ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ: Кемшін тұстарды айту да парыз…

0
160

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы — ел назарындағы тұлға. Ол былай деп айтыпты деген ел ішінде жақсы әңгіме көп. Мұндағы ел газет-журналдан болсын, теледидардан болсын Парламенттегі әр депутаттың әр қадамын, әр сөзін жіті бақылайды. Елге, жерге қатысты өз аманаттарын Парламенттегі сенімді сенаторлары қалай қорғап жатқанын сырттай қадағалайды. Қай кезде де елге келген сенаторлар елдегілердің жақсы-жаман жағдайынан сыр тартады, елдегілер сенаторлардың іс-қимылын сынға алады. Осы ретте сенатор Мұрат Бақтиярұлымен тілдесіп, оның елге сапары жайын, Сенаттағы сауалдары туралы сұхбат құрдық.

— Парламент регламентіне сәйкес елге шығып тұрамыз. Сайлаушылармен кездесіп, қабылданған заңдардың елге әсерін бағамдаймыз. Заңның қандай кемшін тұстары бар? Кәсіпкерлерге, атқарушы билікке кедергі тұстары болса, оны ұсыныс етіп беріп, заңның толыққанды жұмыс істеуіне мүдделіміз. Биыл 84-ке жуық заң қабылдадық. Соның ішінде салыққа, сайлауға, жер қойнауына байланысты заңдардың ел өмірінде алар орны зор.

Әзірге Жаңақорған, Шиелі аудандарында болдық. Биылғы жылы су тапшылығы қатты сезілді. Дәл осыдан 10 жыл уақыт бұрын 2008-ші жылы да осындай қиыншылық орын алып еді. Жаңақорған, Шиелі диқандары бау бақша, күріш егуде су тапшылығы зардабына орай көп сұрақ қойды.

Сондай-ақ ауылды елді мекендерді газдандыру мәселесі де өте қиын тақырып. Бәрі қаржыға тіреледі. «ҚазТрансГазаймақ» банк несиесі арқылы бұл мәселені шешкісі келеді. Әрине, несие төлейтін халыққа қиын. Тиімді жолы алдағы жылдары Қызылорда облысының елді мекендерін газдандыру жобасына Үкіметтен қаржы бөлу. Елдегі жұмыссыздық мәселесі де әлі түбегейлі шешілген жоқ. 2009 жылмен салыстырғанда аймақта мұнай өндіру екі есеге төмендеді. Кәсіпкерлікті дамыту, ауылшаруашылығын әртараптандыру, тағы да басқа жүзеге асырылып жатқан жобалар аясында ішкі жалпы өнім деңгейі әлсіреген жоқ дегенмен, мұнай айналасындағы жұмыс орындарының қысқарғаны анық. Жұмыстан қысқарып, табыссыз қалғандар есебінен халықтың әл-ауқаты төмендейтіні белгілі. Қазір осыны болдырмас үшін кәсіпкерлікті қолдау, оның ішінде ауылшаруашылығы өндірісін қолдау бағытында көп жеңілдіктер жасалуда, несиелер берілуде. Алайда, ауылдағылар үшін жеңілдіктерді пайдаланып, несие алып малмен айналысу қиын. Банк міндетті түрде кепіл талап етеді. Ал, ауыл үйлерінің бағасы төмен. Шаруаның, фермердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін тағы бір қиындығы — нормативті құжаттар көп. Өзі шаршап жүрген шаруаның алаңсыз шашын ағартады. Ел осы құжаттарды азайтуға ұсыныс етуде.

Биылғы жылы көп заң өзгерді, Соның бірі — сайлауға қатысты. Алғашқы жоба бойынша  ауыл, кент әкімдерін, аудандық, қалалық, облыстық мәслихат депутатта­рын партиялық тізіммен сайлау болатын. Қазіргі нұсқада ауыл әкімін сайлау үшін аудан әкіміне ұсыныс беріледі. Балама негізде аудандық, қалалық мәслихат депутаттары таңдау жасап, дауыс береді. Біз осыны қалдырдық. Себебі елімізде  5 мыңның үстінде ауыл әкімдері бар десек, көшіп, қоныс ауыстыруға, немесе парақорлықпен, жемқорлықпен айыпта­луға байланысты ауыл әкімдері жиі ауысады екен. Ендеше ауыл әкімдеріне сайлау өткізу көп қаржыға келіп тіреледі.

Ал, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары алдағы уақытта партиялық тізіммен сайланады.

— Енді депутаттыққа кандидаттарды партия таңдайды ма?

— Солай болды. Өз қарсылығымды білдірдім. Біз әлі партиялық мәдениетке, саяси деңгейдің мәдениеттілігіне қол жеткізе қойғанымыз жоқ. Сайлауды бір қолға беруге болмайды деп қарсы болдым.

Жер заңына байланысты дау-дамай көп болғаны белгілі. Ұзақ талқыдан кейін бұл мәселе оң шешімін тапты. Жаңа заң бойынша Қазақстанның басқа елмен шекаралас аудандарда жекеге жер берілмейді. Сондай-ақ енді қолданыстағы заң бойынша бірде-бір сырт елдің, шетелдің азаматына жер жалға да, жекеменшікке де берілмейді. Егер де бірлескен кәсіпорында шетел азаматы болса оған да берілмейді. Мәселен, бір шетелдік азамат қазақстандықпен бірігіп кәсіп ашса, ғимарат, құрал-жабдық шетелдік азаматтікі, жер тек қазақ­стандық азамат меншігі болады.

Көпшіліктің тағы бір көп қоятын сауалы Байқоңырға байланысты. Әрине, Байқоңыр — Қазақстанның осал жері. Қазір Ресей біраз жерді қайтарды. Байқоңырды жалға алғаны үшін Ресей Қазақстанға 115 млн. доллар жалға ақы төлейтінін жұрттың бәрі біледі. Бірақ, ол ақша түрінде емес, тікұшақ, тағы да басқа қажетті өндірістік құрал-жабдықтар ретінде берілетінін жұрт бағамдай бермейді. Бұл — мәселенің бір жағы. Екін­ші жағынан, осы өтемақыдан сол Байқо­ңырдың зардабын тартып отырған аудан­дар тұрғындарының үлесі болуы керек деген жұртшылық талабы да орынды.

Мәселен, Америкада осындай поли­гон айналасында тұратындарға өтемақы беріледі. Бұл туралы халықаралық тұжырымдамада бар. Өкінішке орай, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандары тұрғындары осы тұрғыда өз құқықтарына қол жеткізе алмай келеді. Осы мәселемен Қорғаныс және Аэроғарыш өнеркәсібі министрі Атамқұловқа кірдім. 2013-ші жылы 500 тонна гептил құлады. Оның жергілікті халыққа зардабы жоқ емес, бар. Ресей жағы 13 млрд. теңге өтемақы береміз дегенмен, арада қанша уақыт өтті, әлі қаржы бөлінген жоқ.

Салық заңында да өзгерістер бар. Бұрын жұрт бұған назар аудара бермейтін. Қазір кәсіппен айналыса бастағалы салық турасында сұрақ көп. Қосымша құн салығы бізде 12%, Ресейде 20%. Кәсіпкерлердің көпшілігі сатудан түскен салықты қолдап отыр. Патенттік салық 2%-дан 1%-ға дейін төмендейді. Жалпы салық салуды жеңілдетіп, оны бір жүйеге келтіру көзделуде. Жұрт қызыға айтып жүргендей өзбек елінде шаруаларды 5 жылға дейін салықтан босатты. Бізде де ұсақ кәсіппен айналысатындарды салықтан босату керек деген ұсыныстар бар. Тағы бір мәселе кооперативтер. Идея жақсы болғанмен, сөз, қағаз жүзінде қалып отыр. Кооперативтерді жұмыс істету үшін, мәселен субсидияны солар арқылы беру керек шығар. Заңның осалдығы — коопе­ративтерге жұмыс істететін механизм жоқ.

Қазақта қанша ауыл болса, сонша проблема бар, әрі ауыл өмірін жақсарту, ауылшаруашылығын дамыту бір мезеттің, бір жобаның деңгейі емес. Уақыт алға озған сайын біздің ауылдарымыз да уақыт көшіне ілесіп, түйткілді мәселелері де жаңарып, жаңғырып отырады ғой. Бір кездері ауылдың жолын, суын, жарығын көп айтатын едік. Қазір әңгіме тақырыбы агроөндірісті дамыту, озық технология­ларды пайдаланып, егін көлемін арттыру дегенге ұласып барады.

— Биыл республика қалалары арасында бірнеше ауылды мекендерімен ерекше­ленетін Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы…

— Қызылорда — тарихын әріден алатын көне қалалардың бірі. Қаланы жаңарту, жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар жасалуда. Қызылорданың өзіндік ерекшелігі жерасты суы жақын орна­ласқан, әрі тұзды. Содан да жерасты канализация жүйесі, құбырлар тез тозады. Басқа қалаларда 30 жылда ауыстыратын құбырлар Қызылордада 10-15 жылда шіріп, тозығы жетеді. Қаланың басым бөлігінде осы жерасты инфрақұрылымы жаңарды. Бұл — мерейтойға үлкен тарту. Сол жақ жағалауды игеру туралы 2007 жылдан бері айтылып келеді. Бұрын әкім болған Мұхтар Құл-Мұхаммед те, Б.Қуандықов та  айта-айта армандап кетті. Қазір сол айтылған, армандаған іске асуда. Қала кәсіпкерлері көпқабатты үйлер салуда.

— Жұрт сол жақ жағалаудағы үйлердің ескі қаладағыдан айырмашылығы жоқ деп жатады…

— Сыртқы кескін-келбетін келтіру архитектуралық шешімдерге байланысты екені белгілі. Алысқа бармай-ақ, көрші Шымкенттің өзінде де нешетүрлі үйлер бар. Ескеретін жәйт онда 1 млн.-нан астам халық тұрады. Ал, бізде жағдай басқаша. Үйлердің құрылысы неғұрлым күрделен­ген сайын, құны да арта түседі. Ал, қымбат үйді халық қалтасы көтере бермейді. Арғы жаққа инфрақұрылым жүргізуге респуб­ликалық бюджеттен қаржы бөлінуде. Енді бір 5-6 жылда керемет қоныс болады. Менің ойымша жаңа қаланың өз ерек­шелігі жасыл желек болуы керек. Топырағын алдыртып, зерттеп көріп едім, өте құнарлы, қанша дегенмен адам аяғы тимеген тың жер.

— Топырағын зерттеп жүргенге қарағанда, сонда тұру ойыңыз бар ма?

— Ондай ой бар. Бір ойым үй салмай жатып, ағаш егу керек.

— «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Б.Досманбетов сияқты дейсіз ғой.

— Әрине, Бақберген Сарсенұлы мүлдем бөлек, ерекше адам ғой. Құрылыс айналасын көгалдандыруға күш салып жүр.

— Сізбен әңгіме барысында білім саласындағы реформаларға қатысты пікіріңізді білгіміз келеді.

— Білім министрімен келіспейтін тұстар көп. Содан да амандаспаймыз. Менің тарапымнан солай болды. Елбасы білем дегенге жағдай жаса деп отыр. Біз осыны түсінбей жүрміз. Әрине, үш тілді білген дұрыс. Бірақ, жұртты жаппай үш тілді етем деу ақылға сыймайды. Қазір осы бағытта жұмсалып жатқан триллиондаған қаржының қайтарымы қандай? Ауыл мектебіндегі ауыл баласын үш тілде оқыту үшін алдымен кадр даярлау керек. Ал, енді сол кадрды 4-5 айда дайындап шығу мүмкін бе? Шартты түрде Роза есімді апай ауыл мектебінде физикадан сабақ береді делік. Енді ол оқушыларға физикадан ағылшын тілінде сабақ беру үшін 5 ай оқиды. Роза апай 5 айда күнделікті қолданыстағы сөздерді үйренер, бірақ, физиканы ағылшынша меңгере алды дегенге кім сенеді? Бірақ, оған сертификат беріліп, есепке кіреді. Бәлен мұғалім ағылшынша үйренді. Ол үшін қыруар қаржы кетеді.

Жарайды, университетте ағылшынша оқытатын бөлім ашылсын. Бұрыннан ізі бар. Ағылшын тілінде оқытатын гим­назиялар ашайық, шетелдік еріктілерді пайдаланайық. Ақылға сыйымды.

Ал, енді 1 мен 4 класқа ағылшын тілі неге керек? Әлем тәжірибесінде бірде-бір елде үш тілде оқытатын мемлекет жоқ. Әлемнің 30 елінде 2 тілде оқытады. Онда да 4 елде 1 класстан, 5 елде 2 класстан, 12 елде 4 класстан бастап оқытады.

Жалпы білім саласы Білім министріне қатысты қойылған сауалымда айтыл­ғандай «таусылмайтын, жетілмеген реформалардың жетегінде кетіп барады. 10-15 жылдан кейін зардабын тартатын шығармыз». Онсыз да өткен ғасырдың 90-шы жылдары туғандардың білімін алдыңғы ұрпақпен салыстыруға келмейді. Олар компьютерге жетік шығар. Есепке жүйрік те болар. Бірақ, тестке бейім­делгендіктен базалық білім жоқ. Әдебиет, тарихтан кемшін тұстары көп. Бұл — мұғалімнің емес, жүйенің кінәсі.

Басқасы басқа, оқулықтың өзі қате. Өткенде Білім министріне кіргенде оқулықтағы қателерді көрсетсем, оқулық болғаннан соң қате болады ғой дейді. Бұрынғы кеңестік жүйеде оқулықтан бір қате кетсе, Білім министрі өз еркімен қызметтен кететін дедім. Оқушылар да, ата-аналар да жаңа оқу жылы қарсаңында қай баспадан шыққан оқулықты оқитынын білмей, әрі-сәрі болып жүреді. Мектеп оқулығы — бизнес көзі емес. Оны басып шығаратын мемлекеттік баспа, жүйе болуы керек.

Қазір мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсы. Компьютер, интерактивті тақталар алуға ақша бөлінуде. Мұғалімдер білімін жетілдіруге де қыруар қаржы жұмсалуда.

— Елмен кездесудің бірінде орталықтан бөлінетін трансферттер туралы айтып қалдыңыз…

— Қос палатаның отырысындағы сөзімде 2017 жылғы республикалық бюджеттегі қаражаттың тиімді және кемшін түсіп жатқан тұстары туралы айтып өттім. Әділеттілігін айта кетуіміз керек, бюджеттің атқарылуы жылма-жыл біршама жақсарып келеді. Біздің бюджет­тің толыққанды әлеуметтік сипаты бар. Дегенмен де сырты әдемі, бүтін болға­нымен республикалық бюджеттің әлі де болса жұпыны, кемшін тұстары да бар.

Ең басты көзге түсетіні бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы мен қаржының игерілмей қалуы жұқпалы ауруға айналды. Өкінішке орай үкімет осы кезге дейін осы жұқпалы дерттің емін таба алмай келеді. Мысалы, салыстырмалы түрде қарасақ 2015 жылы тиімсіз пайдаланған бюджет қаражаты 208 млрд. теңге болса, 2017 жылы тиімсіз пайдаланған бюджет қаражатының көлемі 507,9 млрд. теңге болған.

Есеп комитетінің мәліметіне сүйенсек қаржы бұзушылықтың негізгі үлесі 82,5% бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаттарын дұрыс сақтамауға тиесілі, ал оған жол берудің негізгі себептері бухгалтерлік қызметкерлердің біліктілі­гінің төмендігі мен мамандардың тұрақтамауы болып табылады.    Квазимемлекеттік сектор субъектілері экономиканың едәуір бөлігін алып отыр. Республикалық бюджет және Ұлттық қор арқылы квазимемлекеттік секторлардың жарғылық капиталдарын толықтыру үшін соңғы он жылда 34 млрд. доллар қаржы бөлінген екен.Бөлінген қаражатты уақытылы игермеу жылдар бойы сақталуда, олардың есеп шоттарында жыл аяғында 74,2 млрд. оның 38,2 млрд. теңгесі 2017 жылға тиесілі игерілмей қалып қойды. Шикізаттық емес сектордан шоғырландырған бюджетке түсетін қаржы 2016 жылы 40,7 %-дан, 2017 жылы 2,6 %-ға дейін төмендеген. Сонымен қатар республикалық бюджет кірісінің құрылымында салық түсімінің мөлшері 2013 жылы 67,8 % болса, 2017 жылы 50 %-ға дейін төмендеді. Демек, олардан күті­летін салым қайтарылмай қалуда. 2012 жылдан бері осы саланың тиімділігін бақы­лауға қатысты жан-жақты монито­ринг жүргізілмеген. Квазимем­лекеттік сектор санының көп болуының өзі еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуын тежеп, кедергі келтіруде. Бақылау мен мониторингтің жеткіліксіз болуына байланысты мемлекет активтерін тиімсіз басқару жылдан-жылға жалғасып келеді.

Республикалық бюджет жүйесінің барынша орталықтандырылуы салдары­нан нысаналы трансферттер санының көптігі, оларды жоспарлаудың күрде­лілігі, бөлінген қаржыны түпкі пайда­ланушыларға жеткізу тетіктерінің жетілмеуі, бағдарлама әкімшіліктері мен жергілікті атқарушы органдар арасын­дағы жауапкершіліктің жетіспеушілігі, аймақтардың шешім қабылдаудағы дербестігінің төмендігі бюджет қаражатын тиімді пайдалануда кері әсерін тигізуде. Салынған қаржы халықтың игілігіне жұмыс істеп, тиімді пайдала­нылып жатыр ма? Бюджеттік шығыстар­дың қандай қайтарымы бар, бөлінген қаржы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарта алды ма? Біз мұны жеткілікті білмейміз. Өйткені, біз күткендей нәтиже аз, сапа бағасы мен бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің әдістемесі мен өлшемі жасалмаған.

Мемлекеттік қарызды өтеуге кететін қаржы көлемінің өскені байқалады. Мысалы, 2017 жылы мемлекеттік қарызды өтеуге бюджеттен 474 млрд. теңге (бұл республикалық білім саласының бір жылдық бюджеті) бөлінген. Осындай орасан зор қарызды өтеу бойынша шығындар негізінен көптеген қарыздар мен заемдардан құралғанын және оның тиімділігі төмен көптеген жобаларға жұмсалғанын айтуымыз керек. Сырттан қарыз алу мен салық салмағы­ның артуы бюджет шығыстарының шектен тыс көбеюіне әкеліп соқтыруда. Мысалы, соңғы бес жылда республи­калық бюджеттің шығысы 69 %-ға, қар­жылай бейнелеп айтсақ  3,5 трлн. теңгеге  ұлғайған. Сондықтан Үкімет тиімсіз шығыс көздерін төмендетудің жолдарын қарастыруы керек деп ұсыныс жасаудамыз.

Республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерге жергілікті бюджеттердің тәуелділігі жылдан-жылға өсуі шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі деп санаймын. Мысалы, 2016 жылы респуб­ликалық бюджеттен облыстық бюджет­терге бөлінетін субвенцияның көлемі 836 млрд. 882 млн. теңге болса, 2017 жылы 1 трлн. 488 млрд. 290 млн., яғни 651 млрд. 408 млн. теңгеге көп трансферт бөлінген. Оның ішінде ірі өнеркәсіпті өңірлер болып табылатын Шығыс Қазақстан облысына 74 млрд., Павлодар облысына 36 млрд. 501 млн., Ақтөбе облысына 43 млрд. 444 млн., Қарағанды облысына 82 млрд. 845 млн. теңгеге көп берілген.Демек өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етуіндегі алшақтықтар сақталып қалуда, бюджеттік алып қоюлар көлемінен донор өңірлерге бөлінген трансферттердің көлемі жыл сайын артуда. Мақсатты сипаты ескерілмеген схема ағымдағы нысаналы трансферттерді іс жүзінде субвенцияларға теңестіріп қойды. Сондықтан да болар, өңір әкімшіліктері жергілікті бюджеттердің салық салу базасын кеңейтуге құлықсыз. Нәтиже­сінде жылдар бойы мемлекет міндеттеме­лерінің ұлғаю үрдісі күшейе түсуде, бұл бюджеттік масылдық психологияның кең етек алғандығын көрсетеді. Респуб­ликалық бюджетті айқындау кезінде облыстардың экономикалық және салықты әлеуеті өз дәрежесінде ескеріл­мейді. Сондықтан да әрбір аймақтың орталық бюджеттен алатын субвен­цияларын азайтудың арнайы карталары жасалуы керек.

Есеп комитетінің нәтижелері бюд­жеттен бөлінетін трансферттер көлемінің өңірлер арасында алшақтықпен бөліне­тіндігін, олардың әлеуметтік-экономика­лық даму ерекшеліктерін ескере бермейтіндігін көрсетіп отыр. Мысалы, бюджеттік қамтамасыз етілудегі алшақ­тықтар 2,3 есе, жан басына шаққандағы орташа айлық табыстары 3,5есе ал, кедейшілік деңгейінде 6,3 есе ұлғайып кеткен. Бұл республикалық бюджеттің шығысын жоспарлағанда жан басына қарай қаржыландыру нормативтерінің сақталмайтындығынан болып отыр.

— Әңгімеңізге рахмет.

С.БИХОЖА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here