Сырдария ауданының әкімі Ғ.ҚАЗАНТАЕВ: АУДАН БЮДЖЕТІ ТОЙДЫҢ АҚШАСЫ ЕМЕС

0
480

Бұл той әншейін емес…

Жұрттың бәрін жиып, жиғанды таратып үлестіріп, бекерге мал шашпақ та емес. Немесе, ат шаптырып, құр атақ алу емес. Әйтпесе ақындарды айтыстырып, жүлде беріп, даңқ шығару да емес.

Сырдария ауданының 90 жылдық мерей­тойына орай аудан әкімі Ғ.Қазантаевпен аз-кем сұхбат құрғанда біз осындай ой түйдік. Сыр бойындағы ғана емес, елімізде өтіп жатқан үлкенді-кішілі тойлар арасында Сырдария тойы сыры да, сыны да бөлек…

— Жалпы сіз әкім болып келгелі де 5 жыл уақыт өтіпті. 90 жылдыққа орай соңғы уақыттардағы 9 істі ерекшелеуге тырыстық. Басын Сырдарияға салынған көпірден бастадық. Маңызы жағынан одан қоғамдық кеңес те кем түспейтін сияқты. Әлеуметтік дүкен, әкім гранты, кәсіпкерлік, құрылыс, қала кейпіндегі Нағи Ілиясов ауылы, 99% шешімін тапқан ауыз су проблемасы, ауданның өз кірісінің көбеюі дегендей ізгілікті істер 9-дан асып бара жатқан сияқты…

— Бәрін өзіңіз айттыңыз. Бірақ сөз басын кірістен бастасақ деймін. Өйткені, бәрі қаржыға байланысты. Кіріс қазір 2 есеге өсті. Біз 2014-2015 жылдары жұмысымызды әлеуметтік объектілерден бастадық. Барлық ауылда мектеп, балабақша мәселесі шешілді. Аудандық бюджеттен «Айдарлыдан» клуб, «Сейфуллинде» балабақша салдық. Ауыл­дар­дың барлығында ауыз су мәселесін шештік. Тек 700 адам тұрғыны бар «Жетікөл» ауылы қалды. Ауыл жолдары дұрысталды.

Республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен бөлінген қаржылар есебімен, демеушілер көмегімен жол да жөнделеді, балабақша, мектеп, клуб, дүкен де салынады. Бірақ, елді мекеннің шын иесі болуы керек. Жасалып жатқан жұмыстар ел игілігіне десек, сол елдің де осы жұмыстарға жана­шыр­лығы, ауылды дамыту үшін белсенділігі керек. Басқару ісіне елді қатыстыру, жұрттың өзі осы елге, жерге ие екенін сезінуі үшін де біз қоғамдық кеңестерді құрдық. Бүгінде республикаға тәжірибе болып таралған қоғамдық кеңестің мәнін әлі де түсінбейтіндер бар. Біз осы бір ізгілікті істің басында тұрғанымызды мақтаныш етеміз.

Бардың жоққа көмегі ретіндегі біздің әлеуметтік дүкендердің өзгелерден өзгеше­лігі — мұнда бюджеттен бірде-бір теңге бөлін­бейді. Жылына 800-ге тарта адамға 24-30 мл. теңгенің азық-түлігі, тауары жеңілдетілген бағамен сатылады.

— Бюджеттен болмаса, қаржы қайдан құралады? Әлде ірі демеушілер бар ма?

— Аудандағы барлық мемлекеттік қызмет­керлер бір күндік еңбекақысын аударады. Сосын шаруашылықтар көмектеседі.

— Екі жылдан асып барады-ау…

— Ия, 2015-ші жылы бастағанбыз. Басында жүйелі ізбен құрдық. Әншейін көз алдауды мақсат етпедік. Кеңсе-кеңсе жағалап, жағдай айтып жүретін жұқа жұртқа шын жүректен көмектескіміз келді.

Басшылар болып, ел болып осындай шешімге келдік. Берген көмектері нысаналы жерге жетіп жатқанына бергендер де риза. Ешкімнің алдында төменшіктемей керегіне қол жеткізгеніне алғандар да алғыс айтуда.

Дария үстіндегі көпірден бөлек Тереңөзектің өзіндегі «Майжарма» каналына асар әдісімен көпір салдық.

Әкім болып келгеннен кейін «Майжар­ма» каналының арғы бетіндегі ел жағдайын көруге бардым. Көпір жоқ болғандықтан ондағы ел оқшауланып қалған. Жедел жәрдем, газ, көлік бармайды. Орталыққа қатынау сондағы елге үлкен проблема. Ағаш көпірден өтіп барғанымда алдымнан шыққан үлкен қария «Балам, сен де бізді алдап, өтірік айтуға келдің бе?» деді, ренішпен.

Шынымды айтсам, біртүрлі болдым. Түнімен ұйықтай алмадым. Көп болып, келісіп, бір шешімге келдік. Бәріміз жабылып, асарла­тып көпірді салдық. Халықтың қуанышында шек жоқ. Бізбен бірдей терлеп-тепшіп жүрді. Бір қызығы бергі бетте тұратын Фазылхан есімді жігіт бір малын сойып, асаршыларды тамақпен қамтамасыз етті. Қуанғаны, әйтпесе, дәл оған көпірден келіп-кетер ештеңе жоқ.

Көпірді болғаннан соң қараша үй тігіп, ел болып тойладық. Әлгі кісі келмей қалыпты. «Мен артық айтып қойыппын. Ұялып отырмын» дейтін көрінеді. Сол жиында бір кісі «Әкең ауданда жақсы жұмыс жасады. Алайда, сен асарлатып көпір салып, одан асып түстің» деп те жатыр.

Жалпы еліміздің тарихында асар деген — бұл ауызбірліктің, ынтымақтың белгісі.

Кенттегі көпқабатты үйлерге су, канали­зация кіргіздік. Бюджеттен емес. Демеуші­лердің көмегімен. Көше бойында қақиып тұрған, бірде су ақса, бірде ақпайтын колон­кілерден құтылдық, үйіне дейін құбырмен су барған, жолы жөнделген, мектебі, балабақ­шасы, клубы бар елдің тұрмысы жаман болмайтыны белгілі.

Халықтың тұрмысы төмен, жағдайы қиын болса, той тойлау қайда? Той демекші, тойға дайындық туралы айта кетейін.

Біз бұл тойға үлкен дайындықпен келдік. 70-80 жылдық мерейтойлардың тұсын зертте­дік. Тұрғындарға ұсыныс тастадық. Белсен­ділік танытқандардың баршасына рахмет айтқым келеді. Жеке кәсіпкерлер, мұнай компаниялары, шаруашылықтар — бұл тойдың демеушісі. Тойға бас-аяғы 46 млн. теңге қаражат кететін болса, бюджеттің бір теңгесі де жоқ. Бәрі — халықтың көңілі. Бұл — бір жағы.

Бұл тойда тағылатын арнайы тапсырыспен дайындалған мерекелік медальдың салмағы ауыр. Әрине, жақсы металлдан, әдемі дизайн­мен жасалған. Әңгіме басқада. Біз аудандағы ұжым, мекеме, кәсіпорын, жалпы жұртшы­лық­тың талқысына салдық. Әр ұжымнан кемінде 10%-ы осы медальмен марапатталатын болса, кімге берілетіні сол ұжым талқысымен шешіледі. Арнайы хаттама жасалуда. Халық қызу талқыға кірісті. Тіпті, бір мекемелерден қайта келіп, біз дұрыс бөлмеппіз деп хаттама­ларын қайта алып кетті. Біз бұған қуандық. Мерейтойлық медаль аудан жұртшылығының ауданның дамуына қосқан үлесінің біршама қайтарымы десек, онда халықтың бұл құлшы­нысы орынды. Біз мерейтойды пайдаланып, өзімізге ұнаған, көңілімізден шыққанға медаль таратып жатқанымыз жоқ. Кім медальға лайықты екенін халық өзі анықтап жатыр. Халық шешімі әділ болады деп сенемін.

— Той шапаны медаль болады дейсіз ғой?

— Келген қонақтарға арнаулы сыйы­мыз бар. Екі құтыдағы сыр күріші. Бұл — той қоржыны. Тойдан естелік, әрі ағайын жұртқа мақтаныш. Бұған дейін аудан тарихы жазылған бірнеше кітап шығыпты. Соның ішінде «Сырдария» кітабы ұнады. Суреті аз, әсіресе әкім, басшылардың суреті. Тұнып тұрған тарих. Ақылдаса келе «Сырдария» кітабын қайта шығар­дық, жалғасы ретінде «Сырдария ІІ-шіні» дайындап жатырмыз. Келесі мерейтойда «Сырдария ІІІ» болып жалғасатынына сенімдімін. Айтысқа бас жүлдеге көлік, ат жарысқа бас жүлдеге көлік тігіп отырмыз. «Қоңыр» тобы, Лена Әбдіхалықова, Заттыбек Көпбосынов, Д.Таңатаров, Р.Әлқожа сияқты халықтың сүйікті әншілері ән салатын гала концертіміз бар. Қызылорда облысында бірінші болып лазерлік шоу жасамақпыз. Орталық алаңда 17 үй тігіледі.

Жалпы тойға дайындықты ерте бастадық. Жыл басынан кіріскенімізде, әлі уақыт бар, ерте ғой дегендер де болды. Алайда абыр-сабыр болғаннан гөрі, той өз деңгейінде өткенін қаладық.

— Сырдария ауданы танымал тұлғалар мекені десе де болады. Әдебиет, өнер, мәдениет саласында жүргендерден бөлек, мемлекеттік қызметтің бүгінгі бренді болып жүрген Ж.Асанов жерлесіміз екенін мақтан етеміз. Ауылдан шығып, осындай деңгейге жету деген…

— Бізде «Жаныңда жүр жақсы адам» деген жоба бойынша осы өңірден шыққан, есімі елге белгілі тұлғалармен жастардың, оқушылардың кездесуін ұйымдастырып отырамыз. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей соларға еліктеп өссін, солардың өміржолынан рух алсын дейміз. Мәселен, сіз айтқан Ж.Асанов ауылдағы қарапайым отбасынан шыққан. Ешқандай жоғарыда көкесі жоқ. Өз қабілетімен, білімімен бүгінгі деңгейге жетті. Жақып Асановпен кездескен жастардың әсері бір бөлек, ал кездесуден Жақып Қажыман­ұлы да өте үлкен әсер алды. Біз бұл дәстүрді жалғастыра береміз.

Мерейтой аясында осы өңірден шық­қан, медицина саласында жетістіктерге қол жеткізген танымал тұлғалар да елге келіп, Жалағаш ауданы жұртын қоса тегін қабылдау жасап жатыр. Бұл да елдегі жұртқа бір мүмкіндік.

— Қырманды әлі жақсы көресіз бе?

— Әрине, ондағы жағдай мүлдем бөлек. Астық деген ала жаздайғы дихан қауымы­ның еңбегі, қыстайғы күнкөрісі, елдің табысы. Қазір әкімдер қырманға барып бұ­рынғыдай анау қайда, мынау қайда деп бұйрық бере алмайды. Баяғы өкіметтің зама­ны өтті. Бірақ қыр­манға бару — ол елмен бірге болу, елдің қуа­ны­шын бірге бөлісу.

— Биылғы ауа райы­нан дақылға қиын болған шығар?

— Ауа райы жақсы, бірақ су тапшы. Ел болып қиындықтан шықтық. Өніміміз жаман болмайды.

— Шайтанарба мін­генді ұнатасыз. Бұл еліктеу ме?

— Жо-жоқ. Еліктеу бір-екі реттен аспайды ғой. Біз мұны жақсы дағдыға айналдырдық. Қазір 200-300-ге жуық адам әр аптаның сенбісінде 16 ша­қы­рым жерді велосипедпен жүріп қайтамыз.

— Әкімнің велосипеді ең мықтысы болар?

— Ең қарапайымы, әрі ескісі. Биыл 4-ші жыл велосипедпен А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдарына дейін барып қайтамыз. Күні кеше 12 кішкентай бала 3 аяқты велосипедтерімен қатарымызға қосылды. Әңгіме ретінде айта кетейін, бір айда ауданға 74 велосипед келіпті. Базардағылар, таксистер «Тереңөзекте не болып жатыр? Велосипедті қырғын сатып алып жатыр» дейтін көрінеді. Велосипедті көлік ретінде пайдалану, онымен серуендеу бұқаралық сипатқа ие болып келеді. Мен халықпен біргемін.

— Әлеуметтік дүкен де халықтық бастамаға айналып келеді ме? Әкім блогына хат жазған тұрғындар оң пікір білдіре отырып, осындай дүкендер ауыл­дардан да ашылса деп ұсыныс білдіріпті.

— Әлеуметтік дүкен —  бұл бір ат шығару емес, пиғыл тазалығы. Біз бір үш әріптен тұратын бір сөзді ұмыттық. Осы бізге көп кедергі келтіреді. Ол — ұят сөзі. Естеріңізде болса, бала кезімізде балабақшаға барарда «мұрныңды сүрт, ұят болады» дейтін. Одан мектепке бардық, ұят болады деп тәртіпті болуға, жақсы оқуға тырыстық. Бала кезден күніне жүз рет айтылатын осы сөздің санаға сіңгені соншалық, әлі күнге ұятты ойлаймыз. Осы ұят біраз жаман нәрседен алып қалды.

Қазір не, ұятты іздесең таппайсың, интернетті ашсаң, ұят жоқ. Онда да, мында да, анада да, мынада да ұят жоқ. Біреулер айтады ақша жүрген жерде ұят болмайды деп. Келіспеймін.

Бізге дейінгілер біз иелік етіп отырған мұраны тек білектің күшімен ғана емес, рухтың күшімен де қорғап қалған шығар. Кейінгі ұрпақтан, сырттағы жұрттан ұят болмасын деген болар.

Қазақтың ұяты есігіндегі құлпы еді, елдің бір-біріне деген шын пиғылы, сенімі, өзара көмегі, қайырымдылығы, азамат­тығы, рухшылдығы еді. Қазір не? Ұятсыз әрекеттер жемісін қайта мақтан ететін болдық. Содан да тастанды бала, керексіз ата-ана, жемқорлық, парақорлық белең алды.

Әкім болғаныңызға 5 жыл болды, қызмет ауыстыру ойыңызда жоқ па деп сұрамай отырсыз…

— Әдейіге. Әкімдік қызмет белгілі бір уақытпен өлшенбесе керек, әрі ойға алған жобалардың жүзеге асуына кейде 5 жыл да аздық етеді. Содан соң, кеткіңіз келсе, қолды бір сілтеп кететін мінезіңіз бары белгілі. Негізі, өзіңізге ұнағаннан кейін бес жыл болса да отырсыз деп ойлаймын.

— Шынымды айтсам 5 жыл қалай өткенін байқамай да қалыппын. Мен әкім болып келгенде мешіт саябақ ішінде еді. Сол мешітті жаңа орынға көшіруден бастаған идеялар мен тіршіліктен әзір босай алар емеспін.

Қызылордада сол жақ жағалау бас­талды. Бізде де. 2004 жылдан бері тұрғын үй салынбапты. Инфрақұрылымын жасап үй сала бастадық. Ауданда кезекте тұрған адамдар санын есептеп, соған шақтап үй сала бастадық. Бірақ, бір проблема халық­тың төлем қабілеті. Банктен берілетін ипотекамен жұрт неге Қызылордадан, Алматыдан үй алмайды? Ауылдық жерге бөлек жүйе болу керек деген оймен, арендалық 9 үй салып жатырмыз. Үй салу фәлсафасы ол тереңде жатыр. Демек, халық осы өңірдің кемел келешегіне сенеді. Өзіне жайлы, қолайлы қоныс деп санайды. Осы себептермен тұрақтап, орнығады.

Парасат алаңы, Еңбек даңқы музейі ашылады. Бұл да  жастарға еңбекті наси­хаттау үлгісі. Парасат алаңында мектептер ашық сабақ өткізетін болады.

Социалистік Еңбек Ері — маңдай тер, ол кейбіреулер ойлап жүргендей әншейін значок емес, елдің еңбекке деген құрметі.

Өз-өзіме есеп бергенде менің ең үлкен қолтаңбам — елге қол, жүрек тазалығын жеткізгенім дер едім.

— Той тойға ұлассын деп жатады ма…

— Жақсы әкімді ел әкем дейді дейтін әңгіме бар екен. Халық жер, үй, тағы басқа салықтар төлейді, тиын болса да, теңге болса да. Халықтың тайқазанында жинал­ған ақшаны ұқыпты жұмса деп әдемі жиһазы бар кабинет беріп, көлік беріп менеджер етіп бізді жалдады. Жұмыс істеуге бар мүмкіндік жасалған.  Аудан бюджеті той тойлауға жиналған ақша емес қой. Содан да аудан мерей­тойын өткізуде бюджет қаражатын жұмсамадық.

С.БИХОЖА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here