QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Ғ.Қазантаевтың көздегені не?

Автор:QAA.kz

Авг 16, 2018

Көптен бері болады деп айтылып келе жатқан аудан тойы бас-аяғы екі күнде өте шықты. Аудан әкімі Ғани Қазантаевтың айтқанына сүйенер болсақ, жыл басынан бері жеті ай жеті рет өлшеп, жеті рет пішкен той бір демде өтті де кетті.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген…

Жалпы Сыр бойының аудандары бір-бірімен құрдас іспетті, бірінен кейін бірі 90 жылдықтарын кезекпе-кезек атап өтіп жатыр. Бір-екі жылды айтпағанда 5-6 жылдың өзінің де әрі-берісі жоқ…

Біреулер үшін аудан тойы әкімдердің бір көңіл көтеруі, өзін-өзі көрсетуі, сондай-ақ айналадағы елден қалмау үшін жасалған бір іс-шара болып көрінуі мүмкін. Мұндай мерейтойларға аймақ басшысы қатысып жатса, той мәртебесімен қатар әкім деңгейін де көтерері сөзсіз. Жалпы қайсыбір іс-шараның болмасын негізгі қонағы да, әрі көрермені де №1 басшы екені рас. Халықтан алыстап, әкім назарына ғана бағытталған тойдың өз мәресіне жетпейтіні де анық.

Жалпы аудан тойы неге керек?

Аудан құрылғанының бәленбай жылдығын атап өтпесе, жұрт баратын жер таппай жүр ме деп жанжалдасатындар да бар. Жалпы той, қайсыбір той болмасын қазақтың үлкен саясаты, идеологиясы. Саясаты сол, той сылтауымен дастархан жайып, сый-сияпат беріп билік біртабан халыққа жақындайды, халық та биліктің қолынан ас ішіп, сыйлығын алып біршама тояттайды.

Той сән-салтанатымен айналаны ән-жырға бөлеген, спортқа бейімдеген, ат шаптырып, бәйге берген, ақын жарыстырып, ат шапқызып ат-көлік мінгізген билік халықтың ой санасын жаулайды, өзінің қаншалықты жомарттығын, ашықтығын, биік рухын байқатады. Той салтанатын тамашалаған, биліктің өңірде жасап жатқан ізгі ісін мойындаған халық та биліктің өресінің қаншалықты мықты екендігін, әділдік деңгейін, тұрғындарға деген көңілін бағалайды. Көп реттерде той соңынан айтылып жататын мақтау-мадақтаулар, немесе бір толқын өкпіп өтетін өкпе-реніштер өткен тойдың сән-салтанатынан бөлек әділдігі мен халыққа деген көңілінің өлшем таразысы ретінде көрінеді. Бұл — той саясаты.

Қайсыбір той кезінде тойшыл қауым жергілікті халық, сырттан келген меймандар болсын бір тақырыпқа — бір арнаға тоғысып, жеткен жетістіктерден құлақтанудан бөлек, оны көзбен көруге мүмкіндік алады, өткені мен бүгінін бағамдайды, болашаққа жоспар жасайды. Бұл — той идеологиясы.

Осы реттен келгенде Сырдария ауданының 90 жылдығы мерейтойы көп көңілінен шықты. Жұртты жиып, сапырылысқан сандар мен әдемі сөздер айтқан құр әншейін жиын болмады. Ауданда туып, өмір сүрген, еңбек еткен еңбек ерлерінің, соғыста қан кешкен соғыс батырларының, сөз мәйегін терген белгілі ақын, жазушы, драматургтардың бюстері қойылған «Парасат» алаңының ашылуы — той саясаты мен идеологиясын кеңейте түсті. «Адам мәңгі жасамайды, оның ісі мәңгі жасайды» деген ұран көтерген сырдариялықтар еңбектің бағасын арттырды, жастарды ерлікке, еңбекке үгіттеді. «Құрмет Аллеясы» да — бүгінгінің идеологиясы. Біз — үздіктерді мақтан етеміз, олар елдің атын шығарды, ел олардың атын шығарады.

Аудандық мәдениет үйінде өткен ғылыми практикалық конференция да ерекше өтті. Әдет­тегідей жұртты мезі ететін елден бұрын әкімге ғана керек мәтінге құралған әкім баяндамасы оқылмады, орнына Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы дайындаған деректі фильм көрсетілді. Фильм де өзгеше болды. Сірескен сандардан, мәні жоқ мадақтаулардан ада, ауданның әр ауылының айшықты келбеті жасалды. Ауыл келбеті — әр ауылдың еңбек еткен еңбек ерлерінің, мақтаулы есімдерінің өміртарихымен байланыстырылып әр ауыл тарихы көрерменге ұсынылды. Мәні: тарихты жасайтын, ауылды тұрақты мекен ететін, ол жансыз ғимараттар, немесе бәлен уақытта салынған мектеп, көшеден бұрын — Адамның еңбегі, маңдай тері, ерлігі. Халық соның айналасына топтасады. Жұрт мәселен қайда барасың дегенде, Нағи Ілиясовтың ауылына барамын дейді. Немесе бұл ауылда Қалтай Мұхамеджанов дүниеге келген деп мақтаныш етеді. Қ.Мұхамеджанов дегенде сол ауылдың ғана емес бүкіл елдің бір көтеріліп қалатыны рас.

Конференция жұртты шаршатпады. Жаттанды сөз айтылмады. Сөйлегендер өз туған жеріне шынайы сүйіспеншілік сезімдерін білдіріп жатты. Туған жерінің торқалы тойы өтетінін естіп, аяқ іліккен көлікке мініп асыға жеткен меймандар елдің рухын көріп бір риза, осындай той өткізу мәдениеті деңгейіне жеткен ел де риза.

Конференцияда Сырдария ІІ кітабы таныс­тырылып өтті. Кітапты дайындағандардың айтуынша: бұдан 10 жыл бұрынғы «Сырдария­ны» қайта жаңалап, ауданның бүгінгі деректе­рімен толықтырып, «Сырдария ІІ» етіп жалғастырған.

Сырдария тойына келген көп мейманның бірі, сырдариялық жазушы Сейфулла Оспанов құттықтау сөзінде «Маған туған жерімнен қымбат ешнәрсе жоқ» деп перзенттік сезімін білдірді. Қай кезде де айтылатын, әркім де айтатын жаттанды сөз болғанымен дәл сол сәтте осы тілек тойға жиналған барша жұрттың жүрек сөзі болды. Қайсыбір іс-шарада болмасын әркімнің де жүзінде өз Сырдариясына деген сүйіспен­шілік, ауданның бүгінгі жеткен деңгейіне деген мақтаныш лебі тұрды.

Сырдария ауданының 90 жылдық мерей­тойын соңғы 5 жылда ауданды басқару бұйырған Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаев өткізді.

Қайсыбір мәселеде болмасын, «жүрекпен жасалған жүрекке» жетеді деп жүретін аудан басшысының бұл мерейтойды да жүрекпен өткізгені тойшыл қауымның әлде де тойдың жақсы әсерінен айыға алмауына себеп.

Ғ.Қазантаевтың әкесі Қонысбек Қазан­таев 1966 жылы 12 қаңтарда Тереңөзек атқару комитетінің ұйымдастыру пленумында аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланғанға дейін-ақ аты шыққан білікті басшы болатын.

Мерейтойда сөз сөйлегендер Сырдария ауданының Қонысбек Қазантаев тұсында өркені өскенін, 47 жылдан кейін оның баласы Ғ.Қонысбекұлы ауданды басқаруға келген тұсында ауданның тағы да оң өзгергенін атап айтып, Қазантаевтар біздің аудан бағына жаралған екен деп бағасын беріп жатты.

Қазіргі аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың әкесінің де өз уақытындағы жақсы аты артында қалған жақсы, ізгі ісімен жалғасып келеді. Бүгінгі әкім Ғ.Қонысбекұлының да Сырдария ауданына әкім болып келгенге дейін іскер азамат, білікті басшы ретінле танымал болып, елге аты шықты. Оның осы жақсы атына қарап облыс әкімі Қ.Көшербаевтың оны аудан әкімі етіп тағайындағаны анық. Содан да Ғанибек Қонысбекұлына аудан мерейтойын арқаланып, ат шаптырып, ақын айтыстырып, жүлдеге ат байлап, көлік мінгізіп әкесінің де, өзінің де атын шығару қажеттігі жоқ. Тарих көшінде Сырдария мен Тереңөзек болып, бір бөлініп, бір қосылып жүрген Сырдария ауданының мерейін үстем еткісі келетін мақсатымен ауданды өркениет көшіне бастап келе жатқаны анық. Бір қызығы, сырда­риялық жұрт Ғанибек Қонысбекұлының бастаған көшіне ілесіп, алдыңғы қатардан көрініп келеді.

P.S. Мәңгі жасайтын адамның өзі емес, оның ісі.

С.БИХОЖА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *