанатты марапаттау кезе­ңіне ұласып бірқатар оқытушылар «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне ие болды, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, сондай-ақ облыс әкімі­нің Құрмет грамоталары және алғыс хаттары­мен марапатталды. Сонымен қатар, «Мұрагер» мектебіне «Үздік орта білім ұйымы» номинация­сы бойынша 17 миллион теңге табысталды.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here